«Елшінің жазбасынан» мемлекеттің сыртқы саясаттағы шынайы жетістігін баяндайды

2128

0

Тәуелсіз Қазақстанның әлемдегі, өңірдегі бейбітшілікті, қауіпсіздікті сақтауы ғана емес, нығайтуға қосқан үлесін халықаралық қоғамдастық жоғары бағалайды. Бұл – жас мемлекетіміздің сыртқы саясаттағы шынайы жетістігі. Тәуелсіздік – халқымыздың  тарихы, өсу мен өркендеу жолы, мәңгілік болашағы. Мемлекет азаматтарының дүниежүзілік қоғамдастықпен тең құқықтығы, әлемдік қарым-қатынастағы өрісі, ғаламдық бәсекелестікке лайықтығы. Осындай талаптардың биігінде болуы үшін азаматтарымыз ел игілігіне еңбек етудің алдыңғы шебінде жүріп те келеді. Мемлекетіміздің бүгінде беткеұстар тұлғаларының бірі де бірегейі мемлекет және қоғам қайраткері Икрам Адырбекұлы Адырбеков десек, асыра айтқандығымыз болмас.

Көрнекті қоғам қайраткерінің ел Тәуелсіздігін сақтау мен өркендету жолындағы жемісті еңбегі тәнті етеді. 1996-2017 жылдар аралығында Сыртқы істер министрінің орынбасары, Литва, Латвия, Эстония, Малайзия, Индонезия, Филиппин, Қытай, Вьетнам мемлекеттерінде Төтенше және өкілетті елші, Қызылорда облысының әкімі, Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметтерін абыройлы атқарды.

Биыл Икрам Адырбекұлы Сыр өңіріне іссапармен келіп, Жаңақорған ауданы Қандөз ауылынан бастап, мына шеті Арал ауданы тұрғындарымен, зиялы қауым өкілдерімен ашық-жарқын дидарласып, кездесулерге қатысты. Сонда өзінің өмірбаяны мен сан салалы қызметінен сыр шертетін. «Елшінің жазбасынан» атты кітабын тарту еткен болатын. Оқырманға ұсынып отырған бұл кітабында елшілік қызметте болған кезеңдерінде өзі куә болған, тікелей қатысқан түрлі шаралар мен маңызды кездесулер, қызықты оқиғалар бүкпесіз баян етілген. Бұл кітапты оқып шыққан адам тәуелсіздікті жариялаудың, оның ішкі, сыртқы мазмұнын толықтырып, мемлекет мүддесін қорғау жолдарының қаншалықты қиын да күрделі, орасан отаншылықпен, білімдарлықпен қатар қайрат-жігер талап ететіндігіне көз жеткізер еді.

Ендігі кезекте «Елшінің жазбасынан» түйген ой-толғамды оқырмандар назарына кеңірек ұсынған орынды деп санадық.

Икрам Адырбекұлының Қожамқұл есімді атасы (1850 жылы туған) Түркістанда би-болыс сайлауына тұрақты қатысып, 20 жылдан астам уақыт бойы ел билеген көрінеді. Ал, 1907 жылы туған әкесі Адырбек 1930 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, бүкіл дүние-мүлкі тәркіленіп, жер аударылатын болған. Ол алдағы тағдырының тарлығын сезінгендіктен елден қашуға мәжбүр болып, Ауғанстанға бет алады. Бірақ онда да тұрақтай алмай Өзбекстанды паналаған. Екінші дүниежүзілік соғыс алдында құдай қосқан қосағы Ақшагүлмен шаңырақ көтереді. Бұл кісі де сол аласапыран жылдары ата-анасынан, барлық бауырларынан айрылып қалған екен.

«Әкем 1942 жылдың басында, – деп жазады кітабында Икрам Адырбекұлы, – армия қатарына шақырылып, Сталинградтан бастап Берлинге дейін майданда болған. Бірнеше рет ауыр жарақат алса да соғыс біткен соң Қиыр Шығысқа жапондармен соғыс майданына жіберілген. 1946 жылы ғана әкем өз Отанына, шаңырағына аман-есен оралады. Келген соң Ташкент облысы Шыназ ауданына қарасты «Қызыләскер» колхозында егіс бригадирі болып көп жылдар қызмет атқарады.

Әкем соғыста көрген, бастан өткен қиындықтарын айта отырып, «тек білім ғана өмірде мұратыңа жетуіңе, өмірдегі қиыншылықты, қауіп-қатерді азайтуға көмектеседі» деуші еді.

Иә, әке аманатын мүлтіксіз орындауды мұрат тұтқан Икрам Адырбекұлы үлкен өмір мектебінен өтеді. 1967 жылы Балтакөлде мектеп-интернатын «Алтын медальмен» бітірген ол ғылыми-зерттеу институтының лаборатория басшысы болудан еңбек жолын бастап, бертін келе өндіріс құрылымдарының ұйымдастырушысы қызметін атқарады. Онан беріде Сыртқы істер министрінің орынбасары, бірнеше мемлекетте Төтенше және өкілетті елші, Қызылорда облысы әкімі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты лауазымдарының қай-қайсысын да мемлекетке, ел-халыққа деген жанашырлықпен абыройлы жұмыс жасады. Біз білетінде оның артынан үнемі жақсы сөз ереді. Әлдекімдер тәрізді мен-мендікке, болмаса жағымпаздыққа салынбайтын айтулы азамат. Мұны әріптестері де ерекше бағалайды.

– Икрам Адырбекұлының өткен жолы, барлық өсу баспалдақтары қайталанбас қымбат кезеңдер екеніне күмәніміз жоқ. Қай жерде, қандай қызметте жүрсе де төңірегіндегі адамдармен, үлкен-кішімен тіл табысып, білімін өсіріп, өрісін кеңейтіп, тілектестерін көбейтіп, ғибратты, парасатты орта құрып келеді, – дейді мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов.

«Елшінің жазбасынан» кітабы алғашқы бетін ашқаннан-ақ ата-бабаларымыздың еркіндік аңсаған ұлы арманы азат ел болудың бақытын бағалаудан сөз тартады. Кітаптың алғашқы тарауына «Тәуелсіз Қазақстан. Дипломатиядағы алғашқы қадам» атты айдар тағылуының өзі үлкен мәнге ие.

«Тәуелсіздік біздің ой-санамызға, Коммунистік идеология қалыптастырған дүниетанымымызға, көзқарасымызға түбегейлі өзгеріс әкелді. Біздің бұрынғы сеніміміз бен кеңестік заманның өзіндік құндылықтары маңыздылығын жоғалтты. Тәуелсіз, азат ел болғанымызға бүкіл жан-дүниемізбен қуандық, бақытқа бөлендік! Енді осы тәуелсіздікті баянды ету, тұғырына қондыру және нығайту біздің ұрпақтың жауапкершілігінде екендігін де сезіндік» – дейді автор.

Тәуелсіздіктің бастау кезеңінде И.Адырбекұлы Мемлекеттік агроөндірістік комитетіне, кейін Сыртқы экономикалық байланыс министрлігіне қарасты «Қазагросыртқысауда» мемлекеттік компаниясына басшылық жасаған. Ал, 1996 жылы наурыз айында Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Сыртқы істер министрінің орынбасары – Бас қаржы-әкімшілік басқармасының басшысы болып тағайындалады. Ал, бертін келе он жылдан астам уақыт бойы Литва, Латвия, Эстония, Малайзия, Индонезия, Филиппин, Қытай Халық республикасы мемлекеттерінде елші болады. Бұл еліміздің сыртқы саясатта берік ұстанымды, дербестікті сақтап, Тәуелсіздігін, қауіпсіздігін, тұтастығын нығайтуда, халықаралық қауымдастықта беделі мен дәрежесін көтеру де үлкен нәтижелі еңбек.

