Бердалы аға жайлы бір үзік сыр

1509

0

Үстіміздегі жылы жазушы Сафуан Шаймерденовтің туғанына 100 жыл болады. Соған байланысты жазушының шығармалары және өнегелі өмір жолы туралы баспасөзде мақалалар жариялануда. Арада біраз жылдар өтсе де жазушының кезінде ауданымызда болып халықпен, елмен, еңбек адамдарымен кездескенде айтқан әңгімелерін еске алудың орайы келіп тұр ғой деймін. Оны жалаң баяндамай нақты деректерді басшылыққа алып айтудың жөні басқа.

Жазушының 1990 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Ағалардың алақаны» атты кітабында Жалағаш ауданында шығармашылық сапармен болған кезеңін «Қарақұмның Бердалысы» деген әңгімесінде былайша жазыпты:

– Қызылорданың Жалағаш ауданында Бердалы деген досым болды. Әу баста, мен онымен Қарақұмда сол төңіректің белгілі ақыны Әбдікәрім Оңалбаев екеуміз жайлау аралап жүріп кездескенмін.

Қызылордадан шығарда Әбдікәрім:

– Қарақұмда бір керемет кісі бар, сонымен таныстырамын, – деген. Тықыр Нұрамен құмды жиектей отырып, бір төбеден асып едік, айналасы көкпеңбек бір көлшік көрінді. Құмның нағыз іші болса да, гүл жазира дерсің. Жайылып жүрген қой отарлары. Киіз үй…

– Бердалының ауылы осы, –деді Әбдікәрім.

Ол толықша келген, орта бойлы қара кісі екен. Басына қол орамалын төрт құлақтап, киіп алыпты.

Дағдылы амандық-саулық. Баққан мал-жайын білгім келді ме:

– Халіңіз қалай? – деп сұрадым?

– Халдің несін сұрайсың, шырағым?! Бағымыз ба, сорымыз ба қой малын маңдайымызға жазған екен, соны бағып жүріп жатырмыз.

Жауап сондай оқыс шыққан соң, ферма бастығын сөйлеткім келді ғой деймін, дауласа кеттім:

– Неліктен сор дейсіз? Қой малы ел ырысы емес пе?! Еті, жүні, терісі дегендей…

Бердалы жауапты шолақ қайырды.

– Е, қой бақпайтын елдер де бар көрінеді ғой. Солар аштан өліп жатпаған секілді. Қой болмаса, кәсіптің басқа бір түрін таппас па едік?! Сонымен айналыспас па едік?!

Біз Бердалымен қона жатып әңгімелестік. Мінезі кесек, сөзі ірі. Оқығаны жоқ болса да, тоқығаны көп. Қазақтың ақбөкен жайлаған кең сахара құмының бір қиырында осындай дана адамдардың барлығына қайран қалып әрі оны өзіме іш тартып аттандым.

Кейін Бердалымен тағы да кездестім. Бұл жолы Қарақұмда емес. Алматы қаласында. Бекең қыдырып келмепті. Ауруханада пышақ үстінде қайтыс болған он алты жасар інісінің мәйітін алып кетуге келген. Өр даланың өрелі де сұңғыла перзенті қалада сондай пұшайман. Өлікті алып кету жабдықтарының бірін білмейді. Бекеңді жақсы көргенім соншалық, жүгіруіме тура келді. Мырыштан табыт жасаттырдым. Шілденің ыстық шағы еді. Тоңазытқыш вагон алып бердім. Мәйіт салынған бұл тоңазытқыш вагон Теміржол басқармасының айрықша қадағалауына алынды.

Арада айлар өтті. Қаза қайғысы жеңілдеп, есін жия бастаған кезде, ол маған телефон соқты.

– Танымасаң да, көрмесең де, шын ағасындай қызмет еттің. Ініңнің басына келіп тәуап етіп қайт. Қонақ бол.

– Рахмет, Беке. Жөні келсе, көрермін.

– Көрермінді қой, шырағым. Келетін бол.

Сөйтсе де сол көрермінмен тағы біршама уақыт өтті. Ноябрь тойы жақындады. Қызылорда қаласынан тағы телефон шылдырады.

– Ал, шырағым, қалаға арнайы келіп әдейі телефон соғып тұрмын. Біздің жаққа келіп қайт.

– Көрермін, Беке.

– Көргені несі?

– Барармын дегенім ғой.

– Қашан?

– Кейін хабарлармын.

– Әй, шырақ, ондай сөзбұйдаңды қой. Немене мені атөтті шақырып жүр деп ойлайсың ба? Әлде, жол қаражатың жоқ па? Олай болса, қазір табан аузында телеграфпен ақша аудартам.

Ағынан жарылып, шын шақырып тұрған  Бердалының  мына сөзі шымбайыма батыңқырап кетті. Мен ноябрь мерекесін Бекең ауылында өткіздім. Қырғауылға тұзақ құрдық. Қамыс арасынан қоян қағып, доңыз аттық. Сөйтіп, қош айтысар күн де жетті. Басқа бір үйде түстеніп, Бердалының үйіне келсек, аулада бір арғымақ құнан, бір тайлақ байлаулы тұр екен. Дастархан үстінде үй қожасы маған қарап сөз бастады:    

– Қорада бір құнан, бір тайлақ байлаулы тұр. Екеуін де сыйға тартамын деп тыраштанып жатпай-ақ қояйын. Бірақ қалағаныңды алып кетесің. Ен салсаң болды. Алматыңа жеткізу – біздің жұмыс.

Бұрын мұндай сыйлық алып үйренбеген басым жалтарып жатырмын.

– Мен мұнда зәрулік қысып келген адам емеспін, Беке. Көңіліңізге рахмет.

– Ол не дегенің? – деп таңданды Бердалы.

– Мен құнан мен тайлақсыз да байып қайтып бара жатқан адаммын. Бұрын көрмеген ағаларымды таптым. Бейтаныс інілеріммен достастым.

– Ондай әдемі сөзіңді… әлгі қаладағы жолдастарыңа айтатын сөзіңді маған айтпа!

Бекең тықсыра бастаған соң, мен тағы да ығына жығылдым.

– Маған бәрібір. Қалағаныңыз болсын ендеше.

– Әне, соныңды айтпайсың ба?! Аумин, – деп Бердалы стаканды басына бір-ақ көтерді. – Атағанымыз тайлақ онда.

Бекеннің үйінде оның туған інісі, ақын Қомшабай Сүйенішов бірге болды. Мені ел аралатып, облыстық  партия комитетінің тапсырмасын орындады. Ол облыстық «Ленин жолы» газетінде бөлім меңгерушісі екен.

Бердалы секілді кесек жаралған тұлғаларда екі сөз бола ма? Тайлақтың өзі болмаса да, көзі өзіммен бірге Алматыға ере келді. Осындай ірілік, шіркінің, қазақтан басқа қайда бар екен десеңші!?

Енді Бердалы ағаның өмірбаянымен таныссақ. Ол 1912 жылы Жаңаталапта туды. ВЛКСМ қатарында болды. 1935-1936 жылдары «Мақпалкөл» колхозының председателі қызметін атқарды да, ал 1937 жылдары Жамбыл қаласындағы мал мамандарын дайындайтын біржылдық курсқа жіберілді. Оны 1938 жылы бітіріп, ветфельдшер мамандығын алды. Қармақшы аудандық мал емдеу мекемесінде веттехник, Жалағаш аудандық мал емдеу мекемесінің меңгерушісі, аудандық ауылшаруашылық бөлімінде аға мал дәрігері, алыс мал жайылым участогінің бастығы болды.

Қой фермасының меңгерушісі, бөлімше басқарушысы болып қызмет атқарды. Бірнеше рет жергілікті советтердің депутаты болып сайланды. Ауыл шаруашылығын өркендетуге зор еңбегі үшін «Октябрь революциясы», «Еңбек», «Қызыл Ту» «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен және СССР Жоғарғы Советінің грамотасымен наградталды.

Ағаның еткен еңбегі, өнегелі өмір жолы елінің есінде, ұрпағының жадында. Бердалы аға сөзге аса мән беретін, әңгімені тамырына жеткізіп айтатын. «Жақсы адаммен жолдас болсаң жолың болар, жаман адаммен жолдас болсаң, сағың сынар», «Ауылдың айбаты – азаматтары, ауылдың келбеті – қариялары» дейтін. Өмірден тоқыған мол ойы кемел, парасаты биік тұлға еді. Атам қазақ «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп осындай адамдарды айтса керек. 

Енді жазбамды жазушының: «Өткен күнге көз жіберсең, талай-талай қызық та қиын, ерсі де оғаш, оқыс жайларды да басыңнан кешіргеніңді байқайсың. Біреуіне өкінесің, енді біріне таң-тамаша қаласың. Балалық аңғырттықпен Сырдың суы шұлығыңнан да келмейтін жастық кездің қамсыздығы – бәрі де сонда» деген сөзімен жазуды осы күйде тоқтатсам деймін.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<