Ағартушы өмірінің  Қызылордадағы кезеңі терең зерттеуді қажет етеді

971

0

Қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы атап өтіліп жатқан тұста қызылордалық зерттеушілердің ғалымның қоғамдық-саяси және ғылыми қызметінің Қызылордадағы кезеңіне қызығушылық танытуы заңдылық. Қысқа уақыт Қазақстан астанасы болған Қызылорда топырағына Алаш қайраткерлерінің табаны тиді, осы жерде ел болашағына қатысты шешімдер қабылданды. Біз осы тақырып төңірегінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасиловпен сұхбаттастық. 

– Аман аға, еліміздегі тұлғатану саласына ахметтанудың бір арна болып қосылғаны – құптарлық іс. Соның ішінде А.Байтұрсынұлының Қызылордада өмір сүріп, еңбек еткен кезеңі туралы қандай деректер бар?

– Әлемнің дамыған елдерінде  өздерінен шыққан атақты адамдарын – ұлы ақындары мен жазушыларын,  ғалымдарын, атақты музыканттары мен суретшілерін, т.б. түбегейлі зерттеп білу жолға қойылған. Ол талай ғасырлар өтсе де күн тәртібінен түспей, заман сұранысы, уақыт талабына сай жаңа бір қырынан қарастырыла береді. Олардың өмірі мен шығармашылығын былай қойғанда, тіпті отырған-тұрғаны, ішкен тамағы, ұнатқан, араласқан адамдары, өзіндік әдеттері мен мінездеріне дейін жазылып, үлгі етіледі, насихатталады. Айталық, немістер өздерінің Дантесі мен Гейнесін, француздар Мопасаны мен Бальзагын, ағылшындар Шекспирі мен Байронын, орыстар Пушкині мен Толстойын жан-жақты түбегейлі қарастырған, әлі де зерттеуде.

Қазақ халқы да  мұндай тұлғаларға кенде емес. Осы бағыттағы зерттеулер бізде де жүргізіліп келеді. Мәселен фарабитануды, абайтануды, шоқантануды, шоқайтануды, алаштануды, т.б. айтуға болады. Солардың қатарына ахметтану да қосылды.

Бүкіл ел болып 150 жылдық мерейтойын тойлап жатқан Ахмет Байтұрсынұлы кім? Бұл сұраққа дұрыстап тұшымды етіп жауап беру – осы күннің өзекті мәселесі.

Ахметтану ғылымының негізін өзінің замандас інілері М.Əуезов, М.Дулатов, С.Сəдуақасұлы, Е.Омаров, С.Сейфуллин, Т.Шонанов сынды қазақ мəдениетінің тарландары қаласа, А.Байтұрсынұлының көп қырлы еңбегін жан-жақты бағалаған орыс түркітанушылары Е.Поливанов, А.Самойлович, А.Кононов, Н.Яковлев болды. Кейінгі жалғастырушылар – Ш.Есенов, Т.Қордабаев, Ш.Сарыбаев, Р.Сыздық, Ә.Қайдар, Ә.Кекілбаев, Д.Қамзабек, А.Ісмақова, Ө.Әбдиманов, Р.Имаханова, Б.Қапалбек, Ш.Құрманбаев, Е.Тілешов, Г.Орда, т.б.

– Осыдан тура бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы 50 жасқа толғанда Мұхтар Әуезов «Өзге дүниеде болып жатқан ұлы өзгерісті қоя тұрып, қазақтың өзін алғанда, әлденеше тарихшыға еңбек болатын тарихи уақиғалар өтіп жатыр. Бұрынғы уақытта қазақ баласының есіне келмеген, мағынасы үлкен уақиғаның бірі – қазіргі жасалып отырған Ахаңның 50 жылдық тойы. Еркін ойды ойлатпай ауыздан шыққан сөзді баққан патша заманында қазақ жұрты қайрат қылған еріне арнаулы сөзін айта алмаса, бүгінгі күнде азаматы 50 жасқа келіп, сақал-шашы ағарған күнде өксікті сөзін айта алады» деп жазды «Ақаңның елу жылдық тойы» деген мақаласында. Биылғы атаулы жылда да осы мақала талай туындыға өзек болды. Ахаңның 50 жасында Әуезовтен басқа да қайраткерлер мақала жазды емес пе?

– Иә, Сәкен Сейфуллин «Манап Шамил» деген бүркеншек атпен «Ахмет Байтұрсынұлы 50-ге толды» деген «Еңбекші қазақ» газетіне жариялаған мақаласында «Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі, оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патшаның арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып даусын шығарған кісі. Әрине, Ахмет қазақ халқының байы мен жарлы-жалшы табының жігін ашып, бұл екі тап қатар тұрғанда жарлы табын байлар табы жұмысқа жегіп қойып, борсықша сора беретіндігін айтқан жоқ. Байлардан бөліп жарлы табының ғана намысын жыртып, арын жоқтаған жоқ. Жарлы табының шоқпарын соққан жоқ. Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды, халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті» деп жазды.

– Бір қызығы А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған мұнан да басқа шағын мақалаларда, үлкен көлемді зерттеулерде оның Қызылордада өмір сүрген жылдары туралы айтылмайды. Ол кезеңді үнемі аттап өтетіні, ұмыт қалдыратыны неліктен?

– А.Байтұрсынұлының уикепедиялық, энциклопедиялық, ғылыми-танымдық анықтамалықтарда берілген өмір мен шығармашылық жолына назар аударсақ, оны туған жері Торғайдан бастап, білім алған қаласы Орынбор, алғашқы еңбек жолы Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралыда басталғаны, одан Семейде түрмеде болғаны, одан қайта Орынборда газет шығаруы, Ташкентте, Алматыда институтта сабақ беруімен жалғастырып, хронология жасайды.

Бұл біздіңше, А.Байтұрсынұлының өмір жолы мен шығармашылық жұмыстарын зерттеудің әлі де бір ізге түспегенімен, жүйеленіп болмағанымен, өмір белестерінің белгісіз жақтарының көп болуымен түсіндіріледі. Соның ішінде, әсіресе, біз нысана етіп отырған Қызылордадағы кезеңі мүлде қарастырылмаған деп айтуға да негіз бар.

А.Байтұрсынұлы Қызылордада 1925-1928 жылдары тұрған. Осы жылдары ол ұлт жұмысының көшбасында болған.

Жалпы А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты мәліметтерді жинақтай, топтай айтсақ, оны үшке бөлуге болады: бірінші кезең – 1895-1909 жылдары 13-14 жыл бойы бала оқытты (Торғай, Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы кезеңі).  Екінші кезең – 1913-1929 жылдары газет-журнал беттерінде, мəслихат-жиындарда қазақ даласындағы оқу-ағарту жайын кеңінен сөз етті, ұсыныстар жасады (Орынбор және Қызылорда, Ташкент, Алматы кезеңі). Үшінші кезең – 1929 жылғы шілдеден 1931 жылдың қаңтарына дейін Мəскеудің бутыркасында отырады да, Архангельск облысына жер аударылады. Бұдан ол мерзімінен бұрын босап, 1934 жылы қайтып оралады. Бірақ бұл бостандық та қысқа болды. Небəрі үш жылға жетер-жетпес уақыттан кейін 1937 жылы 8 қазанда қайтадан қамауға алынып, ақыры атылды (Алматы кезеңі).

А.Байтұрсынұлының қазақ қоғамы мен ғылымына таза еңбек етіп, тер төккен шағы –  бірінші және екінші кезең. Екінші кезеңдегі 1925-1928 жылдар – Қызылорда қаласында тұрып, еңбек еткен уақыты. Сондықтан оны болашақта арнайы зерттеудің маңызы зор, бұл ахметтануға қосылатын үлкен үлес болады.

– Ағартушы ғалымның Қызылордада тұрған кезде жазылып, басылып шыққан еңбектері туралы айтыңызшы…

– Қазақ халық ағарту институтындағы оқытушылық қызметінен бөлек, өзінің үзбей айналысқан ғылыми шығармашылығының шыңы ретінде танылатын «Тіл-құрал» атты оқулық кітабы Қызылорда қаласында 1925 жылы 3 рет, 1926 жылы 1 рет, 1927 жылы 4 рет және 1928 жылы 1 рет, барлығы 9 рет жарық көрген.

Т.Шонанұлымен бірге жазған «Оқу құралы» хрестоматиясы Қызылорда қаласында 1926-1927 жылдары екі рет басылып шыққан. «Тілжұмсар» – бастауыш мектепке арналған оқулық кітабы да 1928 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген. «Әдебиет танытқыш»  еңбегі де осында жазылып, 1926 жылы шыққан.

Қазақ халқының басында болған қайғылы оқиғаларды сипаттайтын өзгеше бір жыр өрнегі 23 жоқтаудың басын құрастырып, «Жоқтау» деген  жинағы да Қызылордадағы кезеңінде жазылып, басылуы – маңызы бар тарихи факт.

– «А.Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси, ғылыми-ағартушылық қызметінің Қызылордадағы кезеңіне қатысты мәліметтер өте аз және оны арнайы зерттеу де әлі жолға қойылып, жүйеленбеген» дедіңіз. Дегенмен зерттеу барысында сүйенетін құжат немесе мәліметтер табылды ма?

– Әзірше қолымыздағы екі нақты мәліметке сүйендік. Оның бірі – Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың «Алаштың сөнбес жұлдыздары» және «Шындық шырағы» атты естеліктері. Екіншісі – облыстық мемлекеттік архив материалы (184 қор. 1-тізімдеме, 17-іс).

Гүлнар Міржақыпқызының естеліктерінде А.Байтұрсынұлының Қызылорда қаласына қалай келгені, қайда орналасқаны, қызметі туралы көрген-білгені айтылады: «Қызылордаға келісімен орналасқан үйіміз Ерғали Қасымов төренің үйі болатын. Садовая, 7, кейін Селиверстова, 17. Үйдің бір бөлігі Байтұрсыновтың семьясына қарайтын да, ал екінші бөлігінде біздер – Дулатовтың семьясы тұратынбыз. Осы үйде біз 1925 жылдан 1929 жылға дейін әкем қамалғанша А.Байтұрсыновтармен бірге тұрғанбыз. Астана 1928 жылдың жазында Алматыға ауыса бастағанда А.Байтұрсынов өзінің жұмыс істеп жүрген оқу орнымен бірге көшкен-ді. Босаған үйдің орнына Ерғалидің інісі Ибрагим Елікейұлы Қасымовтың семьясы көшіп келген-ді».

Гүлнар Міржақыпқызы естелігінде мынадай  бір қызық мәліметті Міржақып пен Ахмет арасындағы диалог арқылы береді:

Міржақып: –  Оу, ағасы, осынша кешігіп келуіңізге қарағанда, төтеннен қырсық-кедергі болған жоқ па?

Ахмет: –  Ештеңе де бола қойған жоқ. Өзің білесің ғой, Торғай мен Қызылорданың аралығы шалғай, алыстығынан кешігіңкіреуге тура келді. Оқасы жоқ, әйтеуір жеттік қой. Егер Қостанайдан поезбен шықсам, тез жетер едім, бірақ оның ыңғайы келмеді.  Өйткені ауылда өзімнің сақтаулы пәуескем (фаэтон) бар-тұғын, соны Қызылордаға жеткізу үшін көлікпен шықтым емес пе! Келешекте қолымда ат арбам болуы қажеттігін ойладым, қызметіме жаяу бармай, фаэтоныма мініп жүргенге не жетсін?! Оны жүргізуге атқосшыны да ала келдім. Бұл жігіт оқымаған, әке-шешесінен жастай жетім қалып, кім көрінгенге жалданып, күнін көріп жүргенін естіген соң, өзіме жәрдемі тиер, атымды бағып, жүргізер әрі оқытайын деп ала келгенім ғой», – делінген естелікте.

– Қазақ халық ағарту институтындағы жылдар туралы қандай да мәліметтер бар ма?

– 1925-1928 жылдары аталған институтта студенттерге сабақ беріп, ғылыми және әдістемелік жұмыстармен айналысқан. Қазақ халық ағарту институты алғашқыда арнаулы орта оқу орны ретінде 1919 жылы Орынборда ашылған. Мұнда қазақ мектептеріне мұғалімдер даярланды. Институт оқытушылары мен студенттері елде сауатсыздықты жою ісіне белсене араласты.  Оқу орны 1925 жылы Қызылорда қаласына көшірілді. 1925-1928 жылдары институтта С.Сейфуллин сабақ берген, кейін ректоры болды. 1925-1929 жылдары А.Байтұрсынұлы осы институтта дәріс оқыды.

Сол кезде денсаулығына байланысты 1 рет және басқа да себептерге орай 4 рет студенттерге дәріс бере алмаған.  Бұл  1927 жылдың 16-23 қыркүйегінде  Қазақ халық ағарту институтының мемлекеттік қаржы тексеру бөлімі жүргізген актісінде көрсетілген. Актінің 8-тармағында денсаулығына байланысты жұмыс орнында болмағанына орай  бұрын төленген 2 сом ақшаны,  9-тармағында іссапарда болған күндеріне төленген 254 сом 17 тиын ақшаны және осы актінің 7-тармағында кезекті еңбек демалысына төленген 165 сом 98 тиынды институт кассасына қайтаруы керек екені айтылған. Бұл дерек 1927 жылдың 29 қарашасы күні мемлекеттік қаржы тексеру бөлімінің инспекторы Зарихиннің қолы қойылған актіде көрсетілген. Осыған А.Байтұрсынұлы түсінік беріп, тексеру комиссиясының ақпараты жеткіліксіз, толық емес екенін айтады.

– Ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылығының Қызылордадағы кезеңін терең зерттеу үшін қандай жұмыстар атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?

– А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы арнайы пән (оқу курсы) ретінде облыстағы барлық орта мектеп, арнаулы орта және жоғары оқу орындарына оқытылуы керек, онда әсіресе Қызылордадағы кезеңіне қатысты мәліметтер қамтылғаны абзал. Оның өмірі мен шығармашылығының Қызылордадағы жылдары ғалымдар тарапынан әр қырынан зерттелуі қажет.

А.Байтұрсынұлының Қызылорда қаласында тұрған көшесі мен үйі нақтыланып, сол жерге аллея жасап, мүсіні және ескерткіш тақта қойылса, ұлт ұстазына деген тағзым болар еді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»