Әбеновтің әдемі әлемі

442

0

Биыл Сыр журналистикасына өзіндік із қалдырған баспасөз қайраткері Қалқабай Әбеновтің туғанына 100 жыл толды. Осыған орай, облыс көлемінде мерекелік іс-шаралар, шығармашылық байқау өткізілуде. Бұған демеушілік жасаған ұл-қыздары, немерелері, дос-жарандарына жұртшылық алғысы шексіз. Бүгін он сегіз жылға жуық бұрынғы «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде редактор қызметін атқарған Қалқабай Әбенов жайындағы мақаланы 5-беттен оқи аласыздар.

Педагог, журналист, іскер басшы, жастар ақылшысы Қалқабай Әбеновтің жастық шағы қиындықпен өтті. Сонау отызыншы жылғы ашаршылық, асыра сілтеу кезінде отбасы қиындығы бала Қалқабайды шыңдай түсті. Жастық шағы Сырдария ауданындағы бұрынғы Құмшығанақ, қазіргі «Айдарлы» ауылында өтті. Ашаршылық зардабынан сонау 1930 жылы отбасы өзбек жеріне амалсыздан қоныс аударды. Тәшкендегі өзбек мектебінде жетіжылдық білім алып, осындағы педагогикалық училищенің табалдырығын аттады, орта білім алды. Тәшкен облысының Қарасу ауданындағы №2 Навои мектебінде ұстаздық жолы басталды. Қалекең бізбен әңгіме барысында өзбекшені жорғалатып, «Тәшкеннен гәпірәміз» деп күлкінің көмбесіне батырып тастайтыны естен кетпейді. Ақжарқын, жаны жайсаң аға өте ширақ, сабырдың адамы болатын. Жүрегінен шуақ шашқан бейнесі әлі күнге бүгінгідей елестейді.

Сұрапыл соғыс басталған кез. Он сегіз жастағы Қалқабай Әбенов 1941 жылы соғысқа аттанды. Беларусь майданында қар кешіп, мұз жастанып, отанды қорғады.

– Бұл ағаң соғыс кезінде радист-телеграфист болған, – деді Қалекең өткен күндерді еске алып. Беларусь, Польша, Германия жеріндегі қиян-кескі ұрыстар естен кетпейді. Талай қатарластар құрбан болды. Менің қызметім алғы шепте жүріп, командованиенің арасындағы байланысты қамтамасыз ету еді. Күн-түн демей алғы шепте жүрдік. Әйтеуір құдірет қорғаған болар елге аман-сау, жараланбай оралдық. Бұл – таусылмайтын жыр, жігіттер. Соғыс атаулыны ұрпақ көрмей өссінші! – деп сырбаз аға орамалмен терлеген маңдайын әлсін-әлсін сүртуші еді-ау…

Әбеновтер отбасы туған жерге сонау өзбек жерінен соғыс аяқталар сәтте оралды. Майдангер, аға сержант Қалқабай Әбенов 1945 жылы отбасына қосылды. Сұлутөбедегі Орджоникидзе атындағы мектепке орналасты. Ұстаз болды. Мектеп директоры лауазымына көтерілді. 1949 жылы облыстық білім басқармасы іскер басшыны инспекторлық қызметке шақырды. Көп ұзамай облыстық партия комитетіне қызметке ауысты. Нұсқаушылық қызметтің қыр-сырына қанықты. Содан 1950-1956 жылдары Шиелі аудандық «Коммунизм жолы» газетінде редакторлық қызмет атқарып, журналистика кәсібінің шыңдалу мектебінен өтті. Іскер басшы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов «Менің Қалқабайым» деп аузынан тастамайтын-ды. Сыйластары Смағұл Ысқақов, Ғафур Мұхамеджанов, Абдулла Дәулетов, Бекен Мұсаев, Қазыбек Оспанов, Оразбай Досановпен әзіл-қалжыңдары жарасым табатынын көнекөздер әлі күнге аузынан тастамай отыратын.

Әлі есімде. 1962 жыл. Мәскеудің партия мектебіне тыңдаушыларды іріктеу басталды. Қалекең іріктеу сәтінде өтпей қалды. Содан Қарақалпақ обкомы арқылы Мәскеу мектебіне оқуға түсіп, 1964 жылы бітіріп, елге оралды. Облыстық партия комитетінің мектеп бөлімін басқарып, кадрлармен нығайту саласында белсенділік танытты. Мектептер базасының материалдық жағына, оларды іскер кадрлармен нығайтуда көп қажыр-қайрат жұмсады.

Қоғам қайраткері Кеңес Махамбетов Қалекеңмен қызметтес болған сәттерін «Кызылординские вести» газетінде жарияланған (23 маусым 2022 жыл) «Адамдарға шуақ пен сүйіспеншілік» атты мақаласында оның жас кадрларға деген қамқор құшағы туралы айшықты баяндаған. Фототілші Болат Омарәлиевті Сырдария аудандық газетінен қызметке шақырып, оның шеберлігін шыңдауға ақылшы болғанын тілге тиек етеді. Қалекеңнің шекпенінен шыққан мықты қаламгерлер көп. Қысқасы, Қалекең тұсы өңшең журналистер шоғыры жасақталған кезең болды. Талай бастамаларға, жақаевшылар қозғалысына ұйтқы, насихатшы болуға журналистерді жұмылдырды.

