Еңбегі ұмытылмайды

901

0

Сыр өңірінің, оның ішінде ауыл шаруашылығының өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан байыпты басшы, шебер ұйымдастырушы, аяулы азамат Виктор Степанович Морозов 79 жасында өмірден озды. Ол кезінде бірнеше мґрте аудандық, облыстық кеңес депутаты болып сайланды.

Қызылорда облысы суармалы егіншілікпен күн көріп отырған Сырдария өзенінің төменгі жағына орналасқаны баршамызға мәлім.

Қазақстан Орталық партия комитеті облыстың басшы­лығына білікті су мамандарын жіберіп отырды. 1960 жылдардан бастап облыстық су, ауыл шаруашылығын өркендету мақ­сатында мемлекет және қоғам қайраткерлері – Мұстақым  Ықсанов, Исатай Әбдікәрімов, Әбубәкір Тыныбаев, Шаймерден Бәкіров Қызылорда солжаға массивін игерудің ұйытқысы болды. Жас кадрлар жауапты қызметтерге тартыла бастады.

Соның бірі Украинаның Мелитоколь ауыл шаруашылығын механикаландыру инс­титу­ты­ның түлегі Виктор Степанович Морозов еді. Ол жолдамамен Қызыл­орда облысына келіп, еңбек жолын Қармақшы ауданы №30 ПМК-да бөлімше механигі болып бастады.

Біздің алғашқы таныстығымыз 1972 жылы Қазалы ауданында ол ПМК-16-ға басшы болып келген кезден басталды, кейін осы мекеменің негізінде ашылған «Казалинскводстрой» тресінде басқарушы болып жұмысын жалғастырды.

Мен ол кезде Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас құрылыс инженері болып қызмет істей­тінмін. Аудандағы күріш егетін шаруашылықтарға гидро­құры­лыс, каналдар қазу сияқты жұмыстарға тапсырыс беріп, келісім-шартқа отыратынмын. Осылайша Виктормен таныс­тығымыз еңбек алаңында басталды.

1974 жылы облыстық пар­ттия комитетінің екінші хатшысы болып келген Сұлтан Момынұлы Сәрсенбаев Қазақстан Су шаруашылығы министрі болып қызмет істеген бұл салада тәжірибесі мол, білікті басшы болатын.

Ол келген күннен бас­тап облыстағы ауыл, су шар­уа­шылығының басшылары: Айса Махамбетов, Ержігіт Бозғұлов, Виктор Морозов, Сабыр Арыстанбаев, Константин Маймин, Омар Әзхожаев, Әскербек Мақұлбеков, Айтбай Көшербаевтармен бір­лесіп жұмыс істеді.

Менің де, 1975 жылдан бастап облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына бастықтың құ­рылыс жөніндегі орынбасары қызметіне келген кезім болатын. Құрылысқа күрделі қаржы Ауыл шаруашылығы министрлігінен бөлініп отырды. Оны орындауға облыстағы 10 трест және жобалау институттарымен келісім-шартқа отырып жұмыс істеу негізгі міндетім еді. Осы кездері Виктор Степановичпен облыстың мүд­десі үшін, қаулы-қарарлар, депутаттық сауалдарды орындау үшін қойын-қолтық жұмыс істеуге тура келді.

Ол Қазалы ауданынан «Кы­зыл­ордаводстрой» тресіне бас­шы болып келді, кейін «Қызыл­орда­мелиорация» бірлес­тігін бас­қарды.

Оның басшылығымен бір­неше совхозда жер тегістеліп инженерлік жүйеге келді, гидро­құрылыстар салынды, тұрғын үй, мектеп, балалар бақшасы, мал бордақылау алаңдары және көптеген өндірістік құрылыстар  бой көтерді. Ең бастысы, облыстағы инженерлік жүйеге келтірілген 240 мың гектар күріш егуге бейімделген жердің бітуіне қосқан үлесі, қолтаңбасы бар.

1990 жылы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сейілбек Шаухаманов ағамыз Мәскеу қаласына КСРО Су шаруашылығы және мелиорация министрлігіне Виктор Степановичті және мені топтық су құбырларын (групповой водопровод) жоспарға енгізуді қорғауға жіберді.

Ұсыныс аталған министр­лікте қаралып жобаға енді, қазіргі салынған және салынып жатқан топтық су құбырларының тарихы сол кезде басталғанын оқырмандардың білгені абзал.

1976 жылы 23 наурызда об­лыстық партия және атқару комитетінің қаулысымен 28 қой совхозында әрқайсысы 5000 бас қой бордақылайтын алаң салу туралы тапсырма болды. Осы аталған құрылысты салуда да Виктор Степановичтің еңбегі зор еді.

Кезінде облыстың эконо­ми­касын көтеруге шын ынтасымен атсалысқан аяулы азамат Виктор Степа­нович Морозовтың еңбек­терін еске алуды азаматтық борышым деп есептеймін.

Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<