Әлеуметтік теңсіздік һәм отаншыл жастар тәрбиесі

2083

1

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қауіпсіздік жүйесін толық өзгерту керек екенін айтты. Бұл ретте Қарулы күштер, Құқық қорғау органдары, Ұлттық қауіпсіздік, Сыртқы барлау қызметтері жұмысын жүйелеп, оларға жағдай жасау үшін жалақысын арттыруды тапсырды. Президент тапсырмасын орындау арнайы жасақтардың санын көбейту, жаңа техникамен жабдықтау, барлық құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын көтерумен ғана шектеле ме? Жалпы, саладағы реформа қандай өзгерістер әкеледі? Осы өзекті тақырып аясында полиция полковнигі,

ҚР Ішкі істер министрлігінің Құрметті қызметкері Әмірбек Шаймағамбетовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Әмірбек Бердібекұлы, қаңтар трагедиясы кезінде тәртіпсіздіктерге қатысқандардың басым бөлігі жастар. Сіздің ойыңызша, оған не себеп?

– Қазір елдегі жастар үшке бөлініп кеткен. Орта таптан шыққандары бар, ешқайда оқымаған, жұмыссыз жастарымыз да жетерлік. Төрт құбыласы түгел, елде болып жатқан мәселенің ешбірін елемейтіндер де бар. Оларды толғандыратын мәселелермен айналысып, бос уақытын тиімді ұйымдастыру жолға қойылмай келеді. Қаншама жастар ұйымдары, жастар саясатымен айналысатын мекемелер бар. Барлығы көзбояушылыққа ғана жұмыс жасайтын сияқты. Тақырыбы да түсініксіз форумдар, басқа да науқандармен шектеледі. Белсенді атанып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында бірі қалмай марапат-медаль тағынғандар, қаншама институттар, бағдарламалар бар. Бірақ тәртіпсіздіктер кезінде, оған дейінгі митингіде ешқайсысын көре алмадық. Бұрын праймериз, басқа да науқандарда есіктен есікке кіріп, белсеніп жүргендер қайда? Дін өкілдері ше? Алаңда неге төбе көрсетпеді? Себебі ешбір институттың халық алдында беделі жоқ.

Тағы бір мәселе – билік пен ресми БАҚ өкілдерінің айтып жүргені мен тәуелсіз басылымдар, әлеуметтік желілердегі ақпараттың арасындағы алшақтықтың жоғарылығы. Халықтың көкейіндегі, ел ішінде айтылып жүрген нәрселер сол күйі қалып жатады. Біз айтқан институттар халықпен бір толқынға түсе алмай отыр. Жұрт өзінше, бұлар да өз әлемінде өмір сүріп келді. Әйтпесе, қаншама шағымдар, талап-тілектер айтылуда. Бірақ оларға қатысты бірде-бір ресми мәлімдеме жасалмайды, жарытып жауап берілмейді. Басқаша айтқанда, жай ғана жұрттың сөзін елемейді.

– Қазір облыс орталығында 5 қаңтарда орын алған тәртіпсіздіктер бойынша тергеу амалдары жүруде. Тергеу органының әрекетіне көптеген шағымдар айтылуда. Оларды да елемеуге болмайды ғой…

– Әрине. Біз қаңтар қасіретінің екінші толқынынан қорқуымыз керек. Сондықтан, әрбір құзырлы орган өз тірлігімен айналысқаны жөн. Қазақ «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейді. Мысалы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті терроризм, басқа да мемлекеттік құрылымға қауіп төндіретін радикалды ұғымдармен күресуі қажет. Ал, көшеде жүрген патрульдік полиция кімнің содыр, кімнің бейбіт тұрғын екенін қайдан біледі? Тергеу кезіндегі заңсыздықтар, жөнсіз қамау, ұрып-соғу жағдайлары халықтың ашу-ызасын тудырып, мемлекетке, билікке, құқық қорғау органдарына деген сенімсіздікті өршітіп отыр. Бұл – өте ойландыратын, тез арада шара қабылдауды қажет ететін нәрсе. Әр ақпаратты зерделеу, шынайылығын тексеру керек. Бірақ бұл сол ақпаратты жариялаған адамды жазалау деген сөз емес. Оны тіркеп, ресми түрде арыз ретінде қабылдап, заң аясында шара көру қажет. Жалған ақпарат болса, таратушыны әкімшілік жауапкершілікке тартсын. Ал шын шағым болса, оған жеткізіп отырған мемлекеттік немесе құқық қорғау органы кінәліні заң аясында жауапқа тарта отырып, халыққа атқарылған жұмыстың толық ақпаратын беруі қажет. Кері байланыс керек.

– Тәртіпсіздіктер кезінде қаладағы күштік құрылымдар неге абдырап қалды?

– Біле білсек, адам шығыны, материалдық шығын жағынан Қызылорда Алматы қаласынан кейін тұр. Біріншіден, біз сырттан әскер алдыруға мәжбүр болатындай емес едік. Сырттан келген 2 мың әскерден өз қарулы күштеріміздің әлеуеті әлдеқайда жоғары. Айталық, террорлық шабуылдарға осал нысандар тізімі болады. Қаладағы сондай нысандардың ешбірі қорғалған жоқ. Мысалы, Қорқыт ата әуежайын алайық. Жанында Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімшесі бар. Бірақ ондағы әскер әуежайды қорғауға алуы үшін министрліктен бұйрық түсуі керек. Бұйрықсыз ешкім орнынан қозғалмайды. Тағы бір мысал. Жергілікті полиция ғимаратында атыс болып, жер-жерден өрт шығып жатты. Таяқ тастам жерде шекара әскерінің отряды тұрды. Неге көмекке бармады? Өйткені бұйрық болған жоқ. Жанындағы облыстық сот ғимараты жанып жатқанда телеарна басшылары да құқық қорғау органдарына хабарласып, жауап ала алмады. Біз айтқан су қоймасы, жылу-электр орталығы деген сияқты маңызды нысандар да күзетпен қамтамасыз етілмеді.

Ал, олардың барлығы үш күн дүрбелең болып жатқанда өз қауіпсіздігі қамтамасыз етілмесе де, міндеттерін мүлтіксіз атқарды. Ол үшін барлық коммуналдық сала қызметкерлеріне, мекемелеріне алғыс айту керек. Медицина қызметкерлері де от пен оқтың арасында жүріп жұмысын істеді.

– Сонда күштік құрылымдар қалай әрекет етуі керек еді?

– Дағдарыс жағдайы деген болады. Онда барлық құрылымдар бірге жұмыс атқаруы, бірінші кезекте стратегиялық маңызды нысандарды қорғауы керек. Бір ауыздан, бірлесе әрекет етуі тиіс. Өртеп, тонап жатқанда неге күтіп отырдық? Себебі, сол жұмысты үйлестіретін кадрлар болмады. Дағдарыс жағдайындағы іс-әрекеттерге дайындық жасалмаған, жүйелі жолға қойылмаған. Оны мойындауымыз керек.

Адам өліміне әкеліп соқтырмайтын іс-әрекеттер, шаралар, травматикалық қарулар болады. Көзден жас шығаратын газ, су шашатын көліктер, пластикалық оқтар – біздің полицейлер солардың барлығымен жабдықталған. Әрине, бұл қарулар да халыққа емес, тек шектен шыққандарға қолданылуы керек. Тәртіпсіздіктер кезінде соны неге қолданбады? Полиция газды гранаталарды да дұрыс пайдалана алмады. Жел жағына атып, өздері сол түтінге тұншығып қалды. Жергілікті полиция мен ішкі істер департаменті өз қару қоймаларын сақтап қала алды. Оның ерлік екенін айту керек. Ол қару басқа ниеттегі адамдардың қолына түспегеніне шүкір. Ал, халықты кім қорғайды?

– Демек, тәртіпсіздіктерге жол бермеуге күштік құрылымдардың қазіргі әлеуеті жетеді ғой?

– Реформа арқылы мықты әскер құрамыз дейміз. Бірақ халықты әскермен ала алмайсың. Әскер санын көбейтіп, жалақысын арттыру да мәселенің шешімі емес. Жеткілікті күштік құрылымы бар кішкентай қалада мұнша тәртіпсіздікке жол беру ақылға сыймайды. Алаңға шыққан халықтың саны олардан әлденеше есе аз. Оған қоса, тәртіпсіздік жасап, қалада ойран салып жүрген отыз шақты адам ғана. Қалғаны қара көбейтіп айқай салып, кәдеге жараған нәрселерді ұрлап жүргендер. Террористтер әкімдіктегі автокөліктердің айнасын, терезесін сындырып, дөңгелегін, аккумуляторын ұрлап жүрер ме еді? Бұл – жоқшылық қысқан адамдардың әрекеті. Сондықтан, мәселе күштік құрылымдарды қайта жабдықтап, жалақысы мен санын арттырумен ғана шешілмейді.

– Сонда біз реформадан не күтеміз? Қандай мәселелер назарға алынғаны жөн?

– Реформа бір күнде жасалмайды. Біз барлық салада 30 жыл бойы реформамен келе жатырмыз. Отыз үш жылдан астам уақыт күштік құрылымдардағы тәжірибеме сүйене отырып, бірнеше мәселеге тоқталғым келеді. «Өз әскерін асырағысы келмеген халық басқаның әскерін асырайды» деген сөз бар. Елімізде орын алған қаңтар трагедиясы – егемендік алғалы бергі ең үлкен трагедия. Сондықтан реформаны тез арада жүргізу туралы Президент талабы дұрыс. Ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын жетілдіру, соңғы талаптарға сай жаңарту міндеті тұр. Соңғы үлгідегі техника, видеофиксация болғаны өте дұрыс.

Екінші – сапаға көңіл бөлу керек. Тек полиция қызметкерлері емес, барлық әскер, ұлттық ұлан, басқа да күштік құрылымдар да. Бұрын ішкі істер қызметкерлерін жан-жақты дайындайтын. Кемінде 4-5 жыл оқитын. Қарағанды жоғары милиция мектебі, Қостанай мен Ақтөбеде орта оқу орны, Алматы академиясы болды. Қазір оңтайландыруға байланысты көптеген арнайы оқу орындары біріктірілді, азайды. Байқасаңыз, қазір ішкі істер саласына жеке ЖОО бітіргендер, арнайы оқу орындары емес техникалық білімі барларды, ЖОО кафедраларын бітіргендерді ала бастады. Тіпті ішкі істер саласында қазір ешқандай оқу бітірмеген, арнайы психологиялық, моральдық дайындықтан өтпеген азаматтар көптеп қабылдануда. Қазір жергілікті бюджет есебінен кадр саясатына көңіл бөлу керек. Физикалық тұрғыдан, моральдық жағынан тексеруден өтуі керек. Бұрын алты айға дейін тексеруден өтетін. Отбасы, басқа ағымдарға қатыстылығы деген сияқты. Салаға іріктеу кезінде ешқандай сыбайлас жемқорлық, тамыр-таныстыққа жол бермеу маңызды. Бұл – өте көп айтылып жүрген мәселе. Анау офицердің «ставкасы» осындай деп, тіпті ел айтып жүр. Ауруын жасырған өледі дейді. Құқық қорғау саласына олай қызметке алуға болмайды. Аз болса да сапалы кадрлар керек. Барлығы кадрға байланысты.

– Әлеуметтік желіде, ел арасында полиция қызметкерлерінің дөрекілігі жөнінде көп айтылады. Қандай шаралар қолға алынғаны дұрыс?

– Оған себеп, көбіне білім деңгейінің төмендігі. Себебі азаматтар ішкі істер органдарына кірсем көптеген артықшылықтарға ие болам, мені ешкім тоқтатпайды, қалай болса солай жүруге, жол ережесін де сақтамауыма болады деген сияқты ойда келеді. Өзінің басқадан үстемдігін көрсеткісі келу, дөрекілік, басқа да жағдайлар желіде көп жарияланады. Осындай деректер, жемқорлық фактілері бойынша кешенді саясат жүргізу керек. Сала іштен тазаруы керек.

Халық алдындағы полицияның сенімін арттыру үшін әр өңірде кішкентайынан полиция, ішкі істер, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етуге, әскери борышын өтеуге азаматтарымыздың өзі ынталы болуы керек. Керісінше, әртүрлі жолмен әскери борышынан қашатындар көп. Әскери қызметтің, құқық қорғаушылардың ел алдында сыйлы болу үшін білімді, тәрбиелі азаматтар, психикалық-моральдық тұрғыда тұрақты адамдарды көптеп қабылдау арқылы сапасын жақсарту керек. Кешегі оқиғалардан қызметтік борышын орындау кезінде жастай қыршын кеткен азаматтар да, әлеуметтік желіде тараған ақпараттардан киімін, қолындағы қаруын тастап, халық арасына өтіп кетіп жатқандар да бар. Бұл жерде алдымен әскер мен полицияны халыққа қарсы қоймау керек. Дегенмен, құқық бұзушылық, қылмыстық әрекеттер, тәртіпсіздік кезінде сала адамдары антына берік болуға тиіс. Қандай жағдайда да бұйрық орындалуы қажет.

– Кейбір лауазымды басшылардың заңсыз әрекеттерге барғаны, отанға опасыздық бойынша қамауға алынғаны халықтың қорғаныс, құқық қорғау салаларына деген сеніміне қаншалық әсер етті?

– Салада әлемдік деңгейде алдыңғы қатарда саналатын кадрларымыз баршылық. Ендігі мәселе – жауапкершілік. Қабілетіне қарай саладағы білікті мамандарды тағайындап, әр күштік құрылым өз ішінен тазалануы керек. Ауруын жасырған өледі. Ал диагноз – сыбайлас жемқорлық, жеке мүддесін ғана көздейтін адамдардың болуы. Елжанды азаматтар керек. Сондай-ақ, біржылдық мерзімді әскери қызмет деген сапасыз нәрсе. Кеңес кезінде оның мерзімі екі жыл, әскери флотта үш жыл болды. Кешегі ұлттық ұлан қатарындағы соққыға жығылғандар мен қаза тапқандардың көбі курсанттар. Он сегіз жасқа енді толған олар не көрді өмірден? Әскерге алынғаны кеше ғана. Бұрын әскерде бір жылға дейін қару ұстатпайтын. Саптық жүріс пен командаға бағынуды үйрететін. Әскери жарғыны жаттататын. Сондықтан әскери қызмет мерзімін екі жылға ұзарту керек.

– Реформадан қоғамдық тәртіпке оң әсер ететін қандай шаралар күтсек болады?

– Жастарды тұрақты жұмыспен қамтымай, білімді қолжетімді етпей қоғамдық тәртіп мәселесі күрделене береді. Елде жұмыссыз жастар көп. Митингіге шығуға да негізінен әлеуметтік теңсіздік себеп болды. Жастардың көбінде оқуға мүмкіндік жоқ. Ал, жұмысқа дипломы бар жастардың да орналасуы қиын. Кей жерлерге тамыр-таныс керек, көп жерде пара сұрайды. Әскерге барғылары да келмейді. Жастар қайтеді сосын? Такси болады, базарда сауда жасайды. Көбі жалдамалы пәтерде тұрады. Қылмысқа бейім. Қазақ баласын үш ауыз сөзбен тәрбиеледі ғой. Сол идеология неге жастарға жүрмей қалды? Ұлттық құндылықтарды дұрыс насихаттай алмай отырмыз. Әскердің саны мен ақшасын көбейтіп, ешкімді басып ұстай алмайсың. Ұлттық сана-сезімді ояту керек. Әр қазақ біреудің мүлкіне зиян келтіру, ұрлықтың сүйекке таңба екенін білуі тиіс. Отан осыдан құралады.

Газды граната мен су шашатын көліктер әкеліп халықты сабырға келтіре алмайсың. Қасқырдың бөлтірігін өлтірсең, басқа қиянат қылсаң қасарысып алады. Қазақ та қойдан жуас көрінсе де, бөрі мінезді халық. Көрер көзге жасалған қиянатқа көнбейді.

Қорыта айтқанда, реформа үшін өзге елдердің барлығының тәжірибесі бізге жарамсыз. Қазақ бірегей ұлт екенін түсінетін уақыт жетті. Әлеуметтік теңсіздік мәселесін шешіп, тұрмыс деңгейін көтеру керек. Жастарды жұмыспен қамтып, білімді қолжетімді ету қажет. Барлық өңірлерде кадет корпустарын ашып, отаншыл жастарды кішкентайынан тәрбиелейік.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<