Ақшұбар мылтық білтелі…

1186

0

Әңгіме Отыншыұлы Жылқаман батыр жайлы болмақ. Батырдың ата-тегіне келер болсақ, Кіші жүздің аға баласы алты Әлімнің бірі Шектіден тарайды. Шектіден-Шыңғыс, Өріс, Баубек туса, Баубектің үлкені Жақайымнан-Ақбура, Тоқбура, Ағыс пен Көгіс өрбиді. Көгістен 4 бала дүниеге келсе, соның Торжымбайынан-Көшімбет тарайды. Осы Көшімбеттен-Мәмбетқұл, Қарабатыр, Ораз туады. Қарабатырдан-Байшаған, одан біз әңгімелеп отырған батырдың атасы Нұралы, Нұралыдан Жылқаман батырдың әкесі Отыншы туады.  Жылқаман бабамыз 5 әйел алған екен. Солардан Есқұл, Досқұл, Тілеуқұл, Қауқай, Әлмен және Дәрмен деген балалары болыпты.

Батыр бабамыз бүкіл ғұмы­рын  Сыр бойын, Арал, Шалқар ай­­мағын, одан әрі Атырау төңі­ре­гін сарттардан, естектерден (баш­құрттар – Н.М.), қарақал­пақ пен тү­рікмендердің шап­қын­­шы­лы­ғы­­нан қорғаумен өткізген. Жыл­қа­ман батыр Арал өңірінде өмір сүрген, ал бейіті Қарақал­пақстанға қа­­расты Қоңырат атырабындағы «Малшы» деген жерде деп келдік. Бұған қоса, оның туған және өмір­ден озған жылдарында да сәй­кессіздіктер орын алып келді. Біз келтірген бүгінгі мәлімет соң­ғы табылған заттай  деректерге     сүйе­ніп беріліп отыр. Мәселен, бірқатар деректерде Отыншыұлы Жылқаман 1712 жылы туып, 1796 жылы 84 жасында қаза болды делінеді. Кейбіреулер оны 96 жас жасаған деп асыра айтып жібереді. Расында, ол 1712 жылы өмірге келіп, 1790 жылы 78 жасында бақилық болады. Бейіті Қарақалпақстанның «Малшы» деген жерінде деп айтылатын. О баста сонда жерленуі де ықтимал. Алайда, 1998 жылы құлпытасының Бөгеннен табылуы көп жайға қайта қарауға итер­мелейді. Әрине, бұл мәліметтер нақтылық үшін қажет. Олардағы аз-маз сәйкессіздіктер Жылқаман бабамыздың батырлығына ешқан­дай көлеңке түсіре алмайды. Себе­бі, оның батырлығы өзінің көзі ті­рісінде-ақ елге аңыз болып тарап кеткен. Бабамыздың ерлік мұрасын Н.Қосжанұлы сияқты жыршылар қағаз бетіне, ең ғажабы ұрпақ жа­дына өшпестей қылып, жазып қал­дырған.

Танымал жазушы Айжарық Сә­дібекұлының өткен жылы «Қа­залы» газетінде жарияланған «Жыл­­қа­манның арманы» деген мақа­­ласында оның алғашқы батыр­лығы жайлы мәлімет беріледі. Оқиға былай болған екен. Елдің шек­сіз құрметіне бөленген Құлан абызды тұтқиылдан жасаған шабуыл барысында башқұрттар өлті­ріп кетеді. Абыздың кегін алуға аға­йындарымен бірге жас батыр Жылқаман да аттанады. Баш­құрт­тармен кездескенде олардың Күтір есімді батырымен Жылқаман жек­пе-жекке шығып найзаласады. Жылқаман Күтірді шаншып өлтір­генмен, оның да найзасының ұшы  мұның санына қадалып қалады. Абы­роймен елге оралған баласын Жыл­қаманның өз шешесі емдейді. «Мұны көтергенде жыланның еті­не жерік болғанмын. «Жыланды қырық кессе де, кесірткелік әлі бар» деген аталарымыз. Тірі келді, енді өле қоймас» деп найзаның ұшына арқан байлап, аяғын баласының са­нына тіреп тұрып, денедегі най­заның ұшын күшпен суырып алыпты.

Нұрмағамбет Қосжанұлының (1897-1937) «Сартай батыр» дастаны бар. 1725-26 жылдары жоң­ғар шапқыншылығы кезінде Ақ­шұбарды иеленгенде Жылқаман 13-14 жас шамасындағы жас жігіт екен. Ел аузында айтылып келген жырда: «Жақайымнан шыққан Жыл­қаман, ақшолақ мылтық асын­ған» деп келеді. Үш жүздің басы түгел қосылып, ұлы жорыққа аттанар алдында көптің қарасына ерген балаға көзі түскен Ұлы жүз батыры Қаршыға мырс етіп: «Кіші жүз олжаны көбірек қарпып қалу үшін ойын баласына дейін аттандырыпты ғой» деп әжуалапты. Сонда, Жылқаман «мен олжа үшін келгенім жоқ, жаумен жағаласқалы келдім. Сенбесеңіз, дәлелім міне» деп жауап ретінде садағымен Қар­шыға батырдың дулығасындағы үкісін атып түсіреді. Содан бастап сан мәрте жорықтарға қатысып, атағы ел ішіне кең тарала бастайды. Кезінде Жылқаман батыр жас Жанқожаны үнемі жанынан қал­дырмай алып жүрген» екен.

Сыр топырағының қаһарман перзенті Жылқаманның әсіресе,  «ақ­­табан шұбырынды, алқакөл сұ­ла­ма» дүрбелеңі тұсында  кеңі­рек таныла бастағаны дау тудырмай­ды. Осынау бір аласапыран жыл­дардағы жас батырдың ел қорғау­дағы ерлігі мен мергендік қа­сиеті Нұрмағамбет Қосжанов қал­дырған «Сартай батыр» дастанында:

«…Ақшұбар мылтық білтелі,

Білтенің ұшы қызыл шоқ

Дәріге шоқты түртеді.

Жоңғардың қалың жеріне

Ақшұбарды сілтеді.

Түтінін қосып түтінге,

Даусына даусын тіркеді.

Қалың жерге келгенше,

Шұбардың даусын іркеді.

Оқ тиген жоңғар оңдалап,

Жан-жағына үркеді».

Осы со­ғыс­та «Қанша оқ шығар­дың?» деп сұрағандарға мерген «100 оқ аттым» деп жауап берген екен. Сонда мергеннің жалғыз өзі бір ұрыста шамамен 100-ге жуық жауды жайратқан. Қорғасыннан құйылған оқтарын екі ұртына да салып алып жүретін қызық әдеті де бар екен батырдың. Жоғарыдағы жырдың мазмұнынан-ақ от қару деп аталған мылтықтың қазақтар арасында көп қолданылмайтыны кө­рінеді.

Қалыбаев Аманкелді деген аза­­маттың «Таңшолпан» жур­налы­ның 2009 жылғы 1 нөміріндегі «Шектіде Жылқамандай батыр өткен» атты мақаласынан мынадай оқиға же­лісін оқуға болады: «Аралдан 25-30 шақырымдай «Қы­лышсор» деген жерде Капитан Гарбердің керуенін тонауға қор­шап алады. Керуеншілер дереу қор­ғанысқа көшеді. Сөйтем дегенше олардың 2 солдатын Жылқаман атып түсіріп үлгіреді. Бұлардың екпінінен сескенген керуеншілер ақ жалау көтеріп, келіссөз жүргізуге шақырады. Тараптардың келісіміне сәйкес екі жақтан бір-бір мерген шығып, нысана ретінде қойылған 5 түйір теңгені атып құлатуы тиіс. Кім көп тигізсе, сол тараптың шарты орындалады. Орыстың мергені атқанда теңгелердің екеуі ғана құлапты да, Жылқаман мерген барлығына тигізіпті. Нәтижесінде керуеннің жартысын, әсіресе, мыл­тық тиелген жүкті қазақтар жағы алып қалыпты. Бірқатар дерек­терде 1853-1858 жылдары Есет Көтібарұлы мен Жанқожа батыр­дың көтерілістерінде әлгі мылтық­тардың қолданылғаны айтылады». 

Осы екі мысалдан от қарудың қазақтар үшін қаншалықты маңыз­ды жаңалық болғанын білуге болады. Жылқаманның мергендік рөлі де осында. Ол бабамыз бұрынғы соғыс амалдары мен тәсілдерін ең бастысы, соғыс құралдарын өзгертетін уақыт жеткенін, сол арқылы қорғаныс қабілетімізді бірнеше есе арттыруға болатынын дәлелдеп берді. Мылтық тек қазақтарға ғана емес, бүткіл дүние жүзіне зор жаңа­лық әкелгені баршамызға белгілі. В.О.Ключевскийдің (орыстың әй­гілі тарихшысы – Н.М.) сөзімен айт­қанда, мылтық пайда болғанға дейін «көшпенділер тарихтың дырау қамшысы болды». Көріп отыр­ғанымыздай, «мылтық пайда бол­ғанға дейін».

А.Сейдімбек ағамыздың жазбаларында мынандай пікір бар. «От­ты қару пайда болғанға дейінгі мыңдаған жылдық адамзат тарихында ат жалында өскен көшпелілер ең қаһарлы күш болғаны күмән тудырмайды. Еуразияның ұлы да­ласында мыңдаған жылдар бойы текетірес күй кешкен отырық­шы­лар мен көшпелілер арасындағы қарсылық XVIII ғасырда өзінің шырқау шыңына жетіп еді. Нәти­жесінде көшпелілер жеңілді. Жоқ, жеңілген көшпелілер емес, жеңіл­ген көшпелілер системасы болатын. Технократтық даму бел алды. Бейнелеп айтсақ, қалың жауға қай­мықпай қарсы шабатын Алпамыс­ты қолында тапаншасы бар шибұт самогоншы тырс еткізіп атып тас­тайтын заман туды. Салт атты көшпелілер өркениетінің басынан бақыт құсы осылай ұшты. Олар тарих сахнасына атпен шығып, ат үстінен түспеген қалпы тарихтың еншісіне айналды» деп топшылайды. Осы тұрғыдан келгенде Жылқаман бабамыздың мылтық қаруын насихаттауын сол заманғы соғысу стратегиясындағы жаңалық деп қабылдаған әділетті болар еді.

Белгілі өлкетанушы Өмірзақ Жолымбетовтің «Сыр бойы» газе­тінің 2004 жылы 29 сәуірдегі нөмірінде «Ақшұбарлы Жылқа­ман батыр» тақырыбында мақаласы шықты. Онда автор батыр баба­мыздың құлпытасы табылғанын, ендігі жерде оның туған-қайтқан жылдары жайлы нақты мәліметтің табылғанын және батырдың соң­ғы жорығы жайлы баяндайды. «1789 жылы қарақалпақтар Жыл­қа­манның туысқан, үзеңгілес аға­йыны Жылқайдар батырдың ауы­лын шауып, өзін өлтіріп кетеді. Сол тұста 77 жастағы Жылқаман Сыр шектілерін бір тудың астына жинап, ағайынның кегін алуға қарақалпаққа жорыққа аттанады. Осы жорықта 18 жасар Жанқожа қарақалпақтың Дықы батырын өлтіреді» дейді. Бұл жерде болар-болмашы түзету келтірген жөн болар. Жанқожа баба 1774 жылы өмірге келген. Егер Жылқаман бас­таған қарақалпақтарға қарсы кек жорығы 1789 жылы болса, онда Жанқожа ол тұста 15-16 жастағы жас жігіт. Сонымен қатар, аталған мақалада Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғылыми экспедициясының нәтижелі жұмыс жасағаны айтылады. Мысалы, «1998 жылы университет ғалымдары Арал теңізінің кепкен табанына жүргізген экспедициясы барысында бір қорымның орнынан Самарқанның көктасынан қашалған құлпытас тапты. Араб қарпімен жазылған белгі құлпы­тастың Жылқаман батырдыкі еке­нін анықтады. Онда батырдың ту­ған, өлген жылдары 1712-1790 деп көрсетілгенін» келтіреді. Өз тара­пымыздан қосарымыз осы экс­­педицияға Аралдың тумалары, жас ғалымдар, арабтанушы А.Тұр­ғанбаев пен филолог А.Оң­ғар­баев қатысқан. Құл­пытас олардың сіл­теуі­мен Бөген ауыл­ының маңын­дағы «Тұяқты сор­дың» басынан та­былғанын айта ке­туіміз қажет. «Араб қарпімен жа­зылған құлып­тасты осыдан бір ғасыр бұрын Байша­­ғанның білікті ақ­сақалдары Орын­борда жасатыпты. Ұзындығы 1 метр 10 см, ені 30 см».

Ел жадындағы әңгіме-дерек­тер­­­­мен қатар ресейліктердің мә­лі­­мет­тері мен соңғы кезде өл­ке­­та­­нушы­ларымыз тапқан мате­ри­ал­­­дарға сү­­йе­не отырып, Жыл­қаман баба­­мыздың ба­тыр­лығын сипат­­тайтын бірқатар іс-харе­кет­терді төмен­де­гіше топ­тасты­руға болады:

– Сартай батырмен жастайынан бірнеше рет жоңғар-қалмақтармен болған шешуші ұрыстарға қатысып, мергендік танытуы;

– Хиуа ханының тұтқынына түскен 500 сарбазды бір өзі барып мәмілегерлік шеберлігімен қо­са же­ке басының батырлығы арқа­сын­да құтқарып алуы;

– Қазақтың хас батыры Сырым Датұлын қоқандықтардың қор­ша­уынан асқан ерлік танытып босатып алуы;

– Жасы 80-ге таянған шағында ұран шақырып, қол бастап туысы Жылқайдар батырдың кегін қай­тару үшін қарақалпақтарға қарсы Шектінің ортақ қолын басқаруы.

Арал ауданында көп жылдар қызмет етіп келе жатқан ұлтжанды журналист Құндыз есімді заманда­сымыздың «батырлығына даналығы сай Жылқаман батыр бабамыз ақ  сауытын шешпей, ат үстінде елін қорғап, ұрпағына ұшан-теңіз жерді аманатқа қалдырған. Халқының жоғын жоқтап, намысын қуған. Арада үш ғасырдан астам уақыт өтсе де, Жылқаман батырдың ер­лікке толы есімі ел аузында сақ­талып келеді» деп суреттеген дере­гінен баба рухын құрметтеуге  арнал­ған жігерлі жолдарды оқуға болады. 

Батырдан өлерінде «Қандай ар­маныңыз бар?» деп сұрағанда «Ақ­шұбар мылтығымның түтінін түтініне қоса алсам да, дауысын дауысына қоса алмадым. Арманым сол» деп жауап берген екен. Сөзімізді қорытындылай келе, өзі 78 жыл өмір сүріп, оның 60 жылдайын туған елін қорғау үшін ат арқасына өткізген Отыншыұлы Жылқамандай батыр да мерген бабамыздың қандай құрметке де әбден лайық тарихи тұлға екенін тағы қайталап айтқымыз келеді.

Н.Мыңжас, 

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап

ғылыми кітапханасының директоры,

тарих ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<