ТАРИХИ ШАЙҚАС КУӘГЕРІ

362

0

Сталинград шайқасы – тек екінші дүниежүзілік соғыстағы ғана емес, адамзат тарихындағы ең ірі шайқас саналады. Ол 1942 жылдың 17 шілдесі мен 18 қарашасы аралығын қамтыған қорғаныс және  1942 жылдың 19 қарашасы мен 1943 жылдың 2 ақпаны арасындағы шабуыл кезеңдерінен тұрады.  Сталинград шайқасы аяқталғанда дүние есігін ашқан сәбидің өзі бүгінде 75-ке келеді екен. Олай болса сол сұрапылдың куәгерін көру  тіптен мүмкін емес секілді. 

Ал бүгінгі мақаланың кейіпкері – тоқсанның жетеуін толтырып отырған соғыс және еңбек ардагері Ибрагим Нұрымбетұлы Сталинград шайқасындағы екінші кезеңі басталған 1942 жылдың 19 қарашасы күнгі ғаламат артиллериялық дайындықтың бел ортасында болған адам. Артиллериялық дайындық деп үлкен шабуылды бастар алдында жау шебін ұзақ уақыт снарядтармен төпелеп, есінен тандыруды айтады. Сондайда снаряд түсетін аймақтың координаталарын дәл есептеудің маңызы өте зор. Біріншіден, алдыңғы шептегі өз әскеріңді қырып алмау керек, екіншіден снарядтарды барынша нәтижелі пайдаланған дұрыс. Міне, Ибрагим ақсақал сол уақытта 152 мм-лік гаубицаның есептеушісі болатын. Сонымен қоса артиллерия дивизиясы командиріне байланысшылық қызмет жүктелді. Егер байланыс кабелі үзіліп жатса, жаңбырша жауған оқтың астында оны қайта жалғастыру да оның мойныңда.

Негізінде ол соғысқа 1941 жылы тамыз айында Ташкентте оқып жүргенде сол жақта жасақталған Өзбек дивизиясы құрамында аттанады. Бұл кезде 19-ға толған еді. Ол алғашқыда кіші лейтенанттар дайындайтын оқуға алынды. Алайда, сол кездегі Сталиннің майданға офицерлерден гөрі жауынгерлер көп керек деген бұйрығына сай жоғарыда аталған мамандыққа дайындыққа жіберіледі.

Сонымен Сталинград майданына қайта оралайық. Сталинград қоршауын бұзудағы жанкештілік соғыс нәтижесінде Нұрымбетұлы болған бөлімдер алдарында шеп ұстап тұрған Румын армиясын қуып тастады. Осыдан кейін Кеңес әскерлері жау басып алған аймақтарды босата бастады.

1943 жылы Запорожье қаласын азат ету шайқасына қатысты. Гитлер армиясы асау толқындары буырқанған Днепр өзенінің жағасында өте күшті қорғаныс шебін құрған еді. Бұл жерде де қырғын соғыс болды. Осы шайқастардан кейін оған «Ерлігі үшін» медалі тапсырылды. Отан соғысының тарихынан хабардар жандар бұл медальдің  орденмен теңескенін жақсы біледі. Келесі тапсырылған награда одан да салмақты болып шықты. Бірде Ибрагим дивизия командирінің бұйрығымен грузин офицері екеуі жау шебіне қарай тапсырманы орындауға бет алды. Алайда, алдарынан неміс танкілері шыға келеді. Бұлар тездетіп снаряд жарылысынан пайда болған шұңқырларға жата қалып, қолдарындағы гранаталарымен екі танкіні өртеп жіберді. Соның бәрін генерал дүрбімен көріп тұр екен. Бұлар қайтып оралғанда дивизия командирі қазақ жауынгерінің кеудесіне үшінші дәрежелі «Даңқ» орденін, қасындағы серігіне «Қызыл жұлдыз» орденін қадады.

– 1945 жылдың ақпан айынан  бірыңғай шабуылға шыққан біздер  Тирасполь қаласын алдық, Днестрден өтіп Румыния жерін фашистік басқыншылардан босатуды бастадық. Әсіресе, Венгрияың астанасы Будапештті алу оңайға соқпады. Бұл қала үшін соғыс тура бір айға созылды, – дейді ардагер сол кездерді еске алып. Сондағы көрсеткен ерлігіне орай «Будапештті азат екені үшін» медалімен марапатталған еді. Жеңіс туралы хабарды ол Венгрия жерінде естіді. Бұл уақытта оның еншісінде жоғарыда аталған наградаларға екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені де қосылған болатын.

– Біз соғысқа марапат алу үшін емес, керісінше Отан қорғау үшін бардық қой, – дейді бұл жөнінде ардагер. Ол соғыста небір тосын жайттардың орын алатынын айтады. Бірде тапсырманы орындап қайтып келе жатқан уақытында жол шетінде үюлі тұрған шөмеле шөптің қозғалғанын көріп қорқып кетеді. Қаруын кезеп, жақындай түскен сәтте шөптің ішінен бір бойжеткен шыға келеді. Ол жасырынған жау тыңшысы болуы да мүмкін. Ибрагим қызды 18 шақырым жерде орналасқан батальон штабына айдап әкеліп, командирге тапсырады. Тексере келгенде ол жаудан қорқып тығылған жергілікті тұрғын болып шықты.

Майдангер тағы бір оқиғаны есіне түсірді. Сталинград қоршауын бұзу кезінде көз жұмған сарбаздарды жинауға қатысқан еді. Окоп-окопты аралап жүріп,  взвод командирін байқап қалады. Командирі мұның “окопқа жасырыңыз” деген естімегендей мелшиіп тұр

Жанына жүгіріп бардым. Онда үн жоқ. О, тоба, өз көзіме өзім сенбедім. Сол жақ самайдан тиген оқ оң жақ самайынан көктей өтіпті. Заматында жан тапсырған есіл ер окопқа сүйенген күйі қалшиып қатып қалған. Айтпақшы, әлгі командирімнің қазасынан ес жия алмай тұрған сәтімде біреу тапырақтап қашқандай болды. Қарасам, аласа бойлы неміс солдаты екен. Жан деген тәтті ғой, зытып барады. Жауласқан соң не тұрыс, бірден автоматыма қол салдым. Алайда, ол жарықтықтың стволы күні бойы еңбектеп жүргендіктен топыраққа толып қалыпты. Жаратушы иесі оған бір жолға өмір берген шығар, қара үзіп кетті, –деп ақсақал сәл үнсіз қалды.

«Қырық жыл қырғын болса да, ажалың жетпей өлмейсің» дегендей, қаншама сұрапыл шайқастарға қатысқан жауынгерге 1947 жылы елге аман-есен оралуды жазыпты. Бейбіт өмірде де ер-азаматтарды ауыр тіршілік күтіп тұр еді. Майдангер келе шаруаға араласты. Кейінірек бухгалтерлік курсты тәмамдаған Ибрагим Нұрымбетұлы Жаңақорған ауданындағы қазір Сүттіқұдық деп аталатын бұрынғы “Красная звезда” шаруашылығында ұзақ уақыт бас есепші болып қызмет атқарды.

«Бас екеу болмай, мал төртеу болмас». 1950 жылы Нәлшайым Тазабекқызы есімді бойжеткенмен бас қосып, шаңырақ көтерді. Қырық жылдан астам тату-тәтті ғұмыр кешкен жарасымды жұп өмірге қос ұл мен үш қыз әкеліп, ондаған немерелер сүйіпті. Нәлшайым анамыз осыдан жиырма үш жыл бұрын бақилық болды.

Ақсақалдың құлағы ауырлау есітеді демесеңіз, сөз саптауы, жүріс-тұрысы әлі тың. Күнделікті баспасөзді шолып шығады. Міне, бүгінде ғасырға жуық ғұмыр кешкен Жеңіс жауынгері Ибрагим көкеміз 20 немере мен 27 шөберенің шуағына бөленген, жастардың, елдің амандығын тілеген батагөй қария.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<