Ағалар жолы адастырмайды

355

0

Қызылордадан отыз бес шақырымдай жердегі Айдарлы ауылын жергілікті жұрт жақсы біледі. Біз осы ауылдың қалай ауыл болғанын көз алдымыздан өткіздік.

1974 жылы Айдарлы Амангелді совхозынан бөлініп, өз алдына шаруашылық болғанда ауыл үйлері әр төбенің басында отыратын.

Бүгінде бұл ауылдың келбеті алыстан менмұндалайды. Түзу көшелерінің бойында жасыл талдары жайқалып, жаңа үлгідегі тұрғын үйлер сап түзеп тұр.

Осы күнге жетудің жолында қаншама еңбеккеш ағалардың маңдай тері төгіліп, тіпті күллі өмірі сарп болды десек, артық емес.

Айдарлы ауылының тарихында облысқа, тіпті елімізге белгілі сондай сардар азаматтардың аты жазылып қалды. Олардың арасында майдангер Ғафурдин Жанұзақов, «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь Революциясы» ордендерінің иегері, шопан Әлі Үсенов, Қазақстан компартиясы XV съезінің делегаты болған атақты сауыншы Үмітай Сырмышова, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Тұрсынбай Оспанов, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Ұзақбай Көшпанов, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің екі шақырылымының депутаты Әбдіжәлел Бәкіров, облыстық мәдениет басқармасы басшысы қызметін атқарған Бибіраба Досмаханова, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Төлеген Дүйсебеков, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, баспа ісінің қайраткері Қуаныш Маханбет, «Марсель Групп» компаниясының президенті Махмуд Нәлібаев секілді тұлғалар бар.

Біз сөз еткелі отырған Тұрсынбай Кенжетайұлы да осы тұлғалар тізімінің белортасында тұрады. 

Тұрсынбай Кенжетайұлы 1944 жылы 6 сәуір күні сол кездегі Шымкент облысы Киров ауданы Большевик ауылында дүниеге келген.

Мектепті бітіріп Большевик, Спатаев совхоздарында механизатор болып жұмыс істеген.

1967 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына түсіп, бұл жоғары оқу орнын 1973 жылы «Гидромелорация» мамандығы бойынша бітіріп, инженер-гидротехник біліктілігін алып шығады.

1974 жылға дейін «Арыс-Түркістан каналы» мекемесінде өндіріс шебері, инженер қызметтерін атқарған.

1974 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Айдарлы совхозына құрылыс прорабы болып ауысып келді. Мұның басты себебінің бірі ата-баба топырағына қызмет ету болғанын білемін. Ағамыз – Шымкентте өмірге келгенмен, өзегі осы топырақтан шыққан жан.

Айдарлының маңында қазір елеусіз болып қалған «Қарақұскеліс» деген жер бар. Бұрын осы жерде көктемде шалқып, күзде тартылып қалатын көл болған дейді. Көл тартылғанда шабағы шыпырлап құрғақта қалған. Сол нәпақаға жиналған қара құстардан аспан тұтасып қалатын көрінеді.

Бұл жердің тарихын онан әрі тарқатудың қажеті бола қоймас. Айтайын дегенім, Тұрсынбай ағаның да, біздің де әкелеріміз осы өлкені атақоныс қылған.

Әңгіме басында ауыл үйлері әр төбенің басында тұрды дедік, қазіргі Айдарлының тұрғын үй құрылысының алғашқы қазығын қаққан да Тұрсынбай ағамыз еді.

Сол жылдары біз ағамызды жақын таныдық. Мен 1977 жылы орта мектепті бітіріп, совхозда ағаш ұстасы болып жұмыс істедім. Біздің жұмысымызға совхоздың құрылыс прорабы Тұрсынбай аға басшылық жасады. Бір сөзбен айтқанда, ол кісі – менің алғашқы еңбек жолымдағы ұстаз. Кісішіл, көпшіл, ісшіл, ізетшіл адам. Әркімді де жақынындай іштартып тұратын кісішілдігі басқаны өзіне еріксіз баурап тұратын. 

1981 жылы ағамыз Шымкент облысына ауысып, Бөген ауданы Б.Исаханов совхозына бөлімше бастығы болып қызмет істеді. Көкарал совхозында агроном, гидротехник, мақта бригадирі болды.

1993 жылы Қызылорда «Құмкөлмұнай» мекемесіне құрылыс шебері қызметіне келді. Бұл жылдары ол кісі өз ұжымында іскерлігімен, мамандығын терең меңгерген қабілет-қарымымен дараланды. Бірге қызмет еткендер ағамыз жайында ризалықпен әңгімелейтін. 

Алайда, аға тағдыры тақтайдай түзу болмады. Болып-толып келе жатқанда жан жары Әлима жеңгемізден айрылды. Шиеттей бала-шағамен қалды. «Жас ортасында жарың, жол ортасында атың өлмесін» деген, ондай қиындықты басынан кешкендер ғана біледі.

