Ерлан Құлахметұлы Бердібаев 1963 жылы Жаңақорған ауданында туған. 1984 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын экономист-бухгалтер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Жаңақорған аудандық қаржы бөлімінің мемлекеттік кірістер инспекторы болып бастады. Аудандық әкімшіліктің экономика бөлімінің басшысы, қаржы бақылау комитетінің аға бақылаушысы, облыстық қаржы бақылау комитетінің аға бақылаушысы болды. Салық полициясы қызметінде бірқатар лауазымды жұмыстар атқарды.
2010-2020 жылдары «Болашақ-Шиелі» оқу орталығының директоры, Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы, облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2020 жылдан Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің облыс бойынша департамент басшысы қызметін атқарып келеді. Бірқатар мемлекеттік марапаттар иегері.
Газет тілшісімен сыр-сұхбат мемлекет мүлкін жекешелендірудің өзекті мәселелеріне арналады.
– Ерлан Құлахметұлы, қазір еліміз жекешелендірудің шешуші кезеңіне қадам басты. Оның бүгінгі барысы туралы не айтасыз?
– Қызылорда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің негізгі міндеттерінің бірі – облыс аумағындағы республикалық меншік объектілерін басқару, жекешелендіру және оған бақылау жүргізу.
Департамент мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген нысандарды пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында уақытша бос тұрған тұрғын үй емес жайларға екінші бір мемлекеттік заңды тұлғаларды орналастыру, мүліктерді жалға беру және мемлекеттік заңды тұлғалардың мүліктерін және мемлекет пайдасына айналдырылған мүліктерді жекешелендіру бағытында тиімді жұмыстар жүргізіп келеді.
Қазіргі уақытта облыс аймағында 111 республикалық мемлекеттік меншік субъектісі бар. Алдымен мүлікті теңестіру мүмкіндігіне жол беретін, мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екінші түріне беру бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жасалып жатқан жұмыстарды атап өткім келеді. 2020 жылы департамент облыстық қаржы басқармасымен бірлесе отырып, коммуналдық меншіктен республикалық меншікке мүліктерді беру бойынша 22 алыс-беріс актісі, ал республикалық меншіктен коммуналдық меншікке 33 алыс-беріс актілерін бекітті. Ал, ағымдағы жылдың 3 айында 25 алыс-беріс актісі бекітілді.
Сонымен қатар, бюджеттік қаражатты үнемдеу мақсатында артық немесе пайдаланбай бос тұрған нысандар жеке тұлғаларға ұсынылды. Бұл орайда мемлекеттік мүлікті сатудың, сенімгерлік басқаруға немесе жалға берудің ашықтығы сақталды. Яғни, мемлекеттік мүлік тізімі веб-порталында www.gosreestr.kz барлық керекті ақпарат бар. Сонымен қатар, барлық азаматтар үшін тендерге, сауда-саттыққа қатысуға мүмкіндіктер қарастырылған.
Жалға беру, тендерді өткізу электрондық форматта ұйымдастырылуына байланысты қатысушының географиялық орналасқан жеріне қарамастан, сауда-саттыққа қатысу үшін жағдай жасалған. Ол ашықтық пен жариялықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, уақытты үнемдейді, пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасайды және адами фактордың ықпал етуін толығымен болдырмайды.
Бірыңғай сауда алаңы тек қана қатысушыға емес, барлық тілек білдірушілерге қолжетімді және одан жекешелендіру нысанының сипаттамасын, бағасын, сауда-саттықтың қорытындысын көруге болады.
Департаменттің қызметінде нысандарды жалға беру бойынша жұмыс ерекше бақылауда тұр. 2020 жылы жалға беру бойынша 78 келісім шарт жасалып, 2,622 мың шаршы метр алаң жалға берілді. Осы жалға беруден республикалық бюджетке түскені 49,5 млн теңге, өсімпұл 58,6 мың теңгені құрады. Ақшалай қаражаттың түсуінің көбею тенденциясы жылдан жылға сақталып отыр. 2021 жылдың 1 сәуіріне мемлекеттік мүліктің 2,257 мың шаршы метр алаңы жалға беріліп, жалға беруден 12 млн теңге түсті.
Сонымен бірге, әкімшілік ғимараттардағы артық алаңдарды жалға беру, шағын кәсіпкерлер субъектілерінің дамуы үшін қосымша жағдай қалыптастыратынын атап өтуге болады. Нысандарды жекешелендіру, жалға және сенімгерлік басқаруға беру бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментімен ұйымдастыратын комиссиясына Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының мүшелері қатысып, департаментпен белсенді ынтымақтыстықта жұмыс жасауда.
Қарқынды жұмыстар мемлекеттік мүлікті жекешелендіру бойынша да жүргізілуде. 2020 жылы республикалық мүлікті жекешелендіруден 56 нысан сатылып, 61,9 млн теңге қаражат республикалық бюджетке түскен. Сауда-саттықта негізінен жылжымайтын мүліктер сатылған (төменгі өтімділік деңгейдегі автокөлік құралдары, сонымен бірге, оңтайландыру нәтижесінде анықталған мемлекеттік органдардың ғимараттары).
Сонымен қатар, республикалық меншіктегі нысандарды сенімгерлік басқаруға беру бойынша департамент жұмыс жасауда. 2019 жылы сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға жалпы алаңы 159,1 шаршы метрді құрайтын 2 нысан 3 жыл мерзімге берілген.
Сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға негізінен Қылмысты-атқару жүйесі департаментінің түзету мекемелерінің нысандары сувенирлердің, ағаш бұйымдарының, кеспе тастар мен тігін өндірісінің және т.б. цехтарын ашу үшін беріледі. Бұл нысандарды сенімгерлік басқаруға берудің ең маңызды шарты – жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту.
Бұл жерде кәсіпкерлер түзету мекемелерінің бос тұрған және жөндеуге жататын нысандарын тиімді пайдаланып отыр. Сонымен бірге, жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтып, айлықтарын беріп, жаңа мамандықтарға оқытуда.
Экономикалық реформаларды жүргізу кезеңінде мемлекеттік активтерді тиімді басқару мәселесі ерекше өзектілікке ие болады.
– Мемлекеттік меншікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды бағыттардың бірі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен оның аумақтық бөлімшелері іске асыратын «Бірыңғай теңгерім ұстаушы» жобасы екенін білеміз. Жобаның жүзеге асырылу барысы туралы не айтасыз?
– Оның мақсаты – ғимараттарға, құрылыстарға және автокөлік құралдарына техникалық қызмет көрсету жөніндегі мемлекеттік органдардың өздеріне тән емес функцияларын кейіннен оларды шағын және орта бизнес субъектілеріне бере отырып, орындаудан босату болып табылады. Бұл департамент үшін жаңа функция және бұған дейін айналыспағанымызды айта кету керек.
Жобада Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің аумақтық бөлімшелеріне ғимараттарға қызмет көрсетуге тартылған жылжымайтын мүлік объектілерін, автокөлік құралдарын, штаттан тыс қызметкерлерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі жүйесінің аумақтық бөлімшелерінің ғимараттары мен автокөлік құралдарын ұстауға арналған шығындарды беру қарастырылған.
Осылайша, «Бірыңғай теңгерім ұстаушы» жобасын іске асыру аясында Қызылорда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің теңгеріміне 33 жылжымайтын мүлік объектісі, оның ішінде 15 қосалқы объект және 18 автокөлік құралдары (қазынашылық департаменттерінің, мемлекеттік кірістер мен оның аумақтық бөлімшелерінің негізгі құралдары) қабылданды.
Мүлікті бірыңғай теңгерім ұстаушыға беру осы функцияларды орындау бойынша бизнес-процестерді, штаттан тыс қызметкерлердің санын, ғимараттар мен автокөліктерді күтіп ұстауға, оларға қызмет көрсетуге арналған шығыстарды қысқарту жолымен республикалық бюджеттің әкімшілік шығыстарын оңтайландыруға мүмкіндік берді.
Ғимараттарға қызмет көрсету мен күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды оңтайландыру үшін департаменттің теңгеріміндегі барлық әкімшілік ғимараттарда орналастырылған қызметкерлерді оңтайлы отырғызу және артық үй-жайларды босату бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізілді.
Коммуналдық қызметтер үшін төлем, сондай-ақ ғимараттарды ұстауға және оларға қызмет көрсетуге арналған шығындар Мемлекеттік орган шығыстарының жалпы үлесінің басым бөлігін құрайтыны ешкімге құпия емес. Оң экономикалық нәтиже алу мақсатында «Бірыңғай теңгерім ұстаушы» жобасын іске асыру шеңберінде Қазынашылық және Мемлекеттік кірістер департаменттерінің аумақтық бөлімшелерін оңтайлы орналастыру жүргізілді. Облыстың 5 ауданында Мемлекеттік кірістер және Қазынашылық бөлімшелері бір ғимаратта орналасқан, ал 2 ауданда оңтайландыру бұрын жеке тұлғалардан үй-жайларды жалға алған және де басқа республикалық мемлекеттік заңды тұлғаларды орналастыру арқылы жүргізілді.
Қазіргі таңда Қазынашылық және Мемлекеттік кірістер департаменттерінің аудандық басқармаларының ғимараттар мен үй-жайларға қызмет көрсету және күзету, құрылғыларға қызмет көрсету бойынша барлық қызметтер бәсекелестік ортаға беріліп, департамент тарапынан тиісті жұмыстар өз кезегінде жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, департамент жекелеген негіздер бойынша мемлекет пайдасына айналдырылған мүлікті одан әрі пайдалану жұмыстарын ұйымдастыруда елеулі жұмыс атқарып келеді.
– Аукциондардың ашықтығы қалай қамтамасыз етілуде?
– Сот актілері негізінде мемлекет пайдасына кірістелген мүліктерді өткізу бойынша (құны 582,4 млн теңге) 2020 жылы 153 электрондық аукцион өткізіліп, барлығы 12755 мүлік сатылып, бюджетке 181,2 млн теңге қаражат түсірілді.
Құны 391,6 млн теңгенің мүліктері республикалық және коммуналдық меншік мүліктерінің құрамына (теңгеріміне) өтеусіз бекітіліп берілді.
Атап айтсақ, олардың ішінде, 16,9 млн тенгенің 16 бірлік автокөліктері, 158,2 млн тенгенің жанар-жағармайы станциясы (АЗС) ғимараты, 327,2 мың тенгенің 80 дана оргтехникалар және құны 5,4 млн тенгенің 12600 халық тұтынатын тауарлары сатылды, сонымен қатар, әлеуметтік қызметтердің субъектілеріне қолдау беру мақсатында, Кызылорда қаласы әкімдігі жанындағы қалалық коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй бөліміне қала тазалығы қызметіне пайдалану үшін, құны 110,3 млн теңге тұратын бір ғимарат және Қызылорда қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің Жұмыспен қамту орталығының әкімшілік ғимараты үшін құны 270,1 млн тенге болатын бір ғимарат өтеусіз бекітіліп берілді.
Сондай-ақ, мүліктердің 4100 түрі одан әрі пайдалануға жарамсыздығынан департамент жанынан құрылған ведомствоаралық облыстық комиссия шешімдерімен жойылды.
ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдарына және Үкіметтің 2002 жылғы 26 шілдедегі №833 қаулысымен бекітілген Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (айналдырылуы тиіс) мүлікті есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрі пайдаланудың Қағидасына сәйкес, мемлекеттік қызметшімен қандайда бір қабылданған сыйлықтардың мемлекеттік қорға тапсырылуы (өткізілуі) міндеттелген.
Өткен 2020 жылы мемлекеттік арнайы қорға төрт мемлекеттік қызметшілермен қабылданған сыйлықтарды электрондық сауда-саттықта өткізуден 22,1 мың теңгенің қаражаты бюджетке түсірілді. Мемлекеттік қорға аталған сыйлықтарды қабылдау жұмыстары биыл да және де жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған мүліктерді есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың, одан әрі пайдаланудың жұмыстары өз дәрежесінде тиісті кестелерге сәйкес жүргізіліп келеді.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік мүлікті басқару тәсілдері белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылуда. Бұл нарық жағдайында бәсекелестіктің қанат жаюына ықпал жасайды.
Әңгімелескен
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<