Сулы жер – нулы жер

1092

0

Қызылорда облысында күріш өсірудің қалыптасу дәуірі бес кезеңнен тұрады. Кейінгі жылдары күріш егісінің көлемі 80-85 мың гектар көлемінде тұрақталып, жылына 500 мың тоннаға жуық Сыр салысы өндірілуде.

Қазіргі күні күріш дақылын өндіру, өңдеу, сату кластерлік жүйеде жүріп, аймақтың экономикалық, әлеуметтік, экологиялық жағдайларын тұрақтандырып, экспорттық әлеуетін көтеруші салаға айналып қана қоймай еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастырушы дақылға айналып отыр. «Ақмаржан» атын иеленген осындай қасиетті дақыл – күріштің аймақта кеңінен таралуына Ы.Жақаев атамыздың еңбегі орасан зор ықпал еткендігі сөзсіз.

Дегенмен, кейінгі жылдардағы қуаңшылық, трансшекаралық өзендерден Қазақстан аумағына түсетін судың азаюы жаңа шешімдер қабылдап, ауыл шаруашылығын климаттың глобальді өзгерісі жағдайына бейімдеу қажеттілігін көрсетті.

Биылғы Сыр өңіріндегі су тапшылығы егіншіліктегі тәуекелді тұстарды ашып берді. Су тапшылығы жағдайында егілген жерлер судан қалып немесе кеш бастырылып, өнімділік төмендеп, шаруалар қып-қызыл шығынға батты. Оның үстіне бүкіл вегетациялық кезеңде бір тамшы жаңбыр жаумауы, күннің аптап ыстығы, аймақта қуаңшылық тудырып, табиғи көлдер жүйесін кептіріп, жайылымдық жерлердің шөптерін күйдіріп жанға да, малға да өте стрестік жағдай туындады. Мал өліп, Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Арал теңізінің жойылуы, көлдер жүйесінің құрғауы, Сырдария өзенінен түсетін судың азаюы, «Байқоңыр» космодромының жұмысы климаттық өзгерістердің себептері болып отыр. БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азиядағы су ресурстарын бөлу проблемасын тағы да көтеріп, аймақта су жетіспеу түйткілін айтып қана қоймай, су сапасының нашарлауы және тиімсіз пайдаланылуы туралы да мәселе көтерді. Осы жиында Орта Азия елдері өз позицияларында тек қана  өздерінің елдік мүдделері тұрғыдан келгендігі айқын көрінді.

Қазақстан тарапынан іске асқан күрделі жобалардың нәтижесінде Кіші Арал аталған солтүстік Арал теңізі пайда болды. Әрине, бұл үлкен жеңіс еді. Кейінгі жылдардағы табиғи циклдық өзгерістерге сай Сырдария өзені алқабындағы судың азаюы өзен алабындағы мемлекеттер арасындағы су бөлу проблемасын өткір туындатып отыр. Осы бөлісте Қазақстан өз үлесін толық және уақытылы ала алмай жүргені де жасырын емес. Сондықтан су саясатын халықаралық тәжірибелерді, ортақ өзен суын пайдаланудың әлемдік тәжірибелерін ескеріп, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан достық көршілес, қарым-қатынастарды қолдану арқылы жүргізіп, тиісті су лимитін уақытылы алуға қол жеткізу – аса маңызды мәселе.

Бүгінгі күні қолжетімді мәліметтерге сүйенсек, Сырдария өзенінің алабында Өзбекстан Республикасы 3,3 млн гектардан аса суармалы егіншілікті дамытса, Қазақстан үлесіне (Түркістан, Қызылорда облыстары) бар болғаны 0,4 млн гектарға жуық суармалы егістік келеді. Осындай жағдайда біз су жетіспеуді ішкі мәселе қылмай, Сырдария өзенінің су қорын дұрыс бөлуге күш салуымыз керек. Ол үшін су саясаты бойынша Үкімет тарапынан мемлекеттік көпжылғы стратегиялық жоспар жасалып, оның жүзеге асуы мемлекетаралық деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс.

Бүгінгі күні егіншілікті айтпағанда, қыруар қаржы жұмсалып, Елбасы Н.Назарбаевтың табанды іс-әрекеттерінің нәтижесінде дүниеге келген Солтүстік Арал теңізі үлкен Аралдың тағдырын кимесіне кім кепілдік береді? Сырдария суы балансын жасауда да үлкен проблемалар бар. Сонау кеңестік кезеңде салынған Өзбекстандағы «Чиназ» бен біздің «Көкбұлақ» гидропостылары әбден тозығы жеткен. Заманауи автоматтандырылған су өлшегіш қондырғылармен жабдықталмаған, ескі әдіспен жүргізіледі. Сондықтан алынған көрсеткіштердің нақты жағдайды білдірмейтіні де анық.

