Шарболат

172

0

Адамды өзі өмір сүрген кезеңінен бөліп қарауға әсте болмайтындығы ақиқат. «Адам үшін ең бастысы – өзінің абыройын сақтау. Қалғанының барлығы жай сөз», дейтін біздің жерлесіміз Нұрмахан Оразбекұлы – Ел Тәуелсіздігіне қатер төнгенде қасқайып қарсы тұрған қайсар қазақ қаламгері, батыл журналист. Нұрекең өз өмірі тұсындағы өткелектердің желкеміне де, ызғарына да, нұрлы шуағына да өз жонын тосқан айбарлы да, айбынды азамат болатын.

Ол дүние есігін ашқан шақ Голощекиннің қылышының қа­ны сорғалап тұрған 1937 жылғы қыстың алғашқы күні еді. Сырдың күнбатыс бе­тін­дегі Қызылқұмға иек сүйе­ген шағын ғана Қандөз деген ауылдағы қара шаруа  Ораз­бектің суық үйі сәбидің іңгә­сімен жылынғандай болған. Елдің сұры кеткен суық күн­дерінде қайбір шілдехана бо­лып жарытсын. Әйтеуір, аға­йын-туыс «Соңынан атұстар ерді» деп қуанысып қалған. «Көрген жерден көз кетпейді» атты естелік кітабында автор:

«Журналисттің кіндік қаны тамған жер – Қандөз. Әкесі бұл туғанда Орынбор-Ташкент те­мір жолының Шорнақ тұ­сын­дағы №31 разъезінде қара жұмысшы болып істейді екен. Содан отыз сегізінші жылы үйін сол Шорнаққа көшіріп әке­тіпті. Сонда өскен, сонда мектеп бітіріп шалғайға ат­танған. Туған жерін тек алпыс алтыншы жылдың күзінде, «Лениншіл жастағы» бір жыл жұмысынан кейін еңбек демалысына шыққанда ғана көр­ді. Алпыс бесінші жылы сол жерде түйе совхозы ұйым­дас­тырылып жатыр екен дегенді естіген. Әкесі алпыс сегізінде пенсияға шығып, Шорнақтан туған жеріне 1966 жылдың көктемінде көшіп кеткенін білген. Демалысын сол Қан­дөз­де өткізген», деп жазады. Жо­ғарыда көрсетілгендей, ор­та мектепті Түркістан қала­сы­на жақын Шорнақ елді ме­ке­нінде оқып бітіреді де, үлкен өмірге сол жерден жол­дама алады. Сондықтан да ол кісіні жұрт Оңтүстік Қа­зақстан облысының азаматы деп түсінеді. Шындығында Нұр­махан Оразбеков – Сыр бо­йы­ның тумасы. Әкесінің қара­шаңырағы Қандөзде әлі орнында тұр.

Өткен күндерге тағы бір ой жүгіртелікші. Жортпаш ба­ланың алғаш атпен шап­қылап жүрген бір күні сұм соғыс басталды да, әкесі майданға аттанды. Сол 1942 жылдың күзінде анасы ауыр науқастан жиырма тоғыз жасында дүние салды…

Шешесіз жетім – шерлі же­тім. Осы қайғыдан соң Нұр­махан көп шешілмейтін де, көп үндемейтін де болған. Ай­налаға сүлесоқ қарайтын. Оны әкесінің ағасы қолына алды. Кейіннен ойынға да, басқа ша­руаға да онша ықыласы жоқ баланы немере ағасы Тү­зелбай Шорнақтағы мектепке ілес­тіріп апарды. Ол сұм  соғыс біткен 1945 жылдың күзі болатын. Талаптың тайы оқудан шапқан ба, ол сабақты тәуір оқыды. Өжеттілігі тағы бар, өз тұрғыластарының алдында жүрді. Бірде өжеттік де­геннен шығады-ау, тарих пәнінің мұғалімімен шатысып қалғаны бар. Бұл: – Бірінші Петр помещик Менщиковті ұр­ған, – дейді. Ұстазы болса: – Не, сен сонда жанында тұ­рып па едің, – деп шытынайды. Бұл: «Оқулықта солай жазылған», – деп қасарысады. Не керек, кітапты көп оқитын шәкірт баланың айтқаны дұ­рыс болып шықты. Содан бері ол тура айтуды дағдыға ай­налдырған. Жөнсіз шаруаға араласу болса да қанында жоқ. Алайда, қиянатты іске шарт сынады. Бетің бар, жүзің бар демей айтып салады. Мұ­нысы батылдығы ма, әлді жүрек лүпілінің  бұйрығы солай ма, кім білсін?! Әйтеуір, жасандылық еместігі ақиқат!

