Әр Жеңіс күні жақындағанда сол бір оқиғаның еске түсетіні бар. Соғыс кезінде тылдағылар ішіп-жемін айырған талоннан тарайтын сол тарих Жамал апаның баяғының жетегінде кеткен балалығы мен жастығын көз алдына қатар әкеледі. Сөйтеді де, кеудесін бір сағыныш кернейді. Балалары да бұл сырын біліп алған. Әшейінде өзінің қас-қабағын бағып жүретін айналайындар Жеңіс күні жақындағанда тіпті өбектегіш болып кетеді. Сұрапыл соғыста жеңімпаз атанған жұрттың адамдығы мен адалдығы жайлы естелігін ұйып тыңдайды.
Туып-өскен мекені Қаратерең Сырдарияның Арал теңізіне құярлығына жақын ауыл еді. Қаратерең аталуына қарағанда есте жоқ ескі заманда ауыл орналасқан жер теңіздің табаны болса керек. Әйтеуір, бұлар ес білгенде айналасын бір-бірімен жалғасқан көл қоршап жататын.
Ол заманда білім қуып, ауылдан ұзап шыққан адам ілуде біреу ғана. Көбі ауылдағы жетіжылдық мектептен оқығанын қанағат тұтатын. Аты жетіжылдық дегенмен мұғалімдері мықты еді. Осында қанаттанған талай түлек еңбегімен елге танылып, биік қызметтердің тұтқасын ұстаған азамат болды.
Жамал сегіз жасында сол білім ошағының табалдырығын аттады. Оқығанын қағып алатын ұғымтал шәкірт болып өсті. Бала қиялына салып кейде өзінің болашағына ойша сапарлайтын. Ертеңін көз алдына елестеткен періште көңілдің тілегін тұтқиылдан басталған соғыс қиды. Майданның алғашқы жылы-ақ, ауылдағы ер-азаматтың қатары селдіреп қалып еді. Соғыс басталғанына жылға жуықтағанда әкесі Аллауаддин майданға аттанды. Үйдегі бес баланың үлкені бұл ауылдағы тірлікке қолғабыс етті.
Теңіз жағасындағы ауылдың көп тіршілігі балыққа байланысты болды. Елді мекен шетіндегі балық зауытының тіршілігі қыз-қыз қайнап жататын. Қаратереңнің бар адамы балықты кептіріп, ыстап сол зауыттан нәпақа айырады. Бұлар да сол жұмысқа жегілді. Балалығын соғыс ұрлаған ұрпақтың өкілдері қабырғасы қатпай жатып бейнеттің дәмін татты. Ауыр жұмыстан шалдығып бара жатқанда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранды естісе ширай түсетін. Ұранға да, Құранға да сенбейтін қазіргілер ғой, бұлар сол сөзден кәдімгідей қуат алып, майданда жаумен соғысып жатқан аға-әкелерінің елдегі сенері өздері екендігін сезінгенде сергіп қалар еді.
Ол тұста Арал өңірінде азды-көпті егін де егілетін. Бұлар балық зауытының қауырт жұмысынан қолдары қалт еткенде егінші ауыл саналатын Жаңақұрылыс, Беларыққа барып, масақ терді. Егіннен қалған пішенді жылқы, түйе фермаларына тасыды. Екі сөзінің бірінде сүттей ұйыған елдің тыныштығын бұзған соғысқа лағнет жаудыратын үлкендер бұларды аяп, ауыр жұмысқа салғысы-ақ келмейді. Бірақ, жұмсауға жарап қалған бұлар жүрмесе шаруаның бітпесі тағы анық.
Қолдағы барын майданға жіберіп отырған тылдағылардың тірлігі де кісі қызығарлықтай емес еді. Теңізді ауылдағы әр үйден қақпыш балық табылады демесеңіз, басқа азық-түлік жағы тапшы. Майданға аттанғандардың отбасына сол кездегі карточкалық жүйеге байланысты тегін нан алуға талон беріледі. Көпшілігі сонымен жан бақты. Қазір ғой жарты күн сөреде тұрып қалған нанды ешкім алмайды, соғыс кезінде соның қиқымына зар болғандарды көзімен көрді.
1941 жылдың 18 шілдесінде Мәскеу мен Ленинград қалаларына енгізілген карточкалық жүйе көп ұзамай бүкіл Одақ ауқымын қамтыды. Қиянда жатқан Қаратереңнің жұрты да сол талонмен берілетін азықты талғажау ететін. Жас Жамалдың аяқ астынан ауданға жол тартуы да сол талонға байланысты еді.
