Сыр топырағының сырын таныған ғалым

7

0

Қазақ даласында туған жердің қасиетін танып, оның игілігін елдің өркендеуіне арнаған азаматтар аз емес. Солардың бірі ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, белгілі топырақтанушы, агрохимик Хасый Жамантіков биыл 85 жасқа толып отыр. Бұл – бір адамның мерейтойы ғана емес, аграрлық ғылымға адал қызмет еткен ғұмырдың, Сыр өңірінің күріш шаруашылығымен бірге өрілген тағдырдың мерейлі белесі.

Хасый Жамантікұлы Жамбыл облы­сының Меркі ауданында дүниеге келді. Табиғаты көркем, еңбек пен тіршіліктің қадірін ұғындырған өңірде өскен жас талапкер білімге құштар болып қа­лыптасты. Болашақ мамандығын ауыл ша­руа­­шы­лығымен байланыстыруды мақ­сат еткен ол Алматы қаласындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ ауыл шаруа­шы­лығы институтында (қазіргі Қазақ ұлт­тық аграрлық зерттеу университеті) білім алды. Сол жылдары қалыптасқан ғы­лыми ізденіске деген құштарлық пен ең­бекқорлық қасиет оның бүкіл өмір жо­лының темірқазығына айналды.

1969 жылы жоғары оқу орнын тәмам­дағаннан кейін институт табалдырығында танысқан курстасы әрі бірге қол ұстасқан зайыбы Тамара Жамантікова апай екеуі Өскемен қаласындағы облыстық тәжірибе стансасына жолдамамен жіберілген бола­тын. Алайда жұмысқа қабылданар кезде жасы ұлғайған әке-шешелері ауырып қа­лып кері қайтуға тура келді. Содан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі жол­даманы өзгертіп, жас отбасыны Қызыл­орда облысына қарасты Күріш тәжірибе стансасына жіберуді ұйғарды.

Осы себепті екі жас маманның тағдыры Сыр өңірімен тоғысты. Содан бастап Қы­зылорда жері екінші Отанына айналды. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы ол Сыр елінің ауыл шаруашылығы ғылымының дамуына қызмет етіп келеді. Ғалымның бү­кіл еңбек жолы күріш шаруашылығының мәселелерін зерттеумен, топырақ құнар­лы­лығын арттырумен және өңір эколо­гиясын жақсартумен байланысты болды.

Сыр өңірі – күріш өсірудің ерекше та­биғи аймағы. Мұнда жоғары өнім алу үшін топырақтың жағдайын терең зерт­теу қажет. Осы бағытта Хасый Жаман­тік­ов көптеген ғылыми зерттеуге жетек­ші­лік етіп, күріштік топыраққа орга­ни­калық ты­ңа­йтқыштарды енгізудің ғылы­ми негіз­дерін қалыптастырды. Оның еңбек­тері то­пырақ құнарлылығын сақтауға және өнім­ділікті арттыруға бағытталды.

Ғалымның зерттеулері отандық мине­ралдық ресурстарды тиімді пайдалануға да арналды. Ол Қаратау сілемдерінен өн­ді­рілетін полифосфатты минералдық ты­ңайтқыштардың күріш дақылына әсерін зерттеп, олардың тиімділігін ғылыми тұр­ғыдан дәлелдеді. Бұл жұмыстар ауыл шаруашылығы өндірісінде жергілікті ши­кізат көздерін пайдаланудың маңызын көрсетті. Осы тақырыпты диссертациялық жұмыс ретінде 1991 жылы ресейлік ға­лым, профессор Ф.Янишевскийдің жетек­шілігімен «Сырдария ойпатында құралған шалғынды-батпақты топырақта өсірі­ле­тін күрішке Қаратау фосфоритінен өн­ді­рілген фосфор тыңайтқыштарының жа­ңа түрлерін қолданғандағы тиімді­лігін зерттеу» тақырыбында ғылым канди­да­­ты атағын сәтті қорғады. Ал 2003 жы­­лы академик Р.Елешевтің ғылыми же­­тек­ші­лігімен «Қазақстандық Арал өңі­рін­дегі шалғынды-батпақты топырақ­қа бе­йім­дел­ген күріш ауыспалы егісі да­қыл­дарына фосфор тыңайтқыштарын қол­данудың ғы­лыми негізін жасау» атты тақы­рыпта док­торлық диссертация қорғап шықты.

Ғылыми ізденіс пен жаңашылдық – ға­лым ағамыздың басты ерекшеліктерінің бірі. Көпшілік үшін ауыл шаруа­шылығы қалдықтары болып саналатын күріш са­баны мен қауызының да таби­ғатқа пай­да әкелетін құндылық екенін ал­ғаш­қы­лардың бірі болып дәлелдеді. Ол осы қалдықтардан биокомпост өнді­ру техно­логиясын жасап, авторлық патент алды. Бұл жаңалық өндірістік қалдық­тар­ды тиім­ді пайдалану арқылы топырақ құ­нар­лы­лығын арттыруға, су және басқа да ре­сурстарды үнемдеуге мүмкіндік берді.

Қызылорда облысында егілетін дақыл­дардың өнімділігі мен өнім сапасының жоғары болуының басты себептерінің бірі – егістік жерлердің құнарлылығының төмен болып, топырақ тұздылығы салда­рынан оның қарашірігінің кеміп, ондағы бактериялардың әлсіреуі. Топырақ орта­сы­ның өсімдіктерге қолайлы болуына түр­лі пайдалы бактериялар жиынтығының белсенділігі артуы үлкен себеп болады. Бактериялар ауыр металдар қо­сындысын ыдыратып, әрі өзіне, әрі өсім­діктерге қо­ректік заттарды молайтады.

Ғалымның ғылыми қызметіндегі ерек­ше бағыттардың бірі – Арал өңірінің эко­логиялық мәселелерін зерттеу. Арал теңізінің тартылуы бүкіл әлем назарын аударған кезеңде Хасый ағамыз халықара­лық ғылыми қауымдастықпен бірге көп­теген жұмыс жасады. Германия және Из­раиль ғалымдарымен бірлесіп, құрға­ған теңіз ұлтанын игеру, сексеуіл отыр­ғызу арқылы аймақтың экологиясын тұрақтан­дыру бағытындағы зерттеулерге белсене қатысты.

Арал теңізі тұйық болғандықтан Сыр­дария өзені ағынымен тау, жар мүжін­ділері шөгінді ретінде сумен келіп, теңіз түбіне шөгіп, кедір-бұдырын тегістеп ұл­тан қабатын құрайды. Сырдария суы азайған соң теңіздің шөгінді табан қабаты судан құрғатылып, шөгінділерден түрлі механикалық құрамды (құм мен саздың әртүрлі мөлшерде орналасуына байла­ныс­ты) топырақ түрлері қалыптаса бастайды.

Алғашқы кезде, борпылдақ, әлі бірік­пеген топырақ құрамы сумен келген улы заттар (пестицид, гербицид, т.б.) шаң­мен бірігіп, желмен ұшып айналаны лас­тауға бейім болады. Ол шаң қоспалары ғарыштық кеңістікке көтеріліп, Жер бе­тінің кез келген аймағына жетіп, шөгіп, сол жерді ластауы мүмкін. Сондықтан, бірінші кезекте шаңды қозғалысқа келтірмейтін іс-шара жасау керек болды. Теңіз ұлта­ны­ның бетіндегі әртүрлі қоспалы өте зиянды борпылдақ шаңды бекітетін бірден-бір жол – өсімдік жамылғысымен ұлтан бетін бүркеу әдісі. Арал өсімдіктерін зерттеу арқылы, бүркемелі өсімдікке қара сексеуіл (Haloxylon aphyllum) таңдалып, оны егу жолдары зерттелді.

Негізгі мақсат – қазір жаһанда белең алып бара жатқан қуаңшылық пен шө­лейттену өзгерістерін өрістетпеу. Соны­мен 1998-2012 жылдары эрозиялық про­цестерді тоқтату, қуаңшылық пен шөлейт­тенуге бетбұрысты әлсірету, өсімдік жамыл­ғысын дамыту бағытта­рын­да ғылыми-зерттеу жүргізілді. Нәтиже­сінде егілген сексеуіл өскіндерінің тұз­дан­ған топырақты жерсінуі ұлғаятыны анық­талды. Бұл үлкен ғылыми жетістік бола­тын.

Он төрт жыл бойы жүргізілген бұл жұ­­мыстар нәтижесінде құрғаған теңіз та­банына орман өсірудің тиімді әдістері зерттеліп, табиғатты қалпына келтіру ісіне маңызды үлес қосылды.

Хасый Жамантіковтің ғылыми қыз­метінің басты ерекшелігі – зертханалық ізденістерді өндіріс қажеттілігімен ұш­тас­тыра білуінде. Ол үшін ғылым тек тео­­риялық тұжырымдар жиынтығы емес, шаруашылықтың нақты мәселелерін ше­шуге қызмет ететін құрал болды.

Ғалымның көпжылдық зерттеулерінің негізгі бағыты күріштік топырақтың құ­нарлылығын арттыру және өнімділігін көтеру мәселелеріне арналды. Сыр өңірінің топырақ-климаттық ерекшеліктерін терең зерттей отырып, ол әртүрлі мелиорант­тардың тиімділігін анықтауға бағытталған ауқымды ғылыми жұмыстар жүргізді.

Осы мақсатта доломит, биошунгит, цео­лит, фосфогипс секілді тағы басқа табиғи минералдардың күріштік топырақтардың қасиеттеріне әсері жан-жақты зерттелді. Ғалым бұл мелиоранттардың топырақтың физикалық және агрохимиялық қасиет­терін жақсартуға, қоректік элементтердің тиімділігін арттыруға және өсімдіктің қо­лайсыз жағдайларға төзімділігін кү­шей­туге ықпал ететінін ғылыми тұрғыдан не­гіз­деді.

Хасый ағамыз жаңа технологияларды өндіріске енгізуге әрдайым ерекше көңіл бөлді. Осы бағытта органикалық сұйық препараттарды күріш егістіктерінде пай­да­лану мәселесін зерттеп, олардың өсім­діктің дамуына, өнім құрылымына және астық сапасына әсерін анықтады. Ғалым жүргізген тәжірибелер мұндай препарат­тардың өсімдіктің өсу энергиясын артты­рып, өнімділікті жоғарылатуға мүмкіндік беретінін көрсетті.

Климат өзгерісі мен су тапшылығы кү­шейген қазіргі кезеңде ғалымның зерт­теулері бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Ол топырақтағы ылғалды сақтау мақса­тында гидрогельдерді қолдану мәсе­ле­сін зерттеп, олардың тиімді мөлшерін анық­тады. Бұл жұмыстар су үнемдеу тех­но­логияларын дамытуға және құрғақ­шы­лықтың зардаптарын азайтуға бағытталды.

Осы ғылыми жұмыстарды жетекші болып орындай жүріп, 140-тан аса ғылыми мақала, ірі көлемді 3 кітап жазды. Арал мәселесі туралы ғылыми есеп деректері Германияда басылған 3 ғылыми жинақ кітабында ағылшын тілінде жарық көрді. Ғылыми мақалалар жақын және алыс шетел қалаларының 15 баспаханасында басылды. Ғылыми еңбектер нәтижелерінің басым бөлігі Қазақстанда жарық көрді. Жарияланған еңбектердің 9-ы –  патенттік құжаттар.

Ғалымның өміріндегі тағы бір маңыз­ды құндылық – отбасы мен еңбек сабақ­тастығы. 1966 жылдан бастап өмірлік серігі болған Тамара апаймен бірге ғы­лым жолында қатар еңбек етіп, өңірдің ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға елеулі үлес қосты. Ұл-қыздарын да ғы­лымға баулыды. Бұл отбасы ғылымға адал­дықтың, еңбеккештіктің және ұрпақ тәрбиесінің жарқын үлгісі болып келеді.

Хасый Жамантіковтің өмір жолына көз жүгіртсек, Меркінің топырағынан бас­талған тағдыр Сыр бойында жалғасып, тұтас бір ғылыми мектептің қалыптасуына ұласқанын көреміз. Оның зерттеулері мен жаңалықтары, тәрбиелеген шәкірттері мен ғылыми мұрасы – ел игілігіне қызмет етіп келе жатқан баға жетпес қазына. Оның ғылыми еңбектерінің құндылығы – зерттеу нәтижелерінің тәжірибеде нақты қолданыс табуында. Ұсынылған агротехнологиялық тәсілдер шаруашылыққа енгізіліп, күріш өндірісінің тиімділігін арттыруға қызмет етті.

Ғалымның ғылыми көзқарасының не­гізінде табиғатқа ұқыпты қарау, топырақ құнарлылығын сақтау және болашақ ұр­паққа құнарлы жер қалдыру идеясы жатты. Сондықтан оның еңбектері тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың да игілігі болып қала бермек.

85 жас – абыройлы еңбек пен парасатты ғұмырдың биік белесі. Осы мерейлі күні ардақты ғалым Хасый Жамантіковке зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы бақыты мен шәкірттерінің құрметіне бөлене бе­руін тілейміз.

Ә.ТОҚТАМЫСОВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,

ҚР ҰАҒА корреспондент мүшесі

А.ЖАЛБЫРОВ,

докторант