Періште пейілді тұлға

1026

0

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Жаны жайсаң, жүзі жарқын, өнегелі іс-әрекеттерімен жан-жағына нұрын шашқан абзал жандар арамызда көптеп саналады. Олардың біразы бүгінде өмірден өтті. Осындайда бұл жалғаннан шын дүниеге аттанған ғазиз жандардың асыл бейнелері, кісілік келбеті, адамгершілік қасиеттері көз алдыңызға еріксіз елестейді. Көзден кетсе де, көңілден кетпейтіндей әсер қалдырады. Сондай жанның бірі Қалабай Қартабайұлы Қожанов болатын.

Қалабай өзінің саналы ғұмырын қоғам тыныштығын қорғауға, ішкі істер саласына арнаған. Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің: «Тұла бойы тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас, бұлжымас мейірімділіктен ғана жаралғандай жан еді» деген тұжырымы тұп-тура Қалабайға арнап айтылғандай еді. Міне, сол абзал досымыздың өмірден озғанына да қырық күнге жуықтапты.

Алланың нұрындай, көктемнің ақ жауынындай көпке шапағаты тиген жан еді. Ажал шіркінге не шара? Төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрген, елінің жігері, қоғамның тірегі бола білген Қалабайды өлімге қию да, енді арамызда жоқ дегенге сену де қиынның-қиыны.

Елге тұтқа, өз саласының білгірі болған азамат қашанда халық жүрегінде екені даусыз. Ол 1964 жылы 6 наурызда Қызылорда қаласында туған. Полиция полковнигі. Ішкі істер органдарының ардагері. 1989 жылы Семей ет және сүт өнеркәсібі технология институтын, 1998 жылы ҚР ҰҚК Қарағанды жоғары мектебін бітірген.

1982-1984 жылдары Қарулы күштер қатарында, 1990-1992 жылдары Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімі кеңестік меншікті талан-таражға салуға қарсы күрес тобының жедел уәкілі болды. 1992-1997 жылдары облыстық, қалалық полиция басқармаларында жауапты қызметтер атқарып, 1997-1998 жылдары облыстық полиция басқармасының экономикалық полиция қызметі бюджеттік, қаржылық және банк саласындағы нарықтағы тұтынушылардың қылмыстарын анықтау басқармасын басқарды.

1998-2000 жылдары облыстық полиция басқармасы қарамағында болып, 2009 жылға дейін әр жылдары облыстық полиция басқармасының тоғызыншы басқармасы экономика саласындағы қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі бөлім бастығы, экономикалық қауіпсіздік бөлімі бастығы, Арал, Қармақшы аудандарында полиция бөлімінің бастығы, облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы басшысының орынбасары, облыстық полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығы, экстремизм, сепаратизм және терроризммен күрес жөніндегі басқарма бастығы қызметтерін атқарды.

2009-2012 жылдары ішкі істер органдарынан Қарулы күштер запасына босатылғанға дейін облыстық полиция департаментінің тылдық қамтамасыз ету басқармасының бастығы қызметін абыроймен атқарды. Қызмет бабымен Египет астанасы Каирде болып, тәжірибе алмасудан өтті. Салаға сіңірген еңбегі үшін Ішкі істер саласының үздігі атанды.

Мен Қалабайды 1990 жылдан бері танимын. Сол уақыттан бері тұлғасынан танып-білгенім – Қалабай қай істе де әділ, ақ көңіл азамат еді. Бұл сөзді мен ғана емес, оны білетіндердің, көзін көріп, қызметтес болғандардың бәрі айтады. Ақжарқын, ақ көңілімен айналасына шуақ шашып тұратын Әр іс-әрекетінде бір сыр жатқандай, тереңдік бар еді.

Үлкенге де, кішіге де ілтипатпен қарайтын, кемшілікке төзбейтін. Лауазымы қандай болса да, адамның қателігін бүкпесіз бетіне айтатын. Достарының арасында беделді, жалықпай еңбек етіп, жеке басының байлығын күйттеумен әсте айналыспаған азамат болатын. Біз, Бауыржан-Әмина, Ерзақ-Гүлсім, Сламжан-Аида, Бақыт-Биғанша, Данияр-Зира, Қазбек-Гүлнар, Сәкен-Ақкүріш, Орынбасар-Рсалды, Берік-Венера, Марат-Эльмира, Қалабай-Саракүл бір әулет секілді үй-ішімізбен сыйлас, арамыздан қыл өтпес достарға айналдық. Он бес жылдан бері бір атаның балаларындай отбасымызбен араласып кеткен осы оншақты жігіттің басын қосқан да Қалабай болатын.

«Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Ойы да, бойы да биік, сөзі де, ісі де ірі, жаны мен қолы бірдей таза, кішілік пен кісіліктен жаралған, періште пейілді тұлғамен дос болып, туған елге қызмет еткен кезеңде пікірлес, дәмдес болғанымды тіршіліктегі нұрлы кезеңім деп еске аламын.

Алланың алдында пендешілік жасамай, өмірге тура қарасақ, Қалабайдың арманы орындалған – үй салды, бала өсірді, ағаш екті, немере сүйді. Өмірі өнегелі, артында өшпес ісі мен ізі қалды. Отыз бес жылдан астам уақыт отасқан жұбайы Саракүл үлгілі келін, сүйікті жар, мейірімді ана бола білді. Әзілдері жарасқан, ой-пікірлері ұласқан бақытты дастарханы берекелі, өмірі мерекелі үлгілі отбасы болды. Абзал азамат барлығымызға әз ана болған анасы Саракүл дүние салған соң, арада екі айдан астам уақыт өткенде өмірден озды.

Адам – бұл дүниенің қонағы. Мұндайда сабырға қайрат қосатын, қайнаған күйікті басатын жұбату айту қиын. Иә, көкірегіміз қарс айырылып, қайғыдан қабырғамыз қайысса да, Қалабайдың көзі тірісіндегі азаматтық қасиеттерін еске алып, көңіл жұбатамыз. Фәни дүниені тәрк етіп, ғұмыры үзілгенмен, артында ауыз толтырып айтарлықтай жарқын істері қалды. Ендеше, біздің мәңгі жадымыздасың, Қалабай!

Орынбасар МАҚСҰТҰЛЫ,

ішкі істер органдарының ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<