Ұмытылмас бейне

1901

0

Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Еліміздің Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерін бір ғана Қызылорда облысының көрсет­кіштерінен айқын аңғаруға болады» деп айрық­ша атап көрсеткен еді. Сыр өңірі кейінгі он-он бес  жыл ішінде ерекше өзгеріп, елеулі нәтижелерге жетті. Құрылыс саласын, өнді­рісті, ауыл шаруашылығын өр­кен­детуден республикада алдыңғы қатарға шықты. Дария­ның сол жағалауында жарқыраған  жаңа  қала пайда болды. Мұның барлығы  ежелден еңбекшіл Сыр халқының, оларды жасампаз жұмысқа жұмыл­дырған ауыл, аудан, облыс басшыларының өміршең өне­гелі қызметтерінің нәтижесі  екені  даусыз. Көз алдымызға облыс басшылары  болған Исатай Әбдікәрімов, Тәкей Есетов, Сейілбек Шаухамановтың жарқын бейнелері келгендей болады. Сондай-ақ ұзақ жылдар аудан басқарып, өнегелі  ісімен ел құрметіне бөленіп, шынайы қайраткерлік танытқан Елеу Көшербаев, Ғафур Мұха­меджанов, Қонысбек Қазантаев, Еламан Жүнісбаев, Нәлқожа Ергешбаев, Сәмит Далдабаев есімдерін ерекше құрметпен еске  аламыз.

Біз бүгін ұзақ жылдар Сырдария, бұрынғы Тереңөзек аудан­дарының бірінші басшысы болып халқының шынайы құрметі  мен ілтипатына иеленген Нәлқожа Ақбалаұлы Ергешбаев жайлы кеңінен әңгімелегенді жөн көрдік. 

Оның есімі Сыр өңіріне жақсы таныс. Партия, кеңес органдарын бес саусағындай білетін көнекөз қариялар да, онда қызмет еткен қоғам қайрат­кер­лері де ол туралы жағымды пікір білдірері анық. Өйткені, Н.Ергешбаев адамды адам ретінде тану қалпынан, тәңір қанына сіңірген  сыпайылық пен әділет жолынан ауытқымады. Адам алаламады, біреудің сыртынан ғайбат сөз айтпады, қолынан келсе қолғабыс беруге даяр тұрды.  Сол мінез-құлқымен, сол қасиетімен халыққа жақты, айналасындағы жоғары-төмен лауазымдағыларға қадірін арт­тырды. Кім-кімге де жана­шыр­лық, қайырымдылық жасап, қателігін түзеп, сәл ғана жақсылығын мадақтап, мәрте­бесін көтеріп жіберуге бейім тұра­тын оны  қатарластары да, үлкенді-кішілі сыйластары да аса құрмет тұтты.

Нәлқожа Ақбалаұлы Ергешбаев 1931 жылы 1 наурызда Жаңақорған ауданының «Бірлік» елді мекенінде өмірге келді, сонда ержетті. Ол жылдары білім беру саласында түрлі өзгерістер жиі болып тұратын. Қоғам дамып, техникалық мүмкіндіктер арт­қан сайын білім беру салаларына қойылатын талаптардың өзгеріп тұруы заңды құбылыс. 1946 жылы аудандағы барлық мектептердің 7 және 10 сынып бітірушілерінен емтиханды бір жерде қабылдау  жөнінде шешім қабылданды. Аудандағы жалғыз орта мектеп Жаңақорған қыстағында болатын. Оның 10-шы сыныбы жоқ, ең жоғарысы 9-сынып еді. Сол жылы қазіргі Төменарық қыстағының қасын­дағы «Қандыарал» деп аталатын колхоздан 7-сынып бітіру­шілермен бірге емтихан тапсыруға Нәлқожа да келіп, қатарларынан үздік шығып, келесі сыныпқа көшті. Ол кезде балалардың білім деңгейі тым төмен болатын, келесі сыныпқа бір не екі баладан артық көше алмайтын. Шындығына келгенде, шәкірттердің емтихан сына­ғынан  өте алмауы қабілет­­терінің төмендігінен емес, сұрапыл соғыстың елге салған  шектен тыс ауырт­па­лығынан болатын. Өйткені,  колхоздың бар жұмы­сын қолмен атқаратын бала­лар­дың сабақ оқуға мұршалары бола бермейтін және оларға сабақ беретін білімді ұстаздар да жоқтың қасы еді.  

Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген Нәлқожа  өз қатарластарымен бірге колхоз жұмысына бел шеше кіріскен-ді. Колхоз басшылығы тарапынан  тапсырылған жұмыстарды  жүйелі түрде атқарып, озаттар қатарына ілігіп, лайықты бағасын алды. «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы  еңбек­тегі жетістігі  үшін» медалімен марапатталып, алғашқы награданы омырауға тақты. Сенім мен жауапкершілік жүгін жіті  сезініп, ел ертеңіне үлес қосуды армандады. Қол еңбегін алмастыратын күш қажеттігін сезінді, ол  техника мен озық үлгідегі технология екенін ба­ғам­дады. Болашақта техника тілін жетік меңгеріп, қазіргі қолмен атқарылып жатқан тір­лік­терді жеңілдету басты арманына айналды.

Сөйтіп 1949 жылы онжыл­дықты бітірген соң Қазақ ауыл­шаруашылық инсти­тутының ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетіне оқуға түсті. Соғыс аяқталғанымен, елдің тұрмысы жөнделе қой­маған кезең, ата-анасының  оған көмек беретіндей мүмкіндігі жоқ, тек  каникулда елге бар­ғанда аздап талқан, сөк, күріш беріп жіберетін-ді. Содан да болар бес жыл бойы жарытымсыз стипендиямен оқып шықты. Стипендияның өзі де үлгерімі төмендерге берілмейтінін ескерсек, оның нашар оқуға қақысы да жоқ еді.

Институтты 1954 жылы бітіргеннен кейін Қызылордаға жолдамамен келіп, алғашқы еңбек жолын Арал МТС-та инженер-бақылаушы болып бас­тады. Ұлттық кадрдың тапшы кезі, техниканы  игеру – уақыт талабы. Бес жыл алған білімін өндірісте дәлелдеу сынағы басталғандай. Байқап қараса, теория мен тәжірибенің арасы жер мен көктей екен. Дегенмен, өз мамандығын құлай сүйген ниеті бар, бо­йында жастық күш-қайраты, қиындыққа мо­йы­мас намыс-жігері бар жас маман өз ісіне бел шеше кірісті. МТС-та инженер-бақылаушы бола жүріп, арнаулы мектепте механизаторлар дайындауға атсалысты. Жастарды оқыта жүріп, өзі де екі жыл көлемінде техника тілін жете түсініп, нағыз инженер дәрежесіне көтерілді. Көпшіл, бала кезі­нен еңбекпен шыныққан епті­лігі, қанағатшылдығы, құба­төбел тір­лікке үйренген  тынды­рым­паз­дығы оның мерейін өсіріп, көпке жағымды етті. Бірінші кезекке ұжым жұмысын қоятыны, қоғамдық тәртіпті қатаң сақ­тайтыны абыройын асырды.

Көп кешікпей Аламесек МТС-нда бас инженер, сосын директор болды. Әрине, қызметтің жоғарылауы жа­уап­кершілікті де арттыра түсті. Бүкіл бір аудан шар­уа­шылықтарын техникамен қам­тамасыз ету оңай шаруа емес-ті. Айналасындағы мамандармен ақылдаса, қажетті жерінде олардың ақыл-кеңесіне құлақ аса  отырып істеген іс өзінің нақты нәтижесін берді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, берілген тапсырысты түгелдей орындау мүмкіндігін иеленді.  Мұнан кейін өзі еңбек еткен салада білімін көрсеткен  жас маман 1960 жылдан «Облглавтормаштың» бастығы, «Казсельхозтехника» облыстық бірлестігінің  төрағасы болып, он бес жылдай мінсіз жұмыс атқарды. Шыны керек, өз алдына жеке ғимараты да жоқ  мекемені өрге сүйрегендей болды. Ең бастысы,  онда жұмыс істейтіндердің әлеуметтік жағ­дайын жасау қажеттігі туды. Екі жыл ішінде жекелеген  кадрларға арнап баспана салдырды, заман талабына сай әкімшілік ғимаратын тұрғызды. Сөйтіп өзі басқарған  бірлестіктің жұ­мысын табандылықпен, адал­дықпен өрге сүйреді. Сөйте жүріп Алматы Жоғары партия мектебін сырттай бітірді.

Нәлқожа аға нағыз істің адамы еді. Бір жұмысқа кіріссе соны бітірмей қоймайтын. Оның үстіне  адаммен сөйлесе білетін, тіл тапқыш әрі талапшыл болатын. Облысқа қажетті  құрал-сайман, тапшы техникаларды тауып беріп, жұмысты тоқтатпайтын еді. Ол тек респуб­ликалық емес, одақтық базадан зат алдыратын, бүгінгі ТМД-ның барлық аймағындағы сыйласатын тамыр-танысына өтініш айтатын. Бүкіл облысты  жаңа техникамен қамтамасыз ету, қолдағы барды ұқыптап ұстап, оны кепілдік мерзіміне дейін жұмыс істету керек. Сол үшін техниканы сақтайтын, жөндейтін арнаулы орындар салынуы қажет еді. Бұл жолда Н.Ергешбаев батыл қадам жасады, мемлекеттік жоспарға енбеген  сыйымдылығы 250 автокөлікке  негізделген автобаза құрылысын бастады. Абырой болғанда оған партия органдары қолдау көрсетіп, автобаза діттеген мерзімде іске қосылды. Әр ауданда  ауылшаруашылық техникаларын жөндейтін типтік шеберханалар, техникалық қызмет көрсететін түрлі орындар, мал шаруашылығына меха­никаландыру жүйесін енгізу секілді сан-салалы істер жүзеге асып, қоғам дамуына айтарлықтай үлес қосылды. Оның осындай озық істері орынды бағаланып, одақтық, респуб­ликалық дәрежедегі съез­­дерге делегат болып сай­ланды. Сондай-ақ оған «Қазақ КСР-на  еңбегі сіңген  ауыл­шар­­уашылық қызметкері» құрметті атағы берілді.

Облыстық партия коми­тетін басқарған Исатай Әбді­кәрімұлы экономиканы жетік білетін, адамдармен тіл табыса алатын Н.Ергешбаевты 1974 жылы халық депутаттары Сырдария аудандық атқару кеңесінің төрағасы етіп тағайындады. Келер жы­лы Тереңөзек ауданының тізгі­нін қолына ұстатты. Ол басқарған он жылдың ішінде Тереңөзек ауданы облыстағы сапалы күріш өндіретін, өнімнің үштен бір бөлігін беретін мықты индустриялық-аграрлық аймаққа айналды. Мұнда сол жағалау магис­трал­дық каналының бойында жайлылығы мен сәулеті қалалық мекемелерден кем түспейтін тұрғын үйлер, мектептер, емдеу мекемелері, Мәдениет сарай­лары тұрғызылды. Қатар­­дағы еңбек адамдарын моральдық-материалдық жағы­нан көтер­мелеп, оларға қамқор бола білді. Мысалы, «Шіркейлі» совхозының күріш өсірушісі Балдырған Мұстафаева мен «Қараөзек» совхозының шопаны  Ахмет Халықов Социалистік Еңбек Ері атағын алды, Зинабдин Лекеров, Абат Сүлейменов, Тұрсын Балапанов, Қыдырқожа Майлықожаев сынды күрішші-механизаторлар орден алды. Олар өз кезегінде Нәлқожа Ақбала­ұлын құрмет тұтып, сенім артты. Осындай  білікті басшылық арқасында аудан  кезінде  бірнеше рет Одақтық, республикалық ауыспалы Қы­зыл тудың жеңімпазы болды.

Нәлқожа Ергешбаев 1985 жылы Сырдария ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. Оның бір ерекше қасиеті – туған жердің, елдің тарихын бес саусағындай білуі. Алыс мал жайылымында орналасқан малшылар отбасындағы үлкен кісілердің, өзге қалада оқып жатқан бала­ла­рының аты-жөнін біліп, күнделікті кездесіп жүрген жандай емен-жарқын сөйлесіп, хал-жағдай сұрасатын. Елімен етене араласып, кей әулеттердің  тіршілік-тынысын терең біліп, оларға қамқор болуы бірінші хатшының өмірлік кредосына айналған. Кадрларды бағалау, тәрбиелеу, жоқ-жұқа жандарға қамқорлық жасау, рушылдықты қоздыратын келеңсіз іс-әрекеттен аулақ жүру сияқты  адами құндылықтарды  берік ұстануы арқасында ол бір ауданды ұзақ уақыт басқарып, өзінің елжандылығымен ха­лыққа жақын басшы бола білді. Ол басқарған жылдары Сырдария ауданының дәулеті шалқып, мәдениеті көтерілді. Халықтың әл-ауқаты артып, елдің ауызбірлігі нығайды.  Мәселен, Абай, Жамбыл атын­дағы шаруашылықтар жылына жүз мың центнерден Сыр күрішін өндірсе, Аманкелді, «1 Май», КСРО-ның 50 жылдығы және Тартоғай ауылдарында төрт түлік саны еселеп артып,  қойдың алтын сұр, бұқар сұры түрлері  өз төлі есебінен көбейді. Бір Аманкелді атын­дағы шаруашылықтың өзінде Балтық жағалауынан әкелінген асыл тұқымды 100 бас ірі қараға арналған сиыр базасы, витаминдік-шөптік ұнтақтың брикеттері мен түйіршіктерін өндіретін жемшөп цехы, 5 мың бас қойға арналған борда­қы­лау алаңы, былғары, қаракөл өңдеуге, қаракөлден және қара­көлшеден бұйымдар тігуге арналған кіші цехтар, 400 орын­дық Мәдениет сарайы, 640 оқу­шыға арналған орта мектеп, Қаракөл шаруашылығы инс­титутының 30 орындық мейманханасы бар оқу-зерт­ха­налық корпусы, 20 орындық сауықтыру профилакториясы салынды. Ауданның бірінші хатшысының бастамасымен КСРО-ның 50 жылдығы атын­дағы шаруашылықтың Қалы­баевтар әулетінен шыққан өндіріс озатына жаңа жеңіл машина берілді. Қалыбаевтар Арысқұм мал жайылымында «Қалыбай бауы» атты бақ отырғызған, кейін бұл жер көптеген адамдар мен малшылар үшін, Жезқазғанға жол тартқан жолаушылар үшін де  демалыс орны болды. Аудан басшысының жоғары органдар алдында зейнеткерлер мен соғыс ардагерлерінің, орденді малшылар мен еңбек озаттарының тұрмыстық жағдайларын жақсарту үшін еш қысылмай көмек көрсетуді сұрағаны жайында естелік айтушылар жетерлік.    

Ол басқарған жылдары Сырдария ауданының шаруашы­лықтары  облыс орталығын қоршай орналасқандықтан қала халқын ет, сүт, қымыз, қы­мы­ранмен және көкөніспен қам­та­масыз ету ісін қолға алды. Бірқатар шаруашылықтар бірың­ғай көкөніс өсірумен айна­лысып, қала халқына түрлі көкөністер мен бақша дақыл­дарын ұсынды. Қала тұр­ғындары мал өнімдерін де қа­жетінше тұтынды. Осының бәрінде де ауданның бірінші басшысының өзіндік үлесі бар екені айдан анық.

Нәлқожа Ергешбаев ұзақ жылғы жемісті еңбегінің нәти­жесінде Ленин, «Құрмет белгісі», Октябрь революция­сы, екі рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. Осыншалықты  марапаттауларды иеленіп тұрса да ол ешқашан кеуде көтеріп, менменсімеді. «Мұның бәрі Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық  дамуына  үлес қосқан қарапайым қатардағы  еңбекшілерінің ең­бегі» деп айтумен өтті. Ол кісі әрқашан бірінші орын­ға жұмысты қоятын. Өзінің барлық білімі мен күш-жігерін  жұмысқа жіберетін, бос уақытын да жұмысқа сарп ететін. Өзі де жанып тұратын, өзгені де еріксіз жандыратын. Әрдайым ізін басқан ізба­сарларын, серіктестерін жаңа істерге жұмылдырып, алға жетелейтін. Сыр өңірінің бас­шы­лық органдарында қызмет еткен С.Далдабаев, Д.Айсина, А.Камалладинов, А.Божанова, С.Асқаров, А.Көлбаев секілді белгілі қоғам қайраткерлері Н.Ергешбаевтың қолдауының арқасында  өз ісінің майталмандары болып өсіп-жетілді.

Қазақ халқы жастық жі­герін, қажыр-қайратын, бі­лімі мен білігін өз елінің, ту­ған жерінің өсіп-өркендеуіне, дамып-ны­ғаюына жұмсаған, сол жолда уақытпен санас­пай жұмыс істеген  азаматтарын қашанда қадірлеп, құрметтеген. Олардың өнегелі өмір жолы мен өз халқына сіңірген еңбегін кейінгі жас ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге етіп отырған. Өйткені, бүгінгі жеткен жетістіктерімізде, то­лайым табыстарымызда, ға­сырлар бойы арман етіп, қол жет­кізген тәуелсіздігімізде  Нәлқожа Ақбалаұлы секілді  абзал азаматтардың үлесі мол әрі қомақты. Ол кісінің күрделі мәселелерді шешудегі толымды ой-пікірлері мен қиын сәттегі тапқырлығы, өзгелермен қарым-қаты­нас­тағы қарапа­йым­дылығы, әр азаматтың жеке шаруасына жете мән беріп, ақыл-кеңес пен жол-жоба көрсететін инабаттылығы мен шынайы адамгершілігі, арқаны кеңге салған ақжарқын мінезі келешек ұрпақ өнеге тұтуға тұрарлықтай. Саналы өмір жолын Отан мен халық мүддесіне арнап, өзіне жүктелген міндеттерді адал атқарғандығының, білімі мен білігінің, терең рухани байлығы мен парасатының арқасында көпшіліктің көңілінен шығып, шынайы абырой мен салмақты беделге ие  болған, қайда  жұмыс атқарса да абыройлы қоғам қайраткері, ел басшысы бола білген біртуар тұлға Нәлқожа Ергешбаевтай азаматқа қандай құрмет көрсетсе де лайық. Артына өшпес мұра қалдырып кеткен оның есімі мәңгілік болары хақ.

