Жұлдыздай жарқыраған

437

0

Бұл жалғанға біреу келіп, біреу кетіп жатады. Соңындағының міндеті – алдағы ұрпаққа бұрынғының қадір-қасиетін, жақсылығы мен өнегесін, ерен еңбегі мен асыл ниетін жеткізу, таныстыру, түсіндіру. Сөйткенде бабалар мен әкелер, болымды ағалар жалғастығы жанданып маздайды. Келер қауымның жолы оңынан туады, олар өткендер рухын ардақтап, дамытып, өзінің болмысында тұшымды пайдаланып, арғы ұрпақ жағдайын да қамдап, жұрт ықыласына бөленеді. Осылай болып жатпаса кезінде аянбай еңбектеніп, бар білімі мен азаматтық жігерін қоғам үшін ортаға салып, кейде шырқап, кейде күйіп құлдырап, өзге үшін малынып тер төккен тұлғалы азаматтардың орны мен өткен жолы көмескіленіп, көпшілік жадынан шеттетіліп жатады. Бұл – сөз жоқ, әділ емес, бұл – сол тұлғалы азаматтың рухына, қала берді сол адамды осы себептен жөнді бағалап, аруақ ризашылығына бөлене алмаған қауымға да жасалған қиянат. Адам өмірі – жатқан жұмбақ пен құпия, сыр мен шежіре. Осыны әр азаматтың өткен жолын таразылап, бағамдап көрген ұғады. Ал, егер ол азамат айтарлықтай ерекше өнегелі, текті, зерделі болса ше?!

Елу тоғызыншы жылы Қызылорда гидромелиоративтік техникумына түсіп, оқып жатырмын. Бір-екі көшеден соң педагогикалық институт орналасқан. Студенттері бізді көргенде мұрын көтеріп, жоғары ұстайды өздерін. Онысы негізсіз емес. Өйткені біз, шындап келгенде, орта оқу мекемесі шеңберінде екеніміз рас. Техникум студенті деген атымыз болмаса. Содан болар іштей сол жалғыз жоғары оқу орны студенттерін қатты сыйлаймыз, қызығамыз да. Арасында көпшілік мойындаған, бағалаған көшбасшылары бар. Олардың абырой-атағы мүлде жоғары.

Алпысыншы жылы мамыр айының орта шенінде қаланың орталық алаңында жастар жиыны өтті. Біз де бірінші курсты аяқтауға жақындап, үлкен шаһарға шамалы да болса үйреніп қалғандығымыз бар, алаңда тұрмыз. Белсенділер бірінен соң бірі ортаға шығып сөз қаузап жатыр. Бірақ лебіздері жеңіл, жаттанды, қызығушылықты қытықтап, оятып түртпейді. Бір уақта пединститут студенті көтерілді мінбеге. Орта бойлы, қараторы, көрікті жігіт. Сөз бастауы сол-ақ екен, осыған дейін жайбарақат жыбырлап тұрған жұрт тына қалды. Сөз сиқырлығы сонша, айтылған уәж тыңдаушы көңіліне дөп тиіп жатқандай. Және жанары қандай, ұшқындап тұр! Сөз аяқталды. Қолдаған жұрт дүбірі толассыз шапалаққа ұласты. Бұл кім десек, пединститут студенті Болат Қарғабаев екен. «Осылай сөйлеу керек, тірі адамша, ұйқыдан жаңа тұрған пендедей емес!..» деп тіліп салды жанымызда тұрған жасы отыздардан асқан азамат. Қасындағы да қалар емес: «Болайын деп тұр екен мына жігіт! Жаңағылардың сиырдың сөнуге айналған тезегі отындай емес, шымыр сексеуілдің шоғындай мына жігіттің көзі жанып тұр ғой» деді ризашылықпен.

Сол көріпкел екен, айтқаны айдай келді. Осы жылдары Сыр өңірі жастарының айдынды көкжиегінде үркердей шоқжұлдыз бой көтеріп аспандады. Абылай Айдосов, Болат Қарғабаев, Қаһарман Табынбаев, Амангелді Құдайбергеновтей талантты, талапты, білімді, ысылған өткір қырандар өңір жастарының алдына шығып, оларды өнегелі істерге шақырды. Ностальгиялық қиялға бой ұрды демес, тарих қойнауына сіңіп кеткен сол заманда бұғанасы қатпаған жастардың иық артар сүйеніші мықты болатын. Ол – жастардың коммунистік одағы. Біздің қатарымыз сол адуынды ұйымның тәрбиесінен өтті. Одан жаман болған жоқпыз. Өйткені, мақсат жоғары еді, барлығы адамның болашағы жақсы болсын деген биік меже аумағында қаумаласып ұйымдасатын, адамның мінез-құлқы мен өнегесі, ойы мен арманы түбінде адамсүйгіштік пейілге келіп тоғысуын қалайтын, болжайтын, негіздейтін. Пенделікке, тоғышарлыққа, рухани пәстік пен жүдеулікке жол берілмейтін.

Жуырда Болат Қарғабаев ағамыз мәңгілік мекеніне бет бұрды, өмірінде жасаған игілікті істері мен айтқан өнегелі сөздерін артында қалған баршамызға аманаттап. Ендеше, бүгінгі біздің ниетіміз – осы тұлғалы азамат жөнінде жиналып шоғырланған ойларымызды шама-шарқымыз келгенше қағазға түсіріп, көпшілікке ұсыну.

Бөкең өткен жазда өз қолымен жазған өмірдерегінде былай депті: «1937 жылдың қаңтар айының 3-де Қызылорда қаласының «Шанхай» аумағы Негодалов көшесінің бас жағында Қарғабай баласы Ізбастының  шаңырағында өмірге келіппін. Әкем Ізбасты 1938 жылы Сырдария ауданы «Оспан көпір» маңында ұйымдастырылған «Жаңаталап» колхозына басшы болды. Соғыс басталғасын ол еңбек майданына аттанып, 1943 жылы елге оралды. 1946 жылдың басында 53 жасында өмірден озды. Анам Шәмбіл Бисенбайқызы 1970 жылы 61 жасында өмірден озды». Осы жолдарды оқи отыра мынадай ойға келдік. Үйелмелі-сүйелмелі балалардың үлкені, қаршадай Болат соғыс аяқталғанына бір-ақ жыл толғанда бес баламен жесір қалған анасының қолына қарапты. Сол кезеңнің сұмдық ауыртпалығын ескерсек, осы отбасыға түскен қиыншылықты әбден байқайсыз. Бұғанасы қатпаған баланың сағын сындырып, еш нәрсені ойламайтын балалық, періштелік күйді ұмыттырып, Болат жасөспірімнің елден ерек, өзгеден бұрын өмір қиындығына, болмыстың қатал тірлігіне алаңсыз ерте араласуына себеп болыпты. Мүмкін, бір жағы осыдан болар, сол азаматтың өмір қиындығын жастайынан мол көргендігі оның бүкіл өміріне күрделі әсер етіп, балалық кезін қысқартып, ересектікке ерте көшіп, болмыс парқын жұрттан бұрын таразылап, мықты танығаны.

