ТАР ЗАМАННЫҢ ПЕРЗЕНТТЕРІ

427

0

Әкем Әжбен Үмбетәліұлы 1910 жылы Арал ауданының Ақеспе ауылында туған. Менің әке-шешем Аралға ертерек келіп қоныстаныпты. Сол кездері ірі кемелер болған екен. Мұз жарғыш кеме, әрқайсысының аттары бар. Бұл кемелер теңіздің етегінде отырған балықшылардың балығын жинап таситын. Рефрижератор кемеге әкемнің Барта деген қайығы тіркеліп, барлық кемені  әкем маймен қамтамасыз етіп отыратын. Сонда ол кісі: «теңіздің ортасында құрдым бар, иіріп суын жұтып жатыр. Кемемен түнде өту де қорқынышты» деп айтып отыратын. Міне, сол әкемнің айтатын сөздері шындыққа айналды. Сөйтіп теңіз құрдымға кетті. Дегенмен 50 жылдан аса уақыттан кейін Аралдың тамырына қайтадан қан жүгірді.

Әкем де, шешем де қарапайым еңбекқор адамдар болған. Әділ шешім қабылдайтын, балаларының бәрін адамдыққа, адалдыққа тәрбие­леді.

Әкемнің сәби кезі көрінеді. Еңбектейтін шағы. Күздің қытымыр салқын күні. Қазақтың қараша үйі, ортасына жер ошаққа от жағып, баланың аяғындағы жіпті керегеге байлап, мал саууға кеткен әжеміз Үрбі келсе баласы ортадағы жер ошақта шырқырап жатыр екен. Дереу көтеріп алып үстіне айран құйып жібереді, сөйтіп ем-дом жасаған. Содан сәби кезінен оң көзі көрмейді, беті, басы тыртық, сол қолының бармағы жоқ, төрт саусағы қисық біткен, тұла бойын күйік шалған. Содан көп азап шегіп келе-келе  адам қатарына қосылған. Сол кезде дәрігер жоқ па, әлде көрінбеді ме, ешқандай мүгедектік жеңілдіктер пайдаланбаған. Өзінің туған інісі Сәкен Үмбетәлиев 1941 жылы әскерге алынып, соғысқа кетті. Сонда менің әкем «он екі мүшем түгел болғанда мен де соғысқа барар едім-ау» деп налыған. Інісі Сәкен соғыстан оралмады. Кейін  бейбіт заманда Аралдың әскери комиссариатынан інісінің қайтыс болғаны жайлы архивті ақтартып, анықтама алды. Қазір Аралдың орталық алаңында аты-жөні жазылып, мәңгі кел­местер қатарында тұр.

Сәкен ағамыз сұңғақ бойлы, реңді сұлу жігіт болған екен. Қыз-келіншектерді домбырада, гармонда өлең айтып баурап алатын көрінеді. Ағамыздың жүрген жері думан болған дейді. Әттең соғыстан оралмады. Ол қайтып келгенде оның да отбасы болар еді. Менің әкем де отқа түсіп кетпегенде осы інісі сияқты сұлу мүсінді болар ма еді. Дегенмен, ол кісінің жаны сұлу болды. Дене мүшелері қисық болса да, еңбекке деген құлшынысы, жігері болды. Осы адалдығын, еңбекқорлығын ескеріп, еңбек ардагері деген атақ берді. В.И.Лениннің 100 жылдығына медаль алды. Мерекелерде қандай мақтау берілсе бірінші менің әкеме берілетін еді. Биыл әкемнің туғанына 108 жыл толып отыр.

Соғыс кезіндегі тапшылықты айтып жеткізу мүмкін емес қой. Сол кезде нанды үйінде қанша адам болса соншаға тіліп бөліп, карточкаға беретін көрінеді. Бір күні дүкенші 2, 3 нанды бөлмей әкеме түгел беріпті. Сонда әкем «жоқ болмайды» деп дәл сол жерде бөліп адамдарға таратқан көрінеді. – Бұл да көзсіз ерлік қой, ең болмаса бір бөлке нанды үйге алып келсең қайтеді? – деймін. – Алла адамдарды алаламайды, аштыққа да сабырлықпен қарап, бірдей болу керек дейді.  