Орталығы Қызылорда қа­ласының іргесіндегі  Тасбөгет кенті болған бұрынғы Сырдария ауданында алғаш құрылған күнінен аудан тараған 1997 жыл аралығында 30 жылдай қызмет атқардым. Партия комитетінде нұсқаушы, саяси оқу кабинетінің меңгерушісі, газет редакторы, әкім аппаратында ішкі саясат бөлімі меңгерушісі қызметтерінде болдым. Соңғы қызметім Нәкеңнің зейнет демалысына шыққан кезеңіне тура келді. 1991 жылы Нәкеңнің 60 жылдығы ауданда айрықша салтанатпен атап өтілді. Мерекелік шараларды ұйымдастыру жұмыстарына қатыстым. Қонақтарды  күтіп алу, концерттік бағдарлама дайындау жұмыстарымен ай­налыстым. Нәкең той аса­басы аудандық білім бөлім­інің меңгерушісі Мәді Маханов­тың болғанын жөн көрді. Бұл жөнінде Мәдімен ақылдас­қа­нымда өзінен гөрі аудандық музыка мектебінің директоры Мәдібек Асановтың жақсы жүргізетіндігін айтты. Алғашында бұған той иесі күдік келтіргендей болды. Бірақ дастархан басында Мәдібектің Мәді айтқандай тыңғылықты дайындалғанын, сөз беретін  әр адамына өз жанынан  2-3 шумақтан өлең арнап жібергенін көріп риза болды. Концерттік бағдарлама, жеке әншілеріміз де Нәкеңнің көңілінен шықты.

Мерейтойға келген қонақ­тар мен қызметтестерінің, бұ­рынғы өзі қызмет еткен аудандардан келген адамдардың той иесіне деген ыстық ықылас, зор құрметінің куәсі болдым. Бұл Нәлқожа Ақбалаұлының адалдығы, жүрек, жан жыл­уының нәтижесі  еді.

Нәкеңнің жары Шыныгүл Кәрімбаева жүрегінен мейірім, жүзінен шуақ төгілген аса сыпайы, ағайын-туыстың, өзі қызмет еткен ортаның құр­метіне бөленген ерекше жан болды. Ол ұзақ жылдар Қызыл­орда педагогикалық учи­лищесінде, Тасбөгеттегі №11, Тереңөзектегі №35 мектептерде ұстаздық қызмет атқарды.

«Орнында бар оңалар» дегендей Нәлқожа ағаның ұрпақтары, ұл-қыздары әке өнегесіне беріктігін, аманатына адалдығын көрсетуде. Олардың бәрі де жоғары білім алып, өз мамандықтары бо­йынша жемісті қызмет етуде. Әулеттің үлкені Әбдіқадір облыстық мәслихат депутаты, Құмкөлдегі жеке мұнай компаниясының директоры бол­ды. Қазір Қызылорда қала­лық сайлау комиссиясының төрағасы. Шынар педагогика ғылымдарының кандитаты, Шымкент қалалық «Өрлеу» мұғалімдер білімін жетілдіру инс­титуты директорының орын­­басары қызметін атқа­руда. Жомарт Алматы ауыл шар­­уашылығы институтын үздік бітіріп, Қызылорда және Шым­кент қалалары әкім­дік­тері аппаратында басшылық қыз­меттер атқарды. Мұрат  облыстағы білікті басшы, көр­некті қоғам қайраткері атанды. Облыс орталығы – Қызыл­орда қаласының, бірнеше аудан­дардың бірінші басшысы болды. Қазір облыстағы іргелі Қазалы ауданының әкімі қызметін абыроймен атқарып жүр.

Асыл азамат Нәлқожа Ақбалаұлының жарқын бейнесі жадымызда ұзақ сақталатын болады.

Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<