АРМАНДА КЕТКЕН БІР БЕЙНЕ

443

0

Бұл әңгімені бастамас бұрын кейінгі толқын жастарға түсінікті болу үшін тарих беттеріне сәл шегініс жасасақ. Екін­ші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін АҚШ бастаған ірі мемлекеттер Солтүстік Атлантиканың әскери одағын (НАТО) құрды. Ал, КСРО бастаған Еуропадағы социалистік елдер НАТО-ға қарсы тұратын Варшава әс­кери шартын жасаған еді. Сол кезден бастап «қырғиқабақ соғыс» деп аталатын текетірес бас­талып кеткен болатын. Варшава шартының бір мүшесі Венгрияны Венгр социалистік жұмысшы партиясы басқарды. Ком­мунистердің бастамасымен 1944 жылы мамырда антифашистік венгр майданы құрылды. Компартия неміс және венгр фашистеріне қарсы күреске басшылық етті.

Кейін Венгрия елінде кеңес сарбаздары болып, елде көтеріліс болғанда кеңес әскерлері енгізілді. Осы әскердің қатарында азаматтық борышын өтеп жүрген жерлесіміз Нұрадин Байзақов та бар болатын.

Ол 1934 жылы №3 ауылдық кеңеске қарасты Калинин атындағы ұжымшарда дүниеге келген. Бас­тауыш мектепті ауылда оқып, одан әрі оқуын Молотов атындағы (қазіргі №26 мектеп) мектепте жалғастырған. Үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, оқушылар ұйымының бірін басқарған. 8-ші сыныпқа дейін тегі Уәлиев еді. Бірақ, бабасының есімі комсомолға өтерде кедергі келтірген. Себебі, Уәлі ел басқарған би болған екен. Ол кезде бастауыш комсомол ұйымында комсомолға өту қиын еді. Аудандық комсомол комитетінде комсомолға өтуші кеңестік идеологияның алғашқы сүзгісінен өтетін.

1953 жылы мектепті бітіргеннен кейін Мәскеу қаласындағы Бауман атындағы техникалық жоғары оқу орнының Алматыдағы филиалына құжаттарын тапсырады. Оның бар арманы – инженер болу. Алғашқы емтихандарды жақсы деген бағаға тапсырады, ал орыс әдебиетінен жолы болмайды (ол кезде қазақ мектептерін бітіргендер орыс әдебиетінен шығарма жазатын).

Нұрадин осыдан кейін Алматы геологиялық барлау экспедициясына жұмысшы болып орналасады. 1953 жылы күзде әскер қатарына шақырылып, Прикарпатье әскери округіне түседі. Әскери бөлім оны сержанттар даярлайтын 6 айлық курсқа жібереді. Бұл курсты бітіріп, сержант шенімен взвод командирінің көмекшісі болып тағайындалады.

1956 жылы жаз айында әскердегі жақсы қызметі үшін ауылға қысқа мерзімді демалысқа келеді. Ағасы Оразбек Ысқақов аудан орталағындағы мектептердің бірінде қызмет істейтін. Орекең оның келу құрметіне жастардың басын қосқанда «бірнеше айда әскери борышымды бітіремін» деп еді Нұрадин. Адамның айтқаны емес, Алланың айтқаны болады дегендей, оның бұл ойы орындалмады.

Кеңес әскері Венгрия жеріне енгеннен кейін көшелердегі тәртіпті бақылайды. Сондай күндердің бірінде үйдің төбесінде жасырынған мергеннің оғынан Нұрадин мерт болады.

1973 жылы Нұрадиннің сыныптастары, медицина ғылымдарының докторы Камал Ормантаев, медицина ғылымдарының докторы Жаңалық Әбдірахманов, Түркіменстанның ірі химия зауытының директоры, бірнеше орден иегері Айтмағанбет Ойнарбаев, инженер-технолог Нұрсұлу Әлімбаева аудан басшылығына ашық хатпен шығып, Байзақов Нұрадинге көше атын беруді сұраған. Кенттен көше аты берілді. Осы көшенің бұрыштарына Нұрадин Байзақов туралы деректер жазылды. Жосалы кентінде тұратын қарындасы Күлпараш ағасына арнап ас берді, марқұмға құран бағышталды.

Нұрадиннің әкесі Ахметбек Калинин ұжымшарының іргетасын қалаушылардың бірі, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Анасы Әйім Жүргенбайқызы сабырлы, баяу ғана сөйлейтін, ізгі жан еді. Нұрадин тұңғышы болғандықтан, оның атын тура атамай, Нұра дейтін. Нұрадиннің тетелес інісі Меһербан Иіркөл ауылында тұрады. Кенже інісі Мухаррамның баласы Бақытжан Ахметбек Қор­қыт ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университеті жанын­дағы «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу инс­ти­тутында  ғылыми қызметкер бо­лып қызмет жасайды. Ол өзінің құнды, мазмұнды мақалаларымен оқыр­мандар ықыласына бөленіп жүр.

Нұрадиннің есімі интер­на­цио­налист-жауынгерлердің ті­зі­мі­не енгізіліп, «Мәңгілік алау» ескерткішіне аты жазылса өнегелі, өскелең ұрпаққа үлгі игілікті іс болар еді.

Сәдуақас ТҰРСЫНБАЕВ,

еңбек ардагері, ұстаз.

 Қармақшы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<