Тәлімгер

2141

0

Тәлімгер деген сөзді естіген сайын менің ойыма Орекең түседі. Иә, Қазалы ауданы ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы, абыз ақсақал, өзіміз күнде көріп жүрген Оразғали Достанұлы Бекбанов.

1961 жылдың қыркүйек айында  «Вагон қараушы» мамандығын алатын топқа отыз оқушы қабылдандық. Өндірістік оқу шебері болып жас жігіт Оразғали Бекбанов тағайындалды. Орысы көп ортада шеберіміз қазақ болғанына қатты қуандық.

Топтағы отыз балаға бізден бар болғаны үш жас үлкендігі бар Оразғали Достанұлы шеберлікке баулитын шебер де, ақылшы аға да, шектен шығып бара жатсақ жөнге  салатын қатал тәрбиеші де, бір сөзбен айтқанда, тәлім мен дәрісті бірге беретін тәлімгер болды.

Орекең  бізге қатал тәртіп қоя білді. Турашыл, не істесең де  шындықты айтуды талап ететін, өтірік  айтқанды жаны сүймейтін. Шәкірттерін ісінің сапасына қарай бағалайтын.

Оқыған сабағымызды шеберханада жалғастырамыз. Шебердің үйретуімен өзіміз слесарьлық инс­трументтер жасаймыз, тапсырманы үнемі артығымен орындап жүрдік.

Топ шеберінің ұсынысымен комсомол ұйымының  жетекшісі болдым. Екінші курста  оқу практикасын Шалқар қаласындағы  вагон депосында өткіздік.  Сондағы жұмысшылармен  бірдей вагон жөндеп дербес жұмыс істедік. Жалақының  33 про­центі училищеге аударылып, қалғаны қолымызға берілетін. Ақшаның бақылаушысы да Орекең өзімізге күнделікті қажет болатын бөлігін ғана қалдырып, қалғанын шашау шығартпай  ата-анамызға салдыратын.

Айына бір рет ауылға келіп кететінбіз. Жинала бастағанда Оразғали аға кімге қандай базарлық алу керек, базарлығыңды бірінші кімге беру керек, бауыр­ларың мен қарындастарыңның көңілің қалай аулау керек, тіпті апарған базарлықтарыңды жәй бере салмай, әсерлеп, әдемілеп беруге дейін үйрететін. Қандай зат алғаныңа дейін қадағалайтын. Ондай кезде туған бауырыңдай болып кететін.

Сондай қамқорлықтың нәтижесі шығар алты айда біз өте жақсы жұмыс істедік. Топқа өндірістік практикада берілген тапсырманы асыра орындадық.

Өзім тәлімгерім деп санайтын, өмірлік ұстазым үйреткен жолмен әлі жүріп келемін. Училище түлектері – темір жол қатынасының лауазымды мекемелерінің басшысы Ермекбай Ерманов, Сәкен Төлебаев, Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских ұстаздарының еңбегін үнемі еске алып отыратыны жаныңды жадыратады. Ал, Орекеңнің шекпенінен шыққан деуге лайық Зинулла Баймағанбетов, Көпжан Төлегенов,  Сәрсенкүл Жүсіпова, Күміс Қаймақбаева, Фаратдинов Фат Фатахович, Өмірбек Ерниязов, Анафия Таласбаев, Талғат Тарғынов, Сахидулла Жарасов, Илшат Мурзабаева, Қуантқан Қанатов, Жеткербай Махамбетов және осы жолдардың авторы сол бір кездері Орекеңмен қойын-қолтық жұмыс жасаған кездерін  мақтанышпен еске алушылар десем, қателеспейтін шығармын.

Ұстазым салған жолмен әлі күнге дейін жүріп келемін деуімнің де өзіндік себебі бар.Шәкірттік парызым ғой деп ұстазыма сәлем беруге училищеге бардым. Оразғали аға қуана қарсы алды. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне көтерілген екен. Жағдайымды білгеннен кейін училищеге өндірістік оқу шебері болып орналасуға кеңес берді. Директор Сиснев Петр Поликарповичке өзі кіріп мен туралы жақсы пікір білдіріп, өндірістік оқу шебері етіп жұмысқа қабылдатты.

Өрелі істердің ұйытқысы болып жүрген жан 1975 жылы училищеге директор болып таға­йындалды.  Мені директордың оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары етті.  

