ХАЛҚЫ ҚҰРМЕТТЕГЕН ҚАДІРЛІ ЖАН

428

0

  Елде ұжымдық шаруашылықтар, колхоздар құрылып, халықтың қарны енді тойына бастаған кезі еді. Батыста соғыс бұрқ ете қалды. Әкесі Адран Найзақара баласы 1942 жылдың маусымында майданға аттанды. Отбасында анасы Әлима, ағасы Төлепберген 5 жаста, Еркесары 3 жас шамасында, ал Жансары құндақтаулы сәби күйінде қалды.
Анасы колхоз жұмысына кеткенде бүкіл үй шаруасын Еркесары өзі атқаратын. Ол кезде балаларды да жұмысқа алып баратын. Масақ теріп, шөп жинап, тарыны торғайдан қорғап олар да тыным таппайтын. Соғыс балалары осындай қиындықпен ерте есейді. Анасы Әлиманың жанында жүріп өмірге құштарлығы артты, қажыр-қайратын шыңдады. Орта мектепті бітірген соң Орал қаласындағы кооперативтік сауда техникумына оқуға түсіп, оны үздік бітіріп шықты. Еңбек жолын 1962 жылы Киров атындағы ұжымшарда «Қызыл Октябрь» сельпосында аға есепші болып  бастады.
Іскерлігімен және біліктілігімен көзге түскен жас маман 1965 жылы осы мекемеге басқарма төрағасы болып сайланды. Кейін ол Киров сауда мекемесі болып қайта құрылды. Республикаға белгілі осы ұжымды 40 жылға жуық басқарып, үлкен құрметпен зейнет демалысына шыққан еді.
Алпысыншы жылдардың басында ел ішінде үлкен азық-түлік тапшылығы болды. Халыққа сататын ұн болмай, күнделікті қажетті асқатық майы, жанармай, сабын, тағы басқа азық пен тауар карточкамен берілді. Бұдан кейінгі жылдарда да елді қамтамасыз ету оңайға түскен жоқ. Сондықтан бар салмақ ауылдағы сауда мекемелеріне түсті. Облыстағы сауда базасынан бөлінетін керекті заттар оңайлықпен беріле салмайды. Жақсы, өтімді тауарларды бөлуге облыстық тұтынушылар одағынан бастап, сауда базалары, обком мен аупартком араласатын. Кеңестік жүйеде сауда саласының қызығы мен шыжығы көп болатын. Ал, тексерушілер саны одан аспаса кем түспейтін.
Заман түзеліп, ел экономикасы көтерілген кезеңде кооперацияларға түрлі кәсіппен айналысуға еркіндік берілді. Соның нәтижесінде сауда мекемелерінің жанынан нан цехы, тігін шеберханасы, қосалқы шаруашылықтар ашу қолға алынды. Сонымен қатар халықтан құрт, май, ірімшік жинап, дүкендерде сату жолға қойылды. Мұндай жұмыстарды Еркесары Адранова басқаратын Киров сауда мекемесі үлгілі ұйымдастырды. Мекеме шаруашылықпен бірлесе жұмыс істеп мал төлдету, егін егу, басқа да науқанды жұмыстарына қызмет көрсететін. Кооперация балабақша, аурухана, жазғы лагерь орындарына да қызмет жасады. Киров сауда мекемесінің өнегелі жұмыстарын көпшілікке тарату мақсатында мұнда бірнеше рет республикалық, облыстық семинар-кеңестер мен жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Директордың басшылығымен жүзеге асқан игі шаралар облыс, аудан тарапынан жоғары бағасын алды.
Міне, Еркесары Адранова осындай қиын жұмыстың басы-қасында жүріп, өзінің қажырлы еңбегінің, ақыл-парасатының, көпшілікке қамқорлығының арқасында бір орында табан аудармастан 40 жыл абыройлы қызмет атқарды. Ерен еңбегінің нәтижесінде ел қалаулысы Сырдария ауданының құрметті азаматы атанды. Мемлекеттің бірнеше наградаларымен марапатталып, есімі Қазақстан Республикасының Алтын Құрмет кітабына жазылды. Зейнет демалысына шыққан соң да ел өміріне белсене араласып, халықты ауызбіршілікке, имандылыққа үндеді. Қажылық сапарға барып қайтты.
«Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» дегендей, соғыс жылдары көптеген отбасылар асқар тауы құлап, қаралы күндерді бастан кешірді. Әкесі Адран майданға аттанғанда ол 3-4 жаста ғана еді. Әкенің ыстық құшағын емірене иіскеп, мауқын басып үлгермеген балаларға сол жылдар өте ауыр тиді. Бір үйге қара қағаз келсе, ауыл шулап қалатын сол заманды нәзік бала жүректері сезіп те, көріп те өсті. Елдегі осындай жағдайды білетін Әлима анасы үш перзентін аялап өсірді. Сұрапыл соғыста жауынгердің қаза тапқаны жайлы хабар жеткен. Әлима балаларына боздақ Адранның бақұл бейнесін әңгімелеп отырғанда, олар үн-түнсіз тыңдап отыратын еді. Жетімдер де жетіліп, осылай ержетті.
Бейбіт заман орнап, ол еңсесін тіктеп, жан-жағына қарап, майданнан оралмаған боздақтарын іздеп-тауып, ескерткіш қойып, ас беріп жатқан кезде Әлима ана бір толғансын деңіз.
Бір күні дастархан үстінде кейуана ұлы Төлепберген мен қыздары Еркесары мен Жансарыны, келіні Дәмеш пен немерелерінің алдында отырып, «ал, енді сендер ержеттіңдер, шүкір, біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүріп жүрсіңдер» деп келелі әңгіменің басын бастады. Әрі қарай осы жұрт әкесін іздеп тауып, ас беріп, ескерткіш қойып жатыр. Ал, мен сендердің әкелеріңе қай жерден топырақ бұйырғанын білгім келеді. Ең болмаса, құдай қосқан қосағымның топырағын бір иіскеп, о дүниеге аттансам менде арман болмас еді» – дейді қария ағынан жарылып.
Еркесары «апа-ау, шалыңды сағынған екенсің ғой» деп жұртты бір күлдіріп алды да, «әкеміздің жерленген жерін іздейміз, топырағын жаныңа қоямыз» – деп тарасты.
Майданнан оралмаған боздақты іздеу басталды. Облыстық әскери комиссариатына, КСРО Қорғаныс министрлігіне арнайы хат жолданғанымен, нақты хабар болмады. Сөйтіп жүргенде, М.Исаев пен Х.Ембергеновтің «Боздақтар» кітабының бірінші томы жарық көрді. Сол кітаптың ішінде «Адран атамыз Ленинград түбіндегі Маленовка селосында бауырластар зиратында жерленген» деп жазылыпты. Содан бірнеше ай өткесін Хамит Ембергенов сүйінші сұрап, «әкелеріңнің жатқан жері табылды, кітаптағы жазылғаны қате екен» деп хабар жеткізді. Адранның жерленген жері – Украинаның Луганское  облысы, Славяносербск ауданы, осы қыстақтағы бауырластар зираты екен.
Әке мейірімін аңсап өскен Еркесары сөйтіп алыс жолға шықты. Жанына Махмуд деген Рахымжанның жолдас баласын ертіп, алыстағы Украина жеріне аттанды. Аман-есен барып келіп, атамыздың зиратынан топырақ әкеліп, анасының жанына қойды. Келгесін елді жинап ас беріп, құран бағыштады. Басына көктас жазып қойды. Сөйтіп, әкеге деген перзенттік парыз, ана аманаты орындалды. Бүкіл ел, ағайын-туған риза болып, батасын берді.
Ол өзінің және ағайынның балаларын бірдей көріп, бәріне тәрбиесін, қамқорлығын аяған жоқ. Қайраты орта мектепті үздік бітіріп, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы мемлекеттік университеттің заң факультетін тәмамдады. Қазір осы салада жауапты қызмет атқаруда. Келіні Жанар Кентбаева – Қорқыт ата атындағы университеттің түлегі. Арман, Жазира, Нұрперзент, Ерасыл есімді немерелері мен шөпшегінің қолынан су ішкен бақытты әже болды.
Інісіндей болған бізге қамқорлығы мен тәрбиесі көп болды. Халық қалаулысы аяулы апай есімінің Маханбетов ауылының бір көшесіне берілуі осындай құрметтің жарқын көрінісі деп білеміз.
Сайлау НҰРСЕЙІТОВ,
Ж.Махамбетов ауылы,
 Қызылорда қаласы.