«Ауыл балаларының «Болашақпен» көбірек оқығанын қалаймын»

4425

0

Бағыты айқын, талабы мықтылар үшін «Болашақ» бағдарламасы ерекше мүмкіндік болды. Бүгінге дейін шекара асып, шетелде оқығандардың осалы жоқ. Кейінгі кезде іріктеу кезеңіне қатысты талаптардың өзгергені, ауылдан келген үміткерлерге жеңілдік қарастырылғаны туралы айтылып жүр. Өзгерістер турасында оқырманға жеткізу үшін  «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозовамен сұқбаттастық.

–   Айнұр Бағдатқызы, әңгімемізді бірден биылғы өзгерістерден бастасақ. Бағдарламаның іріктеу кезеңіне енгізілген талаптар қандай? Үміткерлер енді нені ескеруі керек?

–    Өзіңіз дәл байқадыңыз, «Болашақ» бағдарламасында біраз жаңалықтар болып жатыр. Соның бірнешеуіне тоқталып өтсем деймін. Бірінші, жаңалық конкурстық іріктеу кезеңіне қатысты. Осы жылғы 4  мамыр мен 28 қазан аралығында үміткерлерден құжат қабылдау жүріп жатыр. Биыл стипендия тағайындауға арналған конкурстық іріктеу маусым, тамыз, қарашада – үш кезеңде өтеді. Бір ерекшелігі, құжаттар 24 сағат бойы тек электронды үкімет порталы арқылы қабылдануда. Екіншіден, биылғы стипендиаттардың алғашқы тізімі де жарияланды, яғни, жуырда ғана Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төр­аға­лығымен Шетелде кадрлар даярлау жөнін­дегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссияның шешімімен 113 үміткерге «Болашақ» халықаралық стипен­диясы тағайындалды. Олар магистратура мен докторантурада оқиды, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарында тағылымдамадан өтуге жіберіледі. Дәл қазір аталған стипендиаттар келісім-шарт жасауды бастап кетті. Жалпы 2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу үшін 1055 стипендия бөлінген.

–Жаңалықтың үлкені ауыл тұрғындарына берілетін жеңілдіктер секілді…

–  Дұрыс айтасыз. Ол туралы сәл кейі­нірек. Үкіметтің 2020 жылғы 6 мамырдағы №271 қаулысын айтқым келіп отыр, яғни «Болашақ стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңа ережеге сай енді барлығына тең мүмкіндіктер беру қарастырылған. Барлық квота санаттары жойылды. 2020 жылдан бастап стипендия тағайындау конкурсына ауылдық елді мекендерден үміткерлерді қоспағанда, шетел­дік жетекші жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана қатыса алады.

–  Біраз өзгерістер бар  екен. Аудан, ауылда еңбек ететін мамандар үшін іріктеу кезеңінен өтудегі жеңілдіктерді айтайықшы.

– Иә, әңгіме ауанын ауылға бұрайық. Өзім де ауыл баласымын. Сондықтан бағдарламаның осыған басымдық беріп отырғаны мені де қуантады. Ауыл балалары «Болашақ» арқылы көбірек оқығанын қалаймын. Себебі, жасыратыны жоқ, шалғайдағы жастар көбіне қала балалары қол жеткізген мүмкіндіктерге ие болмайды.

Ал шартқа келсек, аталған үміткерлер конкурсқа ауылдық елді мекендерде кейінгі 3 жыл ішінде тұрған және кейінгі 2 жыл ішінде еңбек еткен жағдайда қатыса алады. Осыны ескеру керек.

Сондай-ақ, ауылдық елді мекендерден үміткерлер үшін бакалавр немесе маман дипломының орташа балының кемінде 2.67 (4.0/4.33-тен) GPA балына сәйкестігі талап етіледі. Алайда «ауыл» санатына жататын үміткерлерге шетелдік ЖОО-дан конкурсқа шартсыз шақыру ұсыну талап етілмейтінін атап өткен жөн. Оларды орналастырумен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ айналысады. Сонымен қатар, олар стипендияға ие болғаннан кейін ағылшын тілінен  тілдік дайындық курстарынан өтеді. Тілдік дайындық мерзімі ел аумағында 6 айға дейін «British Council» секілді беделді ұйымда өткізіледі.

Бұл жерде айта кететін басты мәселе, конкурстан сәтті өтіп, стипендия иегері атанған осы санат өкілдері жылжымайтын мүлікті кепіл ретінде ұсыну талабынан босатылған, яғни, стипендиат екі кепілгерді ұсынса жеткілікті. Бұл – мемлекеттің ауыл тұрғындарына «Болашақ» аясында көрсетіп отырған маңызды қолдауы.

–   Жақсы жаңалық екен. Биылғы басты жаңалықтың бірі – «Болашақ» бағдарламасы аясында мәдениет және спорт саласы қызметкерлерінің тағылымдамадан өту санаты енгізілді. Сала өкілдеріне қандай талап қойылады, шетелде қай мамандықтар бойынша білім алады?

– Осы жаңалық туралы сөз қозғамас бұрын, «Болашақ» бағдарламасының аясында 500 ғалымның тағылымдамадан өткізуге мүмкіндік алғанын айтқым келеді. Бұл халықаралық тәжірибеден туып отыр. Ғалымдарымыз әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тәжірибеден өте алады.

Спорт және мәдениет қызметкерлерінің тағы­лым­дамасы мемлекеттің аталған сала мамандарына жасап отырған үлкен мүмкіндігі деп білемін. «Мәдениет және спорт саласындағы қызметкерлер» санаты бойынша үміткерлер шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының тізіміне кіретін шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, сондай-ақ мәдениет және спорт саласында танылған әлемдік салалық ұйымдардың базасында тағылымдамадан өте алады. Мәдениет және спорт саласындағы қызметкерлер басым мамандықтар тізбесінен мамандықтар бойынша, оның ішінде «креативті индустрия» бағыты негізінде 13 мамандық бойынша тағылымдамадан өтеді. Ал тағылымдама мерзімі 12 айға дейін созылады.

Тағы бір айтатын мәселе, «Мәдениет және спорт саласындағы қызметкерлер» санаты бойынша тағылымдамадан өтетін үміткерлердің жалпы жұмыс өтілі кемінде 3 жыл болу керек. Оның  кейінгі 12 айы тағы­лымдаманың бағытына сәйкес болуы қажет.

Қабылдайтын шетел­дік ұйымның шартсыз шақыруы (қаржылық жағдайларды қоспағанда), оған қоса мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы сертификаттың болуы қажет, яғни үміткер қазақ тілін В1 (KazTest) деңгейінен кем білмейді деген сертификат әкеледі.  Тағылымдаманың және одан кейінгі еңбекпен өтеудің жиынтық мерзімі құжаттарды тапсыру сәтінде заңнамамен белгіленген зейнетақы жасынан тыс шықпауға тиіс. Айта кететін нәрсе, өз бетімен шартсыз шақыру хаты негізінде конкурсқа құжат тапсырған үміткерлерге бакалавр немесе маман дипломының орташа балы есепке алынбайды және шет тілі білімі бойынша сертификат талап етілмейді. Стипендия иегерлері кепілдік нысаны – жылжымайтын мүлікті ұсынудан да босатылған.

–  Биылдан бастап 500 ғалым бағдарлама арқылы әлемнің таңдаулы оқу орындарында докторантурада білімін жалғастырады. Бұл – бұрын болмаған мүмкіндік. Қай  саланың ғалымдары қатыса алады?

–  Жоғарыда бұл туралы айтып бастап едік, соны жалғастырайын. Жалпы бұл идея қайдан шықты? Болмаса ғалымдарды қолдаудың астарында не жатыр? Қазір өзіміз көріп отырмыз, әлемде ғылымы озған елдер дамиды, ал ғылымы артта қалған мемлекеттердің өркендеуі қиын. Сондықтан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, биылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде 500 қазақстандық ғалым жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алғаны еліміздің бүгінін ғана емес, ертеңін ойлаған ілкімді қадам деп білемін. Үміткерлерге түсінікті болу үшін құжат тапсыру қадамын нақтылай кетейін.

