Көш

1446

0

– Бәйбіше, қамдана бер. Тауға көш бастаймыз, – деді Қайрат. Отағасының бір ауыз сөзін күтіп отырған Гүлбану түйіп қойған жүгін көлікке таси бастады. Ыдыс-аяқ, киім-кешек, керек-жарақтың бәрін алды. Көліктің кабинасына алты баласы сыймасын білген соң жүктің үстіне киіз төсеп, көрпеше салғызды. Кабинаға бес баласын отырғызып, өзі емізулі сәбиімен жүктің үстіне көтерілді.

– Құдай жолымызды оңғарсын. Қошқар ата қолдасын, қой қоңды болсын! – деп Қайрат бата қайырды.

Көлік кетісімен алты шопан атқа қонды. Алдына алты отар қойды  салып жолға шықты. Осы күнге дейін Қайраттың қонысы Сырдан бірінші болып тауға бет түзейтін еді. Биыл көштің соңында қалды. Бұған себеп – өмірге перзент келуі еді. Сәбиді қырқынан шығарып, мойнының қатаюын күткен. Осылайша уақыт ұттырғандықтан жайлауға кеш шықты.

«Адай» қонысында қыстап шыққан қойшының ендігі тұрағы – «Жылқы ауыл». Оған жету үшін талай тарихи жерлер мен ауылдарды артта қалдыру керек. Алда Хорасан ата зираты, «Жалмауызқұдық», «Абызтөбе», «Қарауыл төбе», «Қостөбе», «Керімкеріз», «Сақтанбау», тағысын тағы киелі жерлерден өтпек. Ерте көшкенде екі күнде жетуге болар еді. Буаз қойлардың бүйірі түсе бастағандықтан қуаламай, асықпай-аптықпай жүріп отыруға тура келді. Хорасан ата мазараты тұсына келгенде күн қақ төбеге көтерілген. Жануарлар байыз тауып, бас сауғалағандай еді.

Қойшылар аттан түсіп, төсенішті жайып жіберіп түстенуге кірісті. Қой иесі үш тасты біріктіріп, ошақ жасады. Мұрат пен Жансерік қурай жинады. Қурақ отынды салып, от жақты. Тұрсын шайға су тауып келді. Тастың астындағы шоққа картоп көмді. Қоржындағы асты ортаға шығарып, түстеніп алды. Қарынға ел қонған сәтте отар өрістеп жатқан еді. Дереу жиналып соңына түсті. Қойшылар жылқыларының шылбырынан ұстап, өздері жаяу жүріп келеді. Мұнысы ат болдырып қалмасын дегені. Мұрат:

– Қанеке, топыраққа қоян ізі түсіпті. Бақсам, тым ұзамаған секілді. Нәжісі кеуіп үлгермеген екен. Мен сіздерді қуып жетермін, – деді де із кесті.

 Арада жарты сағат өтпестен мылтықтың тарс еткен дыбысы шықты. Малшылар мойын бұрды. Шаңды аспанға көтеріп, шауып жеткен жігіт:

– Кешке қоян етінен сорпа ішеміз, – деп мақтанып алды.

– Е, сені неге жанымызға ертіп жүр дейсің? Мерген болмасаң, жәрдемші етер ме ем. Бір оғың шет кетпеген сұрмергенсің. Мұның қасында айдалада жүрсең де аш қалмайсың, – деп мақтап қойды. Әзіл-қалжың араласқан әңгіме өрби түсті.

– Жансерік, сен әлгі, Мейрамбек Беспаевтың дауысымен, ән салып, күлдіруші ең ғой. Кәне, бір ән жіберсейші!

– «Бозторғай» ма, «Сағындым Алматымды» ма?

– Бізге кез келген ән жарайды. Тек мал шошып қалмасын.

Ән кезек-кезек ағылды. Таяқты домбыра еткен түрі еріксіз күлкі шақырды. Дауысы кәсіби артистен кем түспейді.

Кеш бата бастаған сәтте мал да жүрісін баяулатты. Жаңақорғанның «Алтыкрант» аталатын тұсына жеткенде, қожайын:

– Айдалаға түнегенше, ауыл шетіне түнейік. Бір жағы қойға да ық болсын. Бір жағынан түз тағысынан аман боламыз, – деді.

Қойды иіріп, күйіс қайтарғанын күтті. Отардың батыс бетіне өздері күрке сайлады. Төрт жуан жыңғылды қадап, үстін қамыспен жапты.  Күрке алдына от жағып, қоян етін асты.  Кешкі астан соң, қараңғылық орнады. Төрт жерге от тұтатты. Мұнысы жыртқыштан қорғануы еді. Мылтық асынып, таңға дейін кезек-кезек күзетті.

Таң қылаң бергенде отардың ортасы екіге бөлініп, мал үрки жөнелді. Мылтық тарс-тарс атылып, тыныштық бұзылды. Абыр-сабыр. «Әне, алабас қойдың шабына жармасты» деп айғай салды Қайрат. Көкшулан қасқырдың бүйірінен атып салғанда, қыңсылап екі-үш рет өз орнында айналып, жерге сұлқ түсті. Мылтықтың оқпанынан шыққан түтінді үрген Мұрат:

– О, Қанеке, бір қара қарыз болып қалдыңыз, – деді қалжыңдап.

– Берем. Жетем дегенше, бір табын қарыз болып қалмасам игі.

– Бір табын болмаса да, бір отар жетеді, негізі!

– Ей, бала, тілеуіңе жет!

Осылай дескен шопандар көштің екінші күнін бастады. Күн арқан бойы көтерілгенде қыстауда да, жайлауда да бірге көрші болып, қиындықты бірге көрген Маралтай, Уәли құдайы көршісіне қосшы жіберіп, азын-аулақ азық жөнелтіпті. Қоржын толы піскен ет, сары май, құрт, нан екен. Қайрат:

– Мәкеңе, Алшекеңе, Уәкеңе сәлем айт. Алла разы болсын, – деді.

Қосшылар қойшылар күш жинап алғанша, малды қайырып тұрды. Төс қағыстырған жігіттер жолға шықты.

Түс ауғанға дейін мал басы тоқтаған жоқ. «Талап» бекетіне жеткенде түстенді. Одан әрі көш жалғаса берді. «Бесарық» бекеті тұсына жетіп, түнеуді ұйғарды. Қарын ашқаны сезіліп, аң аулауға бекінді. «Сатымсай» төңірегін шарлап, қабанның інін тапты. Ыңғайлы жерге жантайып, інді барлады. Қамыс арасы сытырлап, қорсылдаған дыбыс естілді. Бақса қара қабан інге қарай оқталыпты. Дәлдеп тұрып, көзіне оқ тигізді. Бытыра оғы көзін алған соң, дәрменсіз күйге түскен. Дереу барып, олжалады. Аяғынан сүйреп, қосынға келді.

Түн. Кенет жаңбыр сіркіреп, найзағай жарқылдай бастады. Төрт аяқты тыпыршып мазалана бастады. «Мә, мә, мә!» деген дыбыс еміс-еміс естілді. Ық іздеп, өре бастады. Сайға барып, жағалауына паналады. Алтауы да ұйқы көрмеді. Көз ілінсе, малдан айырылып қалу оп-оңай. Жаңбыр басылғанша, дем алмады. Таңға дейін ұласқан жаңбыр алтауын да сілелетті. Жарқылдаған найзағай отарды қайта-қайта бөліп, қой басын біріктірумен болды. Таң ата жел де, жаңбыр да, найзағай да  басылып, тыныштық орнады.

Алтауының кірпік қағар күші қалмады. Таңғы асқа зауқы болмай, атқа қонды. Бірі аттың жалына ұйықтап, бірі жүре қалғып келеді.  Тау алыстан көрінген сәтте қойшылардың жігері артып, «енді, кешке дейін жетіп қалармыз» деген үміт оянды. «Көбелдес» шаруа қожалығының төрағасы Нышанбек Молдашев қойшылардың төбесін көре сала ыстық нан мен айран-сүт жөнелтті. Әлденген жігіттер тауға өрлей бастады.

Кеш батарда «Бесарық» су қоймасына жетті. Қайрат көштен озып, «Жылқы ауылға» жалғыз аттанды. Онда үш күн бұрын аттанған отбасы қараша үй тігіп, қора қоршап жатқан еді. Алыстан әкесін таныған балалары: «Анашым, әкем келе жатыр» десті. Гүлбану самаурынға шоқ салды. Қазанда бұрқыраған еттің көбігін алды. Қайрат бесіктегі баласының маңдайын иіскеп, шаршағанын ұмытты. Бұл кезде қой да қораға кірген. Абыр-сабыр басылып, қойшылар көште көрген қызықтарын айтып, жас балалармен шүйіркелесті.

Мақпал МАРҚАБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<