Жұмысымызда жаңа леп, серпін пайда  болды. Училище кабинетте оқыту жүйесіне көшірілді. Әр мамандыққа сәйкес пәндерге байланысты техникалық құрал-жабдықтар пән оқытушыларының өз қолымен жасалды. Тапсырылған жұмыс біткенше директордың жеке бақылауында болды. Директор  тапсырманың уақытында орындалуын бақылап қана қойған жоқ, қолғабысын тигізіп қажетті материалдарды табуға мұрындық болды. Қазалыдан Қарағанды қаласына арнайы көлік жіберіп станок (кузнецмолото) және басқа құралдар алдырды. Жұмыс істеуге жағдай жасауға көңіл бөлетін. Істелетін жұмыс­тардың схемасын, жоспарын сызып, қалай жасалатынын өзі көрсететін. Соның бәрін қайдан білетініне  таңғалатынбыз. Өзі көріп тексеріп алмай ешнәрсені іске қостырмайтын. Қажет жерінде мен директормын демей, «осылай істелсе, қалай болады?» деп бізбен ақылдасатын. Училищенің жылу жүйесі түгелдей ауыстырылып, денсаулық сақтау­ға септігін тигізді. Сол жылы қыста жылу жүйесінің от жағатын қазандығы істен шықты. Ойланып тұрмастан арнаулы жұмыс киімін киіп өзі кірісті. Істен шыққан секцияларды тауып, ауыстырылуын бақылады. Қажет бөлшектерді мекемелерді жағалап жүріп әкеліп іске қосты. Соның бәрі  ұжым мүшелерінің күшімен істелетін. Орекеңнің осындай орасан зор ұйымдастыру жұмысының арқасында училище екі жылда бүкіл Одаққа белгілі оқу орны болды.

1977 жылы  училище орта білім және мамандық беретін  оқу орнына айналды. Ұжым басшысының ұсынақтылығымен пән кабинеттерін жабдықтауға  дағдыланған ұжым алты айда ескі жатақхананы  орта білім беретін пән кабинетіне арнап жасақтады. Жеңіл болған жоқ, әрине. Орекең өзі бастап түске дейін сабақ беріп, галстук, ақ көйлекпен теміржолшы формасын киіп жүрген ұстаздар қауымы түстен кейін жұмыс киіммен келіп, өз кабинеттерін, шеберханаларын жабдықтайтын. Сол жұмыстардың бел ортасында, жоғарыда Орекеңнің шекпенінен шықты деп атап кеткен Өмірбек Ерниязов бастаған жігіттер жүрді.

Ойға алған ісін орындамай тыным таппайтын Орекең 1979-1980 жылы Қызылорда теміржол бөлімшесінің (О.Жанәділов), Батыс Қазақстан теміржол басқармасының (К.Көпжасаров) есігін қағып, табалдырығын тоздырып жүріп училищенің 400 орындық  жаңа корпусын салу жұмысын бастады. Басы-қасында жүріп, табандылығы, ұжымдастарды  ұйымдастыра жұмыс жасаудың арқасында 1981 оқу жылына жаңа оқу ғимараты берілді. Сол 1981 жылы Қазалы аудандық  партия  комитетінің шешімімен Жаңақазалы  поселкелік совет атқару  комитетінің төрағасы қыз­метіне ауыс­ты.

Кім болса да маңдай тер, табан етімен жеткен жетістігінің ізсіз жоғалуын қаламайды ғой. Сондықтан болар, тағы да Орекең ағамыздың таңдауы маған түсті. Қызығы мен қиыншылығын бірге көрген жылдардан сабақ алған менің училищеге директор болуыма бір адамдай атсалысты. Аудан басшыларын  міндетті ойдағыдай атқара алатыныма сендіріп, басшылықтың бар сатысынан өткенім жөнінде мінездеме беріп, өзінің орнына директорлыққа ұсынды. Аудандық партия комитетінің кезекті бюросына облыстық кәсіптік білім басқармасының бас­тығы  қатысып, мені бекітуге ықпал жасады. Сенімді ақтап, училищені өз биігінен түсіргенім жоқ.

1982 жылы Мәскеуден облысқа келген кәсіптік білім беру  ісінің одақтық мемлекеттік комитетінің жұмыс тобы жұмысшы кадрларды дайындау  туралы тексеру жүргізді. Тексеру комиссиясының басшысы, академик Александр Батышов біздің жұмысымызды жоғары деңгейде деп бағалады. Тексеру қорытындысымен өткен жиында  училище тәрбие жұмыстары мадақталып, жүк машинасын сыйлап, Бүкілодақтық «Ленин» комсомолы сыйлығына  ұсынылды. Іс-тәжірибеміз республика кәсіптік білім беру мекемелеріне таратылатын болды. Істелген жұмыстар жинақталып, жетістіктеріміз насихаттала бастады. Сол жұмыстардың нәтижесімен Орекең бастаған игілікті істі менің жалғастыруыммен  училище 1985 жылы Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағына ие болды.

Оңтайландыру, қысқарту   барлық салада жүріп  жатқан  1992 жылы наурыз айында Батыс  Қазақстан  теміржол басқармасының Қазалы теміржол  училищесі және техникалақ мектеп жабылсын деген бұйрығы шықты. Училище қысқарса, келешек қолы қысқа жастар қайда барып оқиды? Өзімнің басымнан өткен жай ғой. Арал апат аймағы туралы Заңға сүйеніп, ҚР Министрлік кеңесінің  төрағасы (С.А.Терещенко) есігін қағып Алматыда бір ай  жүрдім. Соның нәтижесінде теміржол басқармасының бұйрығы бұзылып, училище  қысқармай қалды, ал  техникалық мектеп қысқарып  кетті.

1996 жылы теміржол басқармасы қаржы тапшылығына бай­ланысты училищелерді қаржыландыруды тоқтатты. Училищеге тағы да жабылу қаупі  төнді. Алматыға  Білім және ғылым  министріне баруға тура келді. Білім министрі менің мәлімдемемді мақұлдап, жағ­дайды дұрыс түсі­ніп, Арал, Қазалы училищелерінің тарихта ерекше орны барын ескеріп, республикалық бюджеттен қаржы бөлдірді. Училище екінші рет сәтін салып жабылмай қалды.

Қазір колледжде  800-ге жуық студент  оқиды. 200 инженер-педагог жұмыс істейді. Жоғары білім беретін  оқу орнына айналып киелі шаңырақтың 90 жылдығы аталып өтілді.

Орекеңнің кенттің көркею­іне қосқан үлесі көпшіліктің көз алдында. Бесінші кварталдағы теміржол мекемелерінің қалдық, лас сулары жиналған «Қарамай көл» аталған қоршаған ортаға қауіпті көлшіктерді жоюының өзі іскерлігі мен табандылығын көрсетер еді. Ол кезде поселкелік кеңесте ондай жұмыстарға жарайтын техника да, көлік те болмайтын. Сол көліктер мен техникаларды мекемелерден алудың ретін келтірді. Шәкірттеріне салмақ салды. Қатерлі қара ұйық болып жатқан иісі қолқаңды ататын көлшіктерді жою, канализация құрылысын салу, 5 бірдей Қарамай көлді тегістеу  оңай болған жоқ. Қыруар құм, қажырлы күш жұмсалды. Қазір сол жерлерде бой көтерген тұрғын үйлер мен құрылыстарды көрген жанға айтып сендіре алмайсың. Орекеңнің жиырма бес жылдағы істеген мұндай істерін санап тауысудың өзі қиын.

Құрметті теміржолшы азамат Достанның шаңырағында 1940 жылы 3 маусымда дүние­ге келген бала Оразғали мезгілсіз дүние салған анасы Зибаш пен қарындасы Мәрзиядан ажырап, апасы Гүлжаһан екеуі әкесінің  қолында тәрбиеленді. 1955 жылы сегізінші  сыныпты бітіріп, буыны енді қатайған жасөспірім Оразғали Жаңақазалы поселкесіндегі №3 теміржол училищесіне оқуға түседі. Оқу орнын тәмамдаған бозбала еңбек жолын әке салған соқпақпен  «Қазалы вагон депосында» слесарь болудан бастайды. Әнәпия Ұзақбаевтың шақыруымен өзі оқыған училищеге оқу шебері болып орналасады. Үлкеннің де, кішінің де еңбегі мен жасаған жақсылығын бағалай білетін Орекең тәлімгер ұстазы туралы «Ұлы Отан соғысын көрген, майдангер. Мейірімді жан еді. Әкемдей қамқор болды. Көмегін көп көрдім» деп үнемі еске алып отырады.  Өзіне жасалған жақсылықты ұмытпайтын жан тәлім-тәрбие берген ұстазы, майдангер Әнәпия Ұзақбаевтың аудан орталығындағы бір көшеге есімі берілуіне ұйытқы болып, шәкірттік парызын өтегеніне халық риза болды. Бұл да Орекеңнің үлгі болар бір қыры десе болады. Тынымсыз еңбектің арасынан толас тауып жоғары білім алды. Көргендері мен көңілге түйгендерін баспасөз бетіне жариялай жүріп, Қазақстан Журналистері одағына мүше және республикалық «Ардагерлер айнасы»  газетінің редколлегия мүшесі болды. 

