Өтелген парыз

1345

0

Жарты әлемді өртке ораған екінші дүниежүзілік соғыстың жалыны біздің әулетті де шарпып өткен. Атамыз Үргенішбек Нұралиев 1942 жылдың 5 кыркүйегінде Жалағаш ауданы Жаңаталап колхозынан Қармақшы аудандық әскери комиссариаты арқылы (ол уақытта Жалағашта әскери комиссариат болмаған) Ұлы Отан соғысына әскер қатарына шақырылып, 107-танкілік бригаданың құрамындағы моторлы атқыш пулеметшілер батальонының ПТОРдің (танкіге қарсы қару) 1-номері ретінде соғысқа қатысады.

Елде әжем Бұлди Нұралиева мен 5 жастағы менің әкем Тұрсынбай қалған. Атам өмірінің соңына дейін құрамында болып, соғысқа қатысқан 107-танкілік бригадасы 1942 жылы құрылып, сол жылы 15 маусымда Брянск майданының қарамағына өтіп, 16-танкілік корпусының құрамына кіреді. 1943 жылы ақпан-наурыз айларында Орталық майданның 2-танк армиясы құрамында Орел-Брянск бағытындағы шабуылға қатысады. Курск шайқасында бригаданың жеке құрамы жоғары табандылық пен батылдық көрсетеді. Жаумен шайқастағы жауынгерлерінің ерлігі үшін 107-танкілік бригадасы 49-гвардиялық танкілік бригадасы болып қайта құрылады.

1942 жылы желтоқсан айында әжемізге жарының хабарсыз кеткені туралы хабар келген. Содан бері атамыз Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен деп есептеліп келді. Ол туралы М.Исаевтың редакциясымен 1995 жылы шыққан  «Боздақтар» атты естелік кітабының 2-томында көрсетілген.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейінгі мәліметтерге қарағанда, Кеңес одағы 20 млн-нан астам адамынан айырылды деп есептелінді. 2015 жылы Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі 26,6 млн адам, оның ішінде қалпына келтірілмейтін әскери шығын – 12 млн адам, хабарсыз кеткендер немесе тұтқында болғандардың саны 4,5 млн деген мәлімет берді. Кейбір мәліметтерде 42 млн шамасында адам шығыны болды делінеді. Бұл мәліметтер әлі күнге дейін нақтылануда. Бірақ осы құрғақ цифрлардың артында миллиондаған адам тағдыры, көз жасы, қасірет таңбасы бар.

Осыдан он шақты жылдай бұрын 9 мамыр қарсаңында республикалық телеарналардың бірінде Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің бастамасымен соғыста, соғыстан кейінгі кезеңде қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен Отан қорғаушылар туралы ақпаратты қамтитын жалпыланған компьютерлік деректер банкісі «Мемориал» жинақталған деректер базасы (ОБД Мемориал) іске қосылғаны және бұл базаның сілтемесі берілді (https://obd-memorial.ru/) (қазіргі уақытта Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында ОБД-Мемориал базасынан басқа «Память народа» (https://pamyat-naroda.ru/) сияқты ақпараттық ресурстар бар). Осы сілтеме арқылы жоғарыдағы сайтқа кіріп, соғыста хабарсыз кеткен атамды іздей бастадым. Іздеу нәтижесінде Үргенішбек Нұралиевтің соғыста хабарсыз кетпегенін, оның 107-танкілік бригадасында қатардағы жауынгер ретінде соғысқа қатысып, 1943 жылы 5 наурызда Курск облысы, Дмитриевский ауданы, Дерюгино селосының жанында ерлікпен қаза тапқанын анықтадым. Өзімен бір батальонда неміс басқыншыларына қарсы соғысқан 7 жауынгермен бірге сол жерде «Бауырластар зиратына» жерленгенін білдім (ақпарат көзі: РФ Қорғаныс министрлігі Орталық архивінің 58 номерлі фонды, істің номері 979). Ескеретін жайт, қан майданда қайтыс болған жауынгерлерді жеке жерлеу мүмкін болмаған кезде, шамамен бір уақытта қаза тапқандарды «Бауырластар зиратына» топтық жерлеу үрдісі болған.

Қайтыс болған, хабарсыз кеткен боздақтарды іздеумен айналысатын Курск облысындағы «Курский фронт» іздеу отрядының жетекшісі И.Ивановқа әлеуметтік желілер арқылы хабарласқанымызда, ол  107-танкілік бригаданың жауынгерлік жолын зерттегенін айтты. Бұл бригада 1942 жылдың 3-5 наурыз аралығында Дерюгино селосында соғысқа қатысқан. Қазіргі уақытта Дерюгино селосындағы «Бауырластар зираты» басқа жерге көшірілгені туралы мәлімет алдық. Бүгінде хабар-ошарсыз кеткен сарбаздар мен офицерлерді, сондай-ақ тиісті тәртіппен жерленбеген, шығындарда ескерілмеген әскери қызметшілерді іздеумен ресейлік іздеу қозғалыстары ресми органдармен бірге айналысады. Айта кету керек, іздеу жасақтары хабар-ошарсыз кеткен деп саналған ондаған мың сарбаз есімдерін анықтаған.

 Сонан бері соғыста қаза тапқан атамыз Үргенішбек Нұралиевтің жерленген жерін іздеумен келеміз. Өткен жылы Курск облысының губернаторы Р.Старовойтқа, Курск облысының әскери комиссарына хат жазып, іздеу нәтижесінде оның жерленген жерін анықтауға мүмкіндік туды. 1952 жылы жоғарыда айтылған Дерюгино селосының жанындағы бауырластар зираты Курск облысы, Дмитриевский ауданы, Первоавгустовский поселкісіндегі бауырластар зиратына көшіріледі. Бұл туралы Курск облысының Естелік кітабының (Книга памяти Курской области) 17/2 томында 3464 нөмірімен көрсетілген. Онда «Нуралиев Ургеншбек, Казахстан, Кзыл-Ординский обл, Кармакчинский район, к/з Жанаталап, рядовой, 107-я тбр, погиб 05.03.1943. захоронен с.Дерюгино, перезахоронен п.Первоавгустовский, Дмитриевский район» деп жазылған. Жалпы соғыс аяқталғаннан кейін жеке және бауырлас әскери жерлеу орындары ірілендіріліп, сол аймақта қайтыс болған жауынгерлердің бейіттері ірілеу поселкелерге, селоларға «Бауырластар зиратына» көшіріліп, басында ескерткіш қойылып, сол жердегі әкімшілік құрылымдар немесе мектептер бақылауына алған.

Жалағаш кентінде осы ауданда туып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан және хабарсыз кеткен азаматтарға қойылған ескерткіштегі (1975 жылы қойылған) тізімде атамыздың өмір сүрген уақыты 1908-1942 жылдар деп көрсетілген. Бұл ескерткіште хабарсыз кеткен уақыты 1942 жыл делінген. Ал шындығында атамыз хабарсыз кетті делінгеннен кейін 3 айдан астам соғысқа қатысып, 1943 жылы наурыз айында қаза тапқан.

Жақында әкемнің, өзімнің перзенттік парызымды өтеудің сәті туды. Атам ізінде есін білер-білмес жаста болса да ұрпағы қалғанын көңіліне медеу тұтып аттанған шығар. Беймәлім сапардан қайтпай қалатынын сезген-сезбегені өзіне ғана аян. Бүгінгідей ақпарат алмасу дамыған дәуірде әкемнің қолы жетпеген мәліметтерді, атамның жерленген жерін тапқандықтан, оған зиярат етуді өзіме  парыз санадым. Майдан даласынан қайтпай, өмірін Отан үшін сарп еткен, шейіт болған атамның зиратына барып, тағзым еттім.

Қызылорда қаласынан Нұр-Сұлтан-Мәскеу арқылы Курск облысы, Дмитриевский ауданы, Первоавгустовский поселкісіне сапар шектім. Мәскеуден досым, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі әріптесім, «Болашақ» бағдарламасымен тағылымдамадан өтіп жүрген Самалбек Қосанов серік болып ерді. Курск облысындағы Первоавгустовский поселкесі Мәскеуден 500 шақырымнан астам, Украина шекарасынан 70 шақырымдай жерде орналасқан екен. Ондағы «Бауырластар зиратына» барып, туған жерден апарған топырақты «жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын» деп салдық. Арада 80 жылдай уақыт өткенде жат жердің торқасын жамылған боздаққа туған жердің топырағы осылайша бұйырды. Бұған да шүкір дедік. 

Атамызға және осы зиратта жерленген барлық мұсылмандарға арнап Құран бағыштап, сол жерден топырақ алып, елге қарай жол тарттық. Келген соң атамыздың зиратынан алып келген топырақты әжеміздің бейітіне қосып, дүғамызды бағыштадық. Жылдар бойы ізденістен, табамыз деген талпыныстан болар, мойнымызда ауыр жүк бардай сезінетінбіз. Сол жүк түскендей жеңілдеп, атамыз бен әжеміздің рухын табыстырғанымызға, ұрпағы ретіндегі парызымызды өтегенімізге шүкіршілік айттық.

Майдан даласынан қайтпаған әрбір сарбаздың рухына тағзым ету, тиісті құрмет көрсету – Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүретін ұрпақтың адамгершілік борышы.

Айтмағанбет ҮРГЕНІШБЕКОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті,

техника ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<