БЕКЗАТ БОЛМЫС

324

0

Арын ардақ тұтар асыл жандардың ғұмыр соқпағына қарасаңұлағат тұтар өмiр шежiресiне тәнтболасыңӨнегелi өмiрiнiң терең қырларына үңiле қалсаң, мол ғибрат аласың. Белгілі бір азаматтардың тұлғасын дүйім жұрты танып-білген, елі мен халқына қадірі артқан, табиғат сыйлаған өзіндік қырлары мен ерекшеліктерінің ұрпағы тарапынан мадақталуының өзі-ғұмырлық рухани танымға ие заңды құбылыс сияқты. 

Адамзатқа жіберілген соңғы пай­ғамбар саналатын Хазіреті Мұхамед (с.а.у) дүниеден өткен кезінде 63 жаста екен. Міне, сол себепті де,  пайғамбар жасы ретінде 63 ұлықталып, дария көңіл қарттыққа баратын қадам болып саналады. Бірақ мұны қартайғандық деп емес, керісінше толысқан кемел шақ деп кесіп айтуға ғана болады.

Біздің кейіпкеріміз де Қармақшы ауданына қарасты Диірмен төбе стан­циясының тумасы Мусиф 1955 жылы 10 мамырда Жарылқасыновтар отбасында жеті баланың кенжесі болып дүниеге келіп, ел қатарлы орта мектепті тәмамдап, Ташкенттегі темір жол институтына түскен.

Бабаларымыздың ерлік тарихын, аталарымыздың ержүрек дәстүрін, аға буынның батырлығы мен батылдығын көңіліне тоқып, олардың өнегелі өмір жолын оқып өскен жас 1980 жылы интернационалдық борышын өтеу үшін Ауған соғысына аттанады. 9 жыл­дан астам, нақты айтар болсақ, 110 айға немесе 2238 күнге  созылған  соғыстың Қазақстанға тигізген зардабы таусылмайтын әңгіме. Бұл мәселеде әлі де зерттеліп, анықтайтын тақырыптар жетерлік. Соғыс кезінде көптеген қаралы хабар алған  жанұяның шаңырағы шайқалды, біреу сүйген жігітінен, біреу жалғыз ұлынан айырылды…Сол кездегі жиырма бестегі жігіт қазір пайғамбар жасындағы ел ағасы болып та қалды.

Біз сияқты көркем шығармалар мен кинофильмдерден емес, өзі куә болған  сол соғыс туралы Мусифтің тебіреніспен: «Соғысқа қатысқандар адамды  тереңірек,  әрі тез таниды екен. Өйткені, соғыс адамның адами пиғылын тез тануға үйретеді. Үйренгің келмесе де, үйренуге мәжбүрлейді. Соғыс адамды тез есейтеді. Өрімдей 18 бен 20-ның  аралығындағы жап-жас жігіттердің кексе адамша «өлім» туралы философиялық тұрғыдан  толғанғанын, өмірдің құнын сезініп, парқын түсініп,  білгенін көрдім. Ажал ажарыңа да, базарыңа да қарамайды екен. Жаның түршігеді… Сонымен бірге соғыс есеңгіретеді де.  Соғыс ортасында жүріп, өмір мен өлімнің арасы бір-ақ тұтам екендігіне көз жеткіздім. Бір нанды, суды бөлісіп жүрген жолдастарымыз бір-ақ сәтте мерт болды. Сөзбен жеткізу мүмкін емес, жүрекпен сезіну қажет. Ұмытқымыз келсе де, ұмыта алмайтын кезең… Біз айналадағы болып жатқан оқиғаларға сабырмен қарап, әрі қарай өмір сүруіміз керек. Соғыстан  жүйкесі жұқарып келген кейбір жігіттердің бейбіт өмірге бейімделе алмай, тегіс жерде сүрінгенін де көрдім. Соғыс артына ауыр зардап, үлкен мехнат, қым-қиғаш із қалдырды… Өткеннің бәрі қателік деп қарауға болмайды. Кеңес үкіметінің ерекшелігі жалпы халықты бір идеологиямен тәрбиелегенінде. Біз өзіміздің интернационалдық борышы­мызды өтедік деп ойлаймын. Мен қазір ардагер атанып жүрген бар бауырларыма болаттай беріктік, ауызбіршілік, ден­деріне саулық тілеймін. Аға буынның үлгі тұтарлық көрсеткен ерліктерінің қасиетін төмендетпей,  бейбіт өмірге деген құлшыныс сезімін жас буын бойына сіңіре алсақ, нұр үстіне нұр болар еді» – деп білдірген пікірінде мән бар.

«Таға – тұяқты, тұяқ – тұлпарды, тұлпар – ерді, ер елді сақтайды!» дейді емес пе халықымыз. 

Мусиф еңбек жолында қарапайым жұмысшыдан, бетоншы, шебер, бас инженер, темір жол станция бастығының орынбасары қызметтерін атқарып, білігі мен тәжірибесін шыңдау жолынан өткен.

 Ол құрған «ЭКО SERVICE» ЖШС Қызылорда өңірінің экономикалық серпінді дамуына, аймақтың әлеуетін арттыруға ықпал етіп келеді. Сонымен бірге жергілікті жердің экологиялық тазалағын сақтау, мұнай қалдықтарынан бүлінген жер бедерін зиянды заттардан тазарту үшін жаңа технологияларды өндіріске ендірген азамат. Бұл мекеме мамандары бүлінген топырақ қабаттарын мұнай қалдықтарынан тазартып қана қоймай, оларды жергілікті жердің инфра­құрылымына пайдалануға мүм­кіндік алады. Сөйтіп, кәсіпкер мұнай қалдықтарын өңдеп, өңірімізді табиғи тұрғыдан жақсартуға үлес қосып отыр. Құрылғанына он жылдан астам уақыт болған компания 2012 жылдың қорытындысы бойынша жарияланған конкурс нәтижесінде Республика Президентінің «Экологияға қосқан үлесі үшін» арнайы номинациясының иегері атануы және облыс әкімінен Құрмет Грамотасын алуы тегін болмаса керек. Мұның артында осы компанияның негізін қалаған Мусиф Жарылқасынұлының тәуекелшілдік пен білігінің жоғарылығы, еңбегі, маңдай тер, талай ұйқысыз өткізген түндерінің жатқандығы анық.

Бір қарағанда оның өмір жолы өзге­лерден айырмашылығы жоқ болып көрінеді. Десек те, Мусиф туа бітті көш­басшы,  ол жас күнінен өзіне не керек екенін біліп, алдына мақсат қоя білген азамат. Қандай жұмысты бастаса да нәтижесін көру үшін күреседі. Өзінің кәсіби жолда өсуін жоспарлай алатын азамат екендігі де ақиқат. Өмірлік тәжірибесі де, білім мен парасаты да бір бойында жетерлік. Оның атқарып жүрген қызметтерінің өзі белсенділігін, қайраткерлігі мен қабілет-қарымын айғақ­тайды.

Әлбетте, осындай өнегелі өмір жолдарынан өткен Мусифтің отбасын­дағы, бала тәрбиесіндегі өзіндік ұста­натын қағидаттары да бар. Әрбір отбасы қоғамның бір бөлігі. Адамның ең жоғарғы қасиеті де отбасында жетіледі.

Өмірдің мәні дүние де, байлық та емес, балаларыңның бақытты өмірін көруде деп білетін Мусиф  жарды да сәтті таңдаған. Сонау Ташкентте білім алып жүрген студенттік кезден таныс Шараның бір көргеннен жақсы жар бола алатындығын сезе білгендей. Ерлі зайыптылардың екеуі де ынтымақты түрде отбасының берекесін сақтауға жауапты десек, нақ осы отбасынан жарасымды үйлесімділікті көреміз. Шара отбасындағы азаматтардың атқарып жүрген жұмыстарының сәтті болуына бар күшін салып, жағдай жасап отырады.

Міне, өркениеті мен өнегесі көпке үлгі болып жүрген мерейлі отбасында асықтай екі ұл мен қызғалдақтай құлпырған қыз тәрбиеленді. Ұлын ұясына, қызын қиясына қондырған ата-ана, қазір ата мен әже атанып та отырған жайы бар.

Жарылқасыновтар әулеті ата-баба­ларының есімін ұлықтауды да естен шығарған емес. Жәрімбет бабаның ұрпақ­тары жиналып Байқоңыр қаласынан мешіт ашты. Осы салтанатты кеште салт-дәстүрімізді жаңғырту мақсатында Мусиф ат бәйгесін берді. Бала күнінде әкесі Жарылқасынның небір асауларды бас білдіргенін көріп өскен Мусифтің де жылқы десе көңілі алабөтен. Жарылқасын әкесі беріге дейін көкпар шауып, қарулы жігіттерге жүлде бермеген. Сол әкеден берілген рух Мусифке де тән. Жылқыға қызығушылығының жоғарылығы сонша­лық, ол жылқы зауытын ашсам деген бала күнгі арманын іске асыру үшін арнайы шаруа қожалығының жұмысын да жүргізіп отыр. Дәстүрді жалғап жүрген азамат ат шаптырып, бәйге беріп,  қазақтың салтына деген жанашырлығын да көрсетіп жүр. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Әрбір қазақтың үйінде кемінде 4-5 жылқы болса деп армандайтын Мусиф Жарылқасынұлы үнемі жақсылыққа қарай ұмтылады. Сондықтан да қоғамдық өмірге белсенді араласып, ел алдында сый-құрметке бөленіп, қазіргі жастарға өнеге болып келеді.

«Ер азаматтың туы – намыс» дегендей, ерге тән құндылықтың қадірін аттырып, елдік, елжандылық мүддені биік қойып жүрген азаматтардың өрісі кеңейе түскей дегіміз келеді.

Қожағұл КЕНЖӘЛІ,

ҚР ІІМ құрметті ардагері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<