СОҒЫСТАН ҚАЙТҚАН БІР СОЛДАТ

357

0

Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр, – деп басталатын Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» атты өлеңінде жырланғандай,  соғыс біткен жылдары қаншама аруларымыз, келіншектер мен аналарымыз көз жасын сүртіп, жол тосты. «Азаматым аман келеді» деген үміт отын өшірмеді. Қырдан бұлдыраған бейне көрінсе, елең етіп алдынан шығады. Бірақ үміт оты сөнгендері қаншама…
Иә, бұл кезеңді суреттеп жеткізу мүмкін емес. Бірақ сол зұлмат соғыста болып, талайды көрген майдангерлердің өзі өткенін өкінішпен еске алады. 1941 жылы Сталин радиодан  «Ұлы Отан»  деген сөзді нықтап айтып, алғаш рет сарбаздарға рух пен жігер беретін хабарламасын жасады. Міне, осы хабардан соң ер азаматтар Отан үшін деп қолына қаруларын алды.  Отан үшін от кешіп, жанын шүберекке түйген батырларымыздың көкейінде бір ғана ой  тұрды. Ол Отаны үшін өлімге де бас тігіп, жері мен елін қорғап қалу еді.
Сол бір сұрапыл соғыстың бел ортасында болып, жауға қарсы қару алып, қанды қырғынды өз көзімен көріп қайтқан қарт сарбаздың бірі – Қожахмет Бектан. Ол 1922 жылы  дүниеге келген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Самарқанд қаласына Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Екі ай өткен соң әскер қатарындағыларды майданға жөнелтеді. Бұлардың қатарында Қожахмет Бектан да болатын. Нағыз жалындап тұрған шағы. Жас сарбаз өзіне жүктелген  тапсырманы тыңғылықты орындайтын. Қатарынан осы қасиетімен ерекшеленді. Белоруссия, Украина  аумағындағы майданда алыс қашықтықтан ататын қарумен талай жаудың көзін жойды.
– Күн-түн демей, арпалысып жатқан қан майданда көз алдымызда қаншама жандар жарақат алды, өмір мен өлім арасында жатқандар көп болды. Кейбіреуіне көмек болса, енді біріне ол жетем дегенше жан тапсырып жатты.
Ол жақтың қысы адам айтқысыз суық болады екен. Соған қарамастан, тізеден қар кешіп, мұзды жарып жүріп айтылған тапсырманы орындау үшін бәріне де көндіктік. Себебі біз үшін Отан деген сөз ыстық болды. Алайда, 1944 жылы бастапқы орналасқан шекараға қайта бардық. Сұрапыл соғыстың өршіген сәтінде Польша мен немістер шекарасы  аумағына табан тіредік. Сонда болып, берілген тапсырманы орындадық. Әйтеуір  1945 жылы Берлинге жақындаған тұста «соғыс бітті» деген хабар алдық. Осы сөзді естігенде сарбаздар жанарларына жас алып, орындарында мелшиіп тұрып қалды. Кейбірі бір-бірін құшақтап жатты. Берлинде 2 мамыр күні қызыл ту тігілді. Содан сарбаздарды елге қайтара бастады. Пойыздарға кезекпен кезек бөлініп мініп, туған жерге тартқан қаруластарға қызыға қарап біз қалдық. Ел шекарасы тынышталғанша сонда болдық. 1946 жылы бұйрық шықты. Елге оралатын болдық. Сол жылдың қараша айында пойызға отырдық, – дейді майдангер.
Өз өмірлерін киып, бізге азаттық таңын сыйлап кеткен сарбаздарды ұмытуға қақымыз жоқ. Біз олардың ерлігін қашанда ұлықтап, бәрін жадымызда сақтауға міндеттіміз. Сонау ауыр кезеңдерде олар от пен суға түсіп, окоптарда тоңып, толарсақтан саз кешіп келешек ұрпақтың бейбіт өмір сүруі үшін жанын қиды. Қан майданның қаһарынан ықпай, намысты ту етті.    Расында, сұрапыл соғыс жылдарында ерен еңбектерімен танылған азаматтарымыз Отанымыздың белсенді қорғаушылары сапында болды. Ұлы Отан соғысындағы олардың өлшеусіз ерлігі бүгінгі бейбіт күннің өтеуі. Уақыт өткен сайын батырларымыз сыйлаған Жеңістің маңыздылығы да артып келеді. Сол бір ауыр кезең  жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін дәлелдеді. Олардың көрсеткен ерліктері ұрпақ үшін өнеге. От пен оқтың арасындағы көрсеткен жанкешті қимылы үшін  талай марапатқа ие болғандар басының амандығын емес, елінің бірлігін, ынтымағын, бейбіт күн кешуін алдыңғы орынға қойды. Біздің елімізде, әрбір майдангер мен тыл еңбеккері қамқорлыққа бөленіп, қолдауды сезінулері үшін қажеттінің бәрі жасалуда. Өйткені олардың жанқиярлығы мен қаһармандықтары – мың мәрте тағзым етерлік, даңқы өшпес ұлы ерлік.
– Соғыста жүргенде қасымдағыларға қарағанда менің жасым кіші болды. Күн-түн демей қаруларды тазартып, окоп қазып жанталасамыз. Үнемі сақтанып жүретінбіз. Себебі қай жерден жау шығып қалары белгісіз. «Тревога!» дегенде жер бауырлап жатып қаламыз. Төбемізде ұшақтар үнемі ұшып бақылау жасап жүреді. Байқап қалса, оқты қарша боратады, одан қалды бомба лақтырып айналаны көк түтінге тұншықтырады, мұндайда аман қалу қиын. Бірақ бәріне төздік. Мұның бәрі де келешек ұрпақтың бейбіт өмір сүруіне жол ашу еді, – деп қарт майдангер сөзін аяқтады.
Соғыстан аман-есен елге оралған Қожахмет Бектан атамыз ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Кейіннен білімін одан әрі жетілдіру үшін Ташкент қаласына аттанады. Сонда аграрлық институтқа түсіп, агроном мамандығын алды. Міне, ол мамандығының жемісін көріп, талай жыл Сырдария ауданында еңбек етеді. Отбасын құрды. Қожахмет ата мен Шәкида апаның алты қыз, төрт ұлы бар. Өнегелі тәрбиені отбасынан бойларына сіңіріп өскен балалары түрлі салада еңбек етіп жүр.
Қан майданда өшпес ерлік көрсеткен батырдың есімі ұрпақ алдында ұлықталып қала бермек.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».