БАУКЕҢ АЙТЫПТЫ…

561

0

 Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы туралы көп жазылды. Бірақ олардың барлығынан оқырман қауым толық хабардар дей алмаймыз. Әсіресе, Баукеңнің қасында ұзақ жыл жүрген жерлесі журналист-жазушы Мамытбек Қалдыбаймен Батырдың сыр бөліскендегі психологиялық иірімдері бұл орайда оқырмандар қолына тие бермейтін сирек қазына болып табылады. Төменде ұсынылып отырған М.Қалдыбай мен Б.Момышұлы арасында өткен ғасырдың 70-80-жылдары болған әңгіме жазушының 2004 жылы жарық көрген «Атақ пен шатақ» атты кітабында жарияланған болатын.

 

АТАҚТЫҢ АЗАБЫ

– Түрмеден сізге көп хат келеді, соларға қалай қарайсыз ?

– Хе-хе-хе. Ондай хаттар толып жатыр ( қолын басынан асыра сермеді.) Толғанда тіптен толып жатыр. Оның бәріне жауап берсең, Жоғарғы соттың алдынан ертелі-кеш шықпауың керек. Онда да «ісімен танысыңыз» деп рұқсат етсе ғана араласасың, әйтпесе қалай араласасың?

Баукең асықпай темекі тұтатып, тарта бастады.

– Байларды тәркілеу, халықтан астық жинау науқаны қызған шақ.

Пәлен пұт астық өткізесің! Бұл – заң, оны бұзуға болмайды. Кедей байғұстар не істерін білмейді. Кейбірі базардан астық сатып алуға мәжбүр. Қып-қызыл асыра сілтеушілік. Қазір ойласам, мұның бәрі сол кездегі қоғамымызға жат пиғылдан туған ылаң екен.

Астық өткізбегенді қамайды, соттайды. Қазір тірі, Мерке ауданында тұрады. Аты – Мырзакерім, фамилиясын ұмыттым. Ұзын бойлы, жас жігіт еді. Сол біздің ауданға өкіл болды. Жоспар орындалмай жатыр. Бір күні: «Сен елге қысым жасамадың, қайта қарсы үгіт жүргіздің», – деп Мырзакерімді қамайды. Ашық сот болып, атуға үкім шығарады.

Мен аудандық Совет атқару комитетінде жауапты хатшымын. Мырзакерімнің сары пұшық қатыны бар еді, сол жүгіріп келіп:

Ойбай, ататын болды, – деп еңіреп жылады.

Сондағы таққан саяси кінәсі, құтырған бір белсендіге Мырзакерім: «Әй, қойсаңшы! Бір түйір дән қалдырмай, кедейлерді аштан қырамысың?!» – депті. Бұл жоспар орындама деген контрреволюционердің сөзі деп тауып, оны ату жазасына кеседі.

Қатыны еңіреп отыр. Жас кезім, жынды кезім бе, құдай-ау, дереу қалам-қағаз алып, Калинин жолдасқа: «Осылай, жазықсыз мені ату жазасына кесті» – деп бір бет жеделхат жолдадым. «Москва, Кремль, Орталық Атқару комитетіне, жолдас Калининге» деп астына Мырзакерімнің фамилиясын жаздым.

Водопьянов деген өңі қара, тапал бойлы таныс почташыға барып, оңаша сөйлестім.

– Мына желелхатты салуға бола ма?

– Болады, тек ешкім білмесін. Ешкімге айтпа, өзің ғана біл. Бірақ көп ақша төлеуіңе тура келеді.

– Қанша?

– Алпыс сом.

– Арақ ішпейтін, темекі тартпайтын кезім, қалтамнан алпыс сом алып бердім.

Ертеңіне Мәскеуден: «Сот шешімі өзгертілді. Тұтқын босатылсын. Калинин», – деген жауап-жеделхат келді. Күллі аудан у-шу болды да қалды.

Баукең балаша мәз болып жүр.

– Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Кабаков аудандық милиция бөлімінің бастығын шақырып алып:

– Мырзакерімді босат, – дейді.