Икрам Адырбекұлы жоғарыда айтқандай, сыртқы істер министрлігінде,  шет елдерде елшілікте қызметте жүргенде сыртқы саясаттың бел ортасында болуға, халықаралық қоғамдастықтағы іс-шараларға Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті атынан қатысуға, сөйлеуге, мәселе көтеруге, пікір айтуға мүмкіндік алғанын айта келіп, егемендігіміздің баянды болуына қосқан үлесін боямасыз баян етеді. Оған кітаптағы 2008 жылы өткен Пекин олимпиадасына, Қытай Халық Республикасы, Литва, Малайзия, Испанияға, тағы басқа ондаған шет елдерге барған іссапарында алған әсері, түйген ой-тұжырымдары мен жүрек жазбалары нақты айғақ болса керек.

Кітаптың көлемді тарауы «Әлемдік қаржы дағдарысы және Қытай» деп аталады. Бұл бөлімде айтылған Қазақстан-Қытай шекарасының тарихы туралы мәліметтер де оқырмандарға аса қажет. Біздің Тәуелсіз мемлекеттігімізді Қытай тарапы мойындап, бізбен тең дәрежеде дипломатиялық қатынас орнатып, шекаралық келісімге келуге қол жеткізуіміз тарих парақтарына алтын әріппен жазылып қалары анық. Сондай-ақ, кітаптың бұл тарауында Қытай экономикасының соңғы 15-20 жылдағы дамуы, дағдарыс, оның әлемнің экономикасы ең қуатты мемлекеттер – АҚШ, Еуропалық Одақ, Жапония, Ресей, тағы басқа елдермен қарым-қатынасы, үйлесімдіктері, қайшылықтары сарапқа салынған. Қытайдағы шағын және орта бизнестің жағдайы, оны өрістетудегі тәжірибесі, салық жүйесі кеңінен әңгіме болып, көптеген дамушы елдерге де сабақ бола алатынына назар аударылады.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, кітаптың бес үлкен тарауы елші Икрам Адырбекұлының Малайзиядағы қызметіне арналыпты. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Малайзияның «Азия жолбарыстарының» алдыңғы шебінде болып, халықтың тұрмысын көтеруде бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жеткені әлемге аян. Елшінің ой қорытулары саяси билік, үкімет қызметін, елдегі кең ауқымды реформалар жүргізуін, нәтижелерін сараптап қана қоймай, өзінің көзқарасын, пікірін ортаға салуы да оның бұл тақырыпты бүге-шүгесіне дейін терең зерттегенін көрсетеді. Ашығын айтсақ, жай, ресми ақпарат құралдарынан кездестіре бермейтін деректер Икрам Адырбекұлының аса мұқият ұқыптылығымен жүйеленіп, оқырмандар назарына ұсынылғаны көңілге қонымды-ақ. Айтқан ойымыз орнықты болуы үшін «Елшінің жазбасынан» үзінді берелік.

«…Осы жылдар ішінде 5 миллион халқы бар малай халқының саны 25 миллионға жетті. Бұрын тек каучук пен пальма майынан басқа өндірісі жоқ Малай елі дамыған елдердің қатарына қосылды. Елдегі барлық этнос өкілдері тыныштықта өмір сүруде. Малай балаларының қолынан бұрын тек егін егу, немесе балық аулау ғана келетін еді, енді олар барлық салада жоғары білім мен мамандыққа ие болды. Бүгінгі күні көптеген малай азаматтары мемлекет қайраткері, профессор, генерал атанды, бизнестен миллионерлер шықты, оны айтасыз, көптеген халықаралық ұйымдарды басқаратын дәрежеге жетті. Бүкіл мұнай, газ саласы ұлттың меншігіне өтіп, ол ұлттың байлығына айналды.

