Ғұламалар жолы

138

0

Елімізде философтар баршылық. Сол көп философтардың ішінде Ғарифолла Есімнің шоқтығы биік. Ойлау жүйесі, тақырыпты ашуы таңғалдырады. Үнемі жаңа идея, тың тақырыпты аша біледі. Бір сөздің өзін талдап, жіліктеп жазғанын тамсанып тұрып оқимыз. Ол әсіресе, «Адам-Зат» кітабында көрініс тапқан.

Абай Құнанбайұлының шы­ғарма­шылығына саналы ғұмырын арнап «Хакім Абай» деп кітап шығарғанын жұрт біледі. Кітапта Абайдың хакімдігін дәлелдеп, Абайды оқыр­манға жақындатты. Әр өлеңін, қарасөзін тұңғыш рет герменевтикалық әдіспен жалпақ жұртқа ұғынықты тілмен түсіндіріп береді.

Абайдың хакімдігін тереңнен толғап, тебірене отырып талдаған Ғарифолла Есімнің әрбір ой-тұжы­рымы, ұсыныс-пікірлері өзінің жаңашылдығымен, жаңаша көз­қара­сымен баурайды.

Осы мақаланы жазудағы мақсатым – «Қазақстан Респуб­ликасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығына» үміткер ретінде ұсынылған белгілі ғалым, абайтанушы Ғарифолла Есімнің «Ғұлама-Нәме»  атты трилогия туралы өз жүрекжарды ойымды қағазға түсіріп, қолдау көрсету. «Ғұлама-Нәме» – автордың ұзақ ізденісімен, толғанымынан, нақтылы зерттеулер нәтижесінен туған аса құнды шығарма. «Ғұлама-Нәме» – қазақ ойшылдарына арналған кең тыныс­ты, герменевтикалық тәсілмен жазылған әдеби-философиялық еңбек. Бұл трилогияның өмірге келуі Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана мүмкін болды. Академик ағамыз бұл трилогияны жазуға ширек ғасыр өмірін арнады.

Ғарифолла Есім елімізде философия ғылымына жаңа толқын әкеліп, қазақ философиясының абыройын асқақтатты. Ұстаздық жолды таңдап, маңайына үнемі жастарды тартып жүретіндігі қызық. Өзіндік мектеп қалыптастырып, шәкірт тәрбиелеуде. Трилогияның бастауы арғы заманның VI-VII ғасырларда өмір сүрген атақты сақ ғұламасы Анахарсистен бас­тау алады. Ежелгі грек ойшылы Платон Анахарсисті құрмет тұтқан. Анахарсис туралы Платон мынадай түсініктеме берген: «Анахарсис – аты аңызға айналған скиф, данышпандығымен атағы шыққан ғұлама». Сақ ғұламасы Анахарсис өте білімді шешен, қайсар адам болған. Анахарсис айтты деген сөздер осы күнге дейін жеткен. Бірде-бір афиндік Анахарсистің «Жабайы тағы елден келгенсіз» деп мазасын ала беріпті. Сонда Анахарсис оған «Мен үшін менің елім масқара, ал сен өз еліңнің масқарасысың» деген екен. Ежелгі грек елінде скифтер осылай сөйлейді» деген мақал сақталыпты. Біздің тарихымыздың тереңдігін сонау, арғы заманғы сақтардан бастау алатындығын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты стратегиялық мақаласында атап көрсетті. Ғарифолла Есім осы трилогияда қазақ дүниетанымының негізі сақтардан бас­тау алатындығын, нақтылап айтсақ, ұлы сақ ғұламасы Анахарсистің дүниетанымдық көзқарасынан бастау алатындығын ғылыми тұрғыда дәлелдейді. Сондықтан да Анахарсис бабамызды ғылыми-танымдық тұрғыдан дәлелдеген алғашқы қазақ ғалымы Ғарифолла Есім екендігін мойындайтын уақыт жеткен секілді.

