«Елтаңбадан бүкіл тарихты білуге болады»

2573

1

Қазақстан елордасы, Ақордасы, Елтаңбасы, көк байрағы бар, әр ұланы Әнұранын жатқа айтатын қуатты ел болып қалыптасты.  1992 жылдың 4 маусымы – тарихи күн. Бұл күні Қазақстан Республикасының Туы мен Елтаңбасы бекітілді. Мемлекеттік рәміздерден қазақтың еркіндігін, болмысын, тарихын, мәдениетін білуге болады. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековпен ұлттық нышанның жасалу идеясы, насихатталуы туралы шағын сұхбат құрдық.

– Жандарбек аға, мектепке барған балаға алдымен мем­лекеттік рәміздер таныс­ты­рылады. Сондықтан бү­гінгі буын елтаңбада не бейне­ленгенін жақ­сы біледі деп ойлаймын. Ел­таң­баны жасау идеясы қалай келді?

– Әңгіме сол Елтаңбада не бейнеленгенін елдің бәрі білмейтінінде болып тұр ғой. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», Әзілхан Нұр­шайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын» оқыдың. Соның ішінде әр кейіпкердің өзіндік образы, тарихы бар. Елтаңба да кітап сияқты. Біздің кезімізде «қазақтың тарихы, мәдениеті, дәстүрі болмаған» деген пікір көп айтылды. Ал мен Елтаңбаны жасау арқылы «Жоқ, қазағымның тарихы бар. Мәдениеті мен дәстүрі ғасырлар бойы қалыптасқан» деп айтқым келді. Сондықтан бұл намыстан туды деп айтуға да болады.

Жобаны жасарда киіз үйді негізге алдым. Киіз үй деген – отау. Егемендік алып, Кеңес үкіметінен бөлініп шы­ғып, қазақтың түсінігі бойын­ша отау тіктік. Енді сол отауды қорғау керек. Қалай қорғаймыз? Тарихпен, мәде­ниетімізбен қорғаймыз. Ел­таңбада бізідің заманымыздан бұ­рын­ғы 4-5-мыңжылдықта пайда болған  киіз үй, сақ дәуі­рінен бастап, ғұн дәуірі, түрік қағанаты, оғыз-қыпшақ дәуірі, одан кейін біріккен за­ман, Кеңес үкіметі кезінде көп ұлт болып қалыптастық, соның бәрі бейнеленген. 1923 жылы Ордабасыда үш жүздің басы қосылып, жоңғарларға қарсы шықты. Оны «біріккен заман» деп айтамыз. Жұ­ды­рықтай жұмылғанда ғана жау­ларымызды жеңдік. Ел­таңбада үлкен, ортаншы, кіші деп аталатын үш қауырсын бар. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі үш жүздің баласының ұрпағы ғой. Жоғарғы жақта үлкен, ортаншы, кіші буын­ның арасында кірме буындар бар. Сол арқылы үш жүзге кір­мейтін қожа, сунақ, төлең­гіттер бейнеленген. Бәрібір олар қазақтар. Соның барлығы омыртқа секілді элементке бірік­­тірілген. Содан кейін тұлпарға отырғызылады. Тұл­­пардың мүйі­зінде жеті са­қина бар. Ол жеті ата­мызды, тектілігімізді біл­діреді. Мүйіз­дің өзі біздің Ота­ны­мызды, шаңырақты қорғап тұрмай ма? Көбісі босағадағы желбауды түсіне бермейді. Желбаудың не екенін білесің бе?

– Киіз үйдің бауы ғой…

– Иә, желбау киіз үйдің шаңы­рағына байланып, төмен түсіп тұрады. Қатты жел соқ­қанда үйді ұшырып кет­пеу үшін желбауға диірмен байлап қояды. Елтаңбада да желбау босағада тұр. Бұл «босағаң берік болсын» дегенді білдіреді. Елтаңбада қошқар мүйіз элементі бар. Біздің ою-өрнектер сақ дәуіріндегі аң стилінен шыққан. Киіз үйде, теке­метте қошқар мүйіз салынады. Ол – біздің қолтаңба өнеріміздің туын­дысы. Ертеде қазақтар ою-өрнек­тер арқылы хабар алысып тұрған.

– Архитектор болға­ныңыз­бен, кейде тарихшы, кейде жазушы секілдісіз. Сіз­дегі қазақы түсінік, елге деген құрмет бала кезде қалып­тасқан болар…