Біріншіден, осы санат бойынша кез келген білім саласының ғалымдары тағылымдамадан өте алады. Екіншіден, «Ғалымдар» санаты бойынша үміткер шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының тізіміне кіретін шетелдік жетекші жоғары оқу орындары; әлемдік ғылыми-зерттеу орталықтары; зерттеу кампаниялары шеңберіндегі ғылыми ұйымдар, салалық және өндірістік, технологиялық ұйымдарда тағылымдамадан өте алады.

Үміткер тағылымдамадан өту үшін ұйымды таңдау кезінде өзінің ғылыми мүдделерінің бағытын, оны ұйымдастырудың ғылыми байланыстарын және таңдаған мамандығын басшылыққа алуы қажет.

Тағы айта кететін жайт,  «ғалымдар» санаты бойынша тағылымдамадан өтетін үміткерлер мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс: жалпы жұмыс өтілі кемінде 3 жыл, оның ішінде кейінгі 12 ай таңдаған мамандану саласында болуы керек. Ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізуі, тағылымдаманың және одан кейінгі жұмыспен өтеудің жиынтық мерзімі құжаттарды тапсыру сәтінде заңнамамен белгіленген зейнетақы жасынан тыс шықпауы тиіс. Тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйымның шартсыз шақыруының (қаржы шарттарын қоспағанда) болуы, В1 (KazTest) деңгейінен кем емес нәтижесі бар мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы сертификат болуы қажет. Ал бакалавр немесе маман дипломының орташа балы есепке алынбайды.

«Болашақтық» түлектер жандан­дырды деп қандай салаларды айта аласыз?

– «Болашақ» бағдарламасымен 28 жылда 11 мыңға жуық маман даярланды. Олар әлемнің үздік оқу орындарында білім алып, еліміздің әр саласында қызмет етіп жатыр.

– Оның ішінде сіз де барсыз…

– Иә, айтайын дегенім, «Болашақ» бағдарламасы көшбасшыларды даярлады. Іріктеудің барлық кезеңінен өту үшін тек эрудиция ғана емес, сонымен бірге табандылық қажет. Ал стипендияға ие болған соң шетелдік оқу орындарына өз бетінше түсуі қажет. Бұл – оңай процесс емес.

«Bolashaq Impact Report-1» зерттеу нәтижелері бойынша, жұмыс берушілердің 90%-і «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің көшбасшылық, моральдық-коммуникативті, кәсіби қасиеттерін жоғары бағалап отыр.

Мәліметке қарасақ, 11 мыңнан аса түлектің 52%-і орта және топ-менеджерлерге дейін өсті, оның ішінде 10%-і – өз кәсіпорындарының негізін қалау­шылар немесе басқарушылар. Бағдарлама стипендиаттары экономикадағы сапалы өзгерістер саласындағы: денсаулық сақтау, адам капиталын дамыту, мемлекеттік басқару, инновацияларды енгізу және бизнес-процестерді оңтайландыру, мәдениет пен өнерді насихаттау саласындағы көшбасшыға айналды. Қоғамдық бастамаларды жүзеге асырып жатыр.

Зерттеу авторларының есептеулеріне сүйенсек, тек 2019 жылдың ішінде бағдарлама түлектері 213 мың медициналық операция жасады, 145 мың мектеп оқушысы мен студентті оқытты, мыңнан астам ғылыми еңбек жариялады, 5 мың концерт ұйымдастырды және қатысты. Бағдарлама стипендиаттары Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, бірқатар Ұлттық медициналық орталықтар, AstanaHub, Astana IT University, Халықаралық жасыл технологиялар орталығы және басқа да стратегиялық маңызды жобалардың басталуында маңызды роль атқарды. Инвестициялық жобалар, сонымен қатар көптеген мұнай және газ кен орындарын іске қосуда үлесі бар. Өңірлерде де еңбек етіп жатқан «Болашақ» түлектері аз емес. Түлектердің аймақтарға тартылуы соңғы кездегі оң өзгеріс екенін де ерекше айтқым келеді. Дегенмен беріліп отырған мүмкіндіктерді егжей-тегжейлі зерттеп, ауыл жастарын шетелде оқу арманын «Болашақ» шеңберінде жүзеге асыруға шақырамын.

–  Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз­ға көп рақмет!

Әңгімелескен

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<