Бауыр (әңгіме)

3245

0

Атақоныс ризықсыз қалдырмайды. «Жан бергенге дән береді», «Бір қозы туса, бір түп жусан далада қоса шығады». Халық даналығы түйіскен ұғымдардың әділдігін осы ауылдың жағдайы айқындайды. Орныққан алқабы үйекті, жайлы. Жұрт жазда егіс күтіп, балық аулап, қыста аңшылықты кәсіп етеді. Оңтүстігінде  іші-қуысы аңға толы, қыста малға ық, жазда құнарлы жайылым мен шұрайлы шабындық болар талды-бұталы, шалғын алаңды, шүйгінді тоғайы бар дария ат шаптырымда. Терістікті іргеден-ақ жыңғылды-жиделі, өлеңді-ажырықты алқап меншіктепті. Қырғауыл қоразының шақырған дауысы жақыннан естіледі. Оқта-текте шеттегі үйлер тауығының балапандары жабайы шөжелермен араласып бірге жайылады. Қар жауысымен аймақтың ішін жануарлар ізі шимайлап, аңшылар назарын қояр да қоймас алаңдатып, қызықтырады. Мылтық кем, ілуде біреуде ғана. Тұрғындар іздерді айна қатесіз таниды, бесін ауа әр жеріне жіңішке қатты сымнан жасалған тұзақ тастайды. Келесі күні ертемен кешегі бағытпен жүріп, олжаға кенеледі кезігіп. Біріне қоян, екіншісіне қырғауыл ілініпті, үшіншісінде түлкі жатыр. Сөйтіп, бұл ел бала-шағасын асырап, күн көреді.

Жұрттың ішер асы мен киер киімі анау айтқандай емес. Сөйтсе де, адамдар татулығы оңды, мейірімі жылы, пейілі кең.  Бірінің сырына екіншісі қанық. Әсіресе көршілер. Талайы алыс жолға қоңсының жарамды атын мініп шаруасын тындырып келеді. Сыйлы мейман шақырғанда көршінің жаңа, түрі қанық, қалың текеметін жайып, қонақ күтетін әдеттері де бар. 

Бабалар өнегесін жалғаған, соңына жарасымды іс пен аталы сөз қалдырған жандар өмір кешкен мұнда. Бүгін әкелі-балалы сырласуда. Сағындық қарт әкесінің жанында. Ол қазір жігіт ағасы, елуге жақындап, толысқан кезі. «Балам, өмір бәйгесінен келеміз біз, мәреге жақындап та қалдық. Үйдің үлкенісің, сенің алдыңда да балаларымыз болған. Алла солай ұйғарған шығар, олардың өмірі қысқа болды. Жастай шетінеді. Сосын сені берді Жаратушы Ие. Құдайдан тек өміріңді сұрадық, «баланы бастан…» дегенді ойымызға да ілмедік. Содан сен ешкімді бетіңе қаратпай, мүлде емін-еркін өстің. Онға таяп қалған кезің. Біраздан көрмеген, дос болған азамат келген. Соған сен бізге жасайтын барлық еркелігіңді көрсетіпсің, әбден мазасын алып, кеткенше тыныштық бермепсің. Не керек, әлгі азамат қашқандай болып шығыпты. «Досымның отбасына  оның баласы кәмелетке жетпей енді бас сұқпаспын!..» дейтін көрінеді әлгі. Міне, балам, сөйтіп тағылау, бұла өстің, сөзің де, қимылың да жылдам, шыдамдылық пен сабырдан шалғайсың. Осыдан сен де опық жедің, біз де қапы қалып, бармақ тістедік. Енді көп ұзамай ұлы көшке ереміз. Әулетімнің үлкені боп қаласың, ұлым. Айналайын, мінезіңді өзгерт, ұстам мен төзімге бұрыл, бауырларыңа бас-көз бол» деді әкесі. 

***

Сағындықтың мүшел жас кіші кенже інісі Әділбек институттан соң  бес-алты жыл бөлімше егіншілерін басқарып біраз төселгесін, көрші ауылға бас агрономдыққа ауысқан. Оған да екі-үш жыл өтіпті. Сапарға азықсыз аттанған азаматты жолай кезіккендер қондырып, тамағын тойғызып, атын жемдегендей, Әділбек бұл ауылға көшіп келгелі көп отбасының дархан қонақжайлығына бөленді. Ұмытыла бастаған ерулік үрдісін жаңартып, олар бұрынғылар өнегесін жұрттың есіне тағы салып  нәрлендіре түсті. «Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем» демекші, күзде жиын-терім біткесін Әділбек қонақ қүтті. Әріптес ағаларын, достарын, туыстарын. Дастарқан төрінде Сағындық ағасы. Отырыс сәнін менмұндалап, сыңғырлап, мөлдір сулы шынылар келтіріп-ақ тұр. Жиын қыза түсті. Әңгіме өрбіді. Бірақ, келелі, мағыналы емес. Арзан, жеңіл күлкі басым. Шамасы, көпшілігіне сол жайлы.

Осыны іштей қос көрмеген бір-екеуі ғана. «Жолдасың соқыр болса, бір көзіңді қыса жүр» дегендей олар көп ыңғайына көніп, жұрттың істегенін істеп, ішкенін ішіп отырған. Солардың бірі ауылдың омыраулы азаматы, Сағындықтан шамалы кішілігі бар, шаруашылық басшысының орынбасары Ахмет сөз бастады. 

– Әділбектің осы ауылға басқан қадамы құтты болғанын айтқым келеді. Міне, арамызға ініміздің келгеніне үш жылға жуықтады. Содан бері ұжымның өндірістік табысы өрлеп келеді. Білігі мен білімі биік, жұртпен тәуір тіл табысып, қасындағыны игі істерге бағыттайтын Әділбек ініміздің еңбегі мен орны ерекше, – деді ол. Дастарқан басындағылардың Ахметті мақұлдаған дауыстары шығып жатты. Осыны тағы екі-үшеуі қуаттап, үй иесіне жылы лебіздерін төкті.

Сағындық өз ауылында құрылысты басқарады. Бүгінде пұлдан бір саты ғана кейін, жөні келгенде оның алдына түсіп кететін шыны бөтелкенің құдіреті тіпті бөлек. Цемент қосып дайындалған лайдың қаланған қыштың бір-бірімен нық ұстасып бірігуінің кепіліндей, шыныдағы сұйық әсіресе  құрылысшылар ісінің жылдам орындалуы мен адамдар қатынасын тиімді қалыптастырып жақындататын мықты құрал. Осыған көпшілігі басын иіп көнген, мойындаған. Жасы да, ересегі де. Құдды бұрыннан бойына сіңген,  ертеден келе жатқан атасының асындай. «Ол тұрмаса дастарқанның көркі бұзылады» дейтінін қайтерсің?! Ал, кейде дәм-тұз берекесін кетіріп, шашып-төгіп жататыны да бар. Сонда да одан қол үзіп, теріс айналып жатқаны шамалы. Сағындық шатақ суды тартынбай жұтып отқан. Қазір нағыз оясына келген-ді.

Ол тамағын кенеді. Баршасы тына қалды. «Атының мінезі иесіне аян» демекші біразына осы кісінің сотқарлығы мәлім. Көбі тайсалады. Өйткені, ол кімнің де болса сөзін басынан асырмайтын тез жауап. Келісуден гөрі керісуге дайын. Төтен қызық күткендей, отырғандар құлақтарын түре қапты.

– Ия, түгеліңмен менің ініме бүгін жалпылдап қапсың! Құдды барлығыңды осы асырап отырғандай! Сен, Ахмет, көсіле шалқып сайрауыңа қарағанда Әділбектің саған қызметі сіңген-ау, шамасы?! Саған ол не өткізіп қойып еді соншама аяқ-қолын жерге тигізбей мақтайтындай? Жоқ, әлде сен өтірік мақтап жатсың ба?! Болмаса, күріш бастырып жатқанда қырманға жолатпай саған бір мәшине салыны сырғытып жіберген шығар, ә-ә?! Осындай қызметті өз бауыры маған неге жасамайды бұл Әділбек? – деп, бір демін алды Сағындық.

Жұрт осы сөздің аяғы немен тынарын аңдып отыр. Әділбектің басы түсіп кеткен. Көп алдында туған ағасына не десін?! Не де болса ішінде. «Дене дерті өзіңді, мінез дерті өзгені қинайды» дегені рас екен. Жаңағы сөзден Ахмет те қызараңдап қалды. Мұндай жағдайға кезігемін деп ойлап па еді ол?