– Қазір жастар «білім жоқ, жұмыс жоқ» деп жүр. Неге ондай болады? Жас кезде ақыл жинау керек. Бұрын би-шешендер жасында ақыл жинаған. Он-он екі жасында елге билік айтқан. Тұрмағанбет Ізтілеуұлының нақыл сөздерін қазір ешкім қолданбайды. Бірақ соны білу керек. Тұрмағанбет аударған «Шахнамада» жалпы Шығыстың асыл қазынасы бар. Жасымда «Мың бір түнді» аударған Қалмақан Әбді­қа­дыров­ты, атақты өнер иесі Нартай Бекежановты көрдім. «Алпамыс», «Ер Тарғын» жыр­ларын тың­да­масам, қанат­ты тұлпарлар тура­лы қайдан білемін? Жылқы алғаш рет қазақ даласында үйре­тіл­ген. Елтаңбада тұлпарды бейне­леу арқылы «біздің жерде тұл­парлар үйретілген, біздің жерде ұлы дала демократиясы қалып­тасқан» дегенді айт­қым келді. Халқымызда ақыл, еркін­дік, қайсарлық бұрын­нан болған. Қайсар деген сөз­дің өзі сақ дәуірінен келе жатыр. Тарқатып айтсақ, қайрат, қайсар, қайсақ, сақ деп айтуға болады. Бауырсақ қа­шан пайда болған? Ол бауыр­мал­дығымыздың сонау сақ дәуірінен келе жатқанымызды білдірмей ме? Біздің киіз үй қашан пайда болды, сол кезде қазақ та, ұлттық тағамымыз бауырсақ та пайда болды.

– Сұхбаттарыңызға қара­сам, елтаңбаның наси­хат­талауына көңіліңіз толмай­тын секілді…

– Елтаңбада элементтер неге олай бейнеленгенін қазір үл­кендер де, мектеп оқу­шы­лары да білмейді. Үкімет мүше­лерінің ішінде де білмейтіндері бар. Айталық, Елтаңбаның ішін­­де жота деген элемент бар. Оны неге бейнеледім? 1723 жы­лы қазақтар «Қаратаудың ба­­­сынан көш келеді, көшкен са­йын бір тайлақ бос келеді» деп сипаттаған, аса қиын за­ман­­ды басынан өткерген. Ел­таң­бада сол Қаратау жотасы бар.

– Бір елтаңбаға қарап бүкіл тарихты түсіндіруге бола­тындай…

– Елтаңбадағы 41 элементтің қандай мағына беретінін түсіндіре алатын «Қазақтың елтаңбасы» деген кітабым бар. Соны әрбір қазақ оқуы керек. Әйтпесе, мына жері атқа, мына жері қанатқа ұқсаған екен деп қоя салады. Егер шын тарихын іздейтін болса, елтаңбадан бүкіл тарихты білуге болады. Ақ­сақалдар мектебі де елтаңбада тұр.

– Өзбектің кез келген ғима­ратына қарасаң, ою-өрнегінен-ақ көрші елдікі екенін біле қоясың. Бізде неге осы жағы кемшін?

– Мысалы, қазақ даласында Түгіскен, Баршынкент, Сауран, Сығанақ, Көккесене, Отырар деген қалалар болған. Соның бәрін бір заманда Шыңғысхан жойып жіберді. Түркістан сақталып қалды. Ал Өзбекстанда кейбір қалалар, ғи­мараттар сол заманнан бері бар. Кеңес үкіметінің ке­зінде «адам болам десең, орысша оқы» деді. Қазірдің өзінде жастарда қазақы түсінік жоқ қой. Қазақы түсінік болмағасын, қазақы дүниені қалай жасайды? «Ойтек» деген архитектура шығарып, кіта­бын жазып жатырмын. Содан кейін ғана сәулетшілер қазақ архитектурасын жасап шыға­рады. Кірме архитектура ығы­сып шыққаннан кейін тілің де, мәдениетің де қайтып келеді.

– Өзіміздегіні бағала­май­тын, шетел мәдениетіне елік­тейтін буын туралы көп айты­лып жүр. Ұлттық сана қалыптасу үшін не істеу керек?

– Қазір бұрынғы ақсақалдар жоқ қой. Университетте сабақ беретін жасы үлкен ғалымдар бар. Бірақ біз бұрынғы ақса­қалға жатпаймыз. Ақсақал ауылға, елге, соның ішіндегі жақсыға да, бұзығына да жауап берген. Қазір ақыл айтатын ақсақалдар аз. Көршілер жүйесі бұзылды. Сондықтан орта қалыптастыру керек. Ал ортаны архитекторлар қалыптастыра алады.

– Өзбекстаннан көшіп кел­гесін ірі нысандардың архи­­­тек­тура­лық жобасын жа­­сауға ат­са­лыс­тыңыз. Нұр-Сұлтан қала­­сы­ның бас қақ­­пасын, EXPO нысан­дарын са­луда қолтаңбаңыз бар.  Қазір де жобаларға қаты­сасыз ба?

– Елге келмей тұрып Қызыл­ордадағы А.Тоқмағамбетов атын­­­дағы мәдениет үйін, «Айтбай» мешітін жаңғыртудан өткізу жұмыстарын жүргіздік. Аста­надағы шағын аудандар, мешіт құрылысының жобасын жасадық. Бірақ оның бәрін айта бергім келмейді. Ол менің жұмысым, сондықтан оны міндетсінбеу керек. Қазір конкурстарға қатысып жүрген себебім, ғимараттардың қа­зақи  қалыпта шығуы үшін күре­сіп жүрмін. Сол арқылы қазақ архитектурасын қалып­тастырғым келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<