Түркі әлемінде аты аңызға айналған ғұлама Қорқыт ата туралы көптеген аңыздар, әртүрлі пікірлер бар. Ғарифолла Есім осы трилогияда Қорқыт біз үшін кім деп сұрақ қойып оның жауабын іздейді. Қорқыттан қалған сөздер, күйлері он бір ғасыр бойы ұмытылмай, ел жадында сақталған. Ойлансақ, Қорқыттың мұрасын ұмыттырмай келген халық. Қорқыт – өлім мен құт бір ұғым емес пе деген ғұламалық ой қозғаған адам. Осы ғұламалық ой біздің заманға аңыз арқылы жеткен. Аңыз – ақиқатты жеткізудің бір формасы. Құт – адамның ғұмыры. Бұл терең философия. Осындай күрделі дүниетанымды ата-бабаларымыз он бір ғасыр бойы сақтап бізге жеткізген. Сонда Қорқыт дегеніміз – өзі идея. Қорқытты тудырған уақыт, мәдени орта. Қорқыт дүниетанымдық формула. Соның нәтижесінде Қорқыттың ғұламалық дүниетанымы қалыптас­қан. Қорқыттың ой-толғамы бізге аңыз арқылы жеткенмен, аңыздың арғы жағында ақиқат бар. Қорқыттың ақиқаты ол – ғұмыр, өмір, құт. Қорқыт жан жұмбағын шеше алмады. Жан жұмбағы адамға «тас қамал». Жан жұмбағы – априори. Қорқыт жан жұмбағы шешілмейтінін сезді. Ол жан жұмбағын шешуге болмайтынын түсінген, сондықтан, өзінің ғұмырын жанға қызмет етуге арнаған. Қорқыт жан жұмбағын шешпегенімен, одан да биік, ой формуласын тапты. Қорқыт өмірді өнерге айналдырды. Қорқыт табиғатқа тіл бітірді. Қобыз – табиғат. Саз үні, қобыз үні мұңды. Басқадай болуы мүмкін емес еді. Қорқыт мәңгіліктің сырын ашты. Өнер – мәңгілік. Қорқыт мәңгілік өмірдің әуезін, үндестігін гармониясын тапты. Мәңгіліктің формуласын жасады. Қорқыт – әлемді метафора арқылы түсінудің биік формуласын жасаған ғұлама. Ол формуланың мағынасы – өмірді өнерге айналдыру. 

Бұл – дүниеге деген мағмұрлық сезімді оятатын және тәрбиелейтін творчестволық сана.  Сондықтан Қорқытты кейбір зерттеушілер айтатындай, әдебиет, тарих оқулықтарында кездесіп жүрген Қорқыт ажалдан қашқан адам деген түсінік ешқандай шындыққа жанаспайды деп тұжырымдайды Ғарифолла Есім. Сонымен қатар Ғарифолла Есім өз еңбегінде ұлы ғұламаларымыз әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұн туралы да тың ой-пікірлер айтады. Осы ғұламалардың мұрасын жалғастырушы, қазақ топырағынан көптеген ойшылдар шықты. Бұл қазақ топырағының тектілігінің, мәңгілігінің белгісі деп білеміз. Осы ғұламалардың ішінде Хакім Абайдың, данышпан Шәкәрімнің, кемеңгер Мұхтардың алатын орны ерекше.

«Ғұлама-Нәме» еңбегінде Хакім Абайдың даналық дүниетанымына талдау жасап, көптеген ғалымдарымыз байқай бермеген ой иірімдеріне тереңдей түскен. Әрине, бүгінгі күнде абайтанушылар көп. Бірақ, Абайды терең түсіндім деп айта алатындар өте аз. Абайды танып, білу қиын. Хакім Абайдың тұңғиық әлеміне үңілген сайын оның одан әрі тереңдей түсетіндігі, заңғарына көз тастаған сайын биіктей түсетіндігі анық.

Қай заманда болмасын адам­дардың ізденісі тоқтамаған. Ғарифолла Есімде үнемі ізденісте. Жаңа идея ұсынып, сол идеямен өмір сүретін ойшыл. «Жақсы қазақ» деген идея ұсынып өзі де жақсы, терең ғалымға айналды. Жаңаша ойлауға тырысып, жастармен бірге жарасымды ғұмыр кешіп келеді.

