Ұлағатты үш жеңгем

3539

0

Мынау қамшының сабындай қысқа өмірде сыйласып жүрген жандардың арасында өзінің болмыс-бітімі, сыйластық салты, ұлағатты ұстанымынан айнымаған жеңгелерімнің орны бір бөлек көрінеді де тұрады. Ал жеңге үшін оның қайнысына деген көңілі көз жеткізсіз көкжиектей дарқан десе болар. Халқымыздың тұрмыстық салт-дәстүрінде жеңге мен қайнының арасындағы сыйластықта үлгі алар ұғым, мол мағына бар.

Шаңыраққа түскен жас келіннің бірінші сыйласатыны да, сырласатыны да сол үйдің кішісі – қайнысы мен қайынсіңлісі болған. Жаңа түскен келін алғаш ошақтың отын жағып, самаурынын қайнатар болса, ағашын жарып, тамыздығын дайындап беретін де, сиыр сауса бұзауын, түйе сауса ботасын тартып көмектесіп, қапталынан қалмайтын қолқанаты қайнысы болған. Ал жеңгесінің қайнысына деген көзқарасы одан да ерекше. Оның атын да атамайтын. «Кенжем», «Кекілдім» деп жарасымды ат қоятын. Қайныларының алдынан кесе өтпейтін, әркез иіліп сәлем етіп, ерекше ілтипат көрсететін жеңгенің құрметін жас кезімізде талай көрдік, әлі де көріп келеміз. Олай дейтінім, қайныларына деген құрметін, жеңгелік жолын, қазақы дәстүр-салтын әлі сақтап, кешегіден бүгінгі ұрпағына үлгі ете алып келе жатқан жаны жайсаң, көңілі көл-көсір, пейілі патшадай менің үш жеңгем бар. Олар бейне қарашаңырақтың қазанын көтерген қасиетті ошақтың үш тағанындай. Алды сексеннен асса, кейінгісі соның ізін қуып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Отбасы күнімен құттықтауынан «Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қарашаңырақтан бастау алады. Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады» деген жолдарды оқыдым. Оқыдым да әулеттің алтын діңгегіндей болған жеңгелерімді көпке үлгі ету үшін қолыма қалам алдым.

Атап айтсам, солардың бірі де бірегейі Қорғашова Роза Сейілқызы – ең үлкен жеңгем. Қазір 85 жасқа келсе де, келініне қарап қалмай, өз күтімін өзі жасап отырған қайратты жан. Әкесі Сейіл екінші дүниежүзілік соғысқа дейін ауданда прокурор болып қызмет атқарған. Соғыстан бронмен қалса да, майданға өзі сұранып кетіп, сұрапыл шайқаста қаза тапты. Әкеден жастай айрылған Роза жеңгеміз қаладағы №13 орта мектепте оқып, білім алады. Мұнан соң Ақтөбе қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Екінші курсында оқып жүріп ауылға келген бір сәтінде Ыбыраш ағамыздың көзіне ілігеді. Сол кездегі дәстүр ғой, он тоғызға енді толып толысып тұрған жас қызды ағамыз қарашаңырағына келін қып түсіреді. Оқу жөніне қалып, әулетімізде Роза жеңгеміздің келіндік дәуірі басталады. Кейін Ыбыраш ағамыз аудандық архивке басшы болып қызметке тұрады да, Роза жеңгемізді қасына жұмысқа алады. Екеуі жұбын жазбай осы мекемеде ұзақ жыл бірге жұмыс істеп, абыроймен зейнетке шықты. Жеңгеміз үйде де, жұмыста да сондай тазайын. Үйге келген газет-журналдарды құр жібермейтін сауатты. Сәлемінен жазбайтын ибалы жан. Бір қасиеті қайын-қайнағаларының атын еш атамайды. Оларға ат қойғыш. Мен сәлем беріп барсам, «Ақұдай, ақ қайным келіп қалыпты ғой, түрегеліп сәлем берейін» деп орнынан тұрып, иіліп сәлем салып жатқаны. Мені сол баяғы бала кезімдегідей әлі «Ақ қайным» дейді. Ал Биғали Қаюповты «Сары бала», Нұраш Оспановты «Директор қайным», Қайролла Жетесовті «Директор бала», Бақытты орысшалап «Счастливый қайным» дейді. Сондай-ақ қайнағаларына да қойған аттары қызық. Батырқұл ағамызды «Ишанның баласы қайнаға», Қолғанат ағамызды «Рука крылья қайнаға», қайынсіңлісі Күләнді «Сары қыз», Жұбатқан ағамыздың әйелі Жұлдызды «Звезда шешей» деп орысшалап та жібереді. Тіпті өзінің үлкен баласы Берікті «Ата-енемнің ерні тиіп, еншілеп алған баласы еді, атын қалай айтайын» деп оған «Қара бала» деп ат қойған. Жеңгеміз қалай айтып, қалай атаса да жарасымды, орысшасына күліп аламыз.

