Наталья Мишукова: Достық – өмір салтымызға айналған құндылық

196

0

Фото: Кейіпкердің мұрағатынан

Қазақстан халқы Ассаммблеясы 30 жылда бірлік пен ынтымақтың, тұрақтылық пен тыныштықтың символына, қоғамдық келісім мен ұлтаралық үйлесімділіктің мызғымас тірегіне айналды. Бұл мерейлі белес – ел бірлігі мен татулығының, бейбітшілік пен өзара түсіністіктің жарқын көрінісі.  Мереке қарсаңында «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиал төрағасы Наталья Мишуковамен  сұхбаттасып, өңірдегі этносаралық достықтың маңызы, Ассамблеяның рөлі туралы әңгімелескен едік.

– Наталья Валентиновна, елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының ал­қалы жиынын жыл сайын өткізу дәстүрге айналды. Жуырда ғана ХХХIV сессияға қатысып келдіңіз. Сіздің ойыңызша ҚХА сессиясының маңызы қандай? Алған әсеріңізді бөліссеңіз…

– Иә, Қазақстан халқы Ассам­блея­сының сессиясына қатысу – мен үшін үлкен құрмет. ХХХIV сессияның маңызы ерекше болды. Бұл – түрлі этнос өкілдерінің ел бірлігі жолындағы ой-пікірлерін ортаға салатын маңызды диалог алаңы. Жиын барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар қоғамымыздың тұрақтылығын одан әрі нығайтуға бағытталған. Маған ерекше әсер еткені – әр өңірден келген аза­маттардың мемлекетімізге деген шынайы жанашырлығы мен бірлікке шақырған үндері. Осындай алаңдар  ел ішіндегі татулықты тереңдетуге зор мүмкіндік береді. Сондай-ақ Ассамблея құрылымында төрт мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың мақсаты  бір, азаматтарымызды елдік маңызы бар жұмысқа тарту, яғни ортақ іске жұмылдыру. Мәселен, ақсақалдар кеңесі мен аналар кеңесі отбасы институтын нығайтуға, жал­пыұлттық құндылықтарды дәріптеуге ат­салысса, «Ассамблея жастары» ұйымы мен оның құрамындағы Студенттік ассамблея, Жас ғалымдар клубы, «Жаңа толқын» сияқты құрылымдар жастарымызды бірлік пен ынтымақ, отаншылдық пен азаматтық жауапкершілікке баулуда. Бұл ҚХА-ның ел бірлігін сақтаудағы ерекше институт екенін көрсетіп отыр.

– Сессия аясында нақты мәселелер­ге арналған пікірталас өткенін білеміз. Мемлекет басшысы үнемі этносаясатта жаһандық және аймақтық үдерістер ескерілуге тиіс екенін айтып жүр. Осы ретте этносаралық саясатты ұдайы жетілдіріп отыру үшін қандай қадам жасалу керек?

– Этносаралық қатынастар мәселесі – әрдайым назарда болуға тиіс стра­те­гиялық бағыт. Бұл салада тұрақты даму мен үйлесім болуы үшін ең алдымен білім беру мен мәдениет саласындағы жобаларға көңіл бөлінуі қажет. Әрбір азамат Қазақстанның тең құқықты мүшесі екенін сезінуі керек. Сонымен қатар, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, нақты әлеуметтік зерттеулер жүргізу де маңызды. Әсіресе жастармен жұмыс істеу, оларды қазақстандық патриотизм мен этносаралық сыйластық рухында тәрбиелеу – басты басымдықтардың бірі болуы керек деп есептеймін. Елімізде ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болғандықтан, Президент айтып өткендей, достық, келісім ұғымдары құр ұран емес, азаматтарымыздың күнделікті өмір салтына айналатын құндылық болатынына сенемін.

Елімізде көпмәдениетті ор­таны дамытып, барлық азаматтың мемле­кеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадам­дар жасалуда. Мемлекеттік тілді меңгеру төңірегіндегі сіздің көзқарасыңыз…

– Мемлекеттік тілді білу – бұл тек талап емес, үлкен мүмкіндік. Тілді меңгеру арқылы адам елдің тарихын, мәдениетін, рухын түсінеді. Президентіміз айтқандай, бұл бағытта жүйелі әрі қолжетімді тетіктер қажет. Меніңше, қазақ тілін оқыту әдіс­темелерін заманға сай жетілдіріп, прак­ти­калық тілдік орта қалыптастыру – нәтижелі қадамдардың бірі. Әр азамат өз еркімен, ниетпен, қызығушылықпен тіл үйренуге ұмтылса, үлкен жетістік болар еді.  Біз бір­тұтас ұлт боламыз десек, бәріміз бір мақсатқа қызмет етуіміз керек.

– Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның мүшесі болғалы  өңіріміздің дамуына үлес қосып келесіз. Өңірдегі татулық пен бірлік мәселесіне тоқталып өтсеңіз…

– Қазақстан халқы Ассамблеясының мү­шесі ретінде Қызылорда өңірінде қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытында жұмыс істеп келемін. Біздің аймақ – этносаралық татулық пен түсініс­тіктің үлгісі. Түрлі этнос өкілдері бірлесе еңбек етіп, ортақ мақсатқа жұмылып келеді. Бұл – ел ішіндегі тұрақтылықтың басты кепілі. Біз әрбір бастамамызды бейбітшілік пен бірлікті сақтау негізінде жүзеге асырамыз. Өңірлік жобалар, форумдар мен мәдени іс-шаралар барлығы дерлік осы бағытқа қызмет етеді.

– Мерейтойға арналған тілегіңізді тыңдасақ…

– Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – бұл еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың мерекесі, егемен еліміздің тарихындағы айтулы оқиға десем болады. Осы мерейтоймен барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын! ҚХА-ның қызметі әрдайым табысты болсын, бірлік пен бейбітшілік жолындағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын тауып, ел игілігі жолындағы еңбегіміз жана берсін. Ел ішіндегі ынтымақ пен өзара түсіністіктің артуына тілекшімін!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»