“Қымбатшылық қолдан жасалып отыр”

2835

0

Үй салудың машақаты мың сан. Ал бүгінгі базар бағасын көріп, оған тіпті беттегің келмейді. «Мұның бәрі қамысты бос ұстағанның кесірі» дейді «ПромСтройСервис-Е» серіктестігінің бас директоры, облыстық құрылысшылар ассоциациясының төрағасы Манарбек Еспенбетов.

Әңгіме барысында кейіпкеріміз саладағы басқа да мәселелерді алға тартты.

– Осы күні үй бағасы шарықтап тұр. Қалтаға едәуір салмақ. Аты «қолжетімді» болғанымен, құнының қол жетпестей болуы неліктен?

– 2018 жылы баспананың бір шаршы метрі 120 мың теңгеден пайда­лануға берілді. Қазір салынып жат­қан үйлер 160 мың теңгеден төмен болмауы тиіс. Себеп белгілі. Құрылыс материалдарының құны орта есеппен 106 процентке бір-ақ көтерілген. Бұл – екі апта бұрынғы мәлімет. Баға күн сайын өсіп жатыр.

– Бетон, арматура, құм, цемент… Баға өзгерісіне кеңірек тоқталсаңыз…

– Мысалы, 24 мамырдағы мәлімет бойынша ағаштың текше метрі 110 мың теңге еді, бүгін сұрастырғанымызда 155 мыңға жоғарылапты. Өйткені ағашты Ресейден тасымалдайды. Үкімет бел­гілеп берген сметалық баға мен қазіргі нарықтың айырмасы аспан мен жердей. Құрылыс материалдары арасында арматура анағұрлым қымбаттаған. Биылғы сметалық жинақта А-1 арматурасының тоннасы 316 мың, А-3 арматурасы 257 мың теңгеге жуық. Алайда нарықтағы бірінің бағасы 445 мың, екінші түрі 455 мың теңге шамасында. 2012 жылдан бері елде екі рет девальвация болды. Осы екеуінде де тасымалдаушылар билік тарапынан бағаны көтермеу туралы міндеттеме алғанымен, уәдеде тұрған жоқ. Өйткені қажет бұйымдардың шамамен 80 проценті сырттан әкелінеді. Әйнек, арматура, ағаш, электрмен дәнекерленген болат, профильді құбырды негізінен Ресейден алдырамыз. Жарайды, оларға түсіністікпен қарауға болатын шығар. Ал отандық өндірушілерге не жоқ?! Елімізде күйдірілген кірпіш шығаратын екі-ақ зауыт бар, біреуі – Хромтауда, екіншісі – Көкшетауда. Олар да қалысар емес. Қызылордада дайындалатын кірпіштің құнын 70 теңгеден 60 теңгеге түсіру әзер мүмкін болды. Аражабын тақтасының бағасы металл мен цементке тікелей тәуелді. Шиелі мен Жаңақорғанда өндірілетін құм-қиыршық тас қоспасының текше метрі – 105, қиыршық тас 153 процентке аспандап кетті. Тең жартысы Қазақстанда шығатынына қарамастан, оқшауланған жалғағыш сым, жалаң кабель бағасы ұшып тұр. Полипропиленді, канализациялық құбырлар өзімізден. Олар да қымбат.

– Өзімізде шығатын болса, баға неге өседі?

– Мұның бәрі қолдан жасалып отыр. Алыпсатарлар, саудагерлер ойына келгенді істейді. «Металл қымбаттап кетіпті» деп бір-бірінен қалыспайды. Бірақ оның импорт екенін ескермейді. Бір сөзбен айтқанда, елде нарықты бақылау, реттеу жоқ. Осы күні салынып жатқан объектілердің құрылысы қай жерге жетіп тоқтайтыны ойландырады. Аяқтауға ақша жетпей қала ма деген қауіп бар.

– Базар бағасын бақылау, реттеу қолдан келе ме?

– Антимонополия органдарына шағымдансаң, «біз олардың жұмысына араласа алмаймыз» деп шығарып салады. Сондағысы «бәсекелестік ортаға берілген» деген сылтау. «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» деуші ме еді?! Бақылау болмаған жерде бәрі бекер. Екі ортада сорлайтын – құрылысшылар. Тапсырыс берушінің талабын орындап, құрылысты уақытылы жүргізе алмасақ, бізді сотқа сүйрейді. Дүние-мүлкімізді тәркілеп, кеңседен қуып шығудан да тайынбайды. Мұны неге айтып отыр дейсіз ғой? Өйткені бастан өтті. 1998 жылы қыстыгүні «Қызылордажылуэлектрор­та­лығында» төтенше жағдай бол­ды. Қаланың шамамен 70 проценті қақаған суықта жылусыз қалды. Кеңестік «Промстройда» бас инженермін. Облыс пен қала басшылары бірқатар құрылыс мекемесіне орталық қызметін тезірек қалпына келтіруді тапсырды. Бас мердігерді Ресейден алдырып, жұмысты бізге бөліп берді. Өл-тіріл, бірақ соны бітіру керек. Жанталасып жүріп аяғына дейін жеткіздік. Бірақ әлгі аттай қалап алған компания иелері тиісті құжатқа қол қойған бойда елдеріне зытып тұрған. Жұмысшылар алдындағы жалақы қарызы шаш етектен. Ақадал ақысын даулап келгендер ашумен бізге дүрсе қоя берді. Қосымша құн салығын да төлей алмадық. Ақыр соңында салық органы «Промстройды» тартып алып, өзімізді қуып шықты. Сол уақытқа кері шегінгенде қазіргі жағдай қатты толғандырады. Халық бұрынғыдай көнбіс емес. Бір жағынан – жұмысшылар, екінші жағынан – банк, тағы бір бүйірден салықшылар қысса, қай жерге барып тірелетінімізді ойлаудың өзі қорқынышты. Проблеманың шешімі табылатыны да күмәнді. Өйткені бағаны бетімен жібердік.