Келесі бір мәселе – Қазақстан тарапынан «Шардара» су қоймасынан бастап Арал теңізіне дейінгі аралықта су пайдаланудың сызықтық схемасы жасалып, су пайдаланушылардың барлығы көрсетілген. Осы схема арқылы ішкіаралық су балансы жасалып, су ресурстарын пайдаланудың нақты жағдайын көруге болады. Ал, Байқоңыр қаласы, космодромның Сырдария өзенінен алатын су көлемі баланстық есепте жоқ немесе қолжетімді емес. Ракеталар ұшқанда «Қармақшы» гидропостысынан кейін су деңгейінің күрт төмен түсіп кететінін аймақ мамандары айтып жүр. Өңірдегі ауа райының қалыптасуына, Арал теңізінің кеуіп кетуіне, қоршаған ортаның экологиясына, топырақ ылғалының жоғалып, қуаңшылықтың туындауына космодромның әсері мол екенін көзі ашық оқырман жақсы түсінетін еді. Сондықтан Сырдариядан Қазақстанға бөлінетін су лимитін алу, вегетациялық кезеңдерде пайдалану, экологиялық су көлемдерін жіберу, өзен суын пайдалану, басқару секілді күрделі процестерге Ресей мемлекетінің (су саясатын жүргізуде) ықпалын пайдалану мәселесін жоғары деңгейде қою кезеңі келді. Жасқаншақтық болмайды, себебі, Әмудария, Сырдария суларын пайдалану саясатында Арал апатының болатыны белгілі еді. Жалпы, сол кезеңде «құмның ортасындағы үлкен су буландырғыштың (Арал теңізі) қажеті жоқ, оның, орнына мақта, күріш плантацияларынан тұратын «жасыл оазис» жасаймыз» деген озбыр саясаттың болғаны да жасырын емес.

Кейінгі  жылдары қазақстандық Арал өңірінде қалыптасқан экологиялық-мелиоративтік жағдай күрішке байланысты болып отыр деген ой-пікір қалыптасып, хабары бары да, жоғы да мәселенің байыбына бармай күріштің егіс көлемін қысқарту немесе мүлде екпеу жөнінде ұсыныстар айтуда. Шын мәнісінде солай ма? Жоғарыда атап өткендей, Сыр бойында бар-жоғы 150-160 мың гектар шамасында егіс егіліп жүр. Оның 70-80 мың гектарын күріш құраса, жоңышка 40-80 мың гектарға егілуде, қалған 30-35 мың гектар әртараптандыру, көкөніс-бақша, картоп секілді дақылдардың еншісінде.

Көпжылғы қалыптасқан тәжірибеге байланысты жоңышқа ерте көктемде бір рет ғана суарылады, ал, қалған кезеңдерде күріш ауыспалы егістігінде болғандықтан, соның ылғалымен өсіп-өнеді. Демек, күріштің суару нормасында жоңышқа отыр деген сөз.

Екіншіден, күріш суару жүйесі түгелдей күріштің су тұтыну мөлшеріне есептелгендіктен, басқа суды аз тұтынатын дақылдарды еккенде де каналға сондай су берілуі керек. Сондықтан бұл жерде суды үнемдейміз бе, әлде жоғалтамыз ба, үлкен сұрақ. Иә, күріш көлемін қазақ күріш ҒЗИ ғалымдары ғылыми негіздеп ұсынған 70-75 мың гектардан асырмай, босаған жерлерге әртараптандыру дақылдарын егу арқылы егістік жерлердің мелиоративтік жағдайын сақтап, су ресурстарын тиімді пайдалануға, аймақтың ауыл шаруашылығы мен экономикасының сұранысын өтеуге мүмкіншілік туады.

ПУИД-2 (ирригациялық-дрендік жүйені жетілдіру) бағдарламасы 15 мың гектар жерде жүргізілуде. Ірі шаруашылықтар тарапынан су-жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытында қарқынды жұмыстар іске асырылып отыр. Мелиоративтік (экскаватор, лазерлік жер тегістегіштер) техникалар алып, атыз беттерін тегістеу, коллекторлы-дрендік суару жүйелерін тазалау, гидротехникалық құрылымдарды жөндеу соңғы үлгідегі комбайн-трактор паркін (Джондир, Макдон, Класс, т.б.) құрып, күрішті егу, суға бастыру, күтіп-баптау, жинау процестерін қысқа мерзімде сапалы орындау нәтижесінде жоғары өнім жинап, бір бірлікке жұмсалатын су көлемін барынша азайтуда.

Әлемдік тәжірибеде өзен алабының төменгі ағысындағы маргиналды жерлерді күріш дақылын егу арқылы игеру мол кездеседі. Алпысыншы жылдары жүргізілген кешенді ғылыми-далалық, жобасыз зерттеулер нәтижесінде Сырдың төменгі ағысындағы жерлерді игеруді күріш егу арқылы жүргізу шешімі қабылданып, қысқа мерзімде орасан зор гидротехникалық-мелиоративтік құрылыс жұмыстары жүргізіліп, аймақтың бүгінгі келбеті қалыптасты.

Күріш егу арқылы 2-3 жылға басқа дақылдарды егуге қолайлы су-тұз балансы қалыптасып, өнім жиналады. Күріш егілмеген жағдайда екінші қайтара тұздану қарқынды жүріп, 1-2 жылда ондай жерлер айналымнан шығып қалады. Күріш егілмесе, құрғақта екінші Арал апаты орын алуы әбден мүмкін.

Қорыта келе айтарым, қазақстандық Арал маңы аймағының өмір сүруі суармалы егіншілікке тікелей тәуелді. Егіншілікті жоғары деңгейде жүргізудің мемлекеттік, кадрлық, материалды-техникалық, әлеуметтік, ғылыми-практикалық, ресурстық, нарықтық, экологиялық негіздемесі толық қалыптасқан.

С.ӨМІРЗАҚОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті профессоры, ҚР АШҒА академигі, инженер-гидротехник,

«Ауыл» ХДПП облыс бойынша төрағасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<