Ерлігі елдің есінде

1315

0

         Біздің ұрпақтың өкілдеріне екінші дүниежүзілік соғыстың тірі куәгерлерін көру жазды. Неге екенін қайдам, маған олармен ресми немесе арнайы шақырылған кездесулерден гөрі, бейресми немесе кездейсоқ көргеннен алған әсерлерім зор болды. Жастары егде тартқан, қалың ойға шомып көшеде кетіп бара жатады. Не ойлап бара жатыр, соғыстан қайтпаған майдандас достарын ба, әлде бейбіт күннің келеңсіз көріністерін бе? Бейжай қарай алмайсың. Олармен емен-жарқын сөйлесуге, кәсіби сұхбат алуға жастық, студенттік шақта дайын болмадық. Дегенмен, сирек те болса, олардың бірлі-жарымымен етене жақын сөйлесудің реті келген. «Ұрыс майданы жағдайындағы ең ауыры, ең қиыны неде?» деген сұраққа жауап, шамамен, «соғыстағы ең қиыны – алғашқы күндер, жас жауынгерлік кезең. Дұшпан шабуылы кезінде бірінші болып оққа ұшатын да солар. Тәжірибесі жоқтығынан. Майдангерлердің арасында «алғашқы артиллериялық шабуылдан аман қалғаннан солдат шығады» деген сөз де қалған». Осы  сұрақты кейін ауған соғысына қатысқандарға қойғанда олардың жауаптары да «әкелерінің» жауаптарымен сәйкес келді.

         Бұл тұрғыдан алғанда Кеңес Одағының батыры Жәлел Қизатовтың жолы болды. Әскери қызметке 1940 жылы шақырылған оның соғыс басталғанға дейін бір жылдық кәсіби жауынгерлік дайындығы болды. Оқу жаттығу кезінде қару-жарақ түрлері мен ұрыс даласындағы жауынгерлік шеберліктің барлық  құпиясын жетік игергені сондай, ол соғысқа лейтенант шенінде кірді деуге болады. Бұдан  әскерге дейін, оның ауылшаруашылық техникумын бітіргенін, бастауыш мектеп директоры болғанын, сырттай тарих-филология факультетіне түскенін қосыңыз. Сондықтан полк, батальон басшылары оны жас жауынгерлерді дайындауға көп жұмсады. Артиллериялық шабуыл кезінде снарядтардың  түсетін  тұсын шамалау, снаряд жарылысынан пайда болған шұңқырға жасырына білу, жаудың атыс ұяларын сезіну, окоп ішінде позиция алмастыру, жаудың нысанасына іліккен жағдайда қалай бой тасалау, жақын ұрыстың ұңғыл-шұңғылы,  ең бастысы,  үрейге бой алдырмау – барлығын жас жауынгерлердің бойына сіңіру оңай емес. Дайындықсыз ұрысқа салынғандықтан, қаншама жас жауынгер соғыстың алғашқы күндері-ақ командирлердің кінәсінан қыршын кетті десеңізші! Арнайы дайындықтан өтпеген немесе атүсті асығыс өткізілген жауынгерлерді ұрысқа салудың салдарынан Кеңес Армиясында шығынның зор болғаны сондай, соғыстан кейінгі жылдары, осы мәселе төңірегінде көптеген жауапты қолбасшыларға өте байсалды кінәлар артылады. Олардың ішінде атақты маршал Г.К.Жуковтың болғаны да белгілі. Осы тұрғыдан алғанда өзінің бай тәжірибесін жас жауынгерлерге барынша беруге тырысқан Ж.Қизатовтың қанша жауынгерлердің өмірін ұзартуға ат салысқанын елестетуге болады.

