23 сәуір – елімізде ерекше мәнге ие күндердің бірі. Бұл енді тек Ұлттық кітап күні ғана емес, Кітапханашылар күні ретінде де аталып өтеді, яғни кітап пен білімді дәріптейтін, рухани құндылықтарды насихаттайтын маңызды мереке.
Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған асыл қазынасы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани мұра. Ал сол қазынаны сақтап, оқырманға жол көрсететін тұлға – кітапханашы. Кітапханашы – тек кітап беруші ғана емес, ол – ақпараттың бағыттаушысы, мәдениеттің жанашыры, білімнің шамшырағы. Ұлттық кітап күні мен кітапханашылар күнінің қатар аталып өтуі – мамандар еңбегіне көрсетілген үлкен құрмет. Бұл – қоғамдағы кітап пен кітапхананың маңызын арттырып, оқуға деген қызығушылықты оятуға бағытталған игі бастама.
Менің өмір жолым кітапханамен тығыз байланысты. Бұл салада еңбек етіп келе жатқаныма биыл 36 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде кітапхана да, оқырман да, уақыт та өзгерді. Бірақ кітаптың, білімнің, рухани құндылықтың маңызы ешқашан кеміген емес.
Кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес. Ол – ұрпақ пен ұрпақты, өткен мен бүгінді, білім мен тәрбиені жалғайтын алтын көпір. Кеңес кезеңінен бастап бүгінгі цифрлық дәуірге дейін кітапхананың қоғамдағы ролі әрдайым маңызды. Бүгінде кітапханалар заман талабына сай жаңарып, электронды ресурстармен, цифрлы қормен, жасанды интеллект мүмкіндіктерімен жұмыс істей бастады. Оқырманға қызмет көрсету форматы өзгергенімен, негізгі миссия – адамды кітаппен, біліммен табыстыру сол күйінде қалды.
Кітапханашы мамандығы – үлкен жауапкершілікті талап ететін, адамға рухани байлық сыйлайтын сала. Бұл мамандықта тек кәсіби білім емес, шыдам, ізденіс, оқырманға деген құрмет қажет. Осы жылдар ішінде талай буын оқырманның өскеніне, талай жастың білім жолын кітапханадан бастағанына куә болдым. Қазіргі таңда директордың орынбасары ретінде мен үшін басты мақсат – кітапхананың дамуына үлес қосу, ұжымның кәсіби әлеуетін арттыру, жас мамандарға бағыт-бағдар беру. Өйткені кітапхана – адамдармен, идеялармен, руханиятпен өмір сүретін орта.
Кітапқа, кітапханаға құрмет бар жерде елдің ертеңі нық болады деп сенемін. Ал кітапханашылар – үнсіз еңбек етіп, ұлттың рухани дамуына үлес қосып жүрген жандар. Олардың еңбегі әрқашан бағалануға лайық. Осы мерекеге орай барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, толағай жетістіктер, оқырмандардың көп болуын тілеймін!
Ақнұр АЙЕКЕ,
Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары





