ҚАТҚАҚ ЖОЛДЫ ЖҮРІП ӨТКЕН ҚАТЫШ

489

0

Түн. Айнала жым-жырт. Құдды бір мылқау тыныштық орнаған дерсің. Сол түн тыныштығында әсем ән әуелетіп қаршадай Қатыш келеді. Астында талай бәйгеде топ жарған қара жорға. Оның аудан орталығына баратынын білген әкесі сәйгүлігін қызына арнайылап дайындаған болатын. Кенет ауылға өтер тұстағы көпірге жақындағанда жорға осқырынып қоя берді. Он бес жасар Қатыш болса, атын қамшылаған бойы аққан жұлдыздай заулап өте шықты. Артынан қуып жете алмайды-ау деген сенімге келгеннен кейін қыз есін жиып, жан-жағын бағдарлай бастайды. Сонадайдан  қолдарына қару асынған екі адамның сұлбасын көреді.

Бұл бүгінде 94 жасқа толған Қатыш Қарымсаққызының соғыс жылдарында бастан өткерген оқиғаларының бірі. Тыл ардагері осы бір оқиғаны еске түсіргенде әкесінің қамқор, анасының мейірбан жан болғанын еске алды.

«Балам, ауданға жиналысқа барар болсаң, мына қара жорғаны мін. Ол тығырықтан алып шығар сенімді тұлпар», – деді әкем. Ал, әлгілерден қашып құтылғаннан кейін анам Биғанша «Жаным-ау, қатты қорқып қалыпсың ғой, ат та шошынып тұр» деп бауырына басқан еді.

Осы сөздерді айтқаннан кейін арада шамалы тыныштық орнады. Кейуананың алысқа көз салып, терең ойға батқанын аңғардым. Қатыш апай сәл тамағын кернеді де «Қазіргі Талсуат бұрын Александровск деп аталған. Осындағы мектепте 7 кластық оқуды тәмам­дап, жазғы демалысқа ауылға барғанымда соғыс басталып кетті. Біз сол кезде Жалағаштың Сталин атындағы колхозында тұратын едік. Ауылдағы соғысқа жарамды ер-азаматтар майданға алынды. Елдегі жұмыс, қайнаған тіршілік қарттар мен әйелдерге, балаларға қалды. Сол кезде 7 кластық қана білімі бар маған үлкен жауапкершілік жүктелді», – деді қарт әжей.

Қатыш апайдың айтуынша, ол кісіге ауылдық кеңестің жұмысы тапсырылған екен. Ол кезде «жаспын, мұндай жұмыстарға қабілетім жетпейді» деп айту жоқ. Оның үстіне «Бәрі де майдан үшін!» деп ұрандатып жатқан тұста өкімет не тапсырса, соны істейсің. Қатыш Қарымсаққызы албырттығына қарамастан, алғырлық танытып игеріп кетеді.

Соғыстан кейін Нұртай есімді майдангерге тұрмысқа шығады. Бірақ, құдай қосқан қосағы майдан даласында алған жарақатынан айыға алмай, өмірден ерте озады. Қатыш болса 25 жасында 2 қызымен жалғыз қалды. Еңсені енді көтеремін бе деген жас келіншекке күйеуінің қазасы ауыр тиді. Алайда, ол өмірге деген сенімін жоғалтпады. Еңбектенді, балаларын ешкімнен кем қылмай өсірді. Тереңөзектегі бірнеше мекемеде экономист-бухгалтер, қаржы­гер болып қызмет етті. Одан бөлек Тереңөзек, Жалағаш аудандарында су басу қаупі бар аймақтардағы жұмыстарға белсене араласады. Тынымсыз еңбегінің арқасында бедел жинап, абыройға кенелді. Ордень-медальдармен марапат­талды. Бірнеше рет мақтау грамоталары мен алғыс хаттарды иеленді. Олардың арасында латын әріптерімен жазылған мақтау қағаздары да бар.

Ел басына күн туған небір алмағайып жылдарда қатқақ жолды жүріп өткен Қатыш Қарымсаққызы – бүгінде немере-шөберелерінің сүйікті әжесі, бүтін бір әулеттің ақылманы.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<