…Коорупция, менмендік, халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспау, өз мүддесін жоғары қою – партияның  әлсіреуіне, беделінің жоғалуына алып келеді…»

Малайзия Үкіметінің малай халқының тілін қалпына келтіріп, жандандырып, оны мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерудегі тәжірибесі бүгінгі күнге дейін ең маңызды, әрі өзекті мәселелердің бірі болып отырған біздегі жағдайға жақсы үлгі боларлығы анық. Олардың «Білім туралы» заңында малай тілінің – елдің мемлекеттік тілінің мәртебесін кемсітуге әрекет жасаған кез келген азамат жауапқа тартылуы тиіс болған. Үкіметке тіл саясатын еркін, батыл жүргізуге мүмкіндік жасаған, яғни, тіл мәртебесі туралы мәселені саяси-қоғамдық пікірталас алаңынан алып тастаған. Елдің Премьер-министрі М.Махатхир: «Тәуелсіз адамдар – бұл мемлекеттік тілді өмірдің барлық саласында қолдануды мақтан тұтатын адамдар. Халықтың жаңа менталитетін қалыптастыру шетелден әкелінген мәдениетке негізделмеуі керек. Егер де ол өз ұлтымыздың мәдениеті мен тілін жоғалтуға әкелетін болса, неліктен біз халықаралық болуымыз керек» деген. «Тіл – ұлттың жаны» деген патриоттық ән жазылған, ол теле-радиолардан тұрақты берілген. «Мемлекеттік тілге басымдық бер» деген ұран көптеген жерге ілініп тұратын болған.

Икрам Адырбекұлының малай халқының ерлікке тән еңбектері жайлы осы жазбасы бізге де сабақ болар деген ойдамыз.

«Елшінің жазбасындағы» «Австралияға сәтсіз сапар» айдарымен берілген жазбада қызғылықты бір жағдай боямасыз баян етілген.

Икрам Адырбекұлы: «…1990 жыл. Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдай өте күрделі, күнделікті қажет тауарларға тапшылық өршіп барады, халықтың тұрмыстық жағдайы күйзеліске ұшырау үстінде. Халықта жалақы, немесе зейнетақыдан басқа табыс көзі жоқ, жаппай кедейшілік есік қағып тұр. Осындай қиыншылығы мол кезеңде ақпарат құралдарында Австралия Кеңес Одағын қой етімен тегін қамтамасыз етуге дайын, тек өздері келіп, малды кемелерге тиеп алып кетсе болды деген жазбалар пайда болды.

Сыртқы саудадан хабары жоқ адамға тегін тауар деген сөз ұнайтыны сөзсіз. Бірақ мемлекет тарапынан оған қызығушылық болуы мүмкін деген ой мүлде келмепті» деп жазады.

Сонымен И.Адырбекұлына мемлекет тарапынан тегін мал әкелуге тапсырма беріледі. Тапсырма болған соң жан-жақтан ақпарат сұрастырып жинақтап, есептеп, оны орындау мен жұмыс барысында Австралияның тегін мал береміз деген ұсынысы жай әншейін, негізсіз айтыла салған «әзіл» сөз сияқты болып көрінеді.

 «Сол кезеңде Австралияда 170 миллиондай қой болатын, олар негізінен жүн өндіруге мамандандырылған. Үкімет енді оны қысқартып, ет өндіруге бейімдеуді қолға алған. Ал етке негізінен 6 ай мен 1 жасқа дейінгі жас малдар пайдаланылатынын ескерсек, 4-5 жыл жүн берген кәрі малдың еті сапасыз болатыны сөзсіз. Демек, кәрі малды экспорттау Австралияның фермерлеріне жақсы табыс әкеліп отырған сала көрінеді. Жылына бір миллионнан астам қой Араб мемлекеттеріне арнайы кемелермен теңіз арқылы жіберіледі екен. Сол кездегі Кеңес Одағында қалыптасқан әлеуметтік күрделі жағдай, сондай-ақ азық-түліктің жетіспеушілігі мемлекеттік органдарды осындай жеңіл айтыла салған сөздерге сенуге мәжбүр етті, яғни, қой тегін таратылмайды, керісінше қымбат бағаға сатылады, кемемен тасымалға кететін шаш-етектен шығын да бар. Жағдайды жан-жақты екшеп-есептеп, талқылай келе Үкіметтің берген тапсырмасының орындалмайтынына көз жеткен соң Австралияға бармақшы болған сапарымыз сәтсіз аяқталды», – деп келтіреді.

Икрам Адырбекұлы шет елде елшілік қызметте жүргенде саяси шараларға ғана емес, елшіліктің әлеуметтік жағдайының жақсаруына да аса мән берген. Осыған қатысты, кітабында жазылған бір ғана деректі айтайық.

И.Адырбекұлы 1998 жылы Литвада елшілікте жүргенде елшілік ғимараты 150 шаршы метрдей ғана саяжай үлгісіндегі шағын бір үйге орналасқан екен. Сырт көрінісі елге де, елшіге де абырой бермес еді.

«Осы мәселені түбегейлі шешу мен үшін аса маңызды болды. Содан да қызметке кірісе салысымен елшіліктің талапқа сай жаңа ғимаратын салу туралы жергілікті құрылысшылармен, архитекторлармен келіссөз жүргізе бастадым. Нәтижесінде біздің талабымызға сай жасаған дизайн-жобасына сәйкес келісім-шартқа отырдық, – дейді Икрам Адырбекұлы.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының елшілік ғимараты мен АҚШ елшілігінің ғимараты қатар орналасқан екен. Қазақстан елшілігі үшін жаңа ғимарат салынатынын естіген АҚШ елшісі Кит Смит елшілік ғимаратын сатып алуға ұсыныс жасайды. Өйткені, қайбір жылдары Кения мен Танзаниядағы АҚШ елшілігінің айналасы қоршалмағандықтан лаңкестік жарылыстардың салдарынан елшіліктің біраз адамдары мерт болып, үлкен материалдық шығынға ұшыраған.

«АҚШ елшісінің бұл ұсынысы мен үшін күтпеген тосын жағдай еді, – дейді И.Адырбекұлы. – Әрине, мен сіздің өтінішіңізді Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жеткіземін. Бірақ мына ғимаратты сатушы ретінде айтарым, кемінде 3,5 миллион АҚШ доллары төңірегінде болып қалар дедім. Сөйтіп, сатылымға келіспес деген оймен өте жоғары баға қойдым.

Ұзын сөздің қысқасы, екі ел басшылығының келісімімен Литва еліндегі Қазақстан елшілігінің ескі ғимараты АҚШ елінің елшілігіне 3,5 млн АҚШ долларына сатылады. Сонымен АҚШ елшілігі төлеген осыншама қаржының 1,5 миллион долларына жаңадан жер алып, елшілік ғимараты бой көтереді. Ал, қалған 2 млн доллар Түркиядағы Қазақстан елшілігінің есепшотына жіберіліп, кейіннен осы қаржыға елшіліктің жаңа ғимараты мен резиденциясы салынады. Бүгінде Литва мен Түркия елінде «мен мұндалап» тұрған сәнді де сәулетті елшілік ғимаратына Икрам Адырбекұлының қолтаңба қалдырғанын біреулер білсе, біреулер білмес.

И.Адырбекұлы Литва елшілігімен қоштасуын төмендегіше еске алады.

«Литва Президенті В.Адамкус мені жылы қабылдап, «Сіз үшін Литваның есігі әрдайым ашық» деп ыстық ықыласпен қоштасып, шығарып салды. Литваның құрметті қонақтарына көрсететін салтына сәйкес кеудеме арнайы лентасын ілді.