Соғыс кезінде ер азаматтар аз болғандықтан әкем бірнеше уәкілдік жұмыс атқарған. Өзінің Айым, Дариха, Ағира атты үш қарындасы бар. Жалғыз інісі соғыстан келмеді. Ата-анасы болған. Соғыс кезінде қыз-келіншектерді Қарағанды көмір шахталарына еңбек армиясына жинаған. Сол жұмысты басқарған әкем өз әйелі, яғни, анам Қатираны еңбек армиясына жіберген. Қарын­дастарын жіберейін десе олар жас және ата-аналары ренжитін болған. Сонымен анам Бершүгір шахтасына кеткен. Сол кезде мен шешемнің ішінде енді біткен екенмін. Әкем шешеме: «Барғасын дәрігерге көрін, мүмкін сені ертерек қайтарар» деген екен. Сондағы анамның айтатыны. Азанда көп әйел, бала-шаға жер астына кетеді, жер астындағы көмірді сыртқа екі иықтарына арбаның арқанын байлап қараңғы жерден еңбектеп шығарады. Кейбіреулері шықпай қалатын көрінеді. Мен сол жердегі үлкен кісіге жағдайымды айтып, тамақ пісіретін болдым. Кейін дәрігерге көрініп ауылға қайттым. Кейде анам әкеме ренжісе «мен сол кезде со жақта қалып қойсамшы» дейтін. Әкем мен анам өте қарапайым, қайырымды адамдар болды. Өкіметке әбден берілген. Әкем бір кезде қойма басқарды. Қоймада бәрі болды, көмір де, темір де, майдың неше түрі, отын бәрі бар. Сөйте тұра біз тезек тереміз. Ағаштың сыртқы қабығын аршып, арқалап тасимыз. Әкем өзіне тиесілі отынды ақшасын төлеп, тұрмысы нашар отбасына береді. Бірақ біздің де жетісіп тұрғанымыз шамалы. Үстімізде киім-кешек те жұтаң. Сыртқа көкөніс еккізді. Піскен кезде өзімізге қауын-қарбыздың жарылғанын, іші түскенін алады. Анам әкемнің көзін ала бере қулық жасап, қауын-қарбыздардың бүтінін алып қалады. Соларды жарып жеп отырсақ әкем «Әй, сен мұны қайдан алдың» дейтін. Халықты көкөніске тойғызып, арқа-жарқа қылатын.

Осындай тәрбиемен жаман болған жоқпыз. Отбасында екі ұл, екі қыз болдық. Мен 1945 жылы 12 қаңтарда дүниеге келдім. Аралдағы №13 Т.Г.Шевченко атындағы мек­тепті 1964 жылы бітірдім. Сол жылы Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институ­тының ағылшын тілі факультетіне оқуға түсіп, Аралға келіп, өзім оқыған мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болдым. Қазір үлкен отбасымын. 6 перзентім, 14 немерем бар.

Інім Темірболат қара шаңы­рақтың түтінін түтетіп отыр. Әкем қашан о дүниелік болғанша ораза, намазын тастаған  жоқ. «Қандай қиыншылық болса да сабыр сақ­таңдар, құдай жеткереді» дейтін. Шынында құдай жеткерді. Әкем 1994 жылы 84 жасында қайтыс болды. Өмірден қайтқан кезде өзі жұмыс істеген балық комбинатының қызметкерлері көмек беріп, қызмет жасап, ақ жолға аттандырып салды. Анам да шалының артынан қалмайын дегендей, бір жылдан соң қайтыс болды.

Жалпы, 1910-1915 жылы туыл­ған ата-аналарымыздың жағдай­лары өте ауыр болды. Олардың жастық шақтары, балалық кездері тойып тамаққа, бүтін киімге жары­мады. Бозбала, бойжеткен кездері ше. Әкем анама сөз салып, енді алып келеміз деп ағаларына еріп бар­ған көрінеді. Әкем шағын адам, аяғы да үлкен емес. Сонда аяғына жеңгесінің биік өкшелі қызыл етігін киіп барған екен. Әкем «Күйеу болып босаға жақта жантайып, аяғымды созып, етігімді қонышынан тартып мақтанып қоям» дейтін. Бір кезде есік жақтан әйелдер мына жігіттің аяғындағы етігі әйелдікі сияқты деп айтып жатқанын естіп қойып, тығарға жер таппадым» дейді. Заманына қарай адамы деген ғой. Міне, осындай тар заманда өмір сүргенмен пейілдері, көңілдері өте кең болған. Өздері екі бөлмелі тар үйде тұрса да, үстеріне басқа бір отбасын кіргізіп, бірге тамақ ішіп сыйысып жүре береді. Әке-шешеміз ашаршылық заманды көрді, соғысты көрді.

Әкемнің Ағира деген қарындасы жастай әйел үстіне үлкен кісіге кетті. Бәйбішесі бала көтермегесін менің апамды әйел үсті алды. Көп ұзамай осы Ағира апамның шалы қайтыс болып, апам қайтадан қолға келді.

1955 жылдың күзі болатын, әкем азанда жұмысқа бара жатса бірге істейтін кісі де шығып келе жатыр екен. Артынан жас шамасы 3-4 жасар бала жалаңаш денесіне күрте жамылып жылап қуып келеді. Оны ұстауға 4-5 класс оқитын бала келе жатыр екен. Жаңағы кісі артына қарайлай береді. «Әй, сен жұмыстан қаласың ғой, неге қарайлай бересің шешесі қайда? – деп сұрайды. Ол кісі қайтыс болғанын айтады. Әкем абдырап, «әй саған мен қарындасымды берем, тез жүр жұмыстан қаламыз» дейді жол үстінде. Содан 15 күн жол жүріп келеді. Келгеннен кейін уәдесін бергесін әлгі кісі келеді. Енді ол кісінің неге келгенін қарындасына айтайын десе қиналады, айтпайын десе жол үстінде уәде кетті. Сонымен апам Ағираға барлық жағдайды айтты. «Айналайын, мен жұмысқа бара жатып жылаған жетімдерді көрдім. Оларды көріп аяп, сені берем деп жол үстінде сөзім кетті. Мен саған батамды берейін өс, бағың жансын ана жетімдердің маңдайынан сипап, ана бол» дейді. Содан көрші-қолаңды жинап шай ішіп, анам әлгі кісінің үйіне апарып салады. Міне, сонан «Батаменен ел көгерер» деп, әлгі бас қосқан Қайдар деген кісімен балалы-шағалы, Алматыда тұрады.

1910-1915  жылы туған менің ата-аналарым тұрмақ, 1940-1945 жылы туғандардың да жағдайлары жақсы болған жоқ. Нан тапшылығын көрдік. Бір бөлке нанды кесіп өлшеп беретін. Балалар жейтін тәттілер жоқ. Әкемнің Дариха деген үлкен қарындасының Құлпаршын деген 5 жасар қыз баласы төрде шай ішіп отырған қонақтың жанына келіп, «әй, кісі, шекеріңді жесейші» дейтін көрінеді. Баланың өзі жегісі келіп сұрап тұрған түрі ғой. Сол замандарда балалық шақтың өксік атқан ащы запырандары да болды ғой. Қазір менің жасым 73-те. Жеке егеменді ел болдық, тұрмыс жағдайымыз жақсы. Қазіргі ұрпақ – бақытты ұрпақ. Бақытты бағалай білгенге не жетсін!

Сәнімжан ҮМБЕТӘЛИЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<