– Қымбатшылық жыл­дағы құбылыс емес пе? Біз неге енді дүрлігеміз?

– Дәл мынадай деңгейде бірінші рет. Қырық жылдан бері осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып келемін. «ПромСтройСервис-Е» компаниясы жұмысын 2000 жылы бастаған болатын. Содан бері де зардабы енді сезіліп отыр.

– Үйдің құны да өзгереді ғой, демек?

– Қазір салынып жат­қан­дары бұған дейін белгіленген бағамен берілетіні анық. Ал одан кейін екі есе шарықтауы ғажап емес. Өйтпесе, біздің де құрылыс жүргізуге құлқымыз жоқ.

– Үй салудағы шығынның құрылыс материалдарына, жұ­мысшылар жалақысы мен үстемеақыға бөлгендегі үлесі қандай?

– Мейлі ол тұрғын үй болсын, мейлі ол мектеп болсын, қандай объектінің де өзіндік құны болатыны белгілі. Соның 60 проценті құрылыс материал­дарына жұмсалады. Қалған бөлігі есебінен жалақы, салық, басқа да шығынды жабамыз.

– Сонда үстіндегі таза пайда қайсы?

– Негізі 8 процент пайда көруіміз тиіс. Он шақты жылдың жүзі болды, бір тиын да көргеніміз жоқ. Қалтаға құр шығын. Біз сияқты кез келген компанияның мойнында кем дегенде 100-200 млн теңге қарыз, 50-150 млн-ға дейін несие бар.

– Бүгін қоныс тойын тойлағандардың бірер жыл өтпей «төбеден су тамшылап, қа­бырғасы сыз тартып тұр» дейтіні бар. Сонда сапаға кім кепіл? Әлде «іс бітті, қу кеттінің» кері ме?

– Кеңес өкіметі тұсында салынған үйлерден біздің салғанымыз әлдеқайда сапалы. Жас күнімізде силикат кірпіштен қаланған үйдің кілтін берді. Не сылағы жоқ, не есік-терезесі салынбаған. Қаусаған қабырға ғана. Соны өзіміз бүтіндеп алдық. Ал қазір, меніңше, халықтың ниеті өзгерген. Біз салған үй тұрғындарының бірі «терезем сынып қалды» деп әкімге шағымданыпты. Бардық, көр­дік. Терезесінің алдындағы электр қондырғысы әбден қызған. Ол әйнекке тиген. Кеңес одағы кезінде құрылысшылар үйдің қабырға, жабын тақта сияқты санау­лы бөлігіне ғана кепілдік беретін. Зауыттан шығатын болғандықтан, есік-тереземен шаруасы жоқ. Қазір, керісінше, бәрін біздің мойнымызға қиып салуға бейім.

– Кепілдік мерзімі қанша?

– Заң бойынша екі жыл. Бірақ тапсырыс беруші ойына келген цифрды қоятын болды.

– Үй салатындар көбіне өзбек жалдайды. Олар шы­ны­мен қана­ғатшыл, еңбек­қор ма?

– Қазір сол өзбектерің өз бағасын асырып жіберді. Бұрынғыдан екі есе көп алады. Бірақ жұмысты шала-пұла істейді. Басым бөлігінің сапасы сын көтермейді.

– Бірақ бәрібір соларды іздейді…

– Өйткені қазақтар қара жұмысқа жоқ.

– Жалақы жарытымсыз шығар?

– Қайдағы аз?! Біздің тас қалаушылар айына жоқ дегенде 500 мың алады. Әр жұмысшының еңбекақысы жұмыс көлеміне қарай. Мысалы, бір шаршы метрдің сылақ құны – 800 теңге. Күніне бес шаршы метрді бітірсең – 4 мың теңге.

– Карантин қандай ке­дергі келтірді?

– Шекара жабылғанда құрылыс материалдарын жет­кізу қиынға соқты. Басқа мә­селеге жолыққанымыз жоқ.

– Қаланың сол жаға­ла­уындағы үйлерді кеңейтіп салуға болмады ма?

– Біз үшін оның еш қиындығы жоқ. Мәселе баға­сында. Қарапайым халықтың қалтасына қонымды етіп салынған.

– Ал соларды бірыңғай қызыл кірпіштен өрудің сыры неде?

– Оған біз де қарсы болдық. Қалаға сән беріп тұр деуге келмейді. Мұндай үй-жайларды Қазақстанның басқа ешбір қаласынан көрмейсіз. Үй сыртын қаптайтын басқа материалдар қымбат болғандықтан таңдау қызыл кірпішке түскен болуы мүмкін.

– Үй салатындарға қым­бат­шылық кезінде сізден бір кеңес…

– «Там салғанның тамтығы қал­майды». Қазіргідей уа­қытта дұрысы сатып алу дер едім. Мысалы, былтыр желтоқсанда тіртінектеп жинағанын, банктен алған қарызын қосып, 40 млн теңгеге даңғарадай үй салған адамның енді оған шашының түгі жетпейді. Өйткені, өзіңіз көріп отырғандай, құрылыс материалдарымен қоса қызмет көрсету бағасы да ырыққа бағынбай барады.

– Ең алғашқы баспа­на­ңызды қашан, қаншаға тұрғызып едіңіз?

– 1998 жылы өзбектер үйдің сұлбасын жасап бергені үшін мың доллар алғаны есімде. Құдам үй салып жатыр. 6,5 млн-ға кірпішін өріп, төбесін жауып беретін боп келісіпті. Долларға шаққанда 15 мыңнан әрі. Міне, нарық қайда алып барады?!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<