Аудан орталығынан келіп тұратын талон бірде пышақкесті тыйылып қалсын. Бастапқыда бір-екі апта шыдаған жұрт қара нан көзден бұл-бұл ұшқасын қинала бастады. Ауылдың үлкендері ақылдасып аудан орталығына біреуді жіберуді ұйғарғанда таңдау 14 жастағы Жамал қызға түсіп еді. Еті тірі, қимылы ширақ Жамал жерлестерінің сенімін аяқасты еткісі келмей, ауыл адамдары трал атап кеткен шағын кемеге мінді.
Теңізбен жүзіп отырып, Аралға да жетті. Қалада маңдай тіреп баратын танысы жоқ Жамал ауылдастарының ақылымен аудандық газеттің редакциясына жол тартыпты. Газет редакторы Қалас Сәрсенбаев деген жігіт ағасы екен. Әріптесі Тойбазар Елемесов екеуі мұның әңгімесін мұқият тыңдап, бірден аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Дильяз Ешкеновтің кабинетіне жетелеп әкелді. Ауылдан келген бұған бәрі таң. Аздап бойы үйренгесін аудан басшысының сауалдарына жауап бере бастады. Бұл кешіккен талонның жайын айтқанда Ешкеновтің ақсұр жүзі қабарып кетті, басын шайқап отырып, әлдекімге телефон шалды.
– Келген шаруаң оңынан шешілді, қызым. Ертең ауылға талон жетеді,– деді сосын бұған күле қарап. – Өз жайыңды айта отыр. Сыңайыңа қарасам, оқушы сияқтысың. Бірақ бүкіл ауылдың аманатын арқалағаныңа қарағанда тегін болмадың, айналайын.
Бұл ауылдың жағдайын, өздерінің үлкендерге қолғабыс жасайтынын, әкесінің соғысқа кеткендігін, оны сағынғандығын қалдырмай айтып жатыр. Ағалары бұның әңгімесіндегі балалықтың суретіне езу тартса, майдан жайлы айтылғанда қабақтары жиырыла қалады.
– Кешкі мектеп оқушысы екенсің. Сабағың да жақсы сияқты. Енді соны жалғастыруға қалай қарайсың? – деді бірінші хатшы бұл сөзін аяқтағанда. Талонның шаруасымен келіп оқуға түсемін деген үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. Қуанғанынан басын изей берді.
Сөйтсе осындағы Т.Шевченко атындағы орта мектеп жанынан Қызылорда педучилищесінің қысқа курсы ашылыпты. Бірінші хатшы мектеп директорын шақырып алып, Жамалды сол курсқа алуды тиянақтап тапсырды. Осылайша кешкі мектептен кейін екі ай курс оқып, 15 жасында өзі оқыған мектепке мұғалім болып орналасты.
Балаларын құшағына бір қысып, майданға аттанған Аллауддин әке ақыры соғыс даласынан оралмады. Бұлардың бәрін анасы жеткізді. Бұл соғыс азабы маңдайдағы әжімін қалыңдатқан шешеге қолғанат болды. Адамзатты жалмаған қырғынның миллиондаған құрбандарының біріне айналған ғазиз әкені ойлағанда жүрек тұсы әлі де шым ете қалатыны бар. Әкенің бір хабары шығып қалар деп құлақ түре жүріп өздерімен тегі бір қандастарды түгендейтін әдет тапты. Осындай іздеулердің нәтижесінде Көкшетау өңірінен Сабралиев есімді бір азамат табылған. Туыстығы жоқ, бірақ сол әулетке де тілектестігін танытып отырады қазір.
Бұл мектепке орналасқан соң көп ұзамай соғыс аяқталып, майдангерлер елге орала бастады. Солардың арасынан Сейітмағамбет Жұмахметов атты азаматпен бас қосқасын, түзде жүретін еркекпен жарысқандай болмайын деп мұғалімдікті қойды. Шүкір, жаман болған жоқ. Жары екеуі 5 ұл, 1 қыз өсірді. Азаматының алдына шыққан жері жоқ, қосағы да өле өлгенше мұның қабағына кірбің түсірмей кетті. Жиырма жылдай бұрын шалы қайтыс болғанда көзге түртсе көргісіз қара түнекте жалғыз өзі қалғандай күй кешкені бар еді, ұл-қызының демеуі мен немерелердің тәтті қылығы көңілін сергітті.
Бесіктен белі шықпай ел жұмысына араласқан Жамал апа I, II дәрежелі «Медаль материнства», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» медалі мен «Күміс алқа» иегері. Бес баладан тараған он тоғыз немере мен он сегіз шөберенің ортасында отырғанына тәубе айтады.
Шүкір, бүгінде ел іргесі бүтін. Елдің тыныштық бесігінде тербелгеніне жетпіс жылдан асты. Осының барлығы қолына қару алып ел қорғаған азаматтар мен тылда жанқиярлықпен еңбек еткен «мылтықсыз майдан» сарбаздарының арқасы. Сол ерлік ұмытылмаса екен.
Міне, тағы бір Жеңіс күні таяп келеді…
М. АЙДАР.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<