Айдай керім емес пе, біздің қыздар?

1677

0

Қазақта Айкерім атты қыздар көп, әсіресе, осы бүгінгі күні. Біз бұл есімнің «айдай керім» деген мағанадан туғанын жақсы білеміз. Бірақ, жазуға келгенде Айгерім (бұл жерде тіл заңдылығы орын алып тұр), кейде Әйгерім деп жазып жүрміз. Алайда, олардың түбірі бір – айдай керім. 

Біздің халқымызды ат қоюға  кенде деп кім айтты? Әрине, арабтан келген кісі аттары көп, соның өзін Зере әжеміз Абай деп қазақыландырып алған ғой. Міне, қазақтың данышпандығы.

…Жақында көшеде келе жаттым. Кенет бір кісі жанынан алыстай берген кішкентай қызын «Адила» деп қаратты.

Мына есімге де ойланып қалдым.

«Адила есімі негізі қазақтың тілдік қалыбына сай Әдила болуы керек әрі әдемі естіледі. Бұл арабтың «ғадія» сөзінен, яғни, «әділдік» деген сөзден шыққан атау» деп танымайтын кісіге түсіндірмек болып оқталдым да, ыңғайсыз көріп тоқтадым. 

…Араб демекші, қазақ есімдерінің біразы жаңа айтқанымыздай араб, парсы тілдерінен енген. Бұл – бізге исламды қабылдауымызбен байланысты келген ықпал. Бірақ қазекем сол сырттың атауын өз тілінің ыңғайына сындырып, өз сөзі ретінде сіңістіріп алған. Мысалы: Маханбет, Мұқан, Мәмбет аталатын қазақ есімдерінің төркіні Пайғамбарымыз Мұхаммедтің атынан шығады. Рахмет, Оспан, Баян секілді есімдер де арабтан алынған. Біз оларға қазақ тілінің қосымшаларын жалғау арқылы Рахметбек, Оспанхан, Баянбай деген секілді туынды сөз жасап алғанбыз.

Негізінен адам аттары әр дәуірдің өз бейнесіне сай қойылады. Мұны кісі есімдерін зерттейтін ғылымның арнайы саласы антропонимика айтады. Мәселен, еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан кейінгі туған ұрпақтың өкілін  есімінен жазбай танисың. Абылай, Мағжан, Шәкәрім, Мұстафа, Жанқожа,  Әли, Наурыз, Рамазан, Нұрсұлтан, Тоқтар, Айдын, Айгерім, Арай, Шұғыла, Сая, Мақпал, Рауан, Райан, т.б. – соңғы ширек ғасырда ең жиі қойылған есімдер. Әңгіме басындағы Адила да осы қатарға жатады. 

Мұның барлығы да – бізді қуантатын жағдаяттар.

Өкпеміздің қара қазандай болатын кездері де көп. Жақсыны көрсе ұқсап бағу әркімде-ақ бар шығар, дегенмен қазақ еліктегіш деген сөз сүйегімізге сіңіп кеткен бе деймін. Енді өз арамыздағы мына есімдерге назар аударыңыз: Ананди, Ардали, Бенладен… Мен қазақтан осы үш есімді де кездестірдім. Ананди – атақты «Келін» фильмінің кейіпкері, үнді актрисасы Авико Гор. Кинода әдепті болып көрінгенмен, діні бөлек, ділі бөлек оның өмірде кім екенін құдай білсін. Қазақ қызына үлгі қылуға тұра ма, жоқ па?  Ал, Усама бен Ладеннің аты әйгілі терроршылығымен шықты. Ислам атын жамылып, қарапайым халықтың қырғынына себепші болған адамның атын әулие көргенімізге не жорық? Ең сорақысы, Ардали атының қазаққа қалай келіп қалғанына таңғаласың. Мен баласына осылай ат қойған адамнан бұл есімнің мағынасын сұрағанымда «Ардалион деген орыс әкеммен жолдас болыпты, әкем сол есімді құрмет тұтатын, оның үстіне «ардақты» деген сөзге ұқсайды» деп жауап берді. Жақсы, әкең сыйлаған екен, сен де сыйла. Бірақ бұл православ есімінің мағынасы не? Оның мағынасы «лас» деген ұғымды білдіреді.

Антропонимика ғылымы адамның аты оның тағдырына әсер етеді деп болжайды. Адам есімін ауыстыру оның өміріне түбегейлі өзгеріс әкеледі деген сенім бар. Орыс әйелдерінің ерге шыққанда ататегін ауыстыратыны осыдан қалған. Бұл қисынсыз да емес. Кейбір тілдерде «тағдыр» деген сөз «ат қою» деген мағына береді-міс.

Осы тақылеттес ұғым ең әуелі Пайғамбарымыздың хадистерінде айтылған. «Перзенттеріңе көркем есім қойыңдар.» «Ақыретте сендерді өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімімен шақырады. Жаман есімдерің болса, ауыстырыңдар» делінеді қасиетті хадистерде. Демек, жақсы есім адамның бұл дүниелік қуанышы болса, о дүниелік таразысы екен.

Жалпы, менің айтпағым біздің балаларымыздың Адила сияқты өз есімдерінің мағынасын білмейтіні рас. Сонымен бірге Бенладен мен Ардали сияқты сиықсыз есімдерді алып жүрген өскіндеріміз қанша?!

 Міне, осы мәселе ойлантады. Ал, Айкерім деген есім тамаша емес пе?

Р.ДҮЙСЕНҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<