Елеулі еңбек иесі еленбей қалған ба?! Жастарға теміржол мамандығын игеруге берген білім жетістіктері ескеріліп, «Білім беру ісінің құрметті қыз­меткері» атанды. ҚР Президентінің Құрмет грамотасы, «Шапағат» медалі «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет» ордені бар. Мадақтау қағаздары мен «Алғыс хаттарды» айтпағанда, «Қазалы ауданының Құрметті азаматы», «Қазақстан Республикасының Құрметті ардагері», «Қазалы ауданының Құрметті ардагері», «Құрметті теміржолшы», «Білім саласының Құрметті қыз­меткері».

Орекең  2005 жылы  зейнет­ке шығып, Қазалы ауданындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Басшылық жасауға келгенде байыз тауып отыра алмайтын ол бұл қызметке де жауапкершілікпен қарады. Елдің ауызбіршілігіне, ұлтаралық достықты нығайтуға, жастарды еңбекке, имандылыққа, адамгершілікке баулитын, отансүйгіштік пен ұлттық  салт-сананы, әдет-ғұрып үрдісін қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды қолға алды. Ауданымыздың үлгілі ардагерлері туралы «Ардақты ардагерлер» кітабы шығарылды. «Қазақ жерінің  зиялы азаматтары»  кітабына Қазалының  ондаған  ардагері суреттерімен енгізілді. Облыста бірінші болып «Қазалы ауданының құрметті ардагері»  деген төсбелгіні шығаруды қолға алған да, ауданның құрметті ардагерлерінің төсіне таққан да Оразғали Бекбанов болатын. Қазір ауданның ондаған  ардагері осы атаққа ие. Бұл істері де елеусіз қалған жоқ. Іс-тәжірибесі облысқа тарап, бірнеше семинар өткізіліп, алғыс-қошеметке ие болды.

Аудан орталығынан ардагерлер үйінің ғимаратын салуға қол жеткізді. Қазір ол ғимарат демалуға ыңғайлы жабдықталған. Дене сергіту, дем алу, тіпті асхана бөлмесі де бар. Жетісіне бір рет 50 проценттік жеңілдікпен шаштараз жұмыс істейді. Ауданның белсенді ардагерлерінен құрылған топ әр сәрсенбі сайын бас қосып, ағымдағы жайлар, күнделікті оқиғалар туралы ойларын ортаға салып, пікір алысады. Ұйым төрағасы  облыс, аудандардағы жағдайлар туралы ардагерлерді хабардар етіп отырады. Ардагерлер өнерлілер байқауына, спорттық жарыстарға қатысады. Қазір дойбышы, шахматшы, ­бильяр­д­шы, мерген ардагерлеріміз респуб­лика, облыстық жарыстарда аудан намысын қорғап жүрсе, желаяқ ардагеріміз шетелге атымызды шығарып, абыройымызды асқақтатып жүр.

Ал осы ғимараттың ауласына кірсеңіз, көктемде жеміс ағашының бүршік жарған гүлдері, жазда жайқалған алуан түсті гүлдер жаныңызды жадыратады. Мұның бәрін ардагерлер жасаған. Төрағаның тынымсыз еңбегі мен тозбас төзімінің нәтижесі. Жасы жеткен жандарды осындай жұмыстарға жұмылдыру оңай дейсіз бе? 

Оразғали аға Гүлайым Жұмахметқызымен бірге өмірден өз орынын тапқан ұл-қыз өсірді. Тәлімгерге  сексеннің сеңгірін бағындырған жасында халқы үшін атқарар абыздық істері мен ойларын жүзеге асыруына, бауыр еті – балаларының қызығын көре түсуіне  Алла мұрсат берсе екен деп тілеймін.

Молдабай АҚНИЯЗОВ,

ҚР Білім беру ісінің

құрметті қызметкері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<