– Бұл не дегеніңіз,  Сәке?  Мен Әділбек ініміздің осы ауылға сіңіріп жатқан еңбегін ғана сөз еттім. Біле білсеңіз, бұл сіздің де атыңызға айтылған игілікті лебіз емес пе? Сіз шамданатындай мұнда ешнәрсе жоқ! Ал, Әділбек екеуміз арамыздағы қызметтік қарым-қатынасқа байланысты бір жағы әзілге айналдырып айтқан жаңағы орынсыз сөзіңіз Сізге мүлде лайық емес! – деп, салмақты сөз тастады Ахмет.

«Шатынаған көзге шайтан ғана шалынар» дегендей, жөн сөзге құлақ асатын Сағындық па?  Бұрынғысы  шүкір  екен қайта.  Шын пәлеге  енді ұрынды ол. Ері бауырына түскен аттай тулап, бүйіріне біреу біз тыққандай отқан орнынан ұшып тұрды.

– Әй, Ахмет! Сен бе, мені жөнге салатын! Қайта мен жаңа сыпайылап айттым саған. Білемін сендердің шын ойларыңды! Жұрт бетіне күле сөйлеп, аңқаулығын пайдаланып, арамдық көздейсің! деп, саңқ етті ол.

– Аға, енді қойсаңызшы, жұрттың мазасын алмай! – деп, сөз қатты Әділбек қаймыққан үнмен.

– Қоймағанда не істейсің сен маған?  Сен де сау сиырдың боғы емессің! Әйтпесе, мынау шашта-төк дүние қайдан шығып жатыр? Бәрің халықтың несібесін жырып, ысырап рәсуа етіп жатырсыңдар! – деп, Сағындық үдете түсті.

– Сәке, сабаңызға түсіңіз, үй өзіңіздікі, осының көбі інілеріңіз, олардың ойы мен мақсаты сізге қызмет ету. Мен білсем бұларда бөтен ой жоқ. Тек сіз бен Әділбек отбасына өз ықыластарын білдіруге келіп отқандар – деп, жайсыз әңгімені оң жолға салмақшы болған Сағындықтың досы және ауылдасы Берік басу айтты.

Осыдан кейін Сағындық шамалы басылғандай болды. Сәл кідірді. Сөйтсе, ол амалдың жоғынан екен. Мұны ол Беріктен күтпепті. Артынша есін жиды. Жинағаны құрсын олай…

– Әй, Берік! Не оттап тұрсың! Саған қалған сөз бар ма?! Қайта мені қолдайды десе, бұл қай алжығаның! Білгір болсаң, не ғып жүрсің қолыңа кетпен ұстап, егін егіп! Мен сөйлегенде үндемей жөніңді біл, тіліңді тісте, артыңды қысып отыр! – деп, Сағындық біржола жүгенін лақтырды ортаға.

Іс насырға шабуға сәл-ақ қалды. Осы сәтте меймандар шеті, түнде қораға қасқыр тигенде дүрлігіп, бұрышқа ойыса тығылған қойлардай, төмен қарай жылжып, тысқа ығыса бастады. Дауға араласып, ортақтасудан өздерін аулақ ұстағандағысы болса керек. Тентектеу жан бейбастақтықты барынша көп алдында жасауға үйір, топ ортасында күш алатындай. Тыңдаушысы кеміген шатақ басының шабыты бәсеңдеп, байыбына кезігіп, тыныштық орнар деген үміт те болғандай. Сол расталды. Құлағын түргендер күрт азайғасын, Сағындық та тыйылып, жынынан айырылған бақсыдай, сылқ етіп отыра кетті. Әділбек іштей тынып тұр. Ықтап жатқан қонақтарды тежеуге оның шамасы да, беті де жоқ. Оларды үйге қайта кіргізгенде ілер олжасы қалмаған сияқты. Отырыстың шырқы бұзылды. Лаждың жоғынан жүзіне салқын күлкі жүгіртіп, сыпайылық көрсетіп, қоштасу мезіретін білдіруде. «Шақырмасам бауырың қайда дейді, шақырсаң дастарқанымның берекесін кетіреді ылғи осылай» деп іштей налып тұр. Өзінің де, менің де беделімді айрандай іріткенін сезбейді-ау бірге туғаным! «Ағасы содырлының інісі қадірлі» дегені адыра қалды.

Серікбай ҚОШҚАРОВ

(Басы. Жалғасы бар)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<