«Менің ес біліп, табиғатпен біте қайнасқан қызықты балалық шағым осы жерде өтті. Табиғаты әсем, аң-құсқа бай, балығы мол Көксу бастауын Сырдарияның Сұлутөбе тұсынан алып, «1 Май», «Ақтоған», «Оспан көпір»  елді мекендерінің тұсымен ағып, Айқынбай, Баянбай, Тоғызбай, Аяқкөл, Медетбай, Қарарын көлдерін толтырып, соңында Қараөзекке құяды. Әкем осы көлдердің бірі Баянбайда аң-құс, балық аулап, ондатрға қақпан салып соңғы күндерін өткізді. Мені де қасынан тастамай, осы кәсіптерді үйренуге баулыды. Құралдарына түскен балықты көршілерімен бөлісіп, артылғанын бізден жеті шақырымдай жерде орналасқан Сталин атындағы балалар үйіне есекпен тегін жеткізіп беруші едім» деп, тағы жалғапты өмірдерек-естелігін Болат ағамыз. Ендеше бұл – жеті-сегіздегі баланың көрген өмір мектебі. Осы жазбаларда ағамыздың туған жерге деген бәсеңдемес, өшпес перзенттік махаббаты, әке көрсеткен өнегенің арқасында баланың санасында қалыптасып, оған өмір бойы өзгермес ұстаным болып адамға деген мол рақымшылығы мен қайырымдылығы ұялағанын көру, сезу, байқау қиын бола қоймас.

Жоғарыда айтқанымыздай, Болат Қарғабаев 1957 жылы Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы пединституттың тіл және әдебиет мамандығына оқуға түсіп, оны 1962 жылы бітірді. Институтта қоғамдық жұмыстарға белсене араласады, 3 жыл факультеттің комсомол ұйымына жетекшілік жасайды. Онсыз да ой-өрісі кең азаматқа жастар ұйымын басқару, көпшілікпен тығыз, тізе қосып жұмыс атқару бұрынғы тәжірибені барған сайын пысықтап, жинақтап, арттырып, қоюландырып, нағыз көшбасшы болудың кілтін қолына ұстатқандай әсер еткені рас болар. Өйткені бір жыл қалада жаңадан ашылған Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте ұстаздық кәсібилігін пысықтап жетілдірген соң, ол жиырма бес жасында  қалалық комсомол комитетіне екінші хатшы болып сайланады. Іле-шала 1964 жылы бірінші хатшылыққа көтеріліп, қалалық партия комитетінің пленум және бюро мүшесі, қалалық кеңес депутаты атанды.

Осыған қалай таңданбассың?! Әкесі жоқ, шиеттей бес баланың үлкені, зауытта қара жұмыс істейтін анасына көмекші болған жиырма алтыдағы балғын жас осындай биік дәрежеге қалай жетті екен деп ойланбассың, қуанбассың?! Соның себебін іздеп, неге сөз тартпассың суыртпақтап тағы да?! Ендеше бала кезінде көрген қиындықтарынан өткірлік пен шыдамдықты тауып алып қалаған, ата-анадан жұққан тектілік пен ақылдылыққа соны иелік жасап салмақтаған, Алла берген шешендік пен кіммен де болса жылы тіл табысар қабілетті зердесіне еселеп, мықтап түйген, аса зеректігі арқылы оқуы мен көргенінен мол рухани қазына теріп толтырған, бойындағы терең білімді салғаннан жұрт пайдасына жұмсауды басты мақсат тұтқан азаматтың жолы дәл осындай болатынына талас болар ма екен, сірә?!

Бір сәт осы азаматтың жоғары оқу орнын тәмамдағасын бір-екі жылда қол жеткізген қызметтік, лауазымдық жетістіктеріне тағы да көз жүгіртейік, ағайын! Сол екі жылда Болат аға Қызылорда қаласының белгілі азаматына айналыпты. Біздің пайымдауымызша, бұл жаңадан көзге жарқ етіп ілінген, сан жігерлі, жан-жақты білімді, мол сауатты азаматты дер кезінде әділ де түбегейлі, тамаша бағалаудың көрінісі болар. Осы тұста «Сабақты ине сәтімен» дегендей, бар болмысымен, ашық, адал пейілімен жарқын болашаққа ұмтылған қарымды жастың алдынан түп қағидасы айналасындағы азаматтардың ішкі дүниесіне жанашырлықпен үңілген, адам баласына игілік пен жақсылық жасауды өмірлік мақсат санаған ардақты ағалары да кезіккен болар.

Алпыс бесінші жылы Болат ағамыз облыстық комсомол комитетіне екінші хатшы болып сайланды. Бірінші хатшы – Абылай Айдосов. Бұл биік талапты, көңіл-мақсаттары жақын екі азаматтың етене, қоян-қолтық жүруін қолдаған, қалаған тағдырдың тамаша көрінісі еді. Екеуі де дарынды, екеуі де талантты, екеуі де асқан шешен! Сол жылдары осы қос тұлғаның арқасында облыс жастары қанша жағымды істерді орындағанын Сыр өңірі тұрғындары ұмыта қойған жоқ. Олар сол кезеңде біріне-бірі тірек, қолдаушы, демеуші болып, қызып кеткен уақтарда жарасымды жарысып, жиналыстардың сәнін келтіруші еді. Бұл бір облыс жастарының қоғамдық, көпшілік жұмыстарға деген ынтасы мен ықыласының барынша артып, елдің алдыңғы қатарлы шебінен көріне бастаған кезі болатын. Сол жастардың белсенділігімен өңірде пайда болған «Жақаевшылар қозғалысының» қаншалықты осы өңірдің күріш шаруашылығының дәуірлеп өркендеуіне тигізген мол ықпалын көпшілік тамаша бағалаған, осы тұста күрішті өсіруге ден қойған жас егіншілердің біразы Еңбек Ері атанып, ел абыройын өсірген. Өңір жастарының шығармашылық деңгейі тасқындап, «Сыр сұлуы» ансамблі елге әйгілі болды. Сол ансамбльді Болат Ізбастыұлы 1968 жылы Жастардың дүниежүзілік фестиваліне, Болгарияға өзі бастап барды. Тәртіптің аспандап тұрған кезінде мол топты шетелге басқарып бару сол кезде отыздағы Болат ағамызға бұйырған биік сенім мен мол сын да болған шығар. Сол сыннан бұл азамат абыроймен өте білді.

«Кезінде облыс жастарын басқарған Абылай Айдосов, Болат Қарғабаевты «жетімдердің жебеушілері» деп айтады екен. Осы азаматтар жастарды қызметке іріктеп шақырғанда олардың руына, атасына емес, тек білімі мен қабілетіне ғана қырағы көздерін қадапты. Сөйтіп, қарапайым отбасынан шыққан өнерлі, өнегелі, білімді жастарды қолдап, көтеріп, жарыққа шығарып, олардың жүрек түбінен ұшқындап шыққан ыстық, ақ адал ықыластарына бөленіпті. Сол жастар қазір мықты азаматтар болып, ел үшін әлі қажырлы қызметтерін атқарып келеді. Білуімше, Болат Ізбастыұлының бойында ортақ іске деген жанкештілік, орысшалағанда фанатизм бар сияқты. Бұл, сөз жоқ, сирек кездесетін ерекше қасиет» дейді өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалының өсіп-өркендеуіне мол үлес қосқан, Тереңөзек ауданының әкімі қызметін кезінде абыроймен атқарған, облыстың Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Алмагүл Божанова. Осының бәрін қазір біліп отырып, артына өнегелі іс пен аталы сөз қалдырған тұлғалы азаматтарды ризашылықпен еске ала: «Оу, заман-ай, ол да бір ұмытылмас, ерекше дәуір екен-ау, Бөкеңмен бірге көшіп бара жатқан!..» деп айтпасқа лажың жоқ!

«1969 жылы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Х.Бектұрғановтың ұсынысымен Мәскеудегі КПСС Жоғарғы партия мектебіне жіберді. 1971 жылы оқуым аяқталар тұста облыстық кеңеске депутат болып сайландым. Елге оралған соң облыстық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру бөліміне уақытша нұсқаушы етіп қабылдады. Алайда, облыс басшысының басқа облысқа ауысуына байланысты осы қызметте ұзақ уақыт отырып қалдым» депті Болат аға өзінің өмірдерегінде. Бұл кісі сол уақытша қызметті тоғыз жыл атқарыпты.

