Кеңестік кезеңде құт қонған қарт Қаратаудың баурайын жайлаған Жаңақорған топырағынан 13 Социалистік Еңбек Ері шықты. Солардың бірі сонау зұлматты жылдары ақтылы қойды ұрыға қақтырмай, қасқырға тарттырмай, жыл сайын отардан отар туындатып, төл түлігімізді төскейге толтыруға зор үлес қосқан шопан Орынбай Бидашев еді.
Орынбай – Бидаш ақсақалдың Жаратқанға жалбарынып жүріп, көп жылдан кейін көрген баласы екен. Қиын-қыстау заман Орынбайды бала боп ойнаттырмады, қой соңына салды. Ол еңбекке жастай араласып, ерте есейді.
Қазақтың басына түскен тағы бір дүрбелең – Ұлы Отан соғысы басталған тұста, Орынбай Отан қорғау мақсатында аудандық әскери комиссариатқа бірнеше рет барып, өтініш білдіріпті. Бірақ, сол кездегі Үкімет пен партияның нұсқауына байланысты, ол тылдағы ауылшаруашылық ісіне қалдырылды. Сөйтіп, небәрі 17 жасында Төменарық ауылындағы мал шаруашылығында қолына шопан таяғын ұстап, еңбек жолын бастады.
Қырқыншы жылдардың басында Қазақстанда қаракөл қойын өсіру қолға алынғанда, ол мемлекетке 2685 дана қаракөл елтірісін бірінші сортпен тапсырған. Ал оның соғыс кезіндегі орасан зор еңбегі көпке үлгі болды. Ананы баладан, ағаны ініден, азаматты жарынан айырған сұм соғыс аяқталған соң да, адал еңбегін пір тұтқан Орынбай шопанның ақ таяғын қастерлеп ұстады. Еткен еңбек, төгілген тер ақталды да. Одақтың кезіндегі тоғызыншы бесжылдықтың қорытындысы бойынша, әр жүз аналықтан 170-тен аса қозы алып, мал басын жыл сайын аман сақтаған Бидашевтің омырауына «Еңбек Қызыл Ту» ордені тағылып, «Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер» атағы берілді. Сол кезде Сыр сүлейі, Қазақстанның Халық ақыны Манап Көкенов:
Табысың тасқын Орекең,
Аймаққа мәлім ер едің.
Еңбегіңмен тер төгіп,
Елендің, оған сенемін!
Ұзақ жылдар қой бағып,
Бір шаршадым демедің.
«Қой – баққанға бітеді»
Қозыға толы көгенің.
Майлы ет пен жүннен де,
Жыл сайын таптың көп өнім.
Қойың тіпті қоңды екен,
Сұраулап сырттан келемін…
Өнегең көп өзгеге,
Арта берсін беделің! – деп, жырдан шашу шашып, шопанға дем берді. Еңбегінің еленіп, еш кетпегеніне шопан да қуанды, ел үшін еңбек етуді азаматтық парызы санады. Үкімет берген сый-құрмет оған екі есе жауапкершілік жүктегенін ұғынды. Таңның атысы, күннің батысы, білекті түріп, белді бекем буып жұмыс істеді. 1975 жылы әр жүз аналықтан 228-ден төл өргізіп, 400 қозыны өсімге қалдырды. Сөйтіп, облыстық рекорд жасады. Бұл – сол уақытта бағалы бастама, үлкен жаңалық болды. Елдің бәрі елең етті. Тұрымтайдай ғана шопан жасаған ерлікке таңғалды. Тастай қараңғы меңіреу түнді, маңдай алдыңнан соққан қарлы боран мен үскірік желді, түстіктен түйіле шыққан қою қара бұлтты, шелектеп төгілген нөсерді, лапылдаған ыстық ауаны, қой торыған аш қасқыр мен қарақшы ұрыны ұмытып, «қой баққанның несі қиын екен, астында азынаған ат, үстінде жылы киім, жегені ет» деп көлгірси сөйлегендердің аузына құм құйылды.
Ол мұнымен де тынбады. Малды күтіп, бағуға тың өзгерістер енгізді. Бұрынғының шаруалары бекіткен «қой қыста су ішсе, көк ішек болып ауруға шалдығады» деген қағиданы бұзып, өз тәжірибиесінде қыста құнарлы шөп пен жем жеген малдың шөлдегіш келетінін дәлелдеді. 1976 жылы КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 10 наурыз күнгі жарлығымен Орынбай Бидашевқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сондай-ақ, Кеңес дәуірі кезінде Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық көрменің 7 рет жеңімпазы атанды. Бұл қуанышты аудандық, облыстық, республикалық газеттер жарыса жазды. Дүлдүл ақын Манап Көкенов тағы да шопанның еңбегін арқау етіп «Шыңдағы шынар» атты көлемді еңбек арнады.
Орынбай Бидашев – майталман малшы болумен қатар, ойындағысын орнықты түрде жеткізетін, елдің, жердің тарихы жайында шежірелі сыр шертетін, көзі ашық, көкірегі ояу жан еді. Қой баққан ғұмырындағы тосын жайттарды түрлі басқосуларда, кездесулерде айтып жүретін. Әсіресе, «қойшы болу – қой соңында салпақтау емес» деп, ата кәсіптің қыр-сырын баяндағанда арқаланып кететін.
Шопан атаның құтты таяғын жарты ғасырдан астам уақыт ұстаған, бар ырыс-несібесін момақан қойдан тапқан Орынбай Бидашевті халқы да көзі тірісінде абырой атаққа бөледі, мерейін үстем етті. Ел ағалары 1994 жылы еркін күрестен Орынбай Бидашев атындағы облыстық жарыс ұйымдастырды. «Жаңақорған ауданының құрметті азаматы» атандырды. Жұбайы Зейнарап Бегімсейітқызы – 11 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты батыр ана. Ерлі-зайыптылар тарихтан тартқан тақсіретіне мойымай, ұлды – ұяға, қызды қияға қондырды.
Асыл ерінің есімін елі де ұмытқан жоқ. Еңбек ерінің 95 жылдығы қарсаңында Жаңақорған кентіндегі көшеге Орынбай Бидашевтің аты берілді.
Гүлжан ОРЫНБАЕВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<