Әлемде қанша мамандық болса да бәрінің маңызы зор. Әйтсе де, адам жанының арашашысы болған ақ халатты абзал жандардың орны ерекше екені даусыз. Себебі денсаулық – адамның баға жетпес байлығы. Ұлттың саулығын жақсарту арқылы биік мақсатқа жету – барша дамыған елдер ұстанған басты бағыт. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек» деп атап өткен болатын.
Кейінгі жылдары Сыр еліндегі тың серпін, толымды табыстар туралы республика көлемінде аз айтылып жүрген жоқ. Соның бірі – жаңа медициналық ғимараттардың бірінен соң бірі бой көтеріп, ел игілігіне берілуі. Онан өзге де табыстар қаншама. Саладағы сондай жетістіктердің бәрінде ақ желеңді абзал жандардың үлесі бар десек қателеспейміз. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмас Әбілпаттамен сұхбаттасқан едік.
– Алмас Әбдіғаппарұлы, кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Жаңа қызметіңізге сәттілік тілейміз. Кәсіби мерекеде ең алдымен дәрігерлік еңбек жолыңызды бір еске аласыз ба? Ойға еріксіз оралатын жылы естеліктер бар шығар?
– Көп рахмет! Еңбек жолы туралы айтқанда ең алдымен мектеп қабырғасындағы сәттер еске түседі. Оқушы кезімізде «Кім болам?» деген тақырыпта ойлана бастайсың. Бірақ мен үшін ол сұрақтың шешімі қиын емес еді. Өйткені бала кезімнен дәрігер болуды армандадым. Ол кезде білесіз, ауылда дәрігер аз болатын. Солардың кіршіксіз ақ халаты мен ұзын ақ қалпағына қызығушы едім. Өсе келе осы мамандыққа тоқталдым. Өзгелер арман қуып Алматыға барып жатса, мен Қарағандыға кеттім. Қарағанды медицина академиясына оқуға түстім. Ол жаққа баруымның бір себебі – әкем де, ағаларым да сонда оқыған. Дәрігер емес әрине, өзге мамандыққа. Жоғары оқу орнында жүргенде хирург боламын дедім. Хирургия сабағы үшінші курста басталды. Одан марқұм Сапархан Пірімбеков деген ұстазымыз сабақ берді. Ең бірінші сабақта сол кісіге барып «хирург болғым келеді, сізбен бірге түнгі кезекшілікке барайыншы» дегенім есімде. Ол кісі «Алмас, саған әлі ерте емес пе, алтыншы-жетінші курста кезекшілікте болатын кезде бетің қайтып қалмай ма?» дейтін. Сол кісімен бірге ауруханаға барып, түнгі кезекшілікте жүретінмін. Операция бөлмесіне кіргізгенімен, есіктің аузына тұрғызып қоятын. Тек алыстан бақылап тұрушы едім. Дәрігерлердің не істеп жатқанын көрмейсіз, бірақ сол жерде тұрғанның өзінің аурасы бөлек болушы еді. Соның өзі маған ерекше әсер ететін. Осылайша қызығушылығымыз қайтпады. Алтыншы-жетінші курста хирург болуға алаңсыз бет бұрдық. Осында келгеннен кейін облыстық медицина орталығының қабылдау бөліміне кезекші хирург болып қабылдандым. Аллаға шүкір, жүрген жерімде әрдайым жақсы адамдар жолықты. Студент кезімде Сапархан Пірімбеков, Ғалымбек Сайлауұлы, Абай Амантайұлы деген жақсы ұстаздарым болды. Мұнда келгенде де жақсы ортаға кезіктім. Республика көлемінде Абдолла Шүленбаевтың аты дүркіреп тұрған кез. Қарағандыда жүріп Қызылордада сондай мықты хирург бар деп еститінбіз. Қабылдау бөлімінде жүріп Шүленбаевтың бөліміне баратынмын. Ол кезде бір ставка кезекші хирургпін, бірақ кезекшіліктен босаған бойда сол кісінің қасынан табылатынмын. Бірге операцияларға қатысып жүрдім. Кейін жоспарлы хирургияға қасына алды. Бөлімде Нұридин Әмитов ұстазым болды. Ол кезде Нұридин Егембердіұлы хирургия жөніндегі орынбасар еді, кейін орталықтың бас директоры болды. Қазір қалалық аурухананың бас дәрігері. Осылайша Шүленбаев, Әмитов, Мантаев секілді кілең мүйізі қарағайдай мықты мамандардың мектебінен өтіп, илеуінде пісіп-жетілдік.