«Лениншіл жас» газетін­де әдеби қызметкер кезінде қоғамдағы кей көзбояушы­лықты әшкерелеп «Өткінші» деген мақала жазды. Талай басшының жонына қамшы болып тиген журналистің бұл ісінің соңы ЦК-да қаралып, кердең, керенеаудың көбі онымен байқап сөйлесетін болған.

Жетпісінші жылдары «Қа­зақстанда қой басын 50 мил­лионға жеткіземіз» деген дау­рықпамен облыстардың әр ауданында комсомол жастар бригадалары құрылып, мектеп бітірген бозбалалар мен өрімдей қыздарды күштеп қой бағуға жіберген зорлық әрекет жаппай өріс алған. Өмірі ата-анасының маңынан ұзамаған балалар айдалада мал бағып жүріп, талай қиыншылыққа ұшыраған-ды. Оларға қой бақ­тырмақ түгілі үйден ұзап шықпаған көзсіз көбелектерді үлкендердің қарауынсыз тас­тау өшпенді өктемдік еді. Міне, сол саяси науқанға Оразбеков қарсы шықты. Кейіннен бригадалар тарап, мал иелігі білікті мамандарға берілді.

Оның Қарағанды облы­сындағы «Орталық Қазақстан» газетіне бас редактор кезінде обкомның бірінші хатшысы Лагутинмен ілінісіп қалғаны бар. Себеп сол – баяғы шын­дықты бетке ұстайтын, тіке айтатын әдет. Әйтпесе, Мәс­кеу­ден келген шенеунікте алты аласы, бес бересісі жоқ қой. Сол шамада Теміртау қа­ласында бірінен соң бірі сегіз қазақ жігітін асып өлтірген жантүршігерлік оқиға болған-тын. Обкомның бюросында бас редактор тұрып: – Бұл қа­лай, қазақтарды қорлау ма? – дейді. – Құқық қорғау органдары ай қарап отыр ма, ба­қылайтын обком қайда?!

Бұл сөз жел жағынан адам жүрмейтін  біріншінің шамына тиеді.

– Оразбеков, ұлтшылсың!

– Мейлі, қалай ұқсаңыз, солай ұғыңыз, бірақ мына жағдайға шара көріңіз!

Айтпақшы, облыстық га­зет­тің маңдайшасындағы «Бар­­лық елдердің пролетарлары, бі­рігіңдер!» деген ұранды алып тастап, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп жаздыруы да көзсіз ерлік еді.

1991 жылғы Мәскеудегі Тамыз оқиғасы көпшіліктің есінде. ГКЧП туралы есті­сі­мен Нұрмахан Оразбеков өзі басшылық жасайтын «Ор­та­­лық Қазақстан» газетіне «Жек­сенбіден дүйсенбіге қараған түні төңкеріс болды» деген бас мақала жазып дайындады. Және де қосымша «Иә, бұл – төңкеріс!» деп мәлімдеме-мақаласында тағы нықтады. Ре­дакциядағы жігіттердің зә­ре­лері ұшып кетті. Әлі де им­перия қылышының қай­қы кезі. Бас редакторларын бе­ті­не қайыра алмаған соң олар Нұрекеңнің сыйлас ағасы Жайық Бектұровты шақыр­тады. Ол кісінің сөзін жерге тас­тамас дегені болар. Оразбеков бәрібір көнбеді. Тек, сөз соңына бір сөйлем қосты. «P.S. Бұл мақалаға тек өзім ғана жауаптымын, өзгелердің қатысы жоқ» деп қол қойды.

Материал 20 тамызда жа­рық көрді. Шындығында, бұл сол уақыт өлшемімен алғанда көзсіз ерлік еді. Кейіннен бір жаймашуақ кезде жазушы Сапабек Әсіпұлы: «Біздің құлдық психологиядан арыл­ғанымызды Нұрмахан осы мақаласымен сақтап қалды», деп бағалағаны бар. Расында бұл ел тәуелсіздігін жасаған империяның шабуылы еді. Нұ­рекең оған қаламымен қас­қайып қарсы тұрды. Бұл оқиға туралы өзі былай мәлімдейді: «Кремльден жік шығып, Тө­тенше жағдай жөніндегі Мем­лекеттік комитет деген құ­ры­лып, елдегі демократия құн­дылықтарына ауыздары ен­ді жари бастаған зиялы қа­уымның ұнжырғасын түсіріп жіберді. Газетіме олардың бас­шыларының материалдары әлі түскен жоқ болатын. Сосын сағат 11-де радионы қойып, мұқият тыңдап қарасам ТЖМК басындағы бишікештердің көк­сегені баяғы заман екен. Бұ­ғаудағы елдерге баяғыша бұйрық беріп отыру арман­дары бопты. Бір сөзбен айт­қанда, ешкімге «Қызыл алаң­сыз» қимылдамау керек сияқ­ты. Арам пиғылдарын бір­ден түсіндім. Сосын ТЖМК құ­рамы да қанқұйлы саясатқа лайықты «тұлғалар» екен өң­шең. Өйткені анау Бакланов дегенінен бастап барлығы әс­кери мәселемен айналысатын адамдар болатын. Әскери өнеркәсіп кешені дегенге билік жүргізіп келген бишікештер. Елдегі игіліктің бәрін соғысқа, әскери мұқтажға жұмсағандар. Міне, осының барлығын ойлай келдім де көршіме – орыс газетінің бас редакторына барып: «Давайте Эдуард, надо что нибудь написать» дедім. Сөйтсем, ол: «А что мы можем?» дейді. «А, че? Почему мы не можем?» деп кеңсеме келіп, «лездеме» өткіздім де «ТЖМК туралы бірдеңе жазамыз» деп айттым. Сосын түсте үйге барып шәй ішіп келдім де, жаздым».

