Көкейтесті

1084

0

***

Машина «Бұлақ»  жайлауына жақындады, әр тұстан жылқы үйірлері көріне бастады. Машина үстіндегілер ойға шомған. Олардың жасы үлкені – Жантөре еді. Иә, баяғы Орынборға жер ауып кететін Сарықұл байдың баласы – Жантөре еді бұл. Орынбор маңында тұрып, жасы ұлғая келе онда бір көкейтестілер пайда болған-ды, бұл сапарда да ол соның жетегінде келе жатқан. Өкіметтің де жайын ұқты, әсіресе, көршілері Натальяның тағдыры оны қатты ойландырған еді. Бейшара әйелдің көрмегені жоқ, бір жыл ғана отасқан күйеуі әскерге шақырылды, Фин соғысына қатысты, одан кейін фашизммен соғысты, Берлинді алуға қатысты, барлаушы есімі аңызға айналды, Совет Одағының Батыры атанды, бірақ соғыс бітіп, елге оралысымен,1946 жылы оны қайта ұстап әкетті. Сөйтсе, барлауда жүргенде ауыр жарақат алып, неміс тұтқынында үш күн болған екен, сол бәле боп жабысты, он жылға соттады. Ақыры түрмеде өлді, оның хабары келгенде әйелді әзер жұбатқан еді бұлар. Кейін, 1957 жылы оны ақтады, село, аудан басшылары келіп құттықтап, Совет Одағының батырының семьясы, – деп әспеттеп жатқанда оның: «Құрып кетсінші бәрі… Кім үшін соғысты… Кімге керек ол атақ…, маған атақ емес, оның өзі керек еді ғой» дегені мұның есінен кетер емес. Иә, сол соғысқа бұл да қатысты, Плиев деген генералдың атты әскерінде болды. Талай боздақ кетті ғой, бұл болса бірнеше рет жеңіл жарақат алғаны болмаса, бес жыл қырғыннан аман қайтты. Шешесі айтқандай «Құдай-аруақ жар болып, періштесі қаққан болар». Иә…Атамекенге қайта алмай қалды, 1952 жылы Натальяны зорламақ болған мас КГБ қызметкерін сабағаны үшін әкесі айыпты болып шыға келді. Саяси мән беріліп, Сібір кетіп қала жаздады, ұлғайған жасына да қараған жоқ. Ауыл болып ара түсіп, одан аман қалды, 15 жыл шартты жазаға кесілді, ауылынан шығуға тыйым салынды. Сөйтіп, бұлар Сталин өлгеннен кейінгі кеңшілікке ілінбей қалды. Одан шешесі өмірден озды да, әкесі не болса да осы жерде қалуды ұйғарды. Кемпірі жатқан бейітке күніне бір барып келіп: «Шешеңді жалғыз қалдыра алмаймыз ғой, балам» дейтін бұған ол. Ие…өмір-ай. Оу, әділдік дегенің ит болып кеткен бе сонда?!

Иә, әке-шеше жат жерде жерленді, туған жерден алыс демесең, әкесі елдегі туыстарымен байланыста болды. Қалай ретін келтіргенін өзі білер, бірақ, Орскіге барып, қалааралық байланыспен Аралмен сөйлесетін. «Орынбор жақын емес пе?» деген бұған, ол: «Түлкі айтыпты ғой: 99 мың айлам бар, бірақ ең жақсысы көрінбеген» деп. Біздікі із тастау, жұртқа зиянымыз тимеу керек», – деген еді. Оның көзі тірісінде бұл еңбек демалысында Аралға келіп, қонақүйде автобаза директоры Оразғалимен кездесті. Ол әкесіне уәде бергенін айтты, ертеңіне бұл Саздыға пошта таситын машинаға отырды, бастығының, әрі туысының қатаң тапсырмасына сай Теңізбай мұны жұртқа дабыра қылмай, баяғы екі жидеге апарды. Бұл пісіп тұрған жиденің қос уысын және оның түбінен орамалға түйіп топырақ алды. Әке тапсырмасы еді бұл, жиде мен топырақты апарғанда жетпістен асқан қария қандай қуанды десеңші. «Балам, енді бақилық болып кете қалсам да қабірге салар туған жер топырағы бар қолымызда. Бұл дегенің бақыт қой, ұлым. Апыр-ай, жиделердің әлі тұрғаны… Жаратқан ием! Құдыретің шексіз-ау, туған жердің жидесінен ауыз тиермін – деп кім ойлаған». Иә, осыдан соң әкесі екі-үш жыл бақытты ғұмыр кешті, бұрын тұйықтау көрінетін адам ашылып, небір әзіл әңгімелерді келістіре айтатын болды, қалжыңдары да ел аузында жүрді. Бұл әкесінің көкейтестісі, арманы орындалғанын ұқты.

Сол Саздыға барған сапарында пошта меңгерушісінің үйіне қарсы салынған Сенбінің үйі тұсынан өтті, қасында мысық пен күшік, көлеңкеде сақалы шошаң-шошаң етіп, өзімен өзі карта ойнап отырған шалдың Сенбі екеніне, ал көне галошты тырп-тырп еткізіп сүйрете басқан кішкентай қара кемпірдің баяғы Әй-апасы екеніне әуелгіде сенбеген еді. Бәрін ой елегінен өткізе келе, ол бала кезгі ұғымының быт-шыты шыққанын білді. Бір көкейтестісі – Әй-апасын көру еді, бұлай болады деп ойлапты ма?! Завпошта Игі аңқылдаған жан екен, көршілерінің баласы болмағанын, туыстарынан бала асырап алғанын айтты әңгіме арасында. Бұл Аралға қайтуға асыққан сонда.

Ие… өмір-ай, алды-артына қаратпайсың-ау адамның… Зымырап өтіп жатқан күндер… Бала болса да қоржынға байланысты оқиға есте қалып қойыпты… Салт атты қазақтың қоржынды сылқ еткізіп арбаға тастай салғаны да есте… Кейін әкесі де көп айтатын: «Балам, күндердің күнінде Тәжібайдың Әбілінің ұрпағына кездесе қалсаң, жасым үлкен деп тұрып қалма, кішкентай баласы болса да сәлем бер. Біздің өлмей аман қалғанымыз сол жеткізген қоржынның арқасы…Ұмытушы болма!» деп.

«Қап, мына жігіттің кім екенін әуелгіде білмей қалғанын қарашы, әке аманатына қиянат болды ма екен?! Жоқ, бір ретін тауып  бәрін түсіндірермін оған». Осы сапардың қиындығы, өзі қызмет ететін Орск және Арал автобаза бастықтары арасындағы келісімге қол жеткізуі, мұнда келгесін Оразғалиға осы фермаға көмекке жіберуді ұйымдастыртуы санасында жалт етті. «Е… бұлар менің жайымды қайдан білсін?! Туған жерде тайраңдап жүр ғой. Ал, біз туған жерді түсімізде көреміз. Соны ұғар ма екен бұлар. Күрең қасқадан тұқым қалған шығар… Кешке оңаша алып шығып, мына жігітке сәлем берейін, сөйтіп әке аманатын орындайын. Бір ат таңдап мінейін деп сұрайын. Түсі жылы ғой, келісер… Шіркін, күрең қасқа тұқымының бірін тауып, жалынан ұстасам…».

***

Жұрт шу ете қалды. «Кетті…Сүйретіп әкетті! Ойбай! Өлді-ау!». Ферма меңгерушісі дауысын көтере бұйырды: Оразғали! Мін мотоциклге! Алдын ора! Едірей жақ беттен бар! Қуанышбай! Машинамен ізінен сал! Нұрлан! Дәрі-дәрмегіңмен мін машинаға! Тез! Тез! Көмекшілер! Таста бәрін, атқа қоныңдар! Мына беттен барыңдар! Қайыруға әрекет жасаңдар! Апыр-ай, аман болса жарар еді. Бір ат таңдап мінейін дегесін рұқсат етіп ем, әнтек болды ма осыным? Жасы келген адам… Қызық… Баланың ісін жасап…

Бұл кезде күрең қасқа дөнен жалын жел сүзе, ышқына кісінеп, Едірей шыңына қарай бет түзеген-ді. Соңында бұрқырап шаң барады. Мойнында бұғалықтың қыл арқаны, оған сүйретілген Жантөре. лезде мотоцикл де, «Газ-63» автокөлігі де, аттылар да жолға түскен, шудаланған шаң енді бес-алты тұстан көрінді. Ферма меңгерушісі осы маңдағы ауылдарды сумен қамтамасыз етуге бөлінген су жаңа водовоз машинасы кабинасында індікештерден қаша, биік-биікті қуалай тура тартып келеді. «Ізбас! Тек аман болсын-деп тілейік. Қаншама белді болса да, нәті жылқы емес пе, сәлден соң тоқтар. Тоқ мал барлығып – ақ шаба алмайды. Тек аман болсын…» – дейді жол көрсете отырып.

Таңдап ат мінуге рұқсат алған Жантөре жылқы үйірлерін аралап біраз жүрді. Жеңілдене киінді, керзі етік киюуден бас тартты, галошты тастап, тек мәсімен қалған, қолында бұғалық. «Апыр-ау, күрең қасқаның үйірін құртып жіберген бе, шынымен құрығаны ма? Қырық жыл кеудесінде маздаған арманның өшкені ме? Көкіректегі көкейтестінің түйін күйінде қалғаны ма?» Осы ойлар сананы меңдеп бара жатқан тұста бір ғажап сәуле жарқ ете қалғандай болды оған. «Алла-ау! Мынау… Мынау сол ғой… Күрең қасқасы ғой баяғы… Құдды өзі… Қалыпты ғой тұяқ… Мынау соның ұрпағы… соның тұқымы… Тура сойып қаптағандай… Жаратқан жан ием! Мың мәрте шүкірлік етем өзіңе! Мың мәрте шүкір! Көрсеттің ғой көзіме… Күрең қасқам…». Ол сәл теңселіңкіреп кетсе де, бойын тез тіктеді. Жылқыны науаларға қарай қоғамдай бере, тасалана барып, күрең қасқа дөненге бұғалық салған болатын. Алғашында жылқылар арасында байырқап тұрған дөнен алқымын қыл арқан қыса бастағанда жалт бұрылып, үйірден шыға қашты. Жантөре қаншама өкшесін жерге қадай тоқтатпақ болғанмен, күш алып кеткен асау қоя ма, бір кезде мұны сүйрете жөнелді. «Таста! Жібер арқанды!» Ол жұрт айқайын естігенмен, оны тыңдар халде емес еді, тек «Алла-ау, жеткіздің-ау. жеткіздің-ау күрең қасқаға!» дегенді іштей қайталай берді.

Күрең қасқаның сексеуіл, бұтасы мол бетке қарай емес, Едірейге қараған жусанды қоңырлыққа қарай қашқаны абырой болды, әйтпесе, Жантөренің жазым болары анық еді.   Жұрт асаудың алдын орай тоқтатты. Ферма меңгерушісі Әбдірасулле сұлық жатқан Жантөреге қарай жүгірді, мына жақтан ақ халатының етегі желпілдей Нұрлан да жүгіріп келеді. Бұлар оған таяған тұста Жантөре орнынан тұрды. Сол тұста осы оқиғаға куә болған барлық азаматтардың да іштей «уһ» – деп бір дем алғаны хақ, тіпті, жел де тына қалған, табиғат ана да перзентінің амандығына қуанғандай.

Ол орнынан тұрды, үсті өрім-өрім, шалбар, көйлек қақ айрылған, бұта жырған дененің әр жерінен қан көрінеді, шаң сірне боп қатқан жүзі жас пен терден айғыздалған. Бұлар да жетті, ол қыл арқанды саумалай келіп, бұл кезде күрең қасқаның жалынан ұстаған еді. Қос танауы делдие пыр-пыр еткен жануар терге малшынған, дір-дір етіп әзер тұр, жалын ұстап, терін сүртіп келе жатқан мына кісі кім – дегендей ауық-ауық осқырына қарайды. Көздер тоғысты, жаратушымның құдыретіне не дерсің, жануар мына адамның өзіне деген мейірімін көрді, жалының, құлағының түбін қасығаны да ұнап тұр. Ол болса: «Шүкір, шүкір, күрең қасқам!» дегенді сан рет айтқан болар, жүзін жас жуған. Ол бақытты еді. Мұны осыған қатысты сырды кеше естіген Әбдірасулле ғана түсінді. Ал, қалғандары таңғалуда, «Мынаның сиқыры бар шығар, шу асауың мысық боп қалды ғой» дейтіндей. Әсіресе, жылқышы Оразғали таңданысында шек жоқ. «Мұндайды кім көрген?!» Ол бері бұрылды. Әбдірасулле де шыдамады: «Аға-ау, өліп қала жаздадың ой. Байқамайсыз ба? Құдай сақтады…».

Әбдірасуллежан! Өлсем – арманым жоқ. Күрең қасқаның тұқымын таптым ғой, жалынан ұстадым ғой мен жазған. Ағаңа құдай берді ғой… Қазір өлсем де арманым жоқ!

***

Осыы оқиғадан кейін бір ай өткен шамада ферма меңгерушісі көмекке келгендерді қайта жинап, совхоз орталығына бет түзеген-ді. Машина кузовында отырғандар көңілді. Тек Жантөре ғана жұбау. «Қайран, туған жер! Тағы кетем, қайтейін, тағдыр солай… Мына шіркіндер мендегі шерді білер дейсің бе, түсінер дейсің бе?! Атамекенге оралар заман да туар… Бірақ ол жақта да бір қауым ел боп отырмыз ғой… Мына опасыз жалған… не дерсің… Адамдар неге соншама бір-біріне жау болды екен? Не жетпейді сонда? Ертең өлетінін білмей ме? Тіршілікті итше ырылдаспай-ақ өткізбей ме? Әбдірасулленің ешкі терісінен мес істетіп бергені мұндай жақсы болар ма, ішін жусанға толтырып алды. Әрі туған жердің бір бұйымы, әрі иісі». Ойына әкесі ыңылдап айтар бір шумақ оралды:

Сазтабан, Ботақора, Талым қайда

Төрт түлік, тәңір берген малым қайда?

Туған жер өзіңді ойлап  құса болдым

Самал жел, майда жаңбыр, сағым қайда?

«Әке, – деді ол, іштей: Мен бақытқа кенеліп келемін. Өзіңнің аманатыңды орындадым, Әбілдің баласына сәлем бердім. Тіфа, тіфа, тіл-көзден аулақ, ізден шыққан екен, нағыз азамат боп өсіпті. Маған көмек берген де сол, меселімді қайтарған жоқ айналайын. Бір қап түйір қант та әкеп берді, елде оны «шекер» дейді екен, өзің де осылай айтушы ең ғой, қандай әдемі сөз, ал, ондағылардың бірі – қант, бірі – сахар дейді. Күніне күрең қасқаға үш мезгіл үш түйірден қант бердім. Айтпақшы, әке, мен оны күрең қасқа – деп атадым. Баяғы елден кетер сәтте айтқаның еске түсті: «Күрең қасқаның жалына да қолың тиер» дегенің. Әке! Білген екенсің ғой сонда, сезген екенсің ғой, жарықтығым. Бұл да маған үйреніп алды, осы келе жатқанда ішім әлем-жәлем. Қимаймын…».

Осы сәт машинадағылар шу ете қалды: «Өй, мына ат қайтеді? Өле ме?» Жантөре көзін жұма ойға кеткен еді, селк ете қалды. Қараса… Алла! Алла-ау! Құдай шеберге не дерің бар! Машинамен қапталдаса шауып келе жатқан күрең қасқа екен. Мұны байқап кісінеп жіберді. Жануар бірдеңені сезгендей. Неге кетіп барасың дейтіндей.

– Аға! Тоқтайық па?

– Жоқ, тоқтама! Қаттырақ жүріңдер!

Ол тоқтаса өзінің Күреңқасқа қасынан кете алмасын сезді. Қасындағыларға байқатпау үшін бетін сүрткен болып, мөлтілдеп келе беретін жасты сүртумен болды.

Алдажар ӘБІЛОВ

Басы өткен нөмірде

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<