Тіршілік тамырымен үндес туынды

1232

0

Жуырда «Беласқан» атты жаңа кітап жарық көрді. Кітаптың аты айтып тұрғандай, онда сонау екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өмірге келген аға ұрпақ өкілдерінің адами келбеті, арман-мақсаты, тіршілік тынысы жайлы баяндалған.

«Сағым жылдар» деп аталған бірінші бөлімде кітап авторы Темірбек Есжановтың өмірдерегі, сондай-ақ, қаламгерге тән ой-толғаныстары айтылған.

«Адам қоғамды жасайды, бірақ қоғамнан тыс тіршілік ете алмайды. Бұл – бір, екінші – қоғамда жеке адамның, яки тұлғаның рөлін ешкім жоққа шығармаған. Олар дүниенің қозғаушы әрі дамытушы күші… Мен осы жазбама «Сағым жылдар»деп ат қойып, «деректі хикаят» деп айдар таққанымда балалық кезден бері не естідім, не көрдім, не білдім, кімді таныдым, кіммен тұз-дәмдес болдым – осылардың ішінен тұлғалары биік, тағылымдары мол, артына өшпестей із тастаған, айтулы азаматтарды кіргізіп, өз өміріммен қоса өріп, оқырманға шама-шарқымның жеткенінше баяндауды мақсат тұттым» дейді қаламгер. Иә, шынында хикаяттар мен әңгімелерді оқи отырып, өмір соқпағының ойлы-қырлы өткелдерін аттап өтіп, ақыл-парасатын, абыройлы тұлғасын қалыптастырған кейіпкерлердің бейнесі бей-жай қалдырмайды.

Кітаптың екінші бөлімі «Өмірді өлең сөзбен өрнектедім» деп аталады. Бұл бөлімде қаламгердің өлеңмен өрген сырлары жарияланыпты. Ойлы да көркем жыр шумақтары автордың жан дүниесін танытады. «Сырымды айтам» деген мына өлеңінде:

– Сыр тартамын сәуірдің ақ таңынан,

Гүл ұрлаймын сұлудың бақтарынан.

Дүниені бір өзім билеп алып,

Ақ қағаздың бетіне ақтарылам,– деп көңілінің бір сәттік күйін көркем оймен келісті суреттеген.

«Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң…» деп басталатын Мұқағали ақынның өлеңі бар еді. Сол сияқты, «Беласқан» кітабындағы әрбір шығарма жүрекке жылы тиеді. Өйткені ондағы оқиғалардың дені туған жер төсінде, Таң ауылында екені баяндалады. Елімізге белгілі тұлғалардың сапары – ауыл тұрғындары үшін айтулы оқиға екені рас. Айталық, «Әлемнің Әбдіжәмілі», «Манап пен Бексұлтан», «Роза Бағланова ауылға келген», «Таңда туған таңғажайып ән» секілді деректі хикаяттар өзіндік әсерімен оқырманды қызықтыра түседі. Ал «Қызылқұмның қызы», «Олар алтау еді», «Тоғысқан тағдырлар» әңгімелері – өмірдің боямасыз көрінісі. Сол дәуірдің талабы, оған орайлас адамдар тағдыры.

Жалпы, «Беласқан» кітабы – күнделікті тіршілік тамырымен үндес, ұлттық болмысқа сай тәлім-тәрбиелік ықпалы бар туынды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<