ӘСКЕРИ АНТТЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ҚАБЫЛДАҒАН ЖАУЫНГЕР

98

0

Ұлы Отан соғысының ардагері, ардақты ұстаз Сәрсенбек Байжанов 9 мамыр күні 95 жасты еңсерді. Өмірлік қосағы Жәмила апа Сейтжанқызы екеуі 10 баланы тәрбиеліп, ұлды-ұяға, қызды қияғы қондырды. Немере сүйіп, шөбересінің қолынан су ішті. 

Соғыс ардагері әлі де сергек, қарапайым қалпымен өнегелі әңгімелерді, мысалдарды  өрбіткенде қызыға тыңдайсыз. Арасында домбыраны шерте отырып, ыңылдап алатыны да бар. Көбінесе ескі қиссаларды толғаса, кейде өзінің өлеңдерін де жатқа айтып отырады. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше», демекші сұхбаттасыңыздың әңгімесіне құлақ түре отырып, ақсақалдың зердесі мықты, жаны нұрлы, рухани бай екендігін сезер едіңіз.

Пенденің алдағы өмірін – пешенеге жазылғаны,  арттағы тағдырын – хисмет,  дейді екен діни сенімде. Сәрсенбек аға Байжанов пешенедегісі мен хисметін бірдей таразылайтындардың қатарында. Әрдайым өмірінің оңы мен солын безбенге салып, ойға шомып отырады. Бірауық көңіліндегісін көкейге шығарып, тұстастарымен әңгіме соғатынынан өзге, өлең етіп өретіні де бар. Әрине, оған жастай зейінді өскендігі себеп шығар, дегенде көп білімді тіршіліктегі тәжірибеден, өзі оқыған кітаптардан алғандығы анық.          

Үстеріне сары ала әскери киім кигізіп, үйретеміз деп олай-былай біраз жүгіртіп, «өлгенімше Отан қорғаймын» деп ант қабылдатып, зеңбірек оғы жердің үстін астан-кестең еткен қызыл жалынның арасына кіргізді де жіберді емес пе?! Айтпақшы, әшейінде өзімен өзі томаға тұйық жүретін жас жігіт Алматы қаласындағы бірер айлық дайындықтан соң, ант қабылдар кезде бір мінез көрсетті. Жас жауынгерлердің барлығы антты орыс тіліндегі дайын текстпен оқып, қабылдап жатты. Ал жауынгер Байжанов бірнеше күннен бері қолынан түспеген әскери уставта жазылған ережеге сай  әскери антты орыс тілінде емес, қазақ тілінде қабылдады. Алғашында офицерлер тарапынан қарсылық болғанымен, жауынгер талабы орынды деп саналып, оған мүмкіндік берілді.

Ұлы Отан соғысына 1942 жылдың көктемінде Сталинград түбінде кіріскен жауынгер зұлмат жылдарды, ондағы оқиғаларды айтуға тіптен құлықсыз. Бірде уралап жау шебіне қарай жапатармағай жүгіріп келе жатқандарында жандарына бірдеңе гүрс ете қалғандай болды, құлағы шыңылдап, басы айналып бара жатқанында көзі шалып қалды, қатарласа бассыз жауынгер жүгіріп келе жатқан секілді… Өңім бе, түсім бе деп қайта қарағанында о тоба әлгі жауынгердің денесі бүктүсіп құлай берді. Басын зеңбірек оғы жұлып кеткені ғой, оның жарықшығы бұған да тиген екен, сәлден соң есінен айырылыпты. Қол-аяқ, көзден жараланып, госпитальдан бір-ақ шықты. Сонда емделумен жүргенінде бір жыл өте шықты, ұзамай соғыс та бітті. Елге оралды. Колхозда әртүрлі жұмыстар істеді. Қара жұмысшы да, есепші де болды. 

Кейіннен елуінші жылдары Түркістандағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, бітіріп шығады. Ауылына келіп мұғалім болған Сәрсекең араға бірер жыл салып, Қызылордадағы пединститутқа сырттай оқуға түседі. Бес жыл оқиды. «Басында отыз адам түсіп едік, төртеуміз ғана бітірдік. Оның төртеуі де кемтар, бітіргендердің біреуінің бір аяғы жоқ, біреуі соқыр, жарық маңдай, біреуі ақсақ, бәрі де қу соғыстың зардабы. Отыз сегіз жасымда институттың дипломын алдым», дейді өзі. 

Ұстаздық жолын зейнеткерлікке шыққан 1991 жылға дейін жалғастырыпты ғой. Талай шәкіртінің өрісін ашты, тынысын кеңейтті. Бұл да жаратушының берген абыройы, несібесі.

– Тәуелсіз Қазақстанымыздың жетістігінің бәрі – ынтымақ пен бірліктің нәтижесі. Жастарымыз білімді болумен қатар, ел үшін ерінбей еңбек етуі тиіс. Қоғам қауымдасуымен нығаяды, – дейді майдангер.

Нұрмахан ЕЛТАЙ. 

Шиелі ауданы,

Керделі ауылдық округі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз