Ұмытылмас ұлағат

1965

1

Қасиетті құс – қарлығаштың үй ішіне ұя салып, балапанын ұшырғанын бала кезімізден байқап өстік. Әке-шешеміз қарлығаштың ұясын бұзбайтын, «тимеңдер!» деп қорғаштап отыратын. Қарлығаштың әрекетін қазір ойласам, мектепте сабақ берген мұғалімдерім көз алдыма келеді. Ұстаздарымыз – қарлығаш болса, біз – балапанымыз. Ал мектеп – алтын ұямыз екен-ау! Солай, солай. Дәл солай.


Ұстаздар!
Қандай ғажап халықсыздар,
Шәкіртке шыңдай биік
алыпсыздар.
Жан біткен жанарына нұр
сыйлатып,
Күндей боп күлімдейтін
жарықсыздар.


Басымыздан сипап, арқамыз­дан қағып бізге шуақ берген, қуат берген ұстаздар ұлағатын әңгімелесем деймін. Рухы шат болсын. Саналы ғұмырын өсіп келе жатқан ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне арнаған, олар­дан өз ізбасарларын, мұра­герлерін көрген, Сыр елі үшін жауап­кершілікті мойнына алған парасатты тұлға Уәли Төрәліұлы Төрәлиевке тоқ­талғым келеді. Ұлағатты ұстаздың өмірдерегін оқыған кезде туған өлкеміздің тарихы көз алдымнан өткендей болады.


Уәли Төрәліұлы 1920 жылы 15 қарашада Қармақшы ауда­нының Қараөзек ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Ол әрқашан лайықты білім алуға ұмтылды. Жетіжылдық қазақ мектебін, Ақтөбе мұғалімдер институтын және Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық инс­титутын бітіріп шыққан. Мұ­ғалім мамандығын алған.
1938-1940 жылдары еңбек жолын Қармақшы ауданында ересек тұрғындар арасындағы сауатсыздықты жою бойынша мұғалім қызметінен бастады. Одан кейін (1942-1945 жылдары) Жосалыда №26 мектептің оқу бөлімінің меңгерушісі және директоры болып қызмет ат­қар­ған. 1945-1961 жылдары Қы­зылорда облыстық партия ко­ми­тетінде жауапты қыз­меттер атқарды, оның ішінде 10 жыл мектеп бөлімінің меңгерушісі, 1961-1963 жылдары Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық ат­қару комитетіне төрағалық етті. 1963 жылдан бастап 1983 жылы зейнетке шыққанға дейін облыстық білім бөлі­мінің басы-қасында болды.


Ол білім беру саласының материалдық-техникалық база­сы­ның күшеюіне көп мән берді. Аталған мәселелерді пар­тия конфе­ренцияларында, об­лыс­тық партия комитеті пленумдарында және облыстық кеңес сессияларында ұдайы көтеретін. Білім ошақтарының облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына енуіне ықпал ететін. Бұл жұмысты тұрақты негізде жүргізді.


Соның нәтижесінде және өңіріміздегі оқушы балалар саны ұлғаюына байланысты көп­­теген мектеп, балабақша салынды. Мысалы 1981-1985 жылдары 23 мектеп салынды, олардың барлығы 15 мың оқушыға арналған болатын. Сондай-ақ, 4465 орындық мектепке дейінгі мекемелер бой көтерді. Мұның бәрі мектеп пен балабақша санын көбейтуге көп көмектесті. Онда білім алатын бала саны артты.


Өзі шаруа отбасында өскен Уәкең мал шаруашылығымен айналысатын азаматтардың балаларын оқытудағы барлық мәселелерді жақсы білді және әрқашан ауыл тұрғындарының тілегі мен сұранысына оң жауап беріп отырды. 70-жылдардың ортасында «Қармақшы» сов­хозы бұрынғы әскери бөлім­­ше базасы негізінде халқы­мыз­дың асар әдетімен мал­шы­ларға арналған тұрғын үй, мал қо­раларын, медицина бөлімшесін, АН-2 ұшақтарына арналған ұшу-қону алаңын салды. Осы негізде шаруашылық орта­лы­ғынан 250 шақырымдай қа­шықтықта орналасқан «Тыш­қан тамы» қой фермасын ашты.


Ол кезде фермада 300-ге жуық адам тұрды. Сол себеп­ті бұл жерде малшы балалары үшін сегізжылдық мектеп ашудың қажеттілігі туды. Әл­бетте, мектеп шағын, жинақы болды. Дегенмен облыстық бі­лім бөлімінің меңгерушісі Уәли Төрәлиев қарапайым адам­­дардың мұң-мұқтажын ес­­керіп, шопан балаларының ата-анасының қасында оқуын қам­тамасыз ету үшін керекті құрал-жабдық іздеудің мүм­кіндігін тапты. Сонымен қатар осы мектептің салтанатты ашы­­луына өзінің орынбасары Сейітқасым Жүнісовті және аудандық білім бөлімі мең­герушісі Тілемұрат Науановты жіберді.


Мамандығы бойынша педагог, өз еңбек өтілін осы ша­руашылықта мұғалім болып бастаған, еңбек ардагері, осы шаруашылықтың бұрынғы бас­шысы Исағали Жұмағұлов айтқандай, Уәкең шалғайдағы елді мекен мектептеріндегі оқу және тәрбие процесін сырттай естіп-білген жоқ. Бүге-шігесіне, ішкі мәселелеріне дейін қанық еді. Сондықтан тұрғындар тілегін кездесуден кейін ескерді. Ел ішінде Уәли Төрәліұлын қасиетті Сыр жеріндегі ағартушы академик деп атап кетуі тегін емес.
Ол өз қызметінің басым ба­ғыты ретінде оқу-тәрбие про­цесін түбегейлі өзгерту, оқушы­лардың өз тағдырын одан әрі айқындауы үшін мүмкіндік бе­ретіндей өзекті білім беру, таяу жылдарға дұрыс таңдау жасауына ықпал етуді міндеттеді. Кәсіптік бағдар беруде, ма­ман­дық таңдауда және студент­терге еңбек тәрбиесінде де­­­меу­ші кәсіпорындар да ма­ңыз­ды рөл атқарды. Өңірдегі орта мектеп оқушылары, әдет­те, ауыл­шаруашылық жұмыс­тары­на қатысып, халық шаруа­шылық жоспарын жүзеге асы­­руда шаруа қожа­лық­тары­на және демеуші кәсіп­орын­дарға көмектесті. Бұл жас­өспірім­дердің бастама­шылдығы мен ең­бек дағдыларын дамы­туға ық­пал етті. Пайдалы тә­жі­рибе одан әрі өмірлеріне сеп­тігін тигізді.
Өткен ғасырдың 60-70 жыл­дарында оқушы­лар­дың бос уақытын тиімді өткізу мақ­са­тында денешынық­тырумен, бұ­­­қаралық спортпен айна­лы­суға, өз күштерімен ұйым­дас­­ты­рылған көркем ­өнерге, қы­зы­ғу­шы­лықтары бойынша түрлі үйірмелерге тартуға көп көңіл бөлінді. «Былғары доп», «Алтын шайба» турнирлері, «Зарница» ойыны танымал болды. Облыс оқушыларының жаттықтырушысы С.Сон же­тек­шілік еткен әйелдер баскет­бол құрама командасы XII Бү­кілқазақстандық мектеп спар­такиадасының чемпионы атан­ды. Бұл облыс тарихында ойын түрлері бойынша осындай же­тістікке жеткен алғашқы коман­далардың бірі еді.


60-жылдардың ортасында Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Валентин Захарович Лидің бел­сенді қызметі мен ынта-жі­ге­рінің арқасында велоспорт мек­теп оқушыларының арасын­да жоғары көрсеткішке ие болды. 1972-1973 жылдары Александр Полухин КСРО-ның бү­­кілодақтық оқушылар спартакиадасы мен алғашқы Жастар ойындарының чемпионы атанып, кейін өз мемлекетінің атынан халықаралық жарыстарға қатысады. 1981 жылы Светлана Шалгимбаева мектеп оқу­шылары арасында КСРО бірін­шілігінің жеңімпазы атанды.


Мектеп сахнасында алғаш рет жерлесіміз, Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері Батырхан Шөкеновтің жұл­дызы жанды. Кейіннен әлем халқының жүрегін жаулап ал­ған әнші әрі композитордың бола­­шағы №233 мектептің во­кал­дық-аспаптық ансам­блі­­нен басталды (директоры Л.Шастова).


Уәли Төрәліұлы «шәкіртіңе өз жанының бір бөлшегін сыйламай, жақсы мұғалім бола алмайсың» дегенді ылғи айтып отыратынын оның қол астындағылар үнемі еске тү­сі­реді. Тек осылай ғана са­уатты және үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыруға болады. Сондықтан ол әрқашан өз мамандығына адал, оқу-тәрбие процесінде ерекше тәсілдерді іздейтін мұғалімдерді, өз ісінің жанкүйерлерін қолдауға тырысты. Облыстық білім беру бөлімін басқарған жылдары педагогтар «КСРО Білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Білім беру ісінің үздігі» атағына ие болды.
Ал Уәкеңнің қарамағында бірнеше жыл жұмыс істеген Тәрбие Сербайқызы Сарабекова баламалы сайлауда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі XIII шақырылымының депутаты болып сайланды. Қазір еңбек демалысында. Ол Алматыда тұрады және әлі күнге дейін өзінің жалғыз ұстазы және тікелей басшылығында 15 жылға жуық еңбек еткен Уәли Төрәліұлын өміріндегі тәлімгері деп есептейді. Өмір жолының бастапқы кезеңінде дәл осындай жарқын тұлғаны кездестіргеніне дән риза.
Облыстық білім бөлімі бойынша орынбасарлары мен әріптестері, қалалық және ау­дандық білім бөлімінің мең­герушілері осындай игі істе оның серіктестері болды. Олардың арасынан Сағат Боханұлы Бохановты, Сейітқасым Баяхметұлы Жүнісовті, Сәбит Мәдибекұлы Мәдибековті, Қожан Нұр­пе­йіс­ұлы Нұрпейісовті, Кен­жалы Атабайұлы Атабаевты, Күлшара Рахметованы, Күләй Сағындыққызы Ермағам­бе­то­­ваны, Әбілқасым Әбдікәрі­мов­ті атап өткім келеді.
Қызылорда қалалық арда­герлер кеңесінің төрағасы С.Әбішев маған Уәкеңнің тағы бір таңғажайып ерекшелігі – қара­пайымдылығы мен мейі­рімді жүректің иесі екенін еске түсірді. Бұдан 50 жыл бұрын болған оқиға. Шиелі кентінде аймақтық жиын өтті, оған облыс басқарма басшылары түгел қатысты. Бұл кездесуге жаңа қызметтік автокөлікпен яғни, «Волганың» соңғы маркасын мініп келген Уәкеңе қонақүйдің алдына жиналған меймандар мен іс-шараны ұй­ым­дас­тырушылар су жаңа кө­лігіне құтты болсын айтты. Жүргізуші көліктің кілтін аңдаусызда қал­дырып кетіп, өтіп бара жатқан бейтаныс бала сол сәтті пайдаланып, рульге отырды да зырғыта жөнелді.


Көлік тізгіндей алмайтын жасөспірім бала қарсы алдын­дағы бағанаға барып соғылды. Автокөліктің алдыңғы бөлігі жарамсыз болып қалды. Біз­дің Уәкең не істеді? Шиелі аудандық милиция бастығының орынбасары Б.Бекмамбетовке: «Балаға және оның ата-анасына қатысты қылмыстық іс қозғамаңыз. Ең алдымен, біз, ересектер, балаға не жақсы, не жаман екенін түсіндіре алмадық. Бұл – біздің кінәміз» деді. Міне, ұстаздың кеңпейілдігі мен қара­пайымдылығы.


Уәли Төрәліұлының лауа­зымды тұлға ретіндегі айрық­ша мінезін атап өткім келеді. Ол ешқашан кеңседе отыруды ұнатпады. Мектептердің, оқу орындары педаго­гика­лық ке­ңес отырыста­ры­­на жиі қатысатын. Білім беру са­ласындағы проблемалар мен қиын­­дықтарды бірін­ші болып біліп және осыған сү­йене отырып, тиісті ше­шім­­­­дер қабылдады. Сонымен қатар, ай сайын үшінші жұ­мада өткізілетін «бірыңғай сая­си күн­дердің» белсенді қаты­­су­шыларының бірі болды. Өңір­лерге шығып, тек оқу орын­дарының педагогтары­мен ғана емес, басқа да ұжымдармен және халықпен кездесіп, жергілікті жерде аза­маттарды қабылдады. Бұл оған адамдардың тілегі мен сұра­ныстарын жақсы білуге мүмкіндік берді. Осыған байланысты Уәкең барлық іс-ша­ралардан аулақ болуға тырыс­қан басшыларға үлгі болды.


Өте салмақты, өр мінезді еді. Туындаған барлық мәсе­лелер мен проблемаларды дип­ломатиялық жолмен, ешқандай да демаршсыз және өктем сөзсіз шешуге тырысты. Оған мансапшылдық пен амбиция жат еді. Менің аға жолдастарым айтқандай, ол өзінің жеке бастамасы бойынша облыс­тық комитеттің бірінші хатшысы М.Ықсановтан оны Қа­залы ауданының басшысы қыз­метінен босатуды және ха­лыққа көп пайда әкелетін қыз­мет саласына жіберуді сұрады. Бұл Уәли Төрәлі­ұлы­­ның тап­сырылған жұмыс учаскесі үшін жоғары дербес жауап­кершілігін көрсетті.


Көбіне жұмыстан кейін, кеш­кі уақытта оны аулада көр­ші­лерімен, ҰОС қаты­су­шылары – Исатай Әбдікә­рі­мовпен, Бөрібай Құлмановпен, Ғафур Мұхамед­жанов­пен, «Білім беру ісінің үздігі» Нұрділдә Уәлиев және басқа да кісілермен әңгімелесіп отырғанын көруге болады. Бірде былай деді: «Адамды адам ететін екі ұя бар. Бірі – отбасы, ата-ана, екіншісі – мектеп, ұстаз. Бір сөзбен айтқанда, адамды екі ұя қалыптастырады. Бірі – отбасы, екіншісі – мектеп, мұғалімдер». Көптеген мысалдар келтірді. Мектепке оның функциясына қатысы жоқ міндеттерді артып, себепсіз айып тағылатынын, ал ата-аналар өзінің баласының тәрбиесі үшін ешқандай жауап­кершілік алмайтынын сынады.
Уәли Төрәліұлының бұл сөздері әншейін әңгіме ғана емес, оларды іс жүзінде жүзеге асыруға тырысты. Запия жең­геймен бірге ата-анасының ісін абыроймен жалғастырып, әртүрлі салада қызмет етіп жүрген бес баланы тәр­биелеп өсірді. Олардың екеуі – әкесі мен анасы сияқты, оқу­шылары мен студенттеріне білім дарытып келе жатқан педагогтар. №171 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Запия апай жұбайының сенімді тірегі және қолқанаты болды. Адал және ерен еңбегі үшін «Құрмет белгісі» (1966 жыл), екі рет Еңбек Қызыл Ту (1971 және 1981 жыл) ордендерімен, бірқатар медальдармен мара­патталған. Қазақстанның Білім беру ісінің үздігі (1961 жыл), КСРО Білім беру ісінің үздігі (1971 жыл) атанды.


Егер Уәли Төрәлиевтің ру­хани-адамгершілік тәрбиеге қос­қан үлесі лайықты түрде баға­ланып, облыстағы бір мек­тептің аты берілсе, мұны облыс халқы дұрыс қабылдаушы еді. Бұл Сыр өңіріндегі ұстаз­дардың мәртебесін жұрт­шы­лықтың назарына жеткізіп, қолданыстағы «Педагог мәр­тебесі туралы» заңның шеңбе­ріне сай келеді деп айтуға болады.


Жетпіске таяған жасымда өткен өміріме ой жіберіп, ұстаздарды ойласам, мейірім меймілдеп өз-өзінен төгіліп тұрғандай. Мұқағали Мақатаев жырлағандай мектепке «тарыдай боп кіріп, таудай болып шықтық» қой. Сондай дәрежеге жетуіміз кімнің арқасы? Кімге қарыздармыз?


Әйгілі Әнет баба жасы ұл­ғайған шағында шәкірті Қаз дауысты Қазыбек биді шақыртып алып:


– Алты Алашқа атың шы­ғып, атағың жайылды. Кімге қарыздарсың? – деп сұрапты.


– Аллаға қарыздармын! – депті шәкірті.
– Сосын?
– Анама қарыздармын. Анам мені тоғыз ай толғатып, өмірге әкелді.
– Сосын?
– Әкеме қарыздармын. Әкем мені бақты-қақты, мәпелеп өсір­­ді.
– Одан кейін?
– Еліме қарыздармын. Өйт­кені елім мені екі алақанына салып аялады.
– Тағы кімге тағзым етесің?
– Отаныма қарыздармын. Отаным еліме, жеріме деген ме­нің сүйіспеншілігімді арттырды.
– Сосын?
– Қадірімді арттырған қан­шама қасиетті тұла бойыма тұндырып құйған ұлы ұстазым Әнет баба, ең әуелі сізге қа­рыздармын! – депті Қаз дауысты Қазыбек би шәкірті.


Иә, біз – шәкірттер қауымы, ең әуелі ұстаздарымызға қа­рыз­дармыз. Ілгері-кейінді өт­кен данагөй данышпандардың ұстаздар туралы ұлағатты тәм­­сілдерін қайталап, кейінгі ұр­пақтың құлағына құя кетейін, артық емес. Ұлт ұстазына ай­налған Ахмет Байтұрсынұлы «Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген. Біз мұны «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп қысқа қайырып айтып жүрміз.
«Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық.
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!» – деп өлеңмен қоңырау соққан Ыбырай Алтынсариннің мұғалімдер жайындағы ғибраты қандай ғажап?! «Мен үшін жақсы мұ­ғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» дейді. Тамаша сөз.


Жүрек күні-түні соғады. Тынымсыз. Қуанады. Қайғырады. Лүпіл­дейді. Мұғалімдер де сондай. Орыс оқымыстысы К.Ушинский де мұғалімдердің күннің құдіретті сәулесіне теңеуі бекер емес. Күн сәулесі болмаса он сегіз мың ғаламның тіршілік-тынысы бітеді. Өледі. Әйгілі артист Серке Қожамқұлов сексенге таяған шығында айтыпты: «Ұстаз» деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезі­немін» деп. Ендеше батыр Бау­кең Момышұлы айтқандай «Ұстаздық – ұлылық емес, ұлы қызмет». Ақырғы ойым­ды Абай хәкімнің өлеңімен аяқтайын.


Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға.


Пайғамбар жасын жасап, «ұстаздық етуден жалықпай» саналы ғұмырының отыз жылын оқушы-шәкірттерге арнаған Уәли Төрәлиевтің еңбегі далаға кеткен жоқ, сан мыңдаған санада кетті. Жүз жасқа толған ұстазды ұстынға теңеген кейінгі ұрпақтары жүрек жырын арнады.


Естіліпті қоңырау боп
құстар әні,
Сол әнмен шәкірт арман
ұшқан әрі.
Үш ұстын –
Ұстаз,
Шәкірт,
Ата-ана –
Үйлескен әз ұяның
үштағаны.

Кеңесбек МАХАМБЕТОВ.
Нұр-Сұлтан қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<