Барлаушы

369

0

«Қазақтар ақкөңіл, ақжарқын, ержүрек, батыр халық екендігін осы соғыста көрсете білді. Егер де менің әскери құрамам тек қазақтардан ғана құралса, мен өз тағдырыма өмір бойы риза болар едім».
(П.Л.Романенко – әскери қолбасшы)
Ұлы Отан соғысында Қазақстан азаматтары алғашқы күннен-ақ  жауға қарсы тұруға бір адамдай жұмылды. А.Гитлердің 1942 жылы. 5 сәуірдегі № 41 тапсырмасында неміс қарулы күштерінің басты мақсаты – «Кеңес елі қарамағында қалған қарулы күштерді түбегейлі құрту», – деп көрсетілген.
1942 жылдың жазында фашистік Германия күш жағынан үлкен басымдылықпен шабуылға шығып, табыстарға жетті. 1942 жылы тамыздың 23-жұлдызында Сталинградқа өтуіне жағдай туды. Немістер адам саны, қару-жарақ саны жағынан екі есе көп болды. Сталинградты қорғау міндетін жүзеге асыру оңай болған жоқ. Бұл шайқас 6 жарым айға созылды. Қазақстандық 29, 38, 8, 102-атқыштар дивизиялары, 152-атқыштар бригадасы, 81-атты әскер дивизиясы ерлікпен шайқасты. АҚШ жазушысы, майдангер тілші А.Верт қазақтардың ерліктері, ұшан-теңіз батыл қасиеттеріне «Сталинград шайқасында Қызыл Армияның ең ержүрек жауынгерлері қазақтар мен Орта Азия халықтарының өкілдері болды» деп баға береді.
Сталинград түбінде болған ең ауыр шайқаста 81-атты әскердің әйгілі барлаушысы – Рахымша Үйсінбаевтың жауынгерлерді таңғалдырған сәттері аз болмаған. Рахымша батыр қазақтың тұлпар баптаудағы сан ғасырлық тәжірибесін қайнаған ұрыс даласында да дәлелдеді. Жануар екеуінің арасындағы тілсіз ұғынысудың кереметін, белгілі жазушы, майдангер Сағынғали Сейітов «Жеңімпаздар» кітабында баяндайды. «Эскадрон көзі» тақырыбы әйгілі барлаушыға арналған: «Орман ұрысы – қиын ұрыс. Қия бассаң, ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныс, ну тоғай. Былтыр беларус партизаны сыйға тартқан «Мороз» есімді аты Рахымшаның тақымында. Дүбір шықса, қос құлағы шаншылып, олай-бұлай ойқастап, тыным таппайтын әдеті. Иесі кеткенде тынышсызданып, кетіп бара жатқан жағына қарап, алабұртып тұрады. Рахымша қалың тоғай ішіне еніп бара жатты».
Айнала қауіп-қатерге толы. Әскери бұйрықты орындау – Отан алдындағы жауапты міндет. Әйгілі барлаушы өте сақ. Оңтайлы әдісті қалт жібермейді. Кездескен фашист жендеттерін қойша қамап тастау тактикасын шебер меңгерген. Сын сағаттағы ептілігі мен ерлігі үндесіп, Рахымшаға көп құрметін арттыра түсті. Әккі барлаушы. Құжат жеткізу, құпия хаттарды тасымалдау Рахымша Үйсінбаевтың еншісінде.
Жат жерде оқ пен оттың ортасында жүрген адамға туған елден ыстық не бар? Қаншама мыңдаған шақырым жол жүріп, адаспай, аялдамай сонау Сырдан қан майданға келіп жеткен бала хаты әкеге бар қымбатындай көрініп тұр. Онда былай делінген: «… екі көзіміз әке, Сіздерде, жауды тезірек жеңіп, елге аман-есен оралуларыңызды күтеміз».
Ағылшын тарихшысы Александр Берт өзінің «Ресей 1941-1945 жылғы соғыста» деген кіта­бында «Қызыл Армияның табанды қайсар солдаттарының бірі қазақтар болды. Қазақтар өзін жақсы жағынан көрсете білді. Тіпті, Сталинград шайқасының өзінде ең өжет, ержүрек, батыр солдаттар қатарында қазақтар жүрді» деп жазады.
Тарих беттері ата-бабала­рымыз­дың небір ғаламат ерлік істерінің үлгі шежіресіне бай екендігіне жоғарыдағы пікірлер дәлел бола алады. Солардың бірі, бірегейлі елі үшін туған әйгілі барлаушы  Үйсінбаев Рахымшаның ерлік істері, адами болмысы кейінгі ұрпаққа үлгі.
Сонымен қатар, Қызыл Армия­ның Сталинград түбіндегі үлкен жеңісінің дүниежүзілік тарихи маңызы – Ұлы Отан соғысы және барша Екінші дүниежүзілік соғыс барысында түбегейлі өзгеріс жасады.
Тарих – дамуда шындық, қоз­ғалыс жайындағы ғылым болғандықтан, әлі де тың деректердің ашыла түсетіні ақиқат. Тек, тарих тағылымы – зерделеуге, ақиқатты ашуға мұқтаж. Оны ашып зерттеу Сіз бен біздің парызымыз.
Әйгілі барлаушы Рахымша Үйсінбаев сияқты қаншама батырларымыздың ерлік істері тарих қойнауында аршылмай жатыр. Олай болса, бүгінгі рухани жаңғырудағы ерлік істерінен ұрпақ сабақтастығын жалғастыра берейік. Сонда ғана еліміз саналы, білікті де білімді жастармен әлемдік бәсекелестікке төтеп бере алатыны сөзсіз.    
Ернұр Ермекбай,
 Алматы технологиялық университетінің студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<