Үрләй апаның әңгімесі

896

0

Бауке, Бауыржан Омарұлы ағамыздың facebook желісіндегі әңгімелерін тамсанбай оқымайтын жан жоқ шығар?! Соңғы кезде «Сыр бойы» газетінің ардагері Болат Омарәлиевтің суреттерін талдап, эссе-суреттеме сериясын ұсынып жүр. 

Қызық, талай-талай іссапараға бірге шыққан фототілші Болат Омарәлиев ағамның кейіпкерімен тілдесемін деп ойламаппын. Басынан бастайын, осыдан үш-төрт күн бұрын Бауке ағамның жеке парақшасында «Жалғыз тал жауқазын» атты әңгімесі жарқ ете қалсын. Самсаған қалың оқырманның бірі ретінде «Қырық жыл бұрын  түсірілген сурет кейіпкері бар ма екен, бар болса қайда жүр екен?» деген сауалдың жетегіне шырмалдық та қалдық.  Кейіпкерді іздеуге қалың оқырман білек сыбана кірісіп, алдымен оны Нартай Тұрсанов ағамыз тауыпты. Сонан түн жарымында Баукеңнің өзі телефон шалды:  – Ел жабыла іздеп жатқан сурет кейіпкері Қызылорда қаласының іргесіндегі ауылда тұратын болып шықты. Барып, тілдесуге бір тілші жіберсең қайтеді?

«Әрбір адамның өмірі – бір тарих» деген сөз бар қалт айтпайтын халықта. Туындының кейіпкерімен өзім жүздескім келгені. Бөкеңнің бүгінгі ізбасары Нұрболатты ертіп алып, дереу Ж.Маханбетов ауылына тарттық. Қақпа алдынан қарсы алған Үрләй апамның қатты толқығаны жүзінен де, даусынан да анық байқалды. «Кешелі бері көкте ұшып жүрген сияқтымын. Жиырма жасыма қайта оралғандаймын!» деді қайта-қайта.

– Айналайын інім, кеше whatsapp арқылы мақаланы жібергенде қатты толқыдым. Жас күндер еске түсіп, сағыныш оянды ма, суретті көргенде жылап жібердім. Қуаныштың көз жасы ғой. Іздеу салған Бауыржан Омаровқа алғысымды тілмен жеткізе алмаспын. Қазақта «Берген асың түске жетпес, ықыласың естен кетпес» деген сөз бар. Мені танымаса да, өз бауырын іздегендей жанын салыпты: «Қайдасың, сәйгүлік мінген сұлу? Барсың ба?» депті. «Ал, кеттік… Іздеу салайық» деп аяқтапты. Мен әлеуметтік желінің не екенін онша түсіне бермеймін. «Қалың оқырман суреттегі бейнені іздеп жатыр» деп хабарласқаныңда: «Мені іздейтін адам бар екен ғой, Аллаға сансыз шүкір!» дедім іштей. Іздеушің бар ма деген осы шығар…

Суретте әкемнің көзі болған  қараша үй тұр. Балалық, жастық шағымыз өткен құтты ұя. Жанындағы төбесі ашық қамыс қора, бастырма да көзіме ыстық көрінді. Тіпті жиюлы тұрған отын да кадрға ілініпті, – деп әңгімесін бастаған Үрләй Жұмекова суретке түскен уақытты нақты есіне түсіре алмады. 

– Бұл сурет жайлауда түсірілді. Сырдария ауданына қарасты бірнеше совхоздың малшылары көктемде Сарысуға көшеді. Көктем, таңертеңгі мезгіл. Жұқалтаң келген жігіт түсірді. Оның Болат Омарәлиев ағамыз екенін әрине, білгенім жоқ. Бұл шамамен 1978-1979 жылдардың бірі. Жиырмаға әлі толмаған  кезім. Фототілші: «Былай түс, былай қара!» деп нұсқау айтқан жоқ. Оған менің уақытым да жоқ еді. Шолақ күрең атап кеткен  атқа отырып, қой жаюға кетіп бара жатқанмын. Тосыннан шыға келді де шырт еткізіп түсіріп алды. Тілдесіп жарытпадық. Тіпті кім екенін, не үшін түсіргенін де сұрамастан малды өріске айдап кете беріппін. Өйткені, қой жатып қалса, оларды қайта тұрғызу оңай емес. 

Сол кездегі Сырдария ауданы, «1 Май» ауылында «Жұлдыз» аталатын бригада болды. Ұмытпасам, бригада ауылдағы Найманбай деген кісінің Жұлдыз атты қызының атымен аталды. «Жұлдызды» бізден бірнеше жас үлкендер, 1957 жылы туған мектеп бітіруші өрімдей жастар құрған еді. Құрылған жылы – 1974 жыл. Дүрілдеп аты шықты да, бір жылдан соң тарап кетті. Кеңестік дәуірде мектеп, совхоз директорлары «Екі жыл еңбек етсеңдер, оқуға жолдама беріледі» деп бітірушілердің талабын тұсаулайтын. Көнбесең, аттестатты  қолға бермейді. Мен 1977 жылы бітірген кезде де мектеп басшысы «Ауылдан кетпе, адам күші жоқ, әкеңе қолғабыс бол, көмектес» деп ұсыныс айтты. Шопанға көмекші береді, олар бейнетке шыдамай кетіп қалады. Шопан таяғын ұстайтындар сол малшының балалары ғана. Айтпақшы, менің суретім сол кездегі аудандық газетке басылды. Кейін оны ұмытып та кетіппін.

Мен 1960 жылы дүниеге келгенмін. Үрләй деген есімді әжем қойыпты. Әкем шопан болғасын көзімді ашып, ес білгеннен көргенім малшының өмірі. Бала кезден барлық қол жұмысты істедік. Ерте тұрып, кеш жатуға дағдыландық. Ер бала сияқты қара жұмыс істедім. Тіпті күрең қасқамен көкпар тартқан күндер де өтті.  Бір жылы қыста жұрт «Нұртай көлі» атап кеткен көлде ойық ойып жатып суға түсіп кеттім. Өлетін шығармын деп ойладым. Көрерім бар екен, аман шықтым. Ал жаз жайлауда екі рет қасқырмен бетпе-бет келдім. Ол кездің қасқыры тоқ па, әйтеуір тіке шаппады. Қойдың құйрығын тістеп, жұлып кетті. Біреуі шоқиып маған қарап отырды да жөніне кетті. «Біткен жерім осы шығар» деп ойлағанмын. Сол жылдары «Пәлен деген қойшының баласын қасқыр жеп кетіпті. Тек табаны ғана қалыпты» деген әңгімелер шыққан. Сол есіме түсіп, қатты қорықтым.

Осылайша, әкеме қолғабыс жасап жүріп мектепті де бітірдік. «1 Май» ауылы, Орджоникидзе атындағы (қазір А.Қыраубаева) мектепте білім алдық. Жанындағы интернатта 10 жыл жатып оқып, 30-дай бала бітіріп шықтық. Олардың көбі малшының балалары. Соның басым бөлігі өздерінің малшы әке-шешелеріне көмектесу үшін ауылдан ұзамады.

Мен мұғалім болсам дейтінмін. Алайда оқуға бармадым. Бауырларым жас, егер мен 4-5 жыл оқу оқысам, әкемнің күні не болады? Осылайша, қалауымнан бас тарттым. Сол жылы Тасбөгет кентіндегі ПМК-да сылақшы болып жұмысқа тұрдым. Сенбі-жексенбі, мереке демалысын пайдаланып, әкеме көмекке барамын. Суретке түскенде мен жұмыстан сұранып, жайлауға көшетін қарбалас сәтте келгенмін.

Төрт жыл оқып, жоғары білім алудың орнына Тасбөгеттегі ПМК-да сонша жыл еңбек еттім. Әкем қиындық көрмесін деген оймен жұмысшы мамандығын таңдағанымды айттым. Жасымнан қара жұмысқа жегіліп, шираған жанға сылақшы болу қиынға түспеді. Құрылыста да адал еңбек етіп, қатарымның алды болуға ұмтылдым. Арқасүйер ешкімім болмаса да, 1981 жылы коммунистік партия қатарына қабылдандым. «Неге кеше ғана келген жап-жас қызды партияға қабылдайды, бізді неге өткізбейді?» деген сыңайдағы әңгіме айтылып жатты. Партия қатарына қабылдау жауапкершілікті арттырды, еңбекте тек алда болу керек деген құлшыныс туды. Еленіп орден тақпасам да, жастар ұйымының жиындарына шақырылдым. Егер сол кезде «Канал қаз» десе канал қазар едім. Өйткені, ешқашан қара жұмыстан қашқан емеспін.

Нұрлан Ермеков атты бірсөзді азаматпен сөз байласып, шаңырақ көтердік. Бұл – 1981 жылдың қараша айы. Сөйтіп, Киров ауылында тұратын Ташкенбай деген құрметті қарттың шаңырағына келін болып түстім.  Келіннің міндетін білесің, сылақшылық жайына қалып, сауыншы болдым. Ауылдан  бірнеше шақырым жердегі «Бесарық» учаскесіне қатынап, жұмыс істедім.

ПМК-да істеген жылдары салынған кешен еді, біз сол кешенді түгел сылап шыққанбыз. Шаңырақ құрғаннан кейін 1-2 жылдан соң, атамның ақылымен күйеуім Нұрлан екеуміз сонда көшіп бардық. Біз барғанда кешен басында 12-13 жас семья тұрады екен. Ел аузында «800 бас» атанған мал шаруашылығы кешенінде шағын сүт цехы болды. Отағасы Нұрланның мамандығы механик, екеуміз сонда 1989 жылға дейін тұрдық. Кеңес өкіметі тарап, мекеме жабылған 1992 жылға дейін сол жерде сауыншы болып жұмыс істедім. Қазір сол кешен ғимараты қирап жатыр. Қарауға жүрегің ауырады.

Сауыншы кезімде болар, 1982 жылы облыстық комсомол жастардың конференциясына делегат болып қатыстым. Сол жолы біздер ғарышкер Г.Титов, А.Тоқмағамбетов, З.Шүкіров секілді белгілі адамдармен, партия, комсомол  басшыларымен бірге естелік суретке түстік. Құжаттардан үйде сол ғана қалыпты. Басқа барлық грамоталар мен түрлі мадақтау қағаздарын отқа жағып жібердім. «Қырық жыл өтті ғой, енді ешкімге қажет болмас. Біздің еңбегіміз енді кімге керек» деп ойладым. Сендердің іздеп келетіндеріңді білмедім ғой.

Жас коммунистпін, Брежневті әкеміздей көретінбіз. Бір күні 1982 жылдың 10-қарашасы болса керек, енем поштадан пенсиясын алып келді де:

– Ойбай, Үрләй, сенің әкең қайтыс болыпты, – деді. Мен бала емізіп отырғанмын. Төбемнен жай түскендей болды. Өлім жайлы есту қашанда ауыр, оның үстіне ол әкеңе қатысты болса. Аздан соң: – Брежнев әкең ғой дүниеден озған, елдің бәрі айтып жатыр, – деді енем. Әкем ұзақ жасап, осыдан 5 жыл бұрын 82 жасқа қараған шағында дүние салды.

Әкем Нұртай Жұмеков өмір бойы малшы болған адам. 1935 жылы туған. Атам 1941 жылы соғысқа алынып, сонан оралмапты. Тұқымнан жалғыз. «Бес жасар кезімде далада балдармен ойнап отырғанымда екі кісі келіп, әкемді әскерге алып кетті. Ойнап отырып көз қиығымен қарадым. Әкемді көрмейтінімді білгенімде ізінен қалмай жүгіретін едім» деп айтып отыратын. Әкем  жасынан  жетімдік  көріп, еңбекпен  есейген адам. Бізге: «Ешкімнің ала жібін аттамаңдар. Біреуді алдап, кісіге қиянат жасамаңдар. Тек адал еңбекпен ғана күнелтіңдер» деп отыратын. Біз де (5 қыз бен 3 ұл) жасымыздан шаруашылыққа көмектесіп, еңбекпен есейдік. Жалпы, 70-80-ші жылдары елде шопандардың тұрмысы жақсы болатын. Ол кездің шопандары кеңпейілді еді. Мысалы, бірінің малы өліп, қой басы азайып қалса, жабылып көмектесетін. Ауызбірліктің мықтылығы ғой, ағайынын түрмеге жібермей, шығынды жабуға көмектесетін.

Қыстауымыз Сырдың бойында. Ал жайлауға Сарысуға шығамыз. Көктемде, мамыр айында Сарысу арнасынан тасып, екі жағы көкорай шалғынға бөленеді. Мұнан бөлек, қазылған құдық, скважиналар бар. Біздің аудан совхоздарының малы Алтықұдықтан бастап Қоңыртөбе, Белең, Алатаға, Көкалажарға дейін жайлайды. Көкалажар – бұрынғы Жезқазған  облысымен   шекарадағы  жер атауы. Осы екі аралықтағы құмды төбені біз шоқат дейміз. Ол кезде малдың көптігі сонша, жайлауға сыймай кететін. Кейде қосылып кетіп, айыра алмай жатады. Жайладуа біз таңғы 5-те тұрып, қойды өргізіп кетеміз.

Қыстан қысылып шыққан шопандар үшін жайлауға шығу – үлкен той. Ал малшылар тойы деген өзіндік сән-салтанатымен өтетін. Біздің әкелеріміз үлкен ақсақалымыз Тұрсан әкемізге сәлем беріп барып, мал сойылып, жай күннің өзі той-думан болып жататын.

Анам 1940 жылы туған. Ашаршылық кезінде ауа көшкен ауылдастарымен бірге Ташкен жағына кетіпті. Заман түзелгенде қайтып келген. Әкем екеуі танысып, 1957-1958 жылдары отау құрған. Қазір анам 82 жаста. Шиелінің «1 Май» ауылындағы қарашаңырақта, Бауыржан атты ортаншы інімнің қолында тұрады.  Шешем 16 құрсақ көтеріпті. Оның 8-і жасында шетінеп кеткен. Қалғаны қазір облыс аумағында тұрып жатыр. Барлық бауырларым отбасылы. Мен – сол сегіз баланың үлкенімін. Қазір 62-демін.  Жапырағын жайып, көктеп-көгеріп отырған ананың бірімін. Бес құрсақ көтердім. Біреуі жол апатынан 10 жыл бұрын қайтыс болды. Қазір 4 баладан өрген 13 немере бар. Отағасы Нұрлан екеуміз шөбере күтіп отырмыз. Осы күні қолымдағы келінім босанып жатыр.

Қуаныштың үстіне келіп отырсыңдар. Фотодан өзімді көріп, жас күнімді еске алып, ширап қалғандай болдым. Тіпті бақытты күй кешіп отырмын. Уақыт неткен жүйрік?! Онан бері де 44 жыл өтіпті. Сонау алыста қалған қамсыз күндерді ойлағанда: «Қайран, жастық шақ» дейсің…

Бейсенбі күні ағамның парашасында «Жайлауда жайқалған жауқазын» атты екінші әңгімесі фототілшіміз Н Нұржаубайдың суреттерімен жарияланғанда желідегі ағайынның қуанғанын көрсеңіз. Ал кеше Бауке ағамыз бізді ертіп кейіпкердің үйіне барды. Ағайын – туысы жиналған басқосуда Үрләй апамыз бауыры табылғандай қуанды.Бұл енді желіде жанияланған » Жауқазынмен жүздесу» атты түйінді мақалада жазылды.

Кешегісімен жүздескен кейіпкеріміздің үйінен шыққанда менің көз алдыма күнгейге бет алған керуен елестеді. Адамға адам жылы сөзін қимайтын мына кезеңде қырық төрт жыл бұрын түсірілген суреттегі адамды  іздеу, ол табылған соң арнайылап сәлем беріп келу – үлкен жүректің  ықыласы! Міне, мейірім деген – осы!

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген

Болат Омарәлиев,

Нұрболат Нұржаубай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<