Сайып келгенде, мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Ғұлама-Нәме» трилогиясының мазмұны терең, халыққа берері мол, шыншылдығы мен ғибраты үйлесім тапқан. Хакім Абайдың ұшан-теңіз ой-толғамдарының мәні мен мазмұны ашылып, құндылығы арта түскен. Ғарифолла Есім замандасымыз – ойлы. Ойландыратын дү­ниелер жазушы. Қазақ ойына сілкініс туғызған. Әсіресе, эссе жазудағы шеберлігі, сөзге жан беріп, ойнатып жіберетіндігіне таңғаламын. Академик Ғарифолла есімнің Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Омарханұлының рухани мұрасы­на адалдығы, оларды ұстазым деп ұлықтауы өз алдына ұзақ тақырып.  Академик Зейнолла Қабдолов философтар арасында Ғарифолла Есімді ерекше құрметтеп, сыйлапты. Сол ағамыздың сөзін келтіре кетуді жөн санадым: «Ғарифолла Есім – Қазақ философиясын қазақ рельсіне, яғни сан ғасырлық тарихы бар осындай іргелі ғылымды қазақтың ұлттық арнасына әкеліп табанын тіреттің. Осының үшін мен саған шексіз рақметімді айтамын. Осыған қолымыз жеткенше қанша жыл адастық, қанша жыл күттік, аңсадық. Ал, сен бар болғаны соңғы он жылдың ішінде жазылған, жарық көрген дүниелерің арқылы барлығымыздың көзімізді аштың. Еліңе, ұлтыңа осылайша баға жетпес олжа салдың. Сондықтан мен саған ризамын, қазақ ғылымы, қазақтың ұлттық философиялық ғылымы сол үшін де саған қарыздар» – деген екен. Ғарифолла Есімге берілген шынайы, орынды айтылған баға деп білемін.  «Ғұлама-Нәме» еңбегінде «Философия – адамшылық жолын­дағы қараңғы қалтарыстарда қол­ға ұстайтын шамшырақ», – деген кемеңгер Мұхтар Әуезовтің анықтамасын береді. Шын мәні­сінде, ой тәрбиелейтін, қараңғы халық­ты жарық сәулеге жетелейтін ғылым – философия. Көп жағдайда фило­софияны түсінбегендіктен, алып-қашпа сөздерде айтылады. Деген­мен, философия ғылымын Қазақстанда түсінікті тілмен түсін­діріп, абыройын көтеріп жүрген Ғарифолла Есімнің еңбегі зор деп білемін.   

Мемлекеттік сыйлыққа ұсыныл­ған көлемді еңбек үш кітап, барлы­ғы 628 беттен тұрады. Бірінші кітап – Хакім Абайдың  фило­софиялық дүниетанымына арналған. Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қарасөздеріне герменевтикалық талдау жасалған. Хәкім Абайдың философиялық мұрасын терең зерттеген бірден-бір философ Ғарифолла Есім десек, біз қателеспейміз. Хакім деп кімді айтамыз. Абайдың өзіне жүгінсек, «әрбір ғалым хакім емес, ал әрбір хакім ғалым». Ғарифолла Есімнің пікірінше, хакім дегеніміз, істің себебін іздеуші ойшыл адам. Аз сөзбен телегей теңіз ойды білдіретін адам. Бір ауыз сөзбен адамның болмысын аша алатын адам. Абай хакім ойшыл. Хакім Абай – әлемдік тұлға. Адамзатқа ортақ қазына. Абай – әрбір қазақтың кеңесшісі, ақыл қосар ағайыны, тағдыры бір туысы, сыншысы, жол сілтейтін көсемі. Абайдың өлеңдері таза ауа секілді, ішкенде мөлдір су секілді, алдыңдағы тәтті дәм секілді, жер қонағы ақ жауындай, өне бойыңа Абай сөздері сіңе береді, сіңе береді. Міне, Ғарифолла Есім трилогияда Абай туралы осылай толғайды.

Екінші кітап, «Данышпан Шәкәрім» деп аталады. Бұл кітапта Шәкәрім Құдайбердіұлының ар іліміне кеңінен тоқталып, адамзатқа қатысты жеті жүйені: тән жүйесі, жан жүйесі, нәпсі жүйесі, сана жүйесі, көңіл жүйесі, рух жүйесі және ар жүйесіне кеңінен тоқталып, әр жүйенің мән-маңызын ашып берген. Үшінші кітап, «Кемеңгер Мұхтар» деп аталады. Яғни, Мұхтар Әуезовтің шығармашылығына қа­тыс­ты, өз тұжырымын жасаған. Жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» еңбегін оқып отырып, Абайдың, Құнанбайдың шынайы образын ашып береді. Бір жағынан, бұл кітапты «Абай жолы» романына түсініктеме деп қабылдаған дұрыс.

Ғарифолла Есімнің «Ғұлама-Нәме» трилогиясы – аяқталған, жүйе­ленген еңбек. Басы бар, түйіні жасалған шығарма. Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дық мерейтойы қарсаңында «Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлы­ғына» лайықты шығарма деп білеміз.

Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз