ОТТЫ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

629

0

ОТТЫ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ Ұлы Жеңіске 73 жыл толғалы тұрса да, қанды қырғын зардабы ел жадынан кетер емес, қайта жыл өткен сайын жаңғырып, оның кейбір «ақтаңдақ» тұстары зерттеліп қайта анықтала түсуде. Бір ғана Жаңақорған ауданы Жаңарық ауылынан қаншама боздақ әскер қатарына алынып, санаулысы ғана елге оралғаны тарих беттерінен аян.

Мәселен, жаңарықтық өрен Мұса Рыскелдіұлы 1927 жылы туылған болса да, екі жасын үлкейтіп, 1943 жылдың көктемінде әскерге алынып, 1945 жылы Ұлы Жеңіске екі-ақ ай қалғанда, хас батырларға ғана тән ерлік жасап, андыздап қоршап келген фашистерге тірі берілмеймін деп қолында қалған жалғыз гранатасын аяқ астына тас­тап жіберіп, өзі де мерт болған, әрі оншақты фрицті қоса ала кеткен. Мұса Рыскелдіұлының бұл ерлігі 60 жылға жуық айтылып та, жазылып та және неше түрлі ұсыныстар да беріліп жатыр, бірақ тиісті орындар тарапынан еленер емес. Мұсадан бір жыл бұрын әкесі Рыскелді мен оның туған інісі Қыдырбай Райымқұловтар да хат-хабарсыз кеткен, жерленген жерлері де белгісіз. Осындай жағдайға сол Жаңарық ауы­лынан алғашқылардың бірі болып әскерге алынған Тәшім Дүйсенбаев та душар болып із-түзсіз кеткен. Тағы бір жаңарықтық Ахметовтер отбасынан ағайынды Сәйдәжі мен Сәйдәкбар да соғысқа қатысып, біріншісі – қолынан, екіншісі аяғы­нан айырылып мүгедек болып оралып, ақыры соның зардабынан қайтыс болады. Айта берсек, толып жатыр. Сол ауылдың тумасы Мырзабайұлы Сәдір қари де қанды майданда жамбасынан тиген оқтың кесірінен мүгедек болып оралып, ақыры көп ұзамай қайтыс болады. Ендігі әңгіме сол қатыгез сұм соғыстың құрбаны болған нағашым туралы еді. Өкініштісі, ол Жеңістің 20 жылдығын тойлайтын күнге де жете алмады.

Менің өмірімде ерекше орын алатын Мінауар Маханбетұлы туралы еміс-еміс есімде қалғаны ол қыстың қақаған аязды кешінде біз мал қыстатып отырған «Бүйірқұм» қыстауына келгені. Астындағы мінген аты торытөбел болғанымен, қатты аязды күн райынан қырау­ланып ағарып кеткен сияқты, жануардың қос танауынан буы бұрқырап тұр. Ал қонақ басындағы құлақшынының құлағын түсіріп бауын байлап алған, оның да бет-аузы мен үсті қыраудан әзер көрінеді. Әкем шығып қонақты атынан түсіріп алып, көлігін байлап келді ғой деймін, әйтеуір олар үйге кіргенде сырттағы аяз буланып, бір сәт ешнәрсе көрінбей қалды. Қатты тоңып қалған көкем үй ішіндегі жанып тұрған темір пешке шамалы жылынған соң бізден аман-саулық сұрасып жатты…

Кейін есейген соң білдік қой, ол кезде аудандық финанс бөлімінде қызметте екен. Көрші колхоздың жылдық мал санағына келген екен. Бұл, шамасы, 1950 жылдардың бірін­ші жартысында болса керек.

Мен жеті-сегіз жасымда анам Мінауар көкемнің үйіне ертіп барғаны әлі есімде. Кейін білгенімдей, олардың үйі Жаңа­қорғанның «Ескі базар» аталып кеткен ойпаңдау жердің биігіне жағалай орналасқан қазақы тұқыл тамдарда екен. Сол маңға түгел ағайын-туыстар қоныстанған се­кілді. Қойшының жер кепесінен басқаны көрмеген маған бұл бір үлкен шаһар сияқты көрінген еді.

М.Маханбетұлы 1938 жылы жасы жиырмаға толып Қызыл әскер жауынгері қатарына алынып, одан қайтар сәтте (ол кезде әскер қатарында болу мерзімі үш жыл екен) Ұлы Отан соғысы бас­талып, соған қалдырылады. Небір аласапыран сұмдықтарды бастан кешіп, қандықол фашистердің бомбылауының астында да қалып, снаряд түскен электр станциясының үйіндісінің астында болып, одан да бірнеше күн тоң мен сызда жатып, қолында бар кішкене күрекпен, шағын кездікпен жер астын үңгіп әйтеуір аман шығады. «Жалғыздың жары – құдай» деген бар емес пе дана халқымызда. Елін, Отанын қорғауға тоғыз жыл өмірін сарп етіп, туған жерге аман-есен, жеңіспен оралады. Сонан кейін өзіне өмірлік жар таңдап, Шекер Ахметқызымен отбасын құрады. Соғыстан кейін қиын-қыстау заманда халық шаруашылығын қалпына келтіруге қатысады. Соғыста қар жастанып, мұз кешіп, қатты аязда тоң мен сызда жатқаны, жан аямай фашистермен кескілескені, Ұлы Жеңіске жеткізгені көкемнің денсаулығына да зардабын тигізбей қоймады. Біздің кішкентай кезімізде інісі туралы: «Сол ұрыстан ауырып, дымкестеніп келді» деп айтып отырушы еді анам байғұс. Онысын анда-сонда біздің үйге келгенде байқайтынбыз, өйткені көп жөтелетін. Өткен ғасырдың 50-ші жылдарының екінші жартысына таман Қаратаудағы жайлауға, күздік жайма-шуақ қой қырқып жатқан шақта Сырдың жағасындағы біздің үйге келіп жататын, ағарған ішіп, таза ауамен демалып, бір жары айдай көңілін сергітіп, әлденіп қайтатын. Сол ұзаққа созылған науқастан небәрі 43 жасында дүние салды. Артында жары Шекер Ахметқызы мен үйелмелі-сүйелмелі бала-шағасы қалды. Қиындыққа қасқайып қарсы тұрған Шекер-ана, өзінің еңбекқорлығымен, қажымас-қайтпас мінезімен, ұл-қыздарын еш­кімнен кем қылмай өсіріп, бар­лығын оқытып, ел қатарына қосты.

Сөз соңында айтайын дегенім, аудан орталығындағы Ұлы Отан соғы­сының құрбандарына арна­лып қойылған монументте елі­не оралғандардың көбісінің есім­дері жазылмаған. Тірі кел­гендердің біразы сол сұм соғыстан алған ауыр жарақатынан көп ұзамай қайтыс болғанын ескере отырып, олардың да Ұлы Жеңіске орасан зор үлесін және келешек ұрпақтың есінде мәңгі сақтау мақсатында есімдерін ұлықтау қажет сияқты. Мәселен, сол соғысқа қатысқан, бірақ із-түзсіз жоғалған, кейіннен есімдері КСРО Үкіметінің арнайы қаулысымен ақталған, Жаңарық елді мекенінің тумалары Тәшім Дүйсенбаевтың, ағайынды Рыскелді мен Қыдырбай Райымқұловтардың, соғыстан мүгедек болып қайтқан Сәдір қари Мырзабайұлының, ағайынды Сәйдәжі мен Сәй­дәкбар Ахметовтердің, Мін­ауар Маханбетұлы және тағы бас­қаларының есімдері ту­ған жерінде, ауданда ұмыт қал­майтындай игілікті істер жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл өскелең ұрпақ үшін құнды.

Тауасар  ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

 зейнеткер, ҚР мәдениеті мен кинематографиясының еңбегі сіңген қайраткері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<