Бауыр деген бір асыл

2792

0

Жақында ғана туған бауыры қайтыс болған қамкөңіл ағаға армасын айта барып, әр жайтты әңгімеледік. Аудан әкімі болып ел басқарған, көп жыл кәсіпкерлік саласында еңбек етіп келе жатқан Әріп Қожбанов ағамыздың көргені де, түйгені де көп. Бірақ, бұл жолғы әңгіме туған бауырға барып тіреле берді.

Сол әңгімені біз қағазға түсірдік.

Жеңіс жауынгері Битілеу әкеміз соғыс өртіне шарпылып, төрт рет жарақаттанған. Ол кезде медицина әлеуетті емес. Қара санға қадалған жарқыншақты алу үшін пышақты отқа қақтап, ағаш жонғандай қызыл етке бойлата беретін болған. Әкем осындай жан шырқыратар азапты үш рет өткеріп, төртіншісі өкпесінде қалған оқпен 2-топтағы мүгедек атанып ауылға оралады. Аласапыраннан есін жимаған ауылын аңсап келгенде елу жасқа да толмаған анасы дүниеден өтеді. Кеудесі қорғасыннан сыздап, жаны қайғыдан мұздап қалған жас жігіт сол жылы үйіне жылу, күйіне өң қосқан өмірлік жары, анамыз Зылиқамен бас қосқан.

1950 жылы қараша айында дүниеге ұл бала келеді. Төрт жыл бойы перзентті болуды күткен Битілеу әкеміз «біз бұл баланы сатып алдық» деп ырымдап, сәбидің есімін Сатыбалды қояды. Осы өңірден атақты Сатыбалды қажы деген кісі өткен. Қажының абыройын берсін деген де тілегі болар.

Оншақты ғана түтіні бар Алтынбай ауылының адамдары «Казрис» колхозында жұмыс істейді, балалары Қарауылтөбе мектебіне барады. Ал, әкеміз осы жылы аудандық қаржы бөлімінің учаскелік салық инспекторы болып қызмет етіп жүріпті.

Ағамыздан кейін Алмагүл, сосын мен өмірге келгенмін. Отбасына бір жанның қосылуы қандай қуаныш. Алайда, Сатыбалды ағамыз жасынан аурушаң болып өскен. Бес жасқа толғанда да томпаңдап жүгіріп кете алмаған.

Ағамыз алғашқы жылы Қарауылтөбе мектебіне барды. Әкеміз қазіргі қаланың бір бөлігі болып кеткен бір кездегі «Коммунизм» колхозынан жер алып қойған екен, кейін сол жерге үй салдық. Сөйтіп, біз қаладағы №43 мектепте оқыдық.

Әлі есімде, Сатыбалды мектепке барып келгенмен, басқа ешқайда шықпай, үйде жатады. Мен ағама бие ұстайтын кісілердің үйінен түңке ыдысқа құйып қымыз тасимын, көпшілік асханасында дайындалған борщ әкеліп беремін. Қазақ отбасылары шөп-шалам деп ас қыла бермейтін капустадан істелген борщ әлжуаз адамдарға өте сіңімді әрі қуатты тамақ екен. Ағам соны сүйсініп жеп, бой-бой болып терлейтін.

Сөйтіп жүріп ағам онжылдықты да аяқтады, мектепті өте жақсы бағамен бітірді. Екі жыл қатарынан Алматы ауыл шаруашылығы институтына барып, жолы болмады. Өзі жастайынан өнерлі еді. Домбыра шертеді, баян тартады. Халық әндерін нәшіне келтіре айтып отыратын. Ол кісінің өмірде өте ашық жарқын, таза көңілді адам болуында да сол өнер деген киенің ұшқыны жатқан шығар деймін. Институтқа түсе алмаған соң шопырлық оқып, машина айдады. Еңбектің қадірін білді.

«Бірге тумақ бар, бірге тұрмақ жоқ», бас-басымызға үй болып, бала-шаға өсірдік. Ағам Абай ауылының қызы Ұлбазармен шаңырақ көтерді. Жеңгеміз мыңболғыр жан еді, анамыздай болды. Сегіз қыздың, бір ұлдың анасы атанды. Әкесі ұлына Құдайберген деп ат қойды.  