Оның институтты бітіре салысымен тың игеруге аттанып, «Іле» совхозында, Соколов-Сарыбай комбинатын салуға қатысқаны, республикалық «Қа­зақ әдебиеті» газетінде тәп-тәуір қызмет істеп жүріп, аудан өміріне қанығамын деп Жезқазған асып, одан әрі Түр­кістандағы аудандық газеттерде қызмет істеуі – бір бөлек әңгіме. Асыл кездік қын түбінде жатушы ма еді, қайсар ағамыз алпысыншы жыл­дары қайта Алматыға ора­лып, «Лениншіл жас», «Со­циалистік Қазақстан» га­зет­терінде еңбек жолын жал­ғастырды. КазТАГ-та бас ре­дактор, директордың орынбасары  қызметін 15 жылдай атқарды. КазТАГ – министрлік дәрежесіндегі мекеме. Одан бері де бірталай басшы қыз­меттер атқарған Нұрекең 1995 жылдан өмірден өткен 2015 жылдың желтоқсанына дейін «Қазақстан» баспасының директоры қызметінде болды. 

Жазушы қаламынан туған «Капитал ордасындағы 18 күн», «Қасиеттісің сен, Отан!», «Қағажу көрген өмірден», «Мұ­хиттың арғы жағы, бергі жағы…», «Көрген жерден көз кетпес», «Өткенге өкпе жоқ», атты және де басқа кітаптары оқырманына мол рухани дүние сыйлайды.

Н.Оразбекұлы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Тә­уел­сіз­дігіміздің бес жылы», «Пять лет независимости» «Та­рих тағылымдары және қа­зіргі заман» жинақтарының  жа­уапты редакторы болған. Оның «Қазақстан-Ресей қаты­настары» «Бейбітшілік кіндігі» еңбектерін қазақшалаған.

Нұрмахан Оразбеков абы­рой, беделден кенде қал­ма­ды. «Құрмет», «Парасат»  орден­дерінің иегері. Шың­далған шар­болаттай аға­ның құнды туындылары өз оқырманымен рухани күш бере алады. Оған біз сенімдіміз.

Қазақ руханиятының туын жоғары көтерген қаламгер туралы оның көзі тірісінде де, қайтпас сапарға аттанған соң да мүйізі қарағайдай, алып жазушылар мен журналистер өте көп жазды. Жоғары оқу орнында қатар оқыған курстастары жазушы Мұхтар Мағауин, жазушы Оразбек Сәрсенбай, замандасы ақын Сәкен Иманасов, Есенғали Раушанов, Қа­зақстанның Құрметті жур­налисі Мамадияр Жақып, Ма­ғауия Сембаев, Гүлсім Оразалиева бір емес бірнеше рет қалам тербеді. Ал өте талантты ақын інісі Серік Аңсұңқарұлы:

«…Жаралған Күн Нұрынан

Нұр-Ағам-ай!

Тұла бойың

асыл тектен құрағандай!

Қаңқайып қу керегем

айдалада,

Шалқайып шаңырағым

құлағандай…»

деп күңі­ренді. Есіл ердің өмір­ден өткенінен кейін екі жыл көлемінде қаламгер Гүлсім Оралазиеваның құрас­тыр­уы­мен «Шындыққа шың­далған адам», ««Өтіп еді сол заман нақ осылай», «Нұрмахан Оразбек» атты кітаптар жарық көріп, оқырман қолына тиді. 