«Еркек үйдің егесі болса, әйел үйдің шегесі» демеуші ме еді, үйдің шегесі босап, көңіл күңгірт тартқанда ағамыз Бақыт жеңгемізбен бас қосты. Бұл кісі шынында отбасына шырақ ұстай кірді, үй ішіне нұр тарады. Бұрынғы балаларын бақты, өзі де перзент тапты, атына сай әулетке де, отбасына да бақыт сыйлады.

Бұл – он бес ұл-қыз өсірген, өнегесі көпке тараған, үйге кірген келіндері ырымдап бір нәрсесін сұрайтын шуақты шаңырақ. Айман бастаған қыздар түрлі салада еңбек етеді. Көбі ұстаздық жолды қалаған. Отбасының үлкен ұлы Досай Түркістандағы қазақ-түрік университетінң профессоры, философия және теология ғылымдары докторы.

Ол Қожа Ахмет Ясауи университетін дінтанушы және араб тілі мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Түркияның Анкара университетінде, Әлеуметтік ғылымдар институты магистратурасында оқып, ислам философиясы докторы ғылыми атағын алған.

«Ясауи жолы», «Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи «Мират-ул Қулуб», «Қожа Ахмет Ясауи жолы және хикметтер», «Сындарлы он жыл» кітаптарын аударған және «Қожа Ахмет Ясауидің моральдық философиясы», «Қожа Ахмет Ясауи және оның ойлау жүйесі», «Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы», «Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымындағы адам мәселесі» «Дәстүрлі түркілік дүниетаным» кітаптарының авторы. Досай туралы айтуға арнайы тақырып керек. Оның зайыбы Шарапат та –ғылым докторы.

Отбасының екінші ұлы Жолдас Тұрсынбайұлы – шаруасын дөңгелентіп отырған көпке белгілі азамат. Үйдің ортаншысы Сапарғали – Ислам даму банкі су шаруашылығын қаржыландыру жобасының басшысы. Ал Олжас Тұрсынбай – Қызылорда қаласы төтенше жағдайлар басқармасының азаматтық қорғау капитаны. Нәзира Тұрсынбай қарындасымыз – Түркиядағы Гази университетінің профессоры, ғылым докторы. Ержас бауырымыз да – Түркия университетінің магистранты. Тұрсынбай ағаның немерелері де жоғары оқу бітіріп, елге танылып қалды. Тағы бір немересі Мұхаммед Досайұлы – саясаттану ғылымдарының магистрі.

Назгүл Кенжетай туралы да арнайы айту керек. Ол Қызылордадан орта мектеп бітірген соң журналистика мамандығы бойынша Түркияның мемлекеттік грантын иеленіп, сол елде білім алды.

Қазақстанның «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы. Назгүлдің жоба жеңімпаздарын марапаттау салтанатындағы: «Мен байрағы жерге құлаған елді көрдім. Елін қорғай алмаған ерді көрдім» деген астарлы да ақиқат сөзіне жиналғандар риза болып, қол соқты.

Қажымұқан бабасының қаны бар өжет қыз – әскери тілші, саяси талдаушы. Таяу Шығыстағы соғыс ошақтарына барып, әлемдік қақтығыстардың фотодеректер қорын тың туындылармен толықтырған бірінші қазақ қызы. Елден жырақта және қауіп-қатердің ортасында жүру кез келген жастың қолынан келе бермес. Сонымен бірге, ол бұл қиын жолға міндеттеліп емес, саналы түрде барған ерікті жас. Отанға қауіп төнгенде Әлия мен Мәншүк мылтық асынып ел қорғаған. Назгүл де журналист қаруын арқалап, нағыз соғыс ортасына барудан қорыққан жоқ. Өйткені, халқына пайдалы, жастарға сабақ, тәрбие боларлық іс тындыруға ұмтылды. Осы бағытта Назгүлдің «Отансыздықтың жүзі» деп аталатын фотосуреттер кітабы жарық көрген. Бұл суреттері Түркияның, Ресейдің, басқа да елдердің көптеген басылымдарында жарияланған.

Назгүл секілді өжет жандардың арқасында «Жусан» операциясы арқылы адасып жүрген қаншама қандасымыз елге оралды. Қанша жан бақытына қауышқан осы ізгілікті істе осы қарындасымыздың да өз қолтаңбасы бар.

Қазір Назгүл Кенжетай Түркия Республикасы Парламенті төрағасының Түркі дүниясына жауапты кеңесшісі қызметін атқарып отыр.

Міне, жастайынан тәлім мен тәрбие сіңіріп өскен ағамыздың перзенттері осындай жетістіктерге жетті.

Еліне, туған жеріне болмыс кенін арнаған ағамыз тірі болғанда осы сәуірде сексеннің сеңгіріне шығып, қуанышын көппен бөлісер еді. Артында өнегесі, адастырмас адами жолы қалған Тұрсынбай ағаның тұлғасы кейінгі ұрпағына аласармас ұстын болып қала бермек.

Қожахмет МЫРЗАЕВ 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<