Аты айтып тұрғандай партиялық ұйымдастыру бөлімі ең маңызды бөлім екенінде дау жоқ. Болат Ізбастыұлы осы бөлім ісінің айтарлықтай жаңа қарқынмен көзге көрініп, бұрынғымен салыстырғанда көш ілгері адым басуына өзінің мол үлесін қосты. Шамасы, осы бөлімнің басты міндеттерінің бірі – өңір бойынша басшылық қызметке білімді, талапты үміткерлерді іздестіріп, нақтылап, іріктеп, тиісті ұсыныстар дайындау. Демек, осы жұмыс адам тағдырымен тікелей байланысты екені көрініп-ақ тұр. Бұл бөлімде Болат аға бақандай тоғыз жыл абыройлы жұмыс атқарыпты. Сол ұзақ уақыт ішінде осы кісі алдынан, осы кісі ұсынысымен қаншама азамат алға қарай сенімді  қадам басты десеңізші?! Маңызды іс, жауапты жұмыс, обал-сауабы да мол тірлік. Осы күрделі қызметті Бөкең абыроймен атқарыпты, жұрт ризашылығына бөленіпті, басшылықтың ыстық ықыласына кез болыпты.

«Уақыт – сыншы» деп жатады. Оған дау жоқ, әрине. Жаңа қызметке тұрған азаматқа да уақыт сыншы. Кімнің кім екенін де уақыт айтып, көрсетіп береді. Әрі кеткенде бір-екі жылда азаматтың жайы айналасына белгілі болады. Уақыт сынынан өте алмағандар көпшілік есінде онша қалмай кете береді бұлыңғырланып. Егер кешегі өткен уақтың Қызылорда обкомының еңбекторысы – нұсқаушының мақсатты қарқынымен айшықталған өнегелі ісінің өңірге үлгі боларлықтай, сонысымен казіргі заманның өзінде де мемлекет қызметкеріне жол ашып айқындап, бағыт көрсетерліктей тұлғаны бүгінгі тарихшылар қоймай, шаршамай, тынбай қазбалап іздейтін болса, олар, сөз жоқ, алдымен Болат Қарғабаевтың өткен өмір жолына тірелері анық деп ойлаймыз. Өйткені, біздің білетініміз бұл азаматта көп адамдарда кезікпейтін, таптырмайтын, табылмайтын, атқарып жатқан ісіне деген асқан жауапкершілікпен бірге, құдды осы жұмыс дәл бүгін елдің тағдырын шешетіндей көрінетін жанкештілік ылғи бой көрсетіп тұратын. Осыны біз Болат Ізбастыұлымен қатарлас, иықтас болған азаматтармен пікірлескенде айқын байқадық.

Көпшілік арасында «Жұрт ойынан шығу» деген мағыналы ұғым бар. Болат ағамыз Қазалы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып тоғыз жыл қызмет атқарыпты. Айтарлықтай мол уақыт. Сол мезгілде қанша адаммен кез болып, араласты, оларға өзінің жағымды, қолайлы ықпалын тигізді, сөйтіп, осы ауданның бір басшысы ретінде әлеуметтік-экономикалық дамуына мол үлесін қосты. Айтпақшы, сол жылдары аудан бойынша мал шаруашылығы мен басты дақыл – күріш өндірудің қарышты қадам басқаны белгілі. Ауданның тумасы болмаса да, соншама ұзақ уақыт аудан басшылығы құрамында биік абыроймен қызмет атқару екінің бірінің қолынан келе бермейтіні де анық. Жоғарыда айтқанымыздай, Бөкең ағамыз сол жылдары өзінің өнегелі, мол пәтуалы, қарымды еңбегі арқылы өзімен қатарлас азаматтардың ойынан шығып, ризашылығына бөленіпті. Бөкеңмен сол жылдары қатарлас, тұстас жүрген, Қазалы аудандық атқару комитетінің төрағасы болған, Қазалы, Арал аудандарының Құрметті азаматы, облыстың құрметті қайраткері Қуанышқали Шапшаңов: «Болат Ізбастыұлы өте білімді, мәдениетті, ұстамды азамат болатын. Ұзақ уақыт екінші хатшылық қызметті атқарды. Бұл кісінің алдында осы қызметті атқарғандар екі-үш жылдан артыққа шыдамайтын. Бұл, сөз жоқ, Бөкеңнің мықты кәсібилігінде, жоғары адами қасиеттерінде. Ол кісі әрдайым жылы мінезімен жұртқа жағымды әсер етіп, мол мағыналы тәрбие көрсетті, қандай да болмасын жағдайда шындықты қолдайтын. Бұл – әрине, терең білім мен адалдықтың, мықтылықтың, іріліктің белгісі. Тамаша, болымды, текті азамат еді. Аудан еңбекшілерімен де жиі кездесіп, олардың қажеттіліктерін қатты ескеріп, іс арқылы, қала берді өнегелі, жүрек жылытар сөзі арқылы қатардағы жұмыскерлердің де ойынан шыққан ерек тұлға» деп ойын білдірді. 

Естелік-мақаланы жазу барысында Бөкең ағамызбен кезінде аралас-құралас, қызметтес болған, осы кісіні алыс-жақыннан танып-білген азаматтармен сөйлесіп пікірлестік. Сондағы байқағанымыз, барлығы осы кісі жөнінде сөз қозғалғанда жүрек түбінен шыққан ыстық лебіздерін мүлде тежеген емес. Мейлі комсомол жастарды басқарған кезеңі болсын, құй обкомда партиялық жұмыста жүрген уақыты болсын немесе Қазалы аудандық партия комитетінің екінші хатшылығы барысында қатарлас болған сәттерді еске алғанда да, Қызылорда қаласында «Полиграфия» бірлестігіне жетекшілік жасаған мезгілді жадынан сұрыптаған бұрынғы әріптестері де – барлығының айтары бір бағытқа топтасып, ұштасып, бірігіп жатты. «Өте сауатты маман, терең білімді азамат, кімді де болса бірдей жоғары мәдениеттілікпен сыйлап, түсінген, қолынан келсе өзгеге сұраусыз жақсылық жасауға әрдайым дайын тұрған, атқарып жатқан ісіне айтарлықтай адалдығымен солайымен берілген, салмақты сабыр мен салиқалы ақылдың адамы» дейді барлығы. Ендеше, осыдан артық баға бар ма адам баласына?! Сірә да жоқ болар! Онда Болат Ізбастыұлы Алланың адам баласына жүктеген, тапсырған, бұйырған міндетін өз өмірінде барынша адал, толық, шын көңіл, бар ықыласымен орындап, ақтаған Ұлы Құдіреттің сүйген адамы шығар!

Байқағанымыздай, алдымен қалалық, сосын облыстық комсомол комитеттерінде басшылық қызметті, кейін облыстық партия комитетінде нұсқаушылық міндетті, одан соң аудандық партия комитетінде басшылық қызметтер атқарды. Соңында «Полиграфия» бірлестігіне бас директор қызметіне сайланды. Осы мекеме Бөкеңнің бұрынғы қызмет атқарған ұйымдарындай емес өзгешелігі мен қиындығы мол жер еді. Өйткені мұнда өндірістің жайын таба біліп, соны іс жүзінде басқарудың қажеттілігі тұрды. Демек, басшының алдында нақты істі орындауда жоғары кәсіби машық керек болды. Ол дәл сол уақта биік кәсібилікті көрсетті. Шамасы, бойында осы іргелі қабілет пен биік кәсіби қасиеттің бар болуы айналасындағы қауымнан ерекшелеп, бүкіл болмысында өзге жіберетін олқылықтарға бой бермей мол жетістіктерге жетуінің бір себебі осында жатқан болар.

Жақында фейсбуктен Сауық Жақанованың: «Жұмыс үстіндегі әрбір сәтімен адам бақытты» деген сөзін көзіміз шалды. Қандай дәл айтылған! Сөзді сөз түртеді демекші, мұны сәл өзгешелеп «Жұмыс үстінде өзгенің разылығына себеп болуың ол да бақыт» деуге болатын шығар. Адамның дүниеге келгендегі негізгі мақсаты өзгеге жақсылық жасау дейді. Өмірдің ешуақытта таусылмайтын күйкі тірлігі арасында адам өзгенің халі мен жағдайына да көз салып, мүмкіндігінше жаңағы басты міндетті ұмытпай орындағаны ләзім. Осы даусыз қағиданы Болат ағамыз бала кезінен, әке тәрбиесінен ұғыпты. Мүмкін, «Өзгеге не істесең алдыңа сол келеді, қиянатың да, жақсылығың да бәрібір өзіңе оралады» дегенді осы кісі жастайынан санасына сіңірген болар.  Осыны біз кезінде «Полиграфия» бірлестігінде Болат Ізбастыұлының қарауында фоторәсімдеу бөлімінің басшысы болған Құдиярхан Әлменовтің жылы лебізінен байқадық. «Болат ағаның екі қырын айтқым келеді. Бірінші – ол кісінің жұмысқа жан-тәнімен берілгендігі. Сол азаматтың биік жауапкершілігі, іскерлігі арқасында ісіміз оңынан көріне бастады. Екінші –  Болат ағамыз қарамағындағы жұмыскерлерді тап өзінің бауырындай санайтын. Көмек-жәрдем сұрап алдына барған маманды бос қайтармайтын. Шамасы, өзгеге жақсылық жасау ол кісіге күш беретін сияқты еді. Сол уақытта осы іргелі өндірісте 300-ге жуық адам істейтін» дейді Қ.Әлменов. 

Бабалардан жеткен қасиетті сөз бар: «Алла адамға әр нәрсенің ақырын берсін» деген. Жасыратын несі бар, осы ұғымның растығы мен құдіретін өмірде аз көргеніміз жоқ. Қызметтің, жалпы болмыстың шыңына жеткен пенде аз да болуы мүмкін. Өйткені, біреуі болса, өзгесі орындалмай жататыны белгілі. Болат ағамыз да өмірінде айтарлықтай биіктерге жетіп, мол абырой-атақтарға иелік жасаған. Білетініміз, сезетініміз, бұл кісі мол жетістікке иелік етсе де асып-тасымаған. Әттегенайларға кезіксе қатты реніш білдірмей, шүкіршілік пен сабырдан ұзамаған. Демек, ағамыз – нағыз білімдарлық мен көрегендік өнегесін әрдайым жұртқа, қоғамға көрсете білген ерек азамат.

Адам адамға ұқсамайды дейді, бірақ, оннан біреуі ме, әлде, жүзден біреуі ме, ұқсастау болатын көрінеді. Олар ешқашан көптің бірімін демейді, маған не бар тыраштанып, неге жұрт қатарлы жүре бермеймін, мен осы бар жігерімді салып еңбектенгенде не өзгереді, бәрібір менің атқарғаным көпшіліктің істегеніне айтарлықтай әсер етпейді, сондықтан «Көппен көрген ұлы той» деп қатарымнан қалмай, ия озбай, жүре берейін демейді, олар қандай да іске болса, барын салады, өмірінде ел үшін, жұрт үшін соңғы мәрте еңбектеніп жатқандай сезінеді ылғи. Кейде осы азаматтарды көпшілік түпкілікті түсіне алмай, уақытында орынды бағаламай жүреді. Бірақ, түптің түбінде осындай жанкешті мінезді адамдар, солардың таңғаларлық қимылдары жұртты ойландырады, алға жетелейді, болмысты жаңартады, өзгертеді. Қажет болса, осындай тұлғалы азаматтар ел тарихын жазып, түзеп, жасайды. Ендеше Болат ағамыздың сол топқа жататындығында күмән жоқ.

Адам үшін бақыттың шыңы – ұрпағының өсіп-өркендеп, ел қатарына қосылып, қоғамның қажетін күйттейтін азаматтар қатарына қосылғанын көріп, шүкіршілік етуі. Осы игілікті Алла Болат ағамыз бен Раушанға молынан сыйлапты. Бүгін осы отбасы – жеті әулетпен құда, 18 немере, 2 шөберенің отаны. «Бала тәрбиесіне аса мән беретін еді Бөкең. Қаншама жұмысбасты болса да, балаларына көп көңіл бөлетін. Балаларымыз есейді, ержетті. Қазір әрқайсысы – бір-бір шаңырақ иесі. Асыл – Маңғыстау облыстық қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі. Кенжеміз, шаңырақ иесі – Ғаниді ерекше жақсы көретін әкесі. Ғани да әкесінің сенімінен шыға білді, жақсы азамат болып келеді. Немереміз Ақтан республикалық қауіпсіздік комитетінде жауапты қызметте. Тағы бір немереміз Азамат  Англияның Манчестр қаласында жоғары оқу орнын бітіріп, сол оқу орнында қызмет жасап жатыр. Қалған балалары, немерелері де әртүрлі салада абыройлы жұмыс жасап жатыр» дейді Бөкеңнің жары Раушан.

Ардақты азаматтың елге жасаған еңбегі еленіп, ескеріліп, көптеген мемлекеттік марапатқа ие болды. ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасы, бірнеше медаль алды. «Жақсы адамның шапағаты артындағы еліне, жұртына, ұрпағына мол жақсылық әкеледі» деген бар. Ылайым солай болсын! 

Орыс тілінде қанатты сөз бар. «Он сделал все, что мог» деген. Осы ұғымды қырғын соғыста ерекше ерлік көрсеткен, болмаса бейбіт еңбекте мүмкіншілігін түгел тауыса, ел үшін барын салып, жанкешті еңбегімен жұрт көзіне іліккен нар тұлғалы азаматтарға қарата айтқан. Онда Болат Ізбастыұлы – ел үшін, Сыр өңірі үшін Ұлы Құдірет берген күш-жігерін, ақыл-ойын, жігер-қабілетін барынша аямай, төккен азамат. Ол – қазақ жұртына, қоғамға адал еңбегін арнап, ешбір жанға қиянат жасамай, сан қайырымды істер атқарып, өзгенің қамын өзінікінен артық болмаса кем күйттемей, жұлдыздай жарқырап өткен ерен тұлға. Соңына қалдырған қарызы жоқ сияқты. Кім білген, бәлкім, оған қоғам борышты шығар.

Ардақты Болат Ізбастыұлы жөнінде жазуды азаматтық парызым деп санаймын, өйткені, ол кісімен соңғы алпыс жылдан бері туысқандық, жақын қарым-қатынаста болдық. Болат Ізбастыұлының бауырлары Жұмагүл, Шырынгүл, Темірмен қатарлас өсіп, есейіп, таныстығымыз мол болды. Шәмбіл апайымыздың да салмақты, өнегелі сөздерін тыңдағанбыз. Бөкең – барлық бауырларына баға жетпес қасиетті ағалық шапағатын толығымен көрсеткен азамат. Тұлғалы азаматтан қол үзіп қалғанымызға орай ет қызу ойымызды ортаға салып жатырмыз. Уақыт өтер, осы кісі туралы әлі талай салмақты мақала, ойлы кітаптар да жазылар.

Серікбай ҚОШҚАРОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда қаласының

Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<