Осы жолдардың авторы да асыл ағаның шарапатын көп көрген, жанашырлық шуағына бөленгенін мақтан тұтады. Нұрекең жыл аралатып болса да, Қандөздегі ағайындардың қызықшылығы мен қайғысына ортақтасып  жиі келіп тұрды. Өмірде барынша қарапайым, кішіпейіл ағамыз «бара жатырмын, кетіп бара жатырмын» деп біреудің мазасын алуға тіптен құлықсыз адам еді. Рушылдық, жершілдік тіп­тен ойына келген емес. Бар қазақты туысым деп түсінді. Әр келгенінде «Осы ауылда сықақ жазатын Нұрмахан деген бала бар еді, маған жүздестіріңдерші» дейді екен, соның реті кейіндеу келді. Менің жазған-сызғандарымды ауылға өзі бір келгенінде алып кетіп еді, бір күні «Қазақстан» баспасынан «Қатырамыз» ат­ты жинағың жарық көрді деп хабарлап тұр. Енді мен қы­сылайын, «Баспаның ақы­сын қалай төлеймін?» Нұрекең оған оншалықты мән бермей: «Өзі­міз бір кәрін жасармыз», дейді де қояды. Кейіннен бас­па есепшісінен кітап шығы­нын өзімше біліп алып, бө­ліп-бөліп төлеген болдым. На­рығыңыз қанша желкелеп тұрса да, ақша жөнінде аузын бір ашпады-ау, жарықтық! «Сү­йінші дайындаңыздар», «Ауыл­дағы айтқыштар», «Беті бүлк етті» атты кітаптарым да «Қазақстан» баспасынан жа­рық көрді. Ал «Сыпыра сый­лық» атты сатиралық кіта­бым­ның «Дәуір» баспасынан шығарылуына да Нұрекең сөз жәрдем жасады. Баспа директоры Светлана Назарбаева Ел­басының сыйласы айбарлы ағаның бір ауыз өтінішін ес­керусіз қалдырмағанына куә­мін. Ол кісіге де рақмет!

Нұрекеңнің менің шал­ғай­дағы авторлық  кештеріме ат арытып арнайы келіп қаты­сып, мәртебемді көтеруін қа­лай ұмытайын. Алматыға бара қалсам, ағаның үйіне тоқ­тай­мын. Соқпай кетсем рен­жиді. Әдия жеңгеміз екеуі «Ау­ыл­дан ініміз келді» деп қуа­нып, атағынан ат үркетін мық­ты­ларды дастарханына да ша­қырды-ау. Сапабек Әсіпұлы, Көрік Дүйсеев, Сәкен Иманасов, Мамадияр Жақып, Оразбек Сәрсенбай, Әшірбек Көпішев секілді  марқасқаларды осы үй­де, жақыннан көрдім, лебіз­де­рін естідім. Қадыр Мырза Әлі мен Мұхтар Мағауинмен араласуымыз өзі ауылға ертіп келгеннен басталған. Жақсыдан шарапат деген осы болар. Жақсылығыңыз Алладан қайт­сын аға! Сіздей асыл адам дүниеге сирек келетін шығар.

Қаламгер бақыты неде? Шы­ғармашылық тағды­рын­да­ғы соңына қалдырған мұ­расы ма, әлде замана желінің ба­ғы­тына қарамай, әділдік сө­зін айта алуы ма? Мүмкін, өзі­нен кейінгі жас толқынға берген тәлімімен ерекшеленер. Жоқ, өз тұстастарына сөзі өктемдігімен таразы басын ба­са ма? Әлде, мемлекет тарапынан мақтау-марапаты оның шоқтығын биіктете ме?

Халықтың жанашыры, әділ­діктің туы, білімнің кені, қай­сар қаламгер, байыпты баспагер Нұрмахан Оразбековтің бойынан, болмыс-бітімінен осы­лардың бәрі де табылады десек, шындықтан әсте ал­шақ кетпейміз. Ол Журна­лис­тикаға барынша адал еді. Жүрген ортасына аса сыйлы болды. Біраз жыл бұрын қа­рағандылықтар оны «Халық қаһарманы» атағына ұсынды. 2018 жылы Алматы қаласында 80 жылдығына сай ғылыми-танымдық конференция жо­ғары дәрежеде өткізілді. Сөз соңында айтарым, өзінің туған өлкесі Сыр аймағында да ұлт жанашыры болған қаламгер ескерусіз қалмаса екен деймін. Облыс басшылығы батыл ­жур­налист-баспагер Нұрмахан Оразбековке лайықты құрмет жасауды ойластырса, жөн бо­лар еді. Аудан орталығы Жаңа­қорған кентінен, Қы­зылорда қаласынан көшеге есімін беруге болар. Ғылыми-танымдық конференция өткі­зіп, Ел Тә­уел­сіздігін қорғаған, оның бекем­делуіне Елбасы сапында тұрып еңбек сіңірген аза­матымызды құр­меттесек, нұр үстіне нұр.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі,

«Ақпарат саласының үздігі»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз