Даналыққа толы ғұмыр (ой-толғаныс)

373

0

Телефон азаннан шырылдап бебеу қақты. Трубкасын құлағыма апарар-апармастан:
–  Бұл, Шыңғыс ағаның үйі ме? – деген бейтаныс үн естілді.
–  Иә, Шыңғыс ағаның үйі.
– Тыңдап тұрған кім екен?
– Сол ағаңның өзі.
–  Мен Қызылорда қаласынан телефон ша­лып тұрмын. Сәкеңнің, Сейілбек Шауха­манов ағаның аттанып кеткенін айтуға мәжбүр болып тұрғаным…
Төбеден жай түскендей болып, телефон трубкасын тастай салып, отырып қалыппын. Бұл  тамыздың жиырма алтысы болатын. ­Не деген суық хабар. Күні кеше ғана Ыдырыс Қалиев ағамыздың жылдық асында «Ыдеке, сіздің өміріңіз де, өліміңіз де өнеге» деп сөйлеп еді ғой. Ойпырым-ай, кешегі бар адам бүгін жоқ, жалған дүние деген осы екен ғой.
Әр заманның аты аңызға айналған адамдары болған. Сырда туып, Сырда өскен, аты республикаға танымал мемлекет және қоғам қайраткері Сәкең сондай адам болды. Пайымдап айтқанда, ақылы мен жігері, тапқырлығы мен табандылығы, кісілігі мен кішіпейілділігі, әділдігі мен адалдығы,  іскерлігі мен біліктілігі, сабырлығы мен шешендігі сияқты қасиеті бір басынан табылатын дара тұлға дүниеден өтті. Ол қоғамға, Отанымызға, елімізге, оны білетін бәрімізге керек еді. Алайда адамның айтқаны болмайды, Алланың айтқаны болады деген.
Сәкеңнің аты айтылған кезде онымен қыз­меттес болған жылдар еске түседі. Ол 1975 жылы Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Осы кезден бастап қызметтес болуым «Райком» деп аталатын үлкен үйде басталып, 1980 жылға дейін күнделікті тығыз байланыста еңбек еттік. Сол жылдары орыстың атақты жазушысы А.П.Чеховтың «Адам бойындағы нәрселердің бәрі: жүзі мен киімі, ішкі дүниесі мен ойы да бір-бірімен жарасып, тамаша болуға тиіс», «ақыл-ойы жағынан –айқын, адамгершілігі жағынан – таза, дене құрылысы жағынан тартымды болуға тиіс» деген өнегелі сөздерін оқығаным бар-ды. Осы айтылған қасиеттердің барлығы да Сәкеңнің, Сейілбектің бойынан айна-қатесіз табылатын-ды. Бұл кезде ол 36 жаста еді.
Ол қызмет жасаған жылдары жиналыстар көп болатын. Трибунаға шыққан шешендер жазып алған баяндамасын немесе сөзін оқып шыққанша кейбір тыңдаушылар ұйықтап та қалатын. Ал, Сәкеңнің трибунадағы мінезінің өзі өзгеше болатын. Тікелей қызынып сөйлегенін былай қойғанда, ол кісі ұзақ баяндама жасағанның өзінде, ешкімді жалықтырмай, не айтса да құлшынып, өз темпераментімен өзгелерді де еліктіріп алып кететін, кейде ойда жоқ тың мәселелерді айтып, көпті серпілтіп тастайтын. Осы орайда ойыма бір мәселе оралады. Жыл сайын өтетін шопандар жиыны, бақташылар жиыны, сауыншылар жиыны міне, осылардың барлығында көбінесе екінші хатшы баяндама жасайтын. Ондайда Сәкең осы тақырыпта бұрын жасалған баяндамаларын алдына алып отырып:
– Ал, жігіттер, бұрынғы айтылып, жауыр болған сөзден аулақ болайық. Жаңа ой тастайық, жаттандылықты қояйық, – деп жаңа міндеттер қоятын.
Осыдан оның алыстан орағытатынын аңғаратынбыз.
Бір совхозға, не бір мекемеге бара қалса дереу жұртпен мидай араласып кететін. Сол жылдары ол аудан территориясында өсіп шығатын шөптің (оның ішінде шеңгел де, сексеуіл де бәрі-бәрі бар) құрамында мал азығындық қуаттың қандай дәрежеде екендігін арнаулы лабораторияларға жіберіп анықтатқан еді. Өзі басқа ауданға қызметке ауысып кеткеннен кейін, онымен ешкім айналыспады.
Ол бүгін істелетін жұмысты ертеңге қалдыруды қаламайтын, басқалардан да осыны талап ететін.
Ол халықтың жақсы қасиеттерінің барлығын бойына сіңіре білген азамат еді. Оның халықтан үйренген, жинақтаған сол тәжірибесін кешегі ел басқару кезінде орынды пайдалана білді де.
Оның әсерлі де, мағыналы сөздері бүгінде ел арасында афоризмге айналып кеткенінің де куәсі болып жүрміз.
Өтініш-арызбен келген адамдардың бәрін сергектікпен және жылы шыраймен қабылдау оның жұмыс стиліндегі басты белгі-тұғын.
Сәкеңнің келбетіне қарай ақылдылығы, қамқоршылдығы, пейілі де басқадан биік тұратынына оны білетін замандастары ешқандай дау айта алмайды.
Жанартаудай тұлғалы азаматтың орынсыз сөйлеп, орынсыз ашуланғанын қызметтес болған мезгілде көрген емеспіз. Бір есіткенін ұмытпайтын, бір көргеннен жаңылмайтын оның жан-жақтылығына шек келтіруге болмайды. Оның үстіне өзінен кіші адамдарға да кішіпейілділігі ол кісіге деген басқалардың жүрек жылылығын арттыра түсетін-ді.
1979 жылы «Аққыр» совхозында өткен шопандар тойына көршілес Өзбекстан Республикасының Бұхара облысы, Тамды ауданының бірінші хатшысы Ақберген Исаев жолдас қатысқан-ды. Сонда ол Сейілбек Шаухамановтың жүріс-тұрысына, сөйлеген сөзіне, айтқан әңгімесіне назар салып отырып:
–  Қонеке, мына жігітке екінші хатшылық аздық жасап жүрген сияқты ғой, – деген-ді.
Дуалы ауыздың сол сөзінен кейін ол көп ұзамай Сырдария аудандық кеңес төрағасы болып сайланды.  
Сәкеңнің жұмыс кабинетіндегі стол үстінде үш папка тұратын. Бірінші папкада өзінің сөйлеген сөздерінің жазбаларын, екінші папкада бірінші хатшының сөйлеген сөздерін, үшінші папкада аудандық, облыстық, республикалық, одақтық дәрежедегі газеттерден өзіне ұнаған материалдардың қиындыларын жинақтап отыратын.
–   Бұлардың да әлі қажетке жарайтын уақыты келеді ғой, – дейтін.
Мұның өзі, сол кезде-ақ Сәкеңнің ойшыл, қайраткерлік қызметінің басталғандығын еске түсіреді. Тіпті, Сәкеңнің даналыққа ұласқан өмір жолы Жалағаш ауданының киелі топырағында басталған екен-ау, – деп батыл айта аламыз.      
Оның ұйымдастырушылық қабілеті басқаларда  сирек болатын құбылыс еді. Ол бұл қасиетін, әсіресе, облыстың бірінші басшысы болған кезде кеңінен көрсете білді. Өйткені оның облысты басқару кезеңі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жаңа реформаларды өмірге енгізу жұмыстарымен тұспа-тұс келді. Бұл кезде мұндай жаңалыққа еңбекші  халық та, басшы  орындарда жүрген кадрлар да толық дайын емес-ті. Бір сөзбен айтқанда, елімізде нарықтық экономиканың қалыптасуына Сейілбек Шаухаманұлының қосқан үлесі қомақты. Халық шаруашылығының басқару құрылымының қанша рет өзгергеніне қарамастан, елдің экономикалық ахуалы мен саяси өмірін бірқалыпты ұстап, облыс халқын жаңа заманның жаңа міндеттерін орындауға жұмылдыра білді.  
Қатар жүргенде адам көп нәрсені байқай бермейтіндігі жасырын емес. Мүмкін албырт жастықтың әсері болар. Уақыт өте барып, қызметтес болған кезді еске алған сәттерде ғана көп нәрсенің байыбына баға бермегенімізді еріксіз еске алуға тура келеді.
Ешкім де бұл дүниенің тұрақты тұрғыны емес, жолаушысы екен-ау!
Дариға-ай десеңізші, осылайша кең дүниеге сыймаған дана адамдар тар табытқа сыйып кете берген ғой.
 «Білгенге абыз – білмегенге аңыз» дегендей Сәкең, Сейілбек Шаухаманов – артына мәңгілік із қалдырып бара жатқан тұлға.
Зейнеткерлікке шығып, облыстық ардагерлер ұйымының тізгінін ұстаған күннен бастап, аты барда қозғалыссыз жатқан бұл қоғамдық ұйымның тамырына қан жүгіртіп, егеменді еліміздің тыныштығын сақтау, халықтар достығын нығайту, жастарға тәрбие беру, басқа да сан қилы шаралардың жүзеге асырылуында, ардагерлердің байыппен араласып кетулеріне жол ашқандығының бәріміз де куәсі болып жүрміз.
Сәкеңнің, шығармашылық еңбектерінің өзі тұтас бір дәуірде еңбек еткен тұлғалы азаматтар мен қарапайым еңбек адамдарының, солар арқылы сол қоғамның тарихи шежіресін көз алдымыздан кино кадрындай тізбектеп өткізетіндігіне риза боласыз.
Оның жазбаларынан автордың парасат – пайымы биік, қабілет-қарымы кең, ойлау қабілеті тұңғиық терең екендігі, сөйлем құрылымынан шешендіктің қайталанбас белгілерінің барлығы, сөз құдіретін, ойды орынды пайдалана білетіндігі көрініп-ақ тұрады. Ол өзінің шығармаларында адамды, әсіресе жастарды адамгершілікке, рухани тазалыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында терең толғанады.
Жарияланған мақалаларында айтылған тұжырымды пікірлері болашақты болжаушылық ойлары, қазіргі кезеңнің түйткілді мәселелерін шешу жөніндегі ұсыныстары, қандайда болмасын өмір ағысын алыстан аңғаратын халықтың нағыз қайраткер, дана азаматы болғандығын көрсетеді. Ол әрқашанда өз халқыңды, өз Отаныңды шексіз сүйе білуден асқан қасиетті іс жоқ дейтін. Сондықтан да оның жазбалары өміршеңдігімен қымбат. Оның қаламынан шыққан «Алтын алма, ақыл ал», «Бақытыңды бағалай біл», «Ер қанаты», «Мұхтар Әуезов – Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы», «Иесі кім бұл елдің, киесі кім бұл жердің», «Парыз бен парасат» атты кітаптарынан үлкен парасаттың белгілерін көреміз. Халқының аяулы перзенті Сейілбек Шаухаманұлының өнегелі өмір жолы, еліне сіңірген еңбегі мен жарқын бейнесі елінің есінде ұзақ уақыт сақталатын болады.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының  мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<