Ағаның бір ерекшелігі ісіне мығым, артынан сөз ертпейді. ПМК-42-нің ағаш қорабын брезентпен жапқан машинасын айдады. Ол кезде автобус тапшы, сондықтан жүк көліктерін осылайша адам тасуға қолайлайтын. Ағайдың машинасы үнемі сапта, бір рет те тоқтап қалмайды. Техника емес пе, сықырлаған жері болса ағай демалыс күні қолынан май, маңдайынан тер тамшылап жүріп, өзі жөндейді. Сондықтан оны бастықтары жақсы көреді, қосымша ақша жазады. Машинаны да, жұмысты да тоқтатпайтын шопыр осы кісі болған шығар.

Біз аяқтан тұрып кеткенше ағамыздың қамқорлығын сезініп өстік. Жоғары мектепте оқып жүргенімде артымнан ақша салып жіберетін де ағам еді. Үйдегі тірлігі де тап-тұйнақтай. Есігінің алдында көлденең ағаш жатпайды. Жасылы жайқалып тұрады.

Жеңгеміз дүниеден ертерек өтті. Кейінгі қыздарын ұзату, ұлын үйлендіру міндеті ағама қалды. Әрине, қасында біз, бауырлары болдық. Ағай – ағайындыққа келгенде атын түсіп беруге бар, бауырмалдығы алабөтен адам.

«Қошқар болар қозының маңдай тұсы дөң болар, аға болар жігіттің етек-жеңі кең болар» дегендей, ағамыз ағайын-туыстың қамқорына айналды.  

Ол кісі елу жасқа келгенде інісі есебінде астына көлік алып бердім. Алпыс жасқа толғанда тағы да көлік мінгіздік. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» демей ме, қиын кездерде жарты нанын бөліп берген аға жомарттығының қасында біздікі бір мәзірет сынды.

Ағам соңғы жылдары науқастанып жүрді. Баяғы кесір кеселі бас көтергендей, еңкіш тарта берді. Соны сезген балалары әкелерінің жетпіс жасын тойлап, ағайынның батасын алсақ деп ақылдасты.Мен қоштадым. Сөйтіп, алпыс тоғыз жасында мерейлі жетпісін атап, тағы бір жаңа көлік сыйладық. «Жүзігің алтын болғанша, жүзің жарқын болсын» деген қағиданы әкемізден сіңіргенбіз, ағамның еңсесі биік жүрсін дедім.

Бауырдың жөні басқа, «атасы бөлек аттан түс» дегенді неге айтқан? «Жақсы күнде бөтен де жақсы, ал, жаман күнде бауырын іздейді» дейді аталарымыз. Сондай адамдар болғасын айтқан. Біз қандай күнде де бірлігімізді, берекемізді жоғалтпауға тырыстық. Сол адамилықтың алдында ағамыз тұрды. 

Құдайға шүкір, ағамыздан өрбіген ұрпақ тәлімді, тәрбиелі болып, өз қалауларымен мамандық алып, бір-бір үйдің отын түтетті. Бірі – дәрігер, бірі – мұғалім, бірі – заңгер, бірі қаржыгер дегендей, бәрі де өмірдегі орнын тапты.

Ағам қайтқанда көңіл айтушылар біз ойлағаннан да көп болды. «Тірінің қадірін өлгенде білетін» ағайын ағылып келді. Мұны айтып отырғаным, ағамыздың абыройын, адамдығын құрметтейтін жанның көп екенін көрдім.

Ағамның бақилық болуы бұлағымның суалғанындай сезілді.«Әуелгі сөз ағадан» деп отырар едік, енді көзімді кімге бұрамын? Соны ойласам… бірге туғандарды «бауыр» деп неге айтқан дейсіз. Ағзадағы бауыр адамды улы заттардан тазартып отырады. Ұйқыңның қанық болуы, астың қорытылуы, бәрі – бауырдан. Өмірдегі бауыр да сол, сені жаманға жолатпайды, жаныңның тыныштығын тілейді, абыройыңды күзетеді. Қазақтың «алпысқа келгенде алты ағаң болсын» дейтіні де бар.

«Ағасы ақылдының ауылы азбайды, жеңгесі шебердің жеңі тозбайды» дейді қазекем. Ағамыз әулетіміздің алтын діңгегі еді, асыл жүрегі еді.

Жазмыш солай болса, одан озмыш жоқ екен…

***

Әріп ағаның бауырын сағынып отырғаны дауыс ырғағынан танылады. Оны-мұны айтып сөзін бөлгенім – қайғысын қозғап алдым ба деп тек тұрмағаным. Мұндайда жұбату айту артық. Тек тыңдайсың.

Мен «бауыр» деген атаудың ең ыстық, ең көркем сөз екенін тағы бір мәрте ұғындым.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<