Абыз ақсақал еді

1886

0

Қазалы ауданының абыз ақсақалы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі, мәдениет қайраткері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Әлмәмбет Әлішевтің өмірден озғанына жыл толып отыр.

Әлмәмбет ағаның бойын­дағы қанмен келген тектілікті аудан халқы әлдеқашан мо­йындаған. Қандай мінбе­лерде де өз ойын ашық айтатын қайраткерлігі көпшілікті тәнті ететін. Және ол ал­ған бетінен қайтпайтын қай­сар жан. Әділет үшін кү­ресте ешкімнің алдында бас имейтін. Оны халық «Қа­залының айбары» деп баға­лайтын.

Әлекең ағамыздың кітап­тары мен газет беттерінде жарияланған көркем очерк­терін құмарта оқып, өзімізге үлгі тұтып өскен кейінгі буын журналистер бірге қыз­мет атқарған жылдары оның қарым-қабілеті мен шығармашылық талантын, ел алдындағы беделі мен қайраткерлік қабілетін ай­қын сезіндік. Қайсар мінезі мен алғырлығы, аса ең­бек­қорлығын көзбен кө­ріп, еріксіз мойындадық. Ақыл­ман ағаның өмір жолына да қаныға түстік.

Әлмәмбет Әлішев бала күнінен өмір талқысында шың­далып, шымыр болып өсті. Мектеп, ауыл кітап­ханаларындағы кітаптарды қызығып оқитын ол сабақты да бестік бағаларға бітірді. Оқушы кезінен пікірін ашық айтуға дағдыланған ол мұғалімдерінің назарынан тыс қалған жоқ. Әкесіз өскен баланың соншама қай­сарлығы ұстаздарын да таңдандыратын. Оның үстіне әдебиетке құмарлығы талай асуларды бағындыратынына ұстаздар көңілін сендіре түсетін.

1957 жылы №24 Октябрь орта мектебін бітірген жасөспірім жас колхозда шо­пан болып еңбек жолын бастады. Маң далада шопан отарын қайырып жүріп қиялға берілген талапты жас көкірегіне хатталған, өлеңмен өрнектелген сөз тіркестерін қойын дәптеріне жазып ала берді. Алғашқы өлең шумақтары сол кездегі аудандық «Социалистік жол» газетінде жарияланып, бұл балғын көңілге шабыт беріп, мақалаларды бірінен соң бірін бұрқыратып жаза бастады. Газетте көл­дей-көл­дей материалдары ба­сыл­ған соң журналист бо­луға шыңдап ден қойды. Қайсар жас өз-өзін қамшы­лады. Талабына сенімі беки түсті. «Алмас  қылыш қап түбінде жатпас» дегендей журналистік қадамын 1960 жылы Алматы қаласында шы­ғатын Қазақстан мен Қыр­ғызстанға тарайтын рес­публикааралық «Темір­жолшы» газетінде әдеби қыз­меткер болып бастап, қабілет-қарымын танытқан соң арнаулы тілші қызметіне қабылданды. Алайда жас журналист отбасылық жағ­­дайына байланысты әсем Ал­ма­тымен қимай қошта­сып, туған жерге қайта орал­ды. Жалындап тұр­ған жас­қа аудандық газет ре­дак­ция­сында орын болма­ғандықтан аудандық комсомол комитетіне қатардағы нұсқаушы болып жұмысқа тұрды. Тумысынан алғыр Әлмәмбет аға комсомол қызметінде де сатылап өсе берді. Әйтсе де қолынан қа­ламы түспеді. 1960 жылы республикалық «Қазақстан пионері» газетінде «Серт» атты алғашқы әңгімесін жа­риялады. Және осы газет бетінде көрнекті балалар жазушылары: Сейтжан Омаров пен Өтебай Тұр­манжанов әңгімесіне жы­лы лебіз білдірген соң шы­ғармашылық ізденісін қуа­нышпен жалғастырды. Соның нақты нәтижесі 1962 жылы 15 мамырда Қы­зыл­орда облыстық «Ленин жо­лы» газетінде қазақтың көр­некті ақыны Асқар Тоқ­ма­ғамбетовтың алғы сөзі­мен сәт сапар тілеген Әл­мәмбет Әлішевтің топтама өлеңдері жарияланды. Шы­ғармашылық қуаттың әсері де болар қарымды журналист келер жылы Қазалы ауданы жастарының жетекшісі болып сайланды. Бұл қызметті үш жыл абыройлы атқарып, Қазалы аудандық «Ленин туы» газеті редакторының орынбасары қызметіне ауысып, шығармашылық ортасымен қайта қауышты.

Әлмәмбет Әлішевтің шы­ғармашылық бастауындағы күрделі жұмысы Ұлы Отан соғысы кезінде теңдессіз ерлік жасап, Латвия респуб­ликасында мерт болған, Ке­ңес Одағының батыры, жерлесіміз Үрмәш Түкті­баевтың өмірі мен жауын­герлік жолын көз майын тауыса ұзақ жыл зерттеп,  кейбір құжаттарда «Орман Туйтебаев», «Орман Тоқ­тыбаев» болып қате жа­зылған батырдың аты-жөнін қалпына келтіріп, Латвияға өзінің жеке қаржысы есе­бінен алты рет барып, батыр қабірін тауып, сүйегі жат жерде қалған Үрмәш Түктібевты қайта тірілтіп, туған халқымен қайта қа­уыштыруы еді. Батыр жай­лы 1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Үрмәш Түк­тібаев» атты кітапты, келер жылы сол баспадан «Батыр болып тумайды» повесін 46 мың данамен шығаруы батырға деген шынайы құрметтің белгісі еді. Атап айтар жағдай жазушының «Батыр болып тумайды»  повесін аудармашы Лина Қосмұхамедова орыс тіліне тәржімалап, 1972 жылы повесть латыш тіліне аударылып, Рига қаласындағы «Лиес­ма» баспасынан латыш тілінде 10 мың данамен басылды. Осы аударма кітап туралы кезінде республикалық газеттер мен журналдарда, одақтық «Правда» газеті мен «Литературная газета» басылымында жылы лебіздер жарияланғанын көпшілік есіне сала кетудің еш артықшылығы жоқ деп ойлаймын.

Жазушының шығар­ма­­лары жастарға әскери-пат­­риоттық тәрбие беру­ге ықпалын тигізгенін атап өтуімізге әбден болады. Се­бебі, талантты жа­зу­шы­ның «Үрмәш Түкті­баев», «Батыр болып ту­май­ды»,  «Ат тұяғын тай­ басар», «Бәй­те­ректің бұта­ғы» атты «Жазушы», «Жалын» баспаларынан шыққан төрт кітабы да Ұлы Отан соғысының тақырыбына арналған.

2008 жылы «Сырдария кітапханасы» сериясымен Астана қаласындағы «Фо­лиант» баспасынан Ә.Әлі­шевтің екі томдық шы­ғар­малары жарық көрді. Ал­ғашқы томда жазушының соң­ғы жылдары жазған «Иі­рім» романымен «Батыр болып тумайды» повесі, екінші томында «Бәйтеректің бұта­ғы» романы мен «Ой орамдары» әдеби-философиялық толғаулары, эсселері басыл­ған.

Әлекеңнің Қызылорда облысында тұрып, еңбек еткен жазушылармен ақын­дар арасында Асқар Тоқ­тағамбетов, Зейнолла Шү­кіров, Саид Бая­зитов, Нә­сі­р­един Серәлиев, Қуаныш Бай­мағамбетовтен кейін 1974 жылы КСРО Жазушы­лар одағына мүшелікке өт­кен прозаик-жазушы еке­нін оқырман есіне сала кеткенді жөн көріп отырмыз. Оның жазушылыққа өтуіне Асқар Тоқмағамбетов пен Нәсіредин Серәлиев кепілдеме берген.

Қаламгер аудандық пар­тия комитетінде де бір­қатар қызметтер атқарды. Аудандық партия комите­ті саяси ағарту кабинетіне басшылық жасады. Үзіліссіз 11 жыл аудандық партия ко­митетінің ұйымдастыру бө­­лімінің меңгерушісі бол­ды. Аудандық партия коми­тетінің бюро мүшесі, аудан­дық советтің депутаты ре­тінде де аудан халқы үшін ма­ңызды істердің шешімі табылуына үлес қосты.

Абыз ақсақалдың кейінгі 34 жылға жуық уақыты ті­келей журналистикаға арналды. Өткен ғасырдың сек­сенінші жылдарының ор­тасынан бастап аудандық басылымға басшылық жасады. Қарымды қаламгер аудан баспасөзін биік дең­гейге көтерді. Ел өмірі, қоғам тынысы жайында очерк, эсселер жазып, ой тол­ғады. Қарамағындағы шығар­ма­шылық қызметкерлеріне сөз­бен емес ісімен де өнеге көр­сетті. Қоғамдық істердің бел ортасында жүрді. Әділеттік үшін арпалысып, ақиқаттың алдаспанына айналды. Ха­лық­тың ризашылықтарын ал­ды.

Арал теңізінің тартылуынан туындаған экологиялық апат зардаптарының ақ-қа­расын ашып айтқан жа­зушының бірегейі Әлішев Әлмәмбет болатын. Сөйтіп аймақты экологиялық апат аймағы деп жариялатуға қомақты үлес қосқаны анық. Сол кезде жауырды жаба тоқушылардың Әлекеңді жаратпағаны да рас. Бірақ олардың қай-қайсысы да беделді де қайсар, текті азаматпен бетпе-бет келуден тайсақтайтын. Пікірлерін сырттан айтқандарымен, кө­зінше именетін, дәлел-дә­йек­терінің жоқтығынан қор­ғалақтайтын. 

Шындығын айтсақ, Әле­­кең батыл редактор бол­­ды. Өткен ғасырдың сек­се­­нінші жылдары мен тоқ­са­нын­шы жылдарының ба­­сында аудандық «Ленин туы» газетінің тиражын 12 мыңға жеткізді. Бұл респуб­ликадағы жергілікті  қазақ тіліндегі басылымдар арасында жоғары көрсеткіш болатын. Ал Әлекеңнің тә­­лімін көрген  Балтабай Тәжімбетов, Молдабай Қар­жаубаев, Жаңабай Өте­генов, Едіге Кішкенеев, Рау­шанбек Сейтенов, Жетіс­кен Мәкенәлиев, Жүрген­бай Өмірбаев, Насифулла Аяғанов, Қасқырбек Мәм­бетжанов, Тарғын Қаниев, Сахи Қапаров, Құттыбай Баймаханов, Жұмабек Табынбаев кейін әр салада абыройлы қызметтер ат­қарды. Әлекең 2003 жылы жеке аймақтық «Тұран-Қа­залы» газетін ашты. Қазір бұл газетке ұлы Ғазиз Әліш басшылық етіп, әке ізін салған басылымды тұрақты шығарып келеді.

Жазушы, публицист аға­ның елге сіңірген еңбегі лайықты бағаланды. Ол Қазақ ССР Жоғарғы Сове­тінің грамотасымен, В.И.Ле­ниннің 100 жылдығы құр­метіне мерекелік меда­лі­мен, «Құрмет белгісі» ор­денімен,  «Астана» медалімен, Қа­зақстан Рес­пуб­лика­сының, Қы­зыл­орда облы­сының «Құр­мет» грамоталарымен, Елбасы­ның Алғыс хатымен, «Тәуелсіздікке 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Абыз ақсақал зайыбы Нағима Омарова екеуі 7 бала тәрбиелеп өсірді. Ба­лаларының бәрі жоғары бі­лім алып, әр салада қызмет атқарып жүр.

Раушанбек СЕЙТЕНОВ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<