Қамқор құшағы кең Қалекең ақын-жазушылармен кездесуге ықыласты еді. Ақындар Әбділда Тәжібаев, Асқар, Сырбай, Қалтай, Әбіраш, Нәсіреддин сынды азаматтардың әңгімесін тыңдауға жаны құштар болатын. Жи-жиі кездесулерді асыға күтетін пейілін байқайтынбыз.

Жақында Қалекеңнің бауыры Қожахмет деген азамат үйге келді.

– Аға, мен Қалқабай ағаның туысы едім. Биыл туғанына 100 жыл толып отыр. Көзкөргендер аз. Сіз қызметтес болдыңыз, бір естелік айтып берсеңіз, – деп қолқа салды. Содан естелікті баяндадым.

– Иә, Қалекеңмен 18 жыл бірге қызметте болдым. Қамқорлығына, кең құшағына бөлендім десем, артық болмас. Жаны таза, аузын ашса жүрегі көрінетін азамат еді, қайран Қалекең.

Бірде Мәскеуге жазылған арыз редакцияда талқыланатын болды. Обкомнан бірінші хатшы Исатай Әбдікәрімов, Қаржау Жарқынбеков қатысты. Талқыладық. Нұрғали, Құрманғали, Ахметжан, Шора сөйледі.

– Сен сөйле, Мырзахметов! – деді Исекең.

– Сөйлемеймін.

– Сөйле! – деді Исекең тағы да. Орнымнан тұрдым.

– Осы арыз бойынша Қалекеңді қызметтен алуға келдіңіздер ме? Алатын болсаңыздар сөйлемеймін, қалатын болса сөйлеймін, – деп едім, жұрт ду күлді.

Мінбеге шықтым, сөйледім.

– Қалқабай Әбенов – іскер басшы. Әрине, мамандығы – педагог. Бірақ, ұжымдағы бірлікті сақтайтын, жаны таза азамат. Жас кадрларға қамқоршы. Бұл арыз – негізінен ішіне ине айналмайтын, бірлікті көре алмайтындардың байбаламы, – дегенде жұрт, обкомнан келген екі басшы сөзге тоқтады. Қалекеңе ешқандай жаза берілмеді. Негізсіз арыз деген қорытынды жасалды.

– Мен қаладағы №8 мектепте Қалекеңнің Қатира атты қызымен бірге оқыдым, – дейді қоғам қайраткері, ардагер Кеңес Махамбетов. – Қалқабай Алтайұлы ата-аналар жиналысына жиі келетін. Тәрбиелік мәні бар сөздер айтып, адамды баурап алатын еді. Біз оның келгенін асыға күтетінбіз, – дейді ол.

Тағы бір естелік ойға оралып тұр. Ұмытып барады екенмін. Қысқаша баяндайын, аға аруағы бір аунап түссінші…

Бірде Алматыдан «Газ-69» көлігін редакцияға алып келетін болдық. Көлікті Баспа, полиграфия, кітап саудасы министрлігі басшысы М.Сужиков редакцияға бөлген-ді. Шофер Қуандық үшеуміз ұшаққа отырдық. Қайтарда көлікті жолмен алып қайттық.

Жолда не байқадым? Қалекеңнің дос-жарандары көп екен. Жамбылдан Баттал Жаңабаев, Оразбай Досанов, Шымкенттен Сейдәлі Оспанов зайыбымен, Шиеліден Әбутәліп Бижанов, Рахмет Нүрекеев, Қазыбек Оспанов қарсы алып, қонақ етті. Қалекең жайында жақсы лебіздер айтылды. Мен осы жолы басшымыздың сыйлы азамат екеніне тағы да қанықтым.

Тағы бір мысал. Сонау 1970 жылдары Қарақалпақстан мен Қызылорданың онкүндігі басталған кез. Біз Нүкістен қосымша газет шығаратын болдық. Сонда Қалекеңнің бір майдандас досы Ысмайылдың әңгімесіне қаныққан едік.

Баспасөз саласының ардагері, қазіргі «Сыр бойы» газетінде (бұрынғы «Ленин жолы») 18 жыл бойы редактор болған Қалқабай Әбенов сынды азаматтар сирек. Әдетте, журналистерді, артистерді, мұғалімдерді ұзақ жыл басқару оңай шаруа емес.

Азамат, қарымды қаламгер Қалқабай Әбенов зайыбы Оразкүлмен жұп жазбай өмір сүрді. Ұл-қыз өсірді. Бұлардан өскен немере-шөберелер Әбеновтер династиясын жалғастырып келеді.

Ардагер Қалқабай Әбенов талай марапаттың иесі болды. «Халықтар достығы» орденіне қоса онға жуық медальдің иегері. Талай мәрте облыстық, аудандық мәслихаттың депутаты болды. Атында көше бар. Жақында қаладағы үлкен даңғыл бойына Қалекеңнің суреті қойылды. Өшпес із қалды деген осы болар.

Редакцияға жиі соғатын Қалекеңнің бір кездері келуді сиреткені есіме түсіп отыр. Жүрісі ширақ, әзіл-оспағы қатар жүретін жаны жайсаң қадірлі аға тұңғыш ұлы Марат кездейсоқ сырқатқа шалдыққалы сәл-пәл еңкіш тартты. Іштей езілгенін байқатпады. Өмірмен қас-қағым сәтте қош айтысқан хабарын естігеніміз күні кешегідей. Қайран, Қалекең, әр жүректе сақталары ақиқат.

Қайырбек Мырзахметұлы,

Қазақстанның құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<