2018 жылы директордың орынбасары қызметіне тағайындалдым. Ол қызметті 2023 жылға дейін атқардым. Сол жылы Шиелі аудандық ауруханасының бас дәрігері лауазымына тағайындалдым. Ол жақтағы ұжымым да өте жақсы болды. Биыл міне, сол кездегі аймақ басшысының қолдауымен, сол кездегі басқарма басшысының ұсынысымен жаңа қызметке кірістім. Бұл жерде де бұрынғы ұстаздарым өздерінің ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отырады. Қазір медицина бұрынғыдай емес. Қазір заман өзгерді, халықтың сіздерге деген талабы да өзгерді» деп айтамын. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін мамандық қой. Адам өміріне жауап бергендіктен ауыртпашылығы да жоғары. Соған сай қойылатын талап та жоғары. Сондықтан дәрігер қай кезде де бәсекеге қабілетті болуы керек.
– Жаңа қызметке келгеніңізге көп болған жоқ, бұған дейін де басшылық қызметтерде жүрдіңіз. Дәрігер ретінде іс тәжірибеден, яғни практикадан қол үзіп қалдым деп ойламайсыз ба?
– Иә, бір саланы таңдау керек. Бірақ басшылық салада да жұмыс істейтін адам керек. Осы сұрақ мені облыстық медицина орталығында бас директордың хирургия жөніндегі орынбасары қызметіне барарда қатты қинады. Шешім қабылдау өте қиын болды. Операция жасап жүрген хирург үшін шынында оңай емес еді. Ол кезде отызда едім. Отыз жаста мың жарым адамға басшы болу, оның үстіне өзім тәлімін алған Оразмаханов, Шүленбаев, Дәуітбаев сынды мамандарға жетекшілік ету үлкен жауапкершілік еді. Қалай болғанда да хирургия немесе ұйымдастырушылық сала екеуінің бірін таңдау керек болды. Сол кезде Нұридин Егембердіұлының «Алмас, хирург көп, организатор аз» деген сөзі қамшы болды. Осылайша екіншісін таңдадым. Операциядан қол үзіп бастағанның өзі мен үшін стресс болды. Шиеліде жүргенде арасында жасап жүрдім. Бірақ таңдау жасау керек болғанда ұйымдастыру, яғни менеджмент жағы маған жақын болды. Таңдауыма өкінбеймін.
– Енді сала жұмысына ойыссақ. «Ауылда денсаулық сақтауды дамыту» ұлттық жобасын жүзеге асыруда біздің облыс алдыңғы қатардан көрінді. Жалпы қанша нысан салынды?
– Аймақта денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 10,2 млрд теңгеге жоспарланған 27 нысан пайдалануға беріліп, халық игілігін көруде. Оның ішінде 24 дәрігерлік амбулатория, екі фельдшерлік-акушерлік бекет, бір медициналық бекет бар. Сонымен қатар, жоба аясында ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша 9,9 млрд теңгенің 6 жобасы жүзеге асырылып, пайдалануға берілді. Оның ішінде Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандық көпбейінді ауруханаларының қосымша құрылысы және Шиелі, Арал аудандарындағы жұқпалы аурулар бөлімшелерінің ғимараттары бар.
2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласының Баймұрат батыр елді мекенінде дәрігерлік амбулатория, Досан елді мекенінде медициналық бекет іске қосылды. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының сол жағалауында облыстық қан орталығының жаңа ғимараты ашылды.
Жергілікті бюджет есебінен 2,3 млрд теңгеге екі ауылдық аурухана құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Жаңақорған, Арал аудандарында «Қамқорлық» балалар оңалту орталығы ашылып, қызмет көрсетуде.
