ТӘЛІМГЕР ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

1141

0

 Халық мәдениеті – көп­ғасырлық тарихы бар ата-бабалардың рухани құндылық қазынасы. Қазақ халқының ежелгі дәуірлерімізден, қа­зіргі заманымызға дейінгі қа­лып­тасу, даму кезең­дерін­дегі жал­пытүркілік фило­софиялық-пе­да­гогикалық дүние­таным ерек­ше­ліктерін, орта ғасырлардан бас­тап ұр­пақтар санасынан берік орын алған діни-исламдық ұстаным сипатын, халықтың жан ділін адамгершілік-имандылық қасиеттер ықпалымен сәу­ле­лендіру, нұрландыру қыз­метін атқарған тәрбиеші-тәлім­гер қайраткерлер тағы­лымын – бәрін қазіргі уақыт­пен сабақтастыра наси­хаттаған өнегелі тұлғалар даралана бағаланады. Халық мәдениетінің насихатшылары тұғырындағы өздерінің белсенді шығармашылық ізденістерін күнделікті тұрмыстық-әлеуметтік істерімен қатар атқара жүріп, осындай адамдар жаңа буынның болашаққа ұласатын жолына да айқын бағдар береді. Бұл орайда, сөз арқауындағы өнегелі өмірімен мәңгілік ұлағат танытқан тұлғалар қатарында Сәден Нұртайұлы (1930-2002) есімін де айтамыз.

1930 жылы 15 қарашада дү­ниеге келген Сәден ағамызбен бірге Нұртай атамыздың отбасында Өзбекбай, Әбілақұл, Қоныскүл, Шәкіркүл есімді перзенттер де болған. Туған ауылдың, өңірдің бұрынғы-соңғы тарихы, өткен оқы­мыстылары, би-шешендері, ақын-жыраулары, батырлары ел ағалары – ақ­сақалдары туралы деректі әңгімелерді, терме-толғауларды, дас­тан жырларды балалық шақта-ақ жадына жаттап өскен Сәден ержете келе ауылдастарының ара­сын­дағы тыңдаушылық болмысымен та­нылған. Орта мектепте оқып жүргенде-ақ бозбала Сәденнің халық мәдениетінің этно­графиялық ерекшеліктерін жүйелеп, саралап баяндайтын қабілеті бай­қал­ған. Балалық, бозбалалық шақ­тағы халық тари­хына, ата-баба­лардың рухани мәде­ниетіне құш­тарлығы оның болашақта тарихшы мамандығын игеруіне берік негіз қалағаны анық. 1948 жылы ауы­лындағы онжылдық мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атын­дағы мемлекеттік педагогикалық инсти­тут­тың (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда мемлекеттік университеті) тарих факультетіне оқуға қабылданады. 1955 жылы осы жоғары оқу орнын бітіріп, та­рихшы-ұстаз мамандығымен Қармақшы ауда­нының мектептерінде 40 жылдан астам уақыт еңбек етті. Еңбек жолын қазіргі Ақ­төбе ауылындағы (бұрынғы Чапаев атын­дағы колхоз) орта мектепте мұғалім болып бастап, «Ақжар», «Жаңақала», т.б. ауыл­дардағы мектептерде ұзақ жылдар бойы директор, оқу ісінің меңгерушісі болды.

Мен туған ауылым «Ақжардағы» № 28 орта мектепте 1958-1968 жылдары онжылдық білім алдым. Сәден ағайымыз 1965-1969 жылдары осы мектептің директоры және тарих, қоғамтану  пәндерінің мұғалімі болды. Ал, Сәден ағайымыздың жары Ақбалыш Жалғасқызы да мектепте мұғалімдік қызмет атқарды.

Сәден ағайдың тарих, қоғамтану пән­дерінен болатын сабақтары өте мазмұнды өтетін. Ұстазымыз тарихи деректерді қы­зықты оқиғалармен сабақтастыра, ұш­тас­тыра отырып, тартымды, әсерлі тіл­мен түсіндіретін. Менің тарих пәніне қы­­зы­ғушылығым, қазіргі ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарымда тарих, этнология, этнография салаларындағы кітаптарға құ­марлығым орта мектепте тарих пәнін оқытқан Қоңырбай Мүсіркегенов, Сәден Нұртаев, Сағат Баянов, Іскендір Бағатов есімді ұстаздарымның ық­палымен қалыптасқанын сезі­не­мін. Орта мектептегі тарих, қоғамтану, география – оқу­шы­лардың адамзат ұрпақтары өр­кендеген мыңжылдықтар тағы­лы­мын дерекнамалық жүйеде ұғындыратындығымен аса маңызды ерекше пәндер.

Сәден Нұртаев – нағыз жоғары деңгейдегі тарихшы мұғалім. Орта мектептегі тарих, қоғамтану пәндерін ғылыми-танымдық жо­ғары деңгейдегі сапамен оқыта жүріп, ғылыми-зерттеушілік істерін де жүргізді. Ұстазымыз Сырдария, Әмудария өзендері жа­ғалау атыраптарындағы түркі өркениеті ке­зеңінің қалалары, көрнекті тұлғалары туралы аудандық, облыс­тық, республикалық педаго­ги­калық оқуларда баян­дамалар жасады. Өзі бас­қарған орта мектептерде тарихи-өлкетану мате­риал­­дары негізінде арнайы пәндік кабинеттер ұйым­дастырды. Басшы ұстаз ұйымдастырған оқу-өндірістік бригадалары ауылдағы шаруашылық істеріне қолғабыс ти­гіз­ді, ауылдардағы фоль­клорлық-этно­графиялық мұраларды жинаумен айналысты. Бұл арқылы ұстазымыз өсіп келе жатқан жас ұрпақтың туған жерді, атамекенді, ата-бабалар дәстүрін қастерлейтін дүниетанымын қалып­тастыруға ықпал етті.

Тарихшы-ұстаз Сәден ағайы­мыз­дың елдің тарихына, салт-дәстүріне, әдет-ғұр­пына байланыс­ты мәдени-танымдық мақа­лалары аудандық, облыстық, респуб­ликалық, халықаралық газеттерде («Қармақшы таңы», «Сыр бойы», «Шалқар», «Қазақ елі», «Түркістан», т.б.), журналдарда («Ислам әлемі», «Шапағат», «Нұр») жария­ланды. Тарихшы-ұстаздың діни-исламдық дүниетаным негіздеріне, Жаратушы Алланың аян кітабы Құран Кәрімге, мұсылмандық-имандылыққа, т.б.. – өзекті мәселелерге арналған мақалалары халық тәрбиешісі тұғырындағы тұлғасын даралай түсті. Тарихшы-ұстаздың «Ислам және Марал баба» (1996), «Дін кере­меті» (1997) атты тарихи танымдық, педа­гогикалық-этнографиялық кітаптары да оқырмандардың ыстық ықыласына ие болды. Халық мәдениетінің үздік насихатшысы тұғырында болған тарихшы-ұстаздың аталған кітаптарында ұрпақтарды ғасырлар бойы тәрбиелеп келе жатқан қасиетті ата-бабалар дәстүрі мен діни-ислам дүниетанымы тұтастығындағы адамгершілік-имандылық қасиеттер педагогикалық көзқарас аясында байыпталған.

Сәден ағайымыз бен Ақбалыш апайы­мыздың перзенттері (Әбдірах­ман, Қадиша, Бақытжамал, Клара, Рзақұл) де текті әулеттің өнегесіне лайықты өмір сүріп келеді. Қыздары Қадиша Ақтөбеде, Бақытжамал Алматыда, Клара Маңғыстауда шипагерлік қызметтерімен халыққа еңбек етіп жүр.

Өнегелі әулеттің ұрпағы Рзақұл Сәденұлы Нұртаев – көп жылдар бойы жауапты мемлекеттік қызмет орындарында еңбек етіп келе жатқан елімізге танымал азамат. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітіріп, Байқоңыр ғарыш айлағында, Байқоңырдағы тарихи құрылыс кешенінде алғашқы еңбек жолын бастады. Одан кейін Төретам, Ақай елді мекендерінің әкімі болып өзінің іскерлігін, біліктілігін таныта білді. Республикалық деңгейдегі «Инфракос» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры қызметінде болған кездері халыққа азаматтық қамқорлық істерімен айрықша танылды. ХХ ғасырдың 90-жылдары ауылдардағы жұмыссыздардың осы мекеме қарауында еңбек етуін, Жалағаш ауданы орталығындағы спорт кешенін, Қармақшы ауданын­дағы Қуаңдария ауылын­дағы орта мектепті, Қазалы ауданындағы бірнеше мердігерлік құрылыс нысандарын салуды жүзеге асырды.

Рзақұл Сәденұлы Қармақшы ауданының әкімі, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметтері кезеңдеріндегі жұмыстары да ата-бабалар қалыптастырған халық игілігіне өмірін арнаған өнегелі ұрпақтар тағылымын аңғартады.

Халық мәдениетінің үздік наси­хатшысы болған тарихшы ұстазымыз Сәден ағайдың шәкірт­тері де игі дәстүрді жалғастырып келеді.

Қазақ тарихы – әлем өркениетінің көрнекті салаларының бірі. Ата-бабалар жолын қазіргі дәуі­рімізге өздерінің өнегелі істерімен жалғастырғандарды бағалау арқылы болашақ жаңа буын ұрпақтарға ұлағат дәстүрін ұсынамыз. Бұл – халқымыздың ежелден қалыптасқан қасиетті жолы.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымдарының

докторы, профессор,

«Қармақшы ауданының

Құрметті азаматы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<