– Қайда барсын дейміз?

– Қайда барса, онда барсын.

Милиция бөлімінің бастығы абақтыға барып:

– Бері шық! – деп Мырзакерімді сыртқа шығарады. Ол қашан атар екен деп дірілдеп отыр ғой.

– Осылай, сіз ақталдыңыз, бірақ бұл жерде тұрмайсыз. Поезға мініп кетіңіз.

Содан ол Меркеге барып мұғалім болады. Бала-шағасы бар, қазір тірі. Өзі, естуімше, байып кеткен біреу көрінеді. Бұдан он төрт-он бес жыл бұрын, дәл есімде жоқ, күтпеген жерден Мырзакерім үйге келді. Онда Дзержинский көшесінде тұратынмын. Тұнжырап, жақтырмай отырмын. Бұрынғы қатыны бала таппай, бір өзбектің қызын алыпты. Одан баласы көп екен. Ержеткен екі ұлын ертіп келіпті. Олары далада күтіп тұрған көрінеді.

– Бауке, осы екі баламды оқуға түсіріп бер. Бір сөз айтсаң, жетіп жатыр ғой. Сөйлесетін кісіңмен сөйлескін, сені біз ұялтпаймыз. Құлқындарына қанша керек болса да, табамыз. Тек ашық айтсын, біз беруге жараймыз, – де-е-еп соғып отыр.  Калинин жарықтыққа жедел хат салып, өлімнен құтқарған Бауыржанға 25-30 жылдан соң екі баламды оқуға түсір деп келіпті. Мәссаған керек болса?! Ә дегеннен жақтырмай отырған кісімін, мына сөздерді естіп, «баяғыда сені атылудан бекер алып қалған екенбіз ғой» деген ойда қатты ашуым келді. Түрім де бұзылып кетсе керек.

– Кешіріңіз, мұндай нәрселерге мен араласа алмаймын. Сол оқу орындарында «толстосумдарды» ұнататын кісілер табылар, – деппін ғой. Көзі бақырая таң қалды.

– «Толстосумыңыз» не? – деді.

– «Толстосум» деген қазақша тоқ қоржын деген сөз, – деп аударма жасап бердім.

Қабағы түсіп кетті.

– Ойпырмай, айналайын Бауыржан-ай саған сеніп келіп едім…

– Жаңағы ниетіңізбен сеніп келсеңіз, қателесіпсіз. Мұндай мәселе бойынша бұдан былай маған сенбеңіз.

Не істерін, не дерін білместен көзі алақтап, орнынан тұрды. «Сенгендегім сен болсаң»… дегенді естіртіп айтпағанмен, ішінен ойлап, «ал, біз кеттік» деді.

Балконнан қарасам, жеңіл машинасы бар екен. Ішінде екі-үш адам отыр. Өкпесі қара қазандай боп аттанды. Содан хабарласқан емес. Бұрын да хабарласпаған адам ғой… Бұл әңгіме неден шығып кетті?

– Түрмеден келген хаттар жөнінен.

– Ә, ондай хаттар бір құшақ. Бәрі ақпыз деп жазады. Мен не жәрдем берем? Ең құрығанда селолық Советке депутат емеспін. Бір рет: «Пәлен деген кісі маған нақақтан-нақақ сотталдым деп хат жазыпты, соны қайта тексеріп көрсеңіздер» – деп Жоғарғы сотқа жолдап едім, жауап келмеді.

Менің отставкіге шыққаныма жиырма жылдан әлдеқашан асып кетті. Ең арысы адвокат емеспін. Сот ісіне қалай араласам?

         Бірде үйге төрт-бес кісі келді.

– Туысқаныңызбыз, – дейді. Біздің қазекең басына іс түссе, туысқаншыл, жекжатшыл болып кетеді ғой. Келгендердің біреуі қылмыс жасапты, әлі қамала қоймапты.

– Сіз аралассаңыз, бітіп жатыр, – дейді.

– Мен қалай араласам? Сен, қарағым, қылмыс жасамас бұрын менімен ақылдастың ба? Егер ақылдассаң, мен жаса десем, өзіме обал жоқ, кінә өзімнен деп араласар едім. Ал сен менімен «қылмыс жасайын ба, жасамайын ба?» деп ақылдасқан жоқсың ғой…

Төртеудің бірі ақылды екен, мырс етіп күліп жіберді.

Баукең екі иығынан дем ала, ауыр күрсінді. Қабағын түйіп:

– Кесір болмасын, шырағым, қырық жылдан бері осылай атақтың азабын көріп келем, – деді шамырқана үн қатып. – Түсінген кісіге бұл дүниеде ең ауыр азап атақтың азабы екен…

                                                 АҚЫЛ БЕРГЕНІМ РАС 

 

– 28-панфиловшы батырдың біреуі тірі еді, соңғы кезде хабарласпай кетті. Өліп қалды ма байғұс. Сен ештеңе естіген жоқсың ба?

– Жоқ.

– Өзі кішіпейіл, кішкентай ғана қарапайым шал еді. Алғаш қой айдаушы болып, кейін Алматыға ауысыпты. Қой бағып жүргенде Совет Одағының Батыры деген Алтын жұлдызын жоғалтып алыпты. Ауруханада жатыр едім, келіп жылап отыр.

– Әй, саған не болды?

– Осындай, құдай атып Алтын жұлдызымды жоғалтып алдым. Омырауыма тағып жүргенімде елдің бәрі құрметтеп, сәлем беруші еді, енді тіпті қарамайды да…

– Бұрандамен бекітілген Алтын жұлдыз қалай жоғалмақ? Оны біреу ұрлап алған шығар?

– Мен де солай ойлаймын. Жыладым, жалындым, қайтармады. Енді не істеу керек? Дүкенге барсам, автобусқа мінсем, елдің бәрі Алтын жұлдызыма қызыға қараушы еді…

– Енді үкімет сіздің жоғалтқан Алтын жұлдызыңызды қайта жасап бермейді. Осында панфиловшы Андрей Павлович Ветков дейтін кісі бар. Өзі жақсы, ұяты бар кісі, инженер. Оны білесіз бе?

– Білем.

– Сіз соған барыңыз.

– Ол көмектесе ме?

– Көмектеседі. Мен жіберді деңіз. Сіз барып жолығысымен, ол маған телефон соқсын. Бүгін түске жақын ауруханадан шығамын.

Ертеңінде үйімде жатыр едім, Ветков телефон соқты.

– Жолдас полковник, сәлеметсіз бе? Шал менде отыр. Не істейміз? Мүмкін Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиуымына бәріміз қол қойып, хат жазармыз?

Жоқ. Бұл ойыңыз дұрыс емес. Себебі жоғалған Алтын жұлдыз орнына жаңасы берілмейді. Оны бір оңбаған осы кезге дейін балқытып, жүзік жасап алған шығар. Хабарландыру жасасақ, барлық таныстардан сұрақ-жауап алу басталады. Бұлай етуге мүлде болмайды.

Енді не істеу керек, Бауыржан?

– Шалға жаның аши ма?

– Әрине, тұрмысы да нашар, өзі қарт кісі.

– Сен инженерсің ғой, ә?

– Ие.

– Бір жерден мылтықтың немесе снарядтың гильзасын табыңдар. Жұлдыз формасы түсерліктей етіп қатты металдан қалып істеңдер. Оған балқыған қорғасынды жұқалата құйыңдар да үстіне гильзаны қаптаңдар. Алтын жұлдыз болады да шығады. Оны бұрандалып бекітілетін ету тіпті оңай. Гильзаны тот  баспайды. Сары десең, сары, алтын десең, алтын.

– Бауыржан, бұл заңсыздық, қылмыс қой.

– Жоқ, бұл қылмыс емес, құжаты бар.

– Онда тірі жанға тіс жармаңыз.

Ветков ол Алтын жұлдыздың көшірмесін жасады ма, жасамады ма, білмеймін. Бірақ оған осылай ақыл бергенім рас, қарағым.

                           

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<