Кейінгі үш жылда 6,7 млрд теңгеге 24 нысанға күрделі жөндеу жүргізілсе, 1,2 млрд теңгеге 44 денсаулық сақтау нысанының жылу жүйесі газға ауыстырылды. Нәтижесінде ғимараттардың тозуы 74,4 %-дан 36,6 %-ға төмендеді, республикалық көрсеткіш – 37,9 %.
Онан бөлек, облыс орталығында 36,4 млрд теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүруде, биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. 14,7 млрд теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауынан 500 келушіге арналған емхананың және 9,8 млрд теңгеге Титов қыстағынан ауысымына 400 келушіге арналған №5 қалалық емхана құрылысының іргетасы қаланды.
– Саланың материалдық-техникалық базасы туралы айтыңызшы…
– Аймақта денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға баса назар аударылуда. 2022-2024 жылдар аралығында 245 санитарлық автокөлік алынып, медицина ұйымдарының автопаркі толығымен жаңартылды.
Кейінгі үш жылда денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 16 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды, оның ішінде КТ, МРТ, ангиограф сияқты қымбат техникалар да бар. Аудандық ауруханалар КТ аппаратымен толығымен қамтамасыз етілді. УДЗ, ФГДС аппараттары, ауруханалардағы керуеттерге дейін жаңартылды. Осылайша құрал-жабдықтармен жарақтандырылу деңгейі 2022 жылы 83,2 %-дан 90,2%-ға жоғарылады.
– Істің тетігі қай кезде де маманға байланысты, осы орайда кадр мәселесіне тоқталсақ. Дәрігер жетіспеушілігі бар ма?
– Бүгінде медицина ұйымдарында 12 595 медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде 2 514-і – дәрігер, 10 081-і – орта буын маман. Қазіргі кезде 111 маман тапшы. Оның ішінде акушер-гинеколог, радиолог, невропатолог, хирург, психиатр, травматолог, жедел және шұғыл медициналық көмек дәрігерлері бар. Маман тапшылығын азайту үшін 2023 жылдан бері аса қажетті медицина мамандықтары бойынша 67 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалса, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша облыс әкімінің 45 гранты бөлінді.

Былтыр «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдық жерге жұмысқа орналасқан 23 дәрігерге 100 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек берілді. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен аса тапшы 10 маманға 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы төленсе, биыл да 10 дәрігерге төлеу жоспарланған. Бұл шаралар өз кезегінде екі-үш жыл көлемінде саланы дәрігермен толығымен қамтамасыз етуге, маман тапшылығын мейлінше азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
– Мамандардың біліктілігін арттыру бойынша қандай жұмыстар бар?
– Үкіметтің ««Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының негізгі көрсеткішінің бірі ана өлімін болдырмау үшін өңірде акушер-гинеколог, анестезиолог, реаниматор, педиатр және неонатолог мамандар біліктілігін көтеруге қаржы бөлініп, білімін жетілдірді. Атап айтқанда, 2023 жылы 1328 маман, 2024 жылы 1472 маман оқытылды. Одан бөлек, былтыр жалпы 818 маман біліктілігін арттырды. Аймақта медицина қызметкерлерінің біліктілігін көтеруге ерекше көңіл бөлінуде. Былтыр жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қаралып, 41 маман Германия, Ресей, Литва және Беларусь мемлекеттерінде болды. Биыл тағы 20 маман жоспарланып, жіберілуде.
– Кейінгі кезде медицина қызметкерлеріне күш көрсету жиілеп кетті. Осы орайда мамандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
– Иә, өкінішке қарай науқастар тарапынан әріптестерімізге күш көрсету деректері жиілеп кеткені алаңдатқаны рас. Осыған орай елімізде медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жаза күшейтілгенін атап өту қажет. Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақтелекоммен» бірлесіп бірнеше жоба әзірлеп, жұмыс істеп жатыр. Бүгінде денсаулық сақтау ұйымдарының қабылдау бөлімінде бейнекамералар орнатылды. Ол полиция департаментіне қосылған. Пациент қандай да бір агрессия байқатып, дөрекілік көрсетсе полиция департаментіне сигнал түседі. Одан бөлек жедел жәрдем станцияларында бригада мүшелеріне бейнежетон берілді. Осындай шаралар жүзеге асырылуда.