Алда тағы бір бейтаныс ел, жаңа міндеттер күтіп тұрды…»

И.Адырбекұлы кітабында жаңа Астанаға көшу тарихынан да бір дерек беріледі. Өздеріңізге мәлім, 1994 жылы 6-шілде күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінде енді ғана Тәуелсіздік алған мемлекеттің астанасын Ақмолаға көшіру туралы тарихи шешім қабылданады. Ақмола қаласын астана ретінде таңдаудың барлық экономикалық, қаржылық, логистикалық негіздері, осыған байланысты өндірістік-ғылыми топтың жан-жақты зерттеулері Жоғарғы Кеңес депутаттарына толықтай баян етіледі. Ең бастысы, елдің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін сақтау, нығайту үшін солтүстікте орын алуы мүмкін сепаратизмге жол бермеу болатын. Осыған байланысты Ақмолада қысқа мерзімде мемлекеттік басқару органдарының ғимараттарын салып, дайындап, қызметкерлерге тиісті тұрмыстық жағдай жасап, мемлекет билігін, Үкіметті, Парламентті көшіру керек болатын. Бұл жас мемлекет үшін көп қаржыны, ұтымды ұйымдастырушылық жұмысты талап ететін өте күрделі міндет, зор жауапкершілік еді. Ол кезеңде елде халықтың жалақысы мен зейнетақысын мерзімінде төлеудің өзі үлкен мәселе болғаны белгілі.

Икрам Адырбекұлының айтуынша, ел-халықтың ересен еңбегі мен шыдамдылығы арқасында жаңа Астана аз ғана уақыт ішінде бой көтерді. Бұл еліміздің болашағын, тәуелсіздігін, қауіпсіздігін айқындаған, оны бекіткен, шегендеген, тұғырлы еткен тарихи кезеңдер еді.  Қазіргі бас қала – Астанаға қарасаң, көзің тояды, көңілді қуаныш, мақтаныш сезімі кернейді.

«Осы бір ел үшін аса маңызды да күрделі істің басы-қасында болып, өз үлесімді қосқанымды мақтан тұтамын, жылы сезіммен еске аламын. Бұл да ел тарихының бір көрінісі болар деген мақсатпен қағазға түсірдім» деп нүкте қояды.

Кітаптың бірнеше тарауында өз өмірінің жоғарыда айтқандай, отбасы, ата-анасынан бастап, мектептегі жадында сақталған ұстаздары, еңбек жолында көрген өнегелі ағалары, сыйлас та сырлас болған дос-жарандары, әріптестері, абзал да ардақты азаматтар туралы «Оларға ілтипат көрсетуім – азаматтық парызым» деп ағынан жарылады автор.

Өмірден ертерек, екеуі де бір жылда кеткен ата-анасы жерленген Түркістан маңындағы Балтакөл ауылына «Ел тарап кетпесін деп мешіт салдырып, егіске арнап канал қаздырып, орта мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, қолымнан келгенін жасауға тырыстым» деп перзенттік парызын орындай алғанымен де оқырмандармен бөліседі.

Икрам Адырбекұлы бұл еңбегінде әртүрлі жағдайларда еңбектес, әріптес қарым-қатынаста болған көптеген адамдар, елге есімдері белгілі тұлғалар туралы жазып, көпшілігінің бітім-болмысына, мінез-құлқына, жұмысына да байланысты өз ойын білдіріпті. Сондай-ақ бұл кітабында негізінен автордың елшілік қызметте болған кезеңдерінде өзі куә болған, тікелей қатысқан түрлі шаралар мен маңызды кездесулердің протоколдан тыс қалған жайттары мен қызықты оқиғалары бүкпесіз баяндалады.

Икрам Адырбековтың «Елшінің жазбасынан» кітабы – әрине, бірінші кезекте жас дипломаттарға, шет елдерде жүрген елшілерге, түптеп келгенде халықаралық қатынастарға қызығушылық білдіретін қалың оқырманға пайдалы да құнды шығарма.

Мұндай танымдық дүние оқырмандар үшін орасан зор олжа боларына біз де бек сенімдеміз.

Сұлтанбек ТӘУІПБАЕВ,

техника ғылымдарының докторы,

Еркін Әбіл,

жазушы-журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<