Ыбыраш ағамызбен екеуі бес бала тәрбиелеп өсірді. Олардан тоғыз немере, үш шөбере сүйіп отыр. Үлкені Берік жоғары білімді құрылысшы-прораб, Алматы қаласында тұрады. Қыздары Тұрсын №64 мектепте мұғалім болса, Шолпаны Ақбай ауылындағы орта мектепте ұстаз. Бауыржаны – аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы. Бақытжаны Жалағаш аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы болған, подполковник шенінде зейнетке шықты.

Бүгінде ері Ыбыраш ағамыз да, қайнағалары да өмірден өтті. Асқар таудай азаматының ізін жоғалтпай қарашаңырақтың иесі, немере-шөберелерінің қамқоршысы, ақ тілеулі анасы мен әжесі болып Роза жеңгеміз отыр.

Екінші жеңгем – Қамыстыбас бекетінде тұратын Еламанова Мәдемі Оспанқызы. Ол да 1938 жылғы. Қаратерең ауылында дүниеге келген. 1945 жылы мектеп есігін ашып, жетіжылдық білім алған. Сексен беске келсе де, есте сақтау қабілетінің жақсы болғаны ғой, оқушы кезінде жаттаған жыр-дастан, ертегі-қиссалардың бәрі әлі күнге дейін ұмытылмай көкірегінде сайрап тұр. Ән десең, баяғы комсомолдың әнін, жыр десең, «Қобыланды батыр» жырын жырлауға дайын. Жеңгеміздің айтуынша, ертеректе қыз бала білім жолына аса құмар болмаса керек. Содан ғой, 14-15 жасынан кірпіш зауытында ертелі-кеш қара жұмыс істеп, отбасына қолғабыс тигізген.

Ол анасының ақ дидарын көрмей өскен. Алтын анасы өмірден ерте қайтып, артында Өтепберген, Әдемі, Мәдемі есімді өрімдей үш бала қалған. Жеңгеміз – үйдің кенжесі. Ол кездері Арал халқының күнкөріс көзі балық шаруашылығы болған. Жас болса да, ерлердің ісін еңсере білген. Тезек теріп, қамыс орып, әйел-еркектің жұмысы демей алғаусыз атқарып ауыр тірліктен қашпаған. Он жеті жасқа қарағанда ағалары отбасын құруға ой тастайды. Ол жылдары Махамбетәли ағамыздың соғыстан енді келіп жатқан кезі екен. Ағамыздың мақтауын асырып «Осы балаға тұрмысқа шықсаң жаман болмайсың» деп ақыл қосады. Сонымен ағамыз 35 жаста, жеңгеміз 17 жасында 1956 жылы отау құрады. Жеңгеміз он бес құрсақ көтерген. Оның біразы шетінеп, бес баласын бүгінге дейін өсіріп, жеткізді. Олардан тараған жиырма шақты немере-шөбересі бар. Бір қызығы, бұл шаңырақта ағамыз Махамбетәлиден бастап жатқан қасиетті бесік бар. Қолында тұратын кенже баласының кенже сәбиіне дейін сол қасиетті бесікте тербеліп өскен. Жасы сексеннен асса да шаңырақтағы келіндік міндетін ұмытпаған, жолынан жаңылмаған. Ата-ене, қайын-қайнаға, қайынапаларының атын осы кезге дейін атамай әдеп сақтап келеді. Көргенділігі ғой, Сексенбай деген атамызды «Екі қырық» дейді. Шолпан деген құдашасын «Молпан», тіпті көршісі Алтынайды «Тазабай» дейді ғой. Әйтеуір тауып айтады, ат қойғыш. Міне, осының өзі – артындағы ұрпағына беріп жатқан өнеге, тәрбиесі. Сырқаттанып жатса да, келген қайын-қайнағаларына иіліп сәлем беріп, өз жайынан бұрын өзгенің жайын бірінші сұрап жатады. Осындай қадірлі қариясы бар үйден қонақ та үзілмейді. Қашан барсаң да балаша қуанып, жайраңдап қарсы алып, әңгімеге тартсаң сағаттап айтуға бар. Күш-қуаты бойында тұрған жеңгемізден оның құдіретін сұрасақ: «Жас кезімізде жатпай-тұрмай еңбек етіп, жұмысқа әбден қайнап-пісіп қалғанымыздың арқасы ғой» дейді.

Әке-шешеден де, шаңырақ иесі шалынан да ерте айырылып, бар бейнетті басынан өткізсе де қазір соның зейнетін көріп отыр. Бүгінде үлкейіп көзі көрмей қалғаны болмаса, осы уақытқа дейін талай газет-журналды кемірген. Ал бүгінде үйдегі немерелері әжесі айтқан кітап-журналын оқып береді. Теледидарда айтыс болса, бірін қалт жібермей тыңдайтыны бар.

Ақбай ауылында тұратын Есенбаева Ұлдай Жұбатырқызы да – жаныма жақын тұтатын жайсаң жеңгелерімнің бірі. Арал қаласында туып, осындағы №13 орта мектепті үздік аттестатпен бітірген соң Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетіне түсіп, оны да 1967 жылы үздік бітіріп шыққан. Жас маман еңбек жолын «Қарақұм» елді мекеніндегі №59 орта мектепте химия және жалпы биология пәні мұғалімі қызметінен бастаған.

1971 жылы Қайырла ағамызбен бас қосып, Ақбай орта мектебіне өз пәні бойынша мұғалім болып ұстаздық ұзақ жолын одан әрі жалғастырады. Ағамыз да – Қызылорда педагогикалық институтының үздік түлегі. Ақбай орта мектебінде ұзақ жыл директор болып абыройлы қызмет атқарды. Екеуі де осы мектептен 1993 жылы құрметті зейнеткерлікке шықты.

Ұлдай жеңгем – мектепте қандай ұстаз болса, бала тәрбиесінде, отбасында сол ұстаздық қалпын бұзбаған тәлім-тәрбиесі мол, өнегелі жан. Қайын-қайнағалары мен абысын-келіндеріне дейін адал қызмет етіп, шаңырағындағы келіндік қалпын жасы сексенге таяса да әлі бұзбай келеді. Тәрбиелі ортадан шыққан жанның тұла-бойы тұнған өнеге десе болады. Бүгіндері төрт баланың ардақты да бақытты анасы. Үлкен ұлы Жаңаберген әке жолын қуған, мектеп директоры қызметінде. Одан кейінгісі Қайрат – өздері тұратын Ақбай ауылының әкімі. Екі қызы Гүлзат пен Айжан да – анасындай ұстаздық жолды таңдаған өз ісінің білікті мамандары. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Ұлдай жеңгем – бүгінде 14 немере, 4 шөберенің ардақты әжесі, қасиетті шаңырақтың қазынасы.

Басына ақ жаулық түсіп, келін атанған кезінен бастап өз шаңырағын өзгеше қадірлеп, ел ағалары атанған қайнаға-қайныларын құрметтей білген үш жеңгем – мен үшін де, біздің әулетіміз үшін де аса қадірлі жандар. Жасы сексеннен асса да, алдымыздан кесе өтпейді. Табалдырығынан аттағаннан иіліп сәлем етеді ғой. Сол бойда қазанын көтеріп, табақ тартып, ет жеп болған соң «Бұл – қайнымның табағы ғой» деп ауыз тиіп, тағы да иіліп сәлем етіп, табақты келіндеріне беріп жатқаны қандай жарасымды! Тұрмыс-салтымызда өткен ғасырдан қалыптасып келе жатқан жеңгеге тән қасиет пен оның жолын бүгінгі күнге, ұрпақтарына үлгі ете алып келіп отырған кешегі қырмызы, қазіргі кейуана келіндерді қалай құрметтеп, қадір тұтпассың.

Басқаның жеңгелерін қайдам, менің жеңгелерім осындай. Жолы да, жөні де бөлек ерекше жандар. Алла оларға зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасыларына береке, бірлік берсін демекпін.

Арғын ОРЫНБАЕВ,

Қазалы вагон пайдалану депосының бастығы,

Қазалы аудандық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<