– Аймақта жоғары мамандандырылған медициналық көмектің деңгейі қандай?
– Былтыр өңір медицинасы үшін нәтижелі әрі серпінді жыл болды. Жыл көлемінде 142 жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіліп, облыс тарихында алғаш рет бауыр трансплантациясы сәтті жүзеге асырылды. Сонымен қатар, 10 науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар атқарылды. Медицина саласындағы жаңашылдықтарды дамыту мақсатында 6 жаңа ота түрі тәжірибеге енгізіліп, білікті мамандардың қатысуымен 8 мастер-класс ұйымдастырылды. Жоғары мамандандырылған көмектің қолжетімділігі артып, ашық жүрекке 119 ота жасалды. Сондай-ақ 197 науқасқа аритмологиялық операция жүргізіліп, тұрғындардың денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Бұдан бөлек, жамбас буынына 165 және 251 тізе буынына эндопротездеу отасы сәтті орындалды. Заманауи медициналық технологияларды кеңінен қолдану арқылы жыл сайын 800-ге жуық онкологиялық жоғары мамандандырылған емдік-диагностикалық көмек көрсетіліп, халықаралық стандарттарға сай бейнеқолдаумен жүргізілетін торакоскопиялық, лапароскопиялық, реконструктивті пластикалық, озық хирургиялық оталар жасалуда.
Жоғары технологиялық әдістер онкологиялық ауруларды ерте анықтап, тиімді ем жүргізуге және науқастардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беруде.
Онан бөлек, облыста медициналық авиация бойынша көмек санитарлық автокөлік, 2 ұшақ және 1 тікұшақ арқылы тәулік бойы үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Осының арқасында 185 науқасқа шұғыл ота жасалып, 231 науқасқа білікті дәрігерлік кеңес берілді. Сонымен қатар, 261 науқас облыс орталығындағы үшінші деңгейлі медициналық ұйымдарға тасымалданып, мамандандырылған медициналық көмек алды.
Шалғай елді мекен тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру үшін 6 жылжымалы медициналық кешеннің жұмысы ұйымдастырылды. Кешендер арқылы бір жылда 140 мыңнан астам ауыл халқына диагностикалық және зертханалық қызметтер көрсетіп, білікті мамандардың кеңесін алуға мүмкіндік берді. Одан бөлек, халық денсаулығын нығайту және әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
2023 жылдан бері «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен пайдалануға берілген заманауи жылжымалы медициналық кешен арқылы шалғай ауыл тұрғындарына онкологиялық скрининг жүргізілуде. Жыл сайын 4 мыңға жуық ауыл тұрғынына диагностикалық тексерулер жүргізіліп, онколог маман кеңесі беріледі. Аталған кешеннің іске қосылуы онкологиялық ауруларды ерте анықтауға, тұрғындарды сапалы диагностикалық қызметпен қамтуға және мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
– Медициналық туризмді дамыту деп жатамыз, өзге облыстан, яғни сырттан келіп емделушілер бар ма?
– Бар. Онкологиялық аурулар бойынша сырттан келіп емделушілер баршылық. Өйткені онкология орталығында операцияны жақсы жасайтын білікті дәрігерлер бар. Мысалы, онкология ауруханасының бас дәрігері Дмитрий Валерьевич Хегай тәжірибелі дәрігер, онкологияда ашпай лапроскопиялық ота жасауды меңгерген мықты маман. Көпбейінді облыстық ауруханада бауыр, бүйрек ауыстыру оталарын жасап жатқаннан кейін өзге өңірлерден келіп ота жасатып, емделушілер көп. Биылдың өзінде 17 шет ел азаматы ем алды. Атап айтсақ, Ресейден 14, Өзбекстаннан бір, Грузиядан бір, Ұлыбританиядан бір азамат келіп ем алған.
– Сұхбатыңызға көп рахмет!
Сұхбаттасқан
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
Суреттерді түсірген
Н.НҰРЖАУБАЙ