         Ж.Қизатовтың ерлігі екінші дүние жүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысып, Ұлы Отан соғысының  ең ірі шайқастарына қатысқандығында, Сталинград, Курск, Одесса, Керчь және т.б. қалаларды қорғауға, Украина, Белоруссия, Польшаны азат етуге қатысып, Днепрден өткені үшін 1944 жылы Кеңес Одағының батыры атанғандығында, соғысты Берлинде аяқтағанында ғана емес, оның осыншалықты ұрысқа қатысып, жаудың оғын өзіне дарытпай, аман қалғанында, жауды талқандауға үздіксіз және үзіліссіз қатысқандығында, жауынгерлік соғысу өнерінде. Сөйтіп, Ұлы Жеңісті жақындатуға барынша нақты және жеке үлес қосқандығында болса керек. Бұл тек сайыпқыран сарбаздың, батырдың батырының қолынан келетін тағдырдың жазуы, тұлға болып ерте есейген адамның қолынан келетін  ісі. Сондықтан оның өмірі мен қызметінде ел тарихының дамуындағы үрдістер мен негізгі оқиғаларының көрініс табуы заңдылық. 1920-жылы туылғандықтан ол жас та болса 1930-жылдардағы кеңестік қуғын-сүргін құрбандарының қасіретті тағдырынан хабарсыз болған емес. Соғыс жылдарындағы оның қызметі жауынгерлік майдан міндеттерімен шектелген жоқ. Жауынгерлер бір-бірінен үйренді, біріне бірі ұстаз бола білді. Бұрынғы бастауыш мектеп директоры және орыс тіліне жетік Жәлел Қизатовтың тәлімгерлік қыры да майдан окоптарында жарқын көрінді. Кеңес армиясы көпұлтты армия болғандықтан, соғыс жылдарында орыс тіліне шорқақ немесе мүлде білмейтін ұлттық республикалардан  шыққан жауынгерлер көп болды. Ол сондықтан қай майданда жүрсе де Орталық Азияның түркі тектес өзбек, қазақ, қырғыз, ұйғыр, қарақалпақ және әзербайжан жауынгерлері арасында аудармашылықты қоса атқарды. Осылайша, Жәлел Қизатовтың «жауынгерлік және саяси дайындықтары» табысты өсе түсті. Сондай-ақ «Артиллерия» қабырға газетінің редакторы және батарея саяси жетекшісінің орынбасары болып бекітілді.

       Мақаламызды батырдың армиядағы әскери-тәлімдік бағыттағы жұмыстарына  пәрмен бере бастауымыздың себептері де бар. Себебі, мақалаға дайындық жұмыстарын жүргізіп, қажетті материалдарды іріктегенде көптеген авторлар батыр тұлғасының  нақ осы бағытына жеткілікті мән бермегендей көрінді. Әрине, Ж.Қизатовты көпшілік әуелден Кеңес Одағының батыры, бейбіт өмірде партия, кеңес орындарында үлкен басшылық қызметте болған адам ретінде біледі. Бірақ оның тарихшы да,  бастауыш мектебінің директоры да болғанын екінін бірі біле бермейді.

     Ұзақ жыл соғыс жағдайында өмір сүрген адамдардың бейбіт өмірге оралуы, бейімделуі оңай болмайды деседі. Алайда, бұл Ж.Қизатовқа қатысты емес. 1945-жылдың соңында демобилизацияланған батырдың бейбіт өмірдегі мансабы да жаман болған жоқ. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы болғандықтан майданнан оралысымен ол әуелгіде Совет ауданы партия ұйымының хатшысы, 1948-1952 жылдары Ленин ауданы атқару комитетінің, 1952-1958-жылдары Булаев ауданы атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1956 жылы Булаев ауданы  шаруашылығындағы жоғары көрсеткіштері үшін Ж.Қизатов екінші Ленин орденімен марапатталады. Осылайша, ол енді еңбек майданының батыры атанды. Алайда, осындай жетістіктерге қарамастан батырдың сол жылдардағы Солтүстік Қазақстан облысы басшыларымен қарым-қатынасы шиеленісе түседі. Бұл еліміздегі хрущевтік «жылымық» жылдарындағы шаруашылықтың әпербақандықтарымен байланысты еді.

         Кеңестік тың және  тыңайған жерлерді игеру науқаны республиканың солтүстік аудандарында үлкен қиыншылықтармен, шаруашылықтардағы берекесіздіктерімен қатар жүрді. «Сырттан маман кадрларды тасымай материалдық-техникалық көмек көрсетілсе өз күшімізбен тың және тыңайған жерлерді игереміз»,- деп  Н.С.Хрущев қатысқан жиналыста сөйлеуі үшін мінез көрсету қажет еді. Ондай мінезді батыр көрсетті де. Жалпы соғыста ерлік көрсеткеннен, азаматтық өмірде ерлік көрсету ауыр ма деп ойлайсың. 1958 жылы Никита Хрущев КСРО Қорғаныс  министрі қызметінен маршал  Г.К. Жуковты босатқанда Ж.Қизатов шағын топтағы әңгіме барысында бұл шешімді өткір сынға алады. Оның пікірі облыстық партия комитетіне жетіп,  аудандық атқару комитеті төрағалығынан «Тамань дивизиясы» совхозының директорлығына төмендетіліп, қатаң партиялық сөгіс алады. Бейбіт өмірдегі батырды шеттету мұнымен шектелмесе керек. 1964 жылы  СОКП-ның қазан пленумында Н.С. Хрущев қызметінен босатылғаннан кейін ғана, одан партиялық сөгісі алынады. Көп ұзамай сол уақыттағы Республика астық өнімдері министрі Е.Н. Әуелбековтің ұсынысмен ол 1968-1987 жылдары Қызылорда облысы астық өнімдері басқармасының бастығы болып тағайындалады. 1988-1997 жылдары облыстық табиғатты қорғау қоғамы төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарады.

      Ж.Қизатов бітімінің келесі бір қыры, оның жазушылығы, батыр 4 кітап жазған және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қайсыбір жылдары батырдың жерлесі, менің курстас досым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанмен бірге Ж.Қизатовтың қызы Гуля Жәлелқызының үйінде қонақ болғаным бар. Үйден шығарда Гуля Жәлелқызы әкесінің кітабын сыйлаған. Оқып шықтым. Лайықты еңбек. Әсіресе, автордың «Кескілескен соғыстан соң шұңқырдан шығып жан-жағына көз салған жауынгердің көргені жұлынған қолдар мен аяқтар, денесінен ажыраған бас… Күл-паршасы шыққан адам мүрдесіне қарау мүмкін емес. Сұмдық. Әр жерден ыңырсыған, жаны қиналған жаралылар мен өлім аузында арпалысып жатқан адамдар… Осы кең далада менен басқа тірі адам қалмағандай. Қорқынышты оймен өлі денелер арасынан амалсыз жылжи отырып, шынымен де ақыр заман келгені ме деген қорқынышты ой тұла бойымды түршіктіре түсті» деген жолдарды оқығанда маған Л.Толстойдың «Севастополь әңгімелерінен» алған әсерім  еріксіз еске түсті.

Ж.Қизатов қарапайым жауынгерден қоғам және мемлекет қайраткері деңгейіне дейін көтерілді. Ол 1958-жылдары 3-ші және 4-ші шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1990-1993 жылдары 12-ші шақырылған ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты бола жүріп соғыс ардагерлері мен әлеуметтік жағынан әлсіз отбасыларын қорғаған көптеген заңдардың қабылдануының бастамашысы болды. Еңбек демалысына шыққаннан кейін де Жәлел Қизатов өзінің азаматтық белсендігін бәсеңдеткен емес. Халықтың өзі берген азамат, батыр, қоғам және  мемлекет қайраткері  бағасына лайықты өмір сүрді. Жәлел Қизатовтың ерлікке толы жауынгерлік, азаматтық, қайраткерлік тәжірибесі бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған қиыншылықтары мен сынақтарын жеңуіне  үлгі-өнеге екені күмәнсіз.

Т.СӘТБАЙ